ҰҚК төрағасы Шабдарбаев қызметінен кетті

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) және оның күзет қызметінің бастығы Амангелді Шабдарбаев. Астана, 2000 жыл.

7 желтоқсанда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Амангелді Шабдарбаев қызметінен босатылып, Қазақстан президентінің кеңесшісі болып тағайындалды. ҰҚК басшысы міндетін уақытша атқару ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары Әділ Шаяхметовке жүктелді.
ҚОНАЕВТЫҢ ОҚҚАҒАРЫ ӘРІ СЕНІМДІ АДАМЫ

Көп жылдар бойы советтік Қазақстан басшысы Дінмұхамед Қонаевтың оққағары болған Амангелді Шабдарбаев 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін қызметінен кеткен еді. Алайда ол сол кезде де Қонаевтың аса сенімді адамы ретінде қала берді.

Ресми мәліметке қарағанда, ол 1987 жылдан бастап 5 жылға жуық уақыт «Қазмұнайжолқұрылысы» тресінде бастапқыда шебер, кейін бастықтың орынбасары болып жұмыс істеген.
Қазақстан - Президент Н. Назарбаев, ҰҚК төрағасы А.Шабдарбаев және күш құрылымдардың өкілдері. Сурет Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ресми сайтынан алынды.


Қазақстанда билік басына Нұрсұлтан Назарбаев келгенде Амангелді Шабдарбаев құпия қызметке қайта оралды. 1993 жылы ол президенттің жеке Күзет қызметі бөлімін (СОП) басқарып, 1995 жылғы қарашада ҚР Мемлекеттік Тергеу комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалады.

2002 жылғы қаңтардан – ҚР Президенті Күзет қызметінің бастығы болған Шабдарбаевқа 1998 жылдың тамызында генерал-майор атағы беріледі.

2006 жылғы 2 наурызда генерал-лейтенант А.С.Шабдарбаев Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып тағайындалды.

Енді міне, сол орында 3 жылдан аса уақыт қызмет істеген Амангелді Шабдарбаев биылғы желтоқсанның 7-күні Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі қызметіне төмендеді.

ҰҚК АРАЛАСҚАН АТЫШУЛЫ ІСТЕР

Амангелді Шабдарбаев басшылық еткен ҰҚК соңғы бірнеше жылдың көлемінде, әсіресе биылғы жылдың бірінші жартысында белсенді іс-әрекеттерімен көпшіліктің назарында болды.

Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев пен онымен жақын байланыста болғандарға қарсы қуғындаулар қоғамды елең еткізген оқиғалармен өрбіп отырды. Мәселен, қауіпсіздік қызметіндегілердің арасында Рахат Әлиевке бүйрегі бұрады-мыс деген
Рахат Әлиевтің ағылшын тілінде жарық көрген «Өкіл қайын ата» кітабының мұқабасы.
кісілердің тұтқындалып, жауапқа тартылуы, ҰҚК генералы Жомарт Мәжреновтың Астанадағы ҰҚК абақтысында жұмбақ жағдайда өмірмен қоштасуын айтуға болады. ҰҚК Мәжренов өзіне-өзі қол салды деп ресми хабарлағанымен, қоғамда оның өліміне қатысты күмән сейілмей отыр.

Айтпақшы, Рахат Әлиевтің «Өкіл қайын ата» кітабында телефон әңгімелерінен деп берілген жазбаларда «Нұрбанктың» бұрынғы қызметкерлері Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновты тірідей соңғы рет көруі ықтимал адамдардың арасында Шабдарбаевтың да аты-жөні аталған. Бірақ ресми тұлғалар ол сөздер шындыққа жанаспайды деп жоққа шығарған болатын.

