Қамаудан шыққан Алпамыс Бектұрғанов түрмеде кітап жазғанын айтады

Жазушы, Батыс Қазақстан облысы әкімінің бұрынғы кеңесшісі Алпамыс Бектұрғанов. Орал, 3 қазан 2010 жыл.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтың бұрынғы кеңесшісі, жазушы Алпамыс Бектұрғанов шартты түрмеден босатылды. Алпамыс Бектұрғанов Азаттық радиосына берген сұхбатында өз құқығын қалпына келтіруге және мемлекеттік қызметке қайта оралуға күш салатынын жеткізді.
Алпамыс Бектұрғанов Орал сотының 30 қыркүйектегі шешімі бойынша кесімді жазасын өтеу мерзімінен бұрын «үлгілі тәртібі үшін» шартты түрде бостандыққа шықты.
Судья Алтын Айтуарова Алпамыс Бектұрғановтың ісі
бойынша кезекті үкімді оқып тұр. Орал, 8 қазан 2010 жыл.

Батыс Қазақстан облысы әкімі кеңесшісі, жазушы Алпамыс Бектұрғанов 2009 жылдың тамыз айында Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовке жала жапты деген айыппен бір жылға сотталған болатын. Кейіннен Бектұрғановқа «кітаптарын облыс кітапханаларына сатуда құзырын асыра пайдаланды» деген айыппен тағы үш жылдық түрме жазасы кесілген еді.

ӘКІМНІҢ БҰРЫНҒЫ КЕҢЕСШІСІ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ ҚАЙТА ОРАЛМАҚ

– Қашан, қандай себеппен босап шықтыңыз?

– Сотталғанымды, жазаға тартылғанымды бәріңіз естідіңіздер. Заң бойынша мені еңбекпен түзеу үшін қоныс колониясына жіберді. Сол жерде бір жыл отырып, 30 қыркүйек күні шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шықтым.

– Өзіңізге қатысты қозғалған іске байланысты қандай ойдасыз? Үкім мерзімі біткеннен кейін құқыңызды қайтадан қалпына келтіру ойыңызда жоқ па?

– Міндетті түрде! Таза пиғылды, адал ниетті адам ретінде азаматтық арымды, мемлекеттік қызметкер ретіндегі ар-намысымды қорғауға барымды саламын. Мен өзімді кінәлімін деп есептемеймін. Жалғыз мен емес, көшеде кездескен еңкейген қариядан бастап жастарға дейін: «Аға, біз сізбен біргеміз! Сіздікі әділдік» деп бетімнен сүйіп жатыр. Мен ешқайсысын танымаймын. Сондықтан мен қай кезде де әділдіктің салтанат құратынына сенемін. Әділдің жолында әлі де қызмет істеймін деп есептеймін. Мен мемлекеттік қызметке қайтіп келетініме сенімдімін.

– Қамауда болған кезіңізде қандай да бір қысым, арандатушылық болған жоқ па?

– Бұл туралы кейінірек кеңінен әңгімелесеміз. Жазған кітаптарым бар. Ол жөнінде де айтамын. Көп нәрсе кейінге қалсын. Өйткені, мен бүгін ғана босап тұрып, қолымды аспанға көтеріп, сермегім келмейді.

«ОЛАР САРАЙ АҚЫНЫ, САРАЙ ЖАЗУШЫСЫ БОЛЫП ҚАЛА БЕРМЕК»

– Сіз қамауға алынғаннан кейін Жазушылар одағы өзіңізді мүшелігінен шығарды. Қаламгер әріптестеріңіз әртүрлі пікір айтты. Осыған қалай қарайсыз?

