Қостанайдың қазақшасы - жаңылтпаш

Қала көшесіндегі байланыс қызметінің жарнамасы. Қостанай, 6 тамыз 2009 жыл.

Қостанайдың қазақшасын түсіну үшін аудармашы қажет етесіз. Көшелердегі биллбордтар мен жарнама тақталарына қарасаңыз, Қазақстанның «Тіл туралы» заңының талаптары белден басылатыны көзге бірден түседі.
ҚОСТАНАЙДА "КҮЛКІНІ ДЕНСАУЛЫҚПЕН ЖАРҚЫРАТАДЫ"

Қостанай қаласындағы көше толы жарнамадағы қазақ тіліндегі жазуларда кездесетін қателер тіл мамандарының ғана емес, қазақ тілін білетін барша қауымның сынына ұшырап келеді. Әйткенмен ол сыннан нәтиже де көрінбейді - мемлекеттік тілде жазылған жарнамадағы бір ауыз сөйлемнен биттей өрген қатені қаланың әр бұрышынан кездестіруге болады.

«Жазылған сөздерді көріп тұрып жаның ауырады. Мысалы, «Күлкі денсаулықпен жарқырасын!» деген тіркесті қалай түсінесің? «Күлкіңіз жарқын болсын!» деген секілді қазаққа түсінікті сөйлемдерді пайдаланса қайтеді? «Қарым-қатынас жылу береді» деген жарнама жылу
компаниясына арналған ба деп қаласың. Орыс тілінен сөзбе-сөз және ерсі аудармай, «қарым-қатынас жаныңызға жылу сыйлайды» немесе «жаныңызды сергітеді» деген тіркестерді қолданса болады ғой», - дейді аудармашы-журналист Мақсұтбек Оташев.

Бізге көшеде жолыққан Мейірман Жолдыбаев ақсақал хабарландырудан оқыған мекен-жай бойынша Ахмет Байтұрсынов атындағы көше мен Таран атындағы көшелердің қиылысқан жерінде орналасқан ғимаратты іздеп жүр екен. Ол кісі хабарландырудағы «Таран бұрышы» деген жазуды кәдімгі асқа салатын бұрыш деп түсініп қалуға болады дейді. Дұрысы: Таран көшесінің қиылысы. Ал Ахмет Байтұрсынов атындағы көше қысқартылып, «А.Байтұрсынов ат.көше» деп жазылыпты. Сөйтіп, Алаштың ардақтысы атындағы көше «аттың көшесі» болып шыға келген.

«Облыс орталығындағы жарнама агенттіктерінде сауатты аудармашылар жоқтың қасы, сондықтан да қателер аяқ аттаған сайын кездеседі. Оның үстіне осы агенттіктердің көпшілігіндегі суретшілер қазақ тілін мүлде білмейді, содан барып, қазақ жазуларында қате өте көп кетеді», - дейді Қостанайдағы тіл үйрету орталығының оқытушысы Мұхамеджан Шипин.

«ТҮНГІ КӨБЕЛЕК» САТАТЫН ДҮКЕНДЕР МЕН «ДЖУНГЛИ» СӨЙЛЕМДЕР

Көшедегі қатеге толы жазулардан расында көз сүрінеді. Дүкен алдындағы жарнамадан «түнгі көбелек» дегенді оқыдық. Айтып отырғаны «вечернее платье» болуы керек. Оны сәнді көйлек деген орынды. Ал орамал мен сүлгіні әлдебір аудармашы «майлық» деп аударыпты. Майлығы болса, сулығы қайда? Дүкен ішіне кірсеңіз, былғары бұйымдарды «тері» деп, бағаның түсуін немесе арзандауын «түсімділігі» деп жазған жазулар тағы алдыңыздан шығады.

«Джунгли»-сөйлемдегі жаңылтпаш жазу. Қостанай, 6 тамыз 2009 жыл.
Ал мына суреттегі «джунгли» сөйлемді оқыған адамның көзін қойып, өзі адасып кетердей. Жарнаманы көріп-оқығандардың ешқайсысы оның мән-мағынасын айта алмай дал болды. Құдды бір балаларға арналған жаңылтпаш па дерсің?!

Осындай жарнамаларды жасап жүрген кәсіпорындардың бірі «Қостанай баспа ауласы» баспаханасының директоры Валентина Захарченко: «Біз өзімізге тапсырыс берген мекемелердің жұмыстарын уақытында әрі сапалы орындаймыз, ал мәтінде қате болса, оған сол мекемелердің өздері жауапты, өйткені, олар бізге тапсырған мәтінді біз сол қалпында жазып береміз», - деп ақталды.

«Көптеген биллбордтардың мәтіндері Астанадан келеді екен. Ендеше ондағы қате аудармаларға қостанайлықтар емес, астаналықтар жауап беруі керек», - дейді тағы бір кәсіпкер Сәкен Қапышұлы.
Мына бір жарнамада бас жүлдеге «қарда жүргіш» берілетіні жазылған. Қостанай, 6 тамыз 2009 жыл.


«Жалға беруді «жалдану» дегені не сұмдық? Аренда мен малайлықты ажырата алмаған кім екен? Жалға алу мен жалданудың арасы жер мен көктей емес пе?», - дейді тағы бір қостанайлық тұрғын Шәку Омарқызы.

Енді бір жерден «күйіктас» дегенді көрдік. Күйдірілген тас болуы мүмкін деп болжадық. Тағы бір тақтада орыс тіліндегі «снегоход» сөзін «қарда жүргіш» деп аударғанын оқыдық. Қаршана «қарда жүргіш» болса, қайықты «суда жүзгіш» деу керек шығар деген ойға қалады екенсің.

Әйткенмен, бұл сөйлемдердегі қателерді соншалықты сөлекет санамайтындар да табылды. Жаңағыдай қазақшасы сақау жарнамалардың жанында бізге жолыққан жастардың бірі Толқын Абдуғалиева осы жайлы не ойлайтыны туралы қойған сауалымызға: «ең бастысы орыс тіліндегі жазулар дұрыс болса болды, ал қазақ тіліндегі жазуды ауылдан келген кемпір-шал болмаса, басқа кім оқиды дейсің» деп орыс тілінде жауап қайтарды.

Толқын бойжеткеннің осы пікірі көшедегі жазуларды қадағалайтын жергілікті билік өкілдеріне де тән секілді. Өйткені, тіл туралы заң алғаш қабылданған 1989 жылдан бері бұл тақырыпқа қатысты сан мәрте сын айтылып келе жатқанымен, баяғы жартас сол жартас қалпында - орыс тілінен мемлекеттік тілге шала-шарпы аударылған, мағынасы өзгерген дүбәра сөз тіркестері мен грамматикалық қателер Қостанайдың көшесіндегі жарнамаларда сірескен күйі тұр.