Қостанайдағы қойыртпақ аударма

Қостанайдың көшесіндегі жарнамалардың бірі. Қыркүйек, 2009 жыл.

Қостанайдың қазақшасы қисайып, жарнамалары жаңылтпашқа айналғаны Азаттықтың сайтында жазылған еді. Облыс орталығында мемлекеттік тілдің емес, ресми тілдің үстемдігі көшелерде де, мекемелер мен кәсіпорындарда да, оқу орындарында да “мен мұндалап” тұр.

«...ӨЗ ЖЕРІМДЕ ЖҮРСЕМШІ МОҢҒОЛШАЛАП...»

Тіл туралы заң қабылдана сала Қостанайда «Қазақ тілі» қоғамы республикада алғашқылардың бірі болып құрылып, кезінде белсене жұмыс атқарды. Облыста қазақ тілінің мәртебесін көтеруді мақсат тұтқан «Дала қоңырауы» газеті шығарылып, елді тіл төңірегіндегі жұмысқа жұмылдырды, жер-жерде, барлық аудандар мен қалалар орталықтарында қоғамның бөлімшелері ашылды.

Олар қазақ тілінде тәлім-тәрбие беретін балабақшалар мен мектептердің ашылуына мұрындық болды. Жер-судың тарихи атаулары қайтарыла бастады. Бірақ, мұның бәрі өткен күндер шаруасы.

Қазіргі уақытта сол қол жеткен жетістіктердің өзінен айырылып жатқан жағдай қыркүйек айында облыс орталығында өткен аймақтық жиында көзге айқын шалынып қалды.

ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Ғазиз Телебаев қатысқан басқосуда астаналық, қөкшетаулық, павлодарлық және қызылжарлық әріптестер сан салалы жұмыстан хабардар етсе, қостанайлықтардың есебі ел көңілінен шықпады. Облысқа Моңғолиядан көшіп келген қазақтардың бірі Жақсылық Мөкей осы жағдайды көріп:

«Кімдер бізді алады арашалап,
Қазағыма қараймын тамашалап,
Ел ішінде жүргенше орысшалап,
Өз жерімде жүрсемші моңғолшалап», - деп қазақ тілінің қазіргі жағдайын өлеңге қосты.

«Санақ деректеріне қарағанда сан жағынан қазақ халқының үлесі ең аз аймақ Қостанай өңірі екен. Бұл жердің тұрғындарын шартты түрде үш топқа бөлуге болады:

1. Дана қазақтар. Оқыған-тоқығаны мол, көненің көзін көрген, ескінің сөзін білгендер.
2. Шала қазақтар. Қазақ тілін қажет қылмаған, орыс тілінде құстай заулаған орта буын.
3. Бала қазақтар. Бұлар жаңа қазақтар. Үміт еткен көзіміздің нұры, ананың жыры болған жас буын. Тіл саясатының ең өзекті мәселесі – дана қазақтардың ақылын алып, құрмет көрсетіп, шала қазақтарды өзекке теппей, бауырымызға тартып, жаңа қазақтарды тәрбиелеу. Ұлттық идеологияның алтын арқауы осы болуы керек!»

Кезінде осы жолдардың ауторы облыстағы қазақ тілінің ахуалына қатысты өз пікірін осылай білдірген еді. Бірақ, мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болғанымен қазақ тілі облыста бәсекеге қабілеттілігін таныта алмай келе жатқандығы сан мәрте көтерілді. Орыс тілінің үстемдігі көшелерде де, мекемелер мен кәсіпорындарда да, оқу орындарында да “мен мұндалап” тұр.

ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ЖОҒЫН ЖОҚТАЙТЫН ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМНЫҢ ҒҰМЫРЫ ҚЫСҚА БОЛДЫ

Әу баста бүкіл ел көлемінде, кейіннен халықаралық деңгейде қазақ тілін қайта жаңғыртып, заңмен белгіленген лайықты деңгейге көтеруді мақсат тұтқан «Қазақ тілі» қоғамы Қостанайда бұдан жеті жыл бұрын өз жұмысын тоқтатқан. Қоғам басшылары «Тіл басқармалары құрылғаннан кейін мұндай қоғамның қажеті жоқ, өйткені, тіл туралы заңды мемлекеттік органдар қадағалауы керек, «Қазақ тілі» қоғамы немесе қазақтың мәдени орталықтары Қостанай облысымен шектесіп жатқан Орынбор, Челябі, Қорған облыстарында құрылуы керек, ал біз диаспора емеспіз» дегенді алға тартты.

Бірақ, іле-шала аймақтық «Қазақ тілі» қоғамы деген қоғамдық ұйым тіркеліп, оның төрағасы Ассамблея мүшесі болып тағайындалған еді.

«Шындығында, бұл қоғамның төрағасы түк те бітіріп жатқан жоқ, қоғамның жарғысын орындап жүрген бірде бір мүшесі жоқ. Оны саясат үшін қалқитып қойып қойған», - дейді Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Омар Баймағамбетов.

«Қостанайда орысша ойлайтындардың көптігі соншалық, қазақ сөздерінің транскрипциясы сақталмай, орысша нұсқамен жазылады. Мәселен, Тобыл - Тобол, Әйет - Аят, Гүлдер - Гульдер, Әсел - Асель, Бақыт - Бахыт болып тұр. Оны өзгертейін деген кісілерге аталған атаулар облыстық әділет департаментінде сол атаумен тіркеуден өткен деген уәж айтылған. Тіпті, 100 пайыз қазақ халқы қоныс еткен
«Қазақстан» кинотеатры ғимаратындағы жарнамалар. Қостанай, қыркүйек, 2009 жыл.
Аманкелді және Жанкелдин аудандарының атауларына байланысты тілдің айтылу және жазылу нормасы ескерілмей қазақ газеттерінің өзі «Амангелді» және «Жангелді» деп жазады. Ал тағы бір жарнамадағы жайлау деген қазақ сөзі джяйляу болып кетіпті», - дейді Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Айжамал Қайыпбаева.

«Қазақ жазушысы Сәбит Мұқанов: «Әркімнің туған тілі – туған шеше» деген екен. «Туған шешесін тек өгей ұлдары ғана сыйламайды» дегенді Ғабит Мүсірепов айтқан. Ендеше ана тілі – ананың сүті секілді. Ал басқа тілді емізікпен салыстыруға болады. Емізікпен өскен баладан ана сүтіне уызынан жарыған баланың артықшылығы көп екені анық. Өзге тілді төрге шығарып, өзіміз босағада қалатындай не жазығымыз бар? Осыдан он шақты жыл бұрын балаларымызды қазақ мектебіне беріп, жиналыстарда ана тілімізде сөйлеп, марқайып қалып едік. Сол үрдіс қазір жалғасын тауып жатыр деп айту қиын. Өйткені, бір ақын айтқандай, қазақ тілі тағы қалды тасада, ұқсап тұрмыз Ахаң айтқан масаға... Орталықта тұрған биллбордтағы «Ит үреді, керуен көшеді» деген жазу не мағына береді?» – дейді қоғам қайраткері, ҚР Парламентінің екі мәрте экс-депутаты Ысқақ Есіркепов.

«Сендер сөйлей беріңдер, біз өз дегенімізді істейміз дегені ме? Және кетіп бара жатқан көштің бастаушысы жоқ қой. Мұндай да балдыр-батпақ болады екен», - деп қынжылады ол.