Рахат Әлиев Азаттыққа берген бір сұхбатында: «Дінмұхамед Қонаев өмірден өтер алдында өзінің сенетін адамы, оққағары болған Амангелді Шабдарбаевқа бірқатар құжаттарды берген... солардың ішінде, Назарбаев үшін болғанынан болмағаны жақсы, бір құжат бар еді... тек сол қағазды алған соң ғана Қонаев Назарбаевты 1984 жылы Қазақ ССР премьер-министрінің дәрежесіне көтерген... ол құжат – жас коммунист Нұрсұлтан Әбішұлының республиканың танымал басшысы Димаш Ахметұлына адалдығы туралы хат болатын. Жас коммунист өзінің үлкен жолдасын, көсемін ешқашан сатпайтындығын, оның үлгісін әрқашан көз алдында ұстайтынын айтып ант берген...» деген еді.

Кейін Рахат Әлиев бұл жайында «Өкіл қайын ата» кітабында егжей-тегжейлі жазды. Қазақстанның ресми билігі кітапты ойдан құрастырылған деп мәлімдеді, бірақ Қазақстанда ол кітапты таратуға тыйым салынды.

Шабдарбаевтың басқаруындағы ҰҚК араласқан тағы бір атышулы іс – қорғаныс министрлігінің бұрынғы орынбасары Қажымұрат Мейірмановтың ісі. ҰҚК оған жемқорлық қылмысқа қатысты айып тақты. ҰҚК абақтысына қамалған Мейірманов «тергеушінің алдында кеңсе бәкісімен өзіне өзі қол салуға әрекет жасады» деп хабарланды.

Сондай-ақ, тәуелсіз журналист Рамазан Есіргеповтың, «Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің, сондай-ақ ең соңғы «Жантелеев
Мұхтар Жәкішев, «Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті. Сурет Youtube сайтында жарияланған видеодан алынды. 5 қараша 2009 ж.
ісі» бойынша да ҰҚК-нің атына көп сын айтылды.

Мұхтар Жәкішевтың әйелі Жәмила желтоқсанның 2-күні Алматыда жасаған мәлімдемесінде, Астанада ҰҚК-нің абақтысында қамауда отырған жұбайының әлдекімге өзінің істеген жұмысы туралы баяндап отырған сәті жазылған бейнежазбаны өзіне қыркүйектің 10-ында ҰҚК-нің төрағасы Амангелді Шабдарбаевтың өз қолымен бергенін хабарлаған болатын. Алайда сол күні-ақ ҰҚК бұл ақпаратты теріске шығарған еді.

Айтпақшы, Жәмила сол бейнежазба қарашаның басында интернетте жарияланған Мұхтар Жәкішевтің бейнежазбасымен өте ұқсас екенін айтқан-тын.

Ал ҰҚК-нің Алматы қаласы бойынша департаменті тұтқындаған Алматы қалалық Қаржы полициясы бастығының орынбасары Айдын Жантелеевтің үстінен қозғалған істі Бас прокуратура тоқтатып, керісінше, оны тұтқындаған қауіпсіздік комитеті қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғалған еді. Бұл істі өз қадағалауына алған Бас прокуратураның айтуынша, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің кызметкерлері тергеу тәртібін бұзған.

Бұған дейін республикалық басылымдардың біріне берген сұхбатында өз қызметі мен ҰҚК жұмысына қатысты туындап жатқан пікірлерге қатысты Амангелді Шабдарбаев:

– Мен бір нәрсені білемін: Комитеттің мен басшылық еткен үш жыл үш айдағы қызметіне жеке жауап беруге дайынмын. Мен кейін өзімді ұялтатындай әрекет жасаған жоқпын. Мен және ҰҚК-нің өзге де қызметкерлері президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмаларын орындай отырып, халқымыз бен мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қалтқысыз қызмет етіп келеміз. Және осындай қызметке өмірімнің 30 жылын арнадым, – деген болатын.

Кейбір сарапшылар – бұл Шабдарбаевтың ақталуы, ол Назарбаевтың сенімінен шығып қалды, енді ол жоғары басшылықтан қуылады деп болжам жасаған еді.