– «Ит үреді, керуен көшеді» деген бар. Сондықтан жазушылардың мені қатарынан шығарып салды дегеніне қапаланбаймын. Олар сарай ақыны, сарай жазушысы болып қала бермек. Ал мен халықтың ортасында жүрген жазушымын. Мен халықтың жүрегіндегі сырын айтып жүрген адаммын. Оны айтпаған жазушы – жазушы ма?! Сондықтан да олар мені шығарып жіберді екен деп ешқандай да қиналып жатқан жоқпын. Бұл – бір. Екіншіден, олар секретариат немесе жаңағы пленумның қаулысы бойынша мені Жазушылар одағынан шығарса, үйіме (мен өліп қалғаным жоқ, үйім бар, бала-шағам бар) хабар жіберуі керек еді: «Жазушылар одағынан шығарылды, осылай-осылай» деп.
Жазушы Алпамыс Бектұрғановтың Қазақстан Жазушылар
Одағының мүшелігінен шығарылғаны туралы
«Қазақ әдебиеті» газетінде басылған ақпарат.
Алматы, 4 қыркүйек 2009 жыл.
Мен ешкімді өлтіргенім жоқ, ешкімді қинағаным жоқ, ешкімді зорлағаным жоқ. «Әкімге қарсы сөйледің» деді. Әкім де – адам. Ол да – пенде. Ол – президенттің қойған адамы. Сондықтан ол президентке адал болуы керек. Адал қызмет жасау керек. Ол адалдығын істемеді. Мен соны көрсетіп бердім. Айналдырып келді де мені отырғызып тынды.

Содан кейін «Нұр Отан» партиясынан да шығарды дейді. «Нұр Отан» партиясының бұрынғы хатшысымен кездестім. Қазір ол бұл жұмыстан кетіп, басқа қызметте жүр екен. Мен оған «партия қатарынан осындай себептермен шығарылдыңыз» деген бір тілім қағаз неге жібермедің дедім. Ол «сіздің айтқаныңыз дұрыс» деді.

– Алдағы уақытта әкімшілік тарапынан қысым, қуғындау болады деп ойламайсыз ба?

– Мына өмірде ештеңеден түңілуге де, ештеңеден үміттенуге де болмайды. Бәрі де болуы мүмкін. Бірақ қазір өте сақпын, өзіммен-өзім жүрмін. Қай жағымыздан не келетінін кім біліпті?! Ондай мәселені ойланғаным жоқ. Бірақ ойланатын мәселе ғой негізі.

– Болашақты Қазақстаннан түңіліп, шетелге кетіп қалу ойыңызда жоқ па?

– Өте орынды сауал қойып отырсың. Елін сатқан, топырағынан қашқан азамат – азамат емес. Өлсем де, азапталсам да, қиналсам да – өз
топырағымда өлемін, өзімнің топырағымда көмілемін. Сондықтан ешқандай шетелді аңсамаймын. Бала-шағамның, туыс-туғанымның, халқымның алдында арым таза. Сондықтан мен неге өз топырағымнан безуім керек? Елімде жүремін. Халқым мені далаға тастамайды деп ойлаймын.
Алпамыс Бектұрғанов өзіне шығарылған үшінші үкімді
тыңдап тұр. Орал, 8 қазан 2008 жыл.

– Денсаулығыңыз, қал-қуатыңыз мықты ма?

– Ең бірінші кезекте денсаулығымды күттім. Өзімнің денсаулығымды күткенімнің арқасында, аузыма берік болуыма байланысты осылай шықтым. Аузыма берік болғанда... айтылар мәселе айтылды, жазылды. Оны ана жақты жатып алып қайталап айта бергенге болмайды. Сондықтан басқа салғанды көтеру керек мойынмен. Көтердім. Күттім. Заман да, заң да өзінің ағымымен келеді. Мен де ағымыммен келдім. Заң бойынша босайтын мерзімімді күттім. Міне, шықтым. Ендігі мәселе – осы елдің азаматы ретінде ойланып, толғанып жұмыс істейтін шағым. Әлі де көп нәрсеге байыппен барып жатқаным жоқ. Ең әуелі ақталуым жайлы, қызметке қайта оралуым туралы ойланып жүрмін.

– Әңгімеңізге рахмет!