Кентаврдың қазасы немесе Марат Қабанбайды еске алу

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Марат Қабанбай (1948 - 2000 жж.), жазушы, журналист hәm көсемсөз шебері. Жеке мұрағаттағы сурет.

Қазақ жазушысы, журналист әрі көсемсөз шебері Марат Қабанбайдың дүниеден озғанына биыл 10 жыл толады. Еркін ойлы қаламгер өзі өмір сүрген қоғамдағы әділетсіздіктерге қарсы сөз құдіретімен күрескен еді.

ОН ЖЫЛ УАҚЫТ

Япырау, содан бері көзді ашып-жұмғанша он жыл уақыт та өте шығыпты-ау! Марат Қабанбай дүние салған сол бір қаралы күн есіме түссе өзегімді өкініш жыланының улы тілі жалап өткендей мәңгіріп, не айтарымды білмей абдырап қаламын.

Жо, жоқ. Бұл – жазушы туралы қалай толғанарымды, не айтарымды білмегендіктің қиналысы емес, өзегіңді оттай өрттейтін өкініш пен абайламасаң шыныдай шытынап кетуі де мүмкін шындықты оқырманға жеткізудің жолын таба алмай келе жатқан, он жылдан бері жанымды кемірген уайымның қиналысы.

Әсіресе, мұндай көңіліңе тыныштық бермей жүрген, жібектен де нәзік шындықты айтарыңның алдында әр тиынын санаған саудагердей, әр сөзіңді қайта-қайта ақыл таразысына салып өлшеп алуыңа тура келеді.

Әрине, Марат Қабанбай жәйлі естелік жазған кейбір замандастары секілді бұл тақырыпты орағытып айналып өтіп, сұлу сөзден сарай соғып, жазушы туралы емін-еркін көсілуіме менің де шама-шарқым жетеді. Алайда ондай тәтті сөздермен жазушының аруағын жұбатқансып істеген жасанды ілтипатымды жалғандық атаулыға жаны қас болып, жағасына жармасып өткен Мараттың аруағы қалай қояр ма екен?

Он жыл өтсе де сол кездегі болған оқиғалардың бәрі де күні кеше ғана көрген түсімдей есімнен кетпейді. Жазушы дүние салғанда ресми билікке жақын «Доживем до понедельника» және сол жылдары әдебиеттен гөрі оппозицияның не істеп, не қойғанын көбірек аңдыған «Қазақ әдебиеті» басылымында Мараттың аруағын қорлайтын, тіпті, оның отбасына ауыр тиетін өсектің өзенін сапырған мақалалардың да жарық көргенін ұмытқан жоқпын.

Дәл сол уақытта бәкене шындықтың ауласынан аттап шыға алмаған басылымдардың жазушының аруағына топырақ шашқан қорлығына шыдамай, «СолDAT» газетінде «Ырыл» атты мақала да жазғанмын. «Доживем до понедельникаңды» қойшы! Ондай биліктің асыранды сары басылымның айтқанына кім мән бере қояр дейсің?

«Қазақ әдебиеті» секілді ұлт руханиятының айнасы болып келген басылымның Марат Қабанбайдың қабірінің топырағы кеуіп те үлгірмей жатып, оның аруағына «өтірік қамқоршы» бола қалып, оппозицияны кемсіту үшін, жаланың жаңбырын жаудырғаны менің қабырғама қатты батқан еді.

Жазушы өліп, әйелі, бала-шағасы, отбасы, туған-туысқандары, әріптестері абыр-сабыр болып, улап-шулап жатқанда «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген мақалада Марат Қабанбайдың оппозицияға адасып барғаны айтылған-тұғын.

ЖАЗУШЫ ЖӘНЕ ОППОЗИЦИЯ

Иә, расында да тоқсаныншы жылдардың аяғында «Ана тілі» газеті бас редакторының орынбасары қызметін атқарып жүрген жазушының аяқ астынан түлен түрткендей оппозициялық басылымға кетіп қалуы көпшілік үшін күтпеген жаңалық болды. Түрлі-түрлі өсектің отын қыздырғандар «Мәкең ақшаға сатылыпты, оппозиция мол қаржы беретін болған соң «СолDAT» газетіне барыпты» деген сыңайдағы жел сөзді де гуілдетті.

Ақиқатында Марат Қабанбай ақшаға қызыққандықтан емес, оттың ыстық лапылындай жанын күйдіріп бара жатқан шындықты айту үшін оппозициялық басылымға баруға мәжбүр болды. Ресми басылымдардағы айтуға рұқсат етілген шындықтың аясы оған тарлық етті.

Тәуелсіздікке қол жеткізген уақытта Қазақстанның жер асты, жер үсті байлығының талан-таражға түсіп, тістегенің аузында, ұстағанның қолында кетуі; біреулер төбет тоқтығына мәз болып тойып, енді біреулер киерге киім, ішерге тамақ таба алмай тоңып секіретін заман орнауы; сыбайласқан жемқорлық тамырын тереңге жіберіп, билік басындағылардың ұлтқа тиеселі игілікті жаппай тонауға қомағайлана ауыз салуы; ауыл қирап, жергілікті халықтың қайыршылыққа ұшырап, азып-тозып, босып кетуі жазушының жүрегін аяздай қарып, мұздай тоңдырды.

Таяуда оппозициялық басылымға бармай тұрып-ақ Марат Қабанбайдың «Ана тілі» газетінде жарияланған мақалаларын оқып шығып, оның жан шыңырауында шыңғырған шындықты айту үшін саналы түрде жүрек қалауымен осы жолды таңдағанын жан-тәніммен түсінгендей болдым. Сонау 1994 жылдың өзінде-ақ «Қазақстанда қазір көбіне, талант, адал еңбек емес, алдап-арбау, сауда-саттық, коррупцияның сөзі өтімді» деп жазған жазушының қоғамдағы әділетсіздіктерге қарсы күресу үшін таңдайтын басқа жолы қалмаған да еді.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТЕРЕЗЕСІ ҚАРАҢҒЫ

Авторитарлық режимнің үстемдігі қатты күшейіп, биліктің адамды жазалайтын репрессиялық машинасы белсенді жұмыс істеп тұрған шақта, жазушының шындықты айту үшін белін буып «СолDAT» газетіне баруы нағыз жанкештілік еді. Мұндай батыл қадамға бару үшін жүректе қайрат болуы керек.

Бүгінгі күннің биігінен қарап, бағаласақ, Марат айтпаған ащы шындық қалмапты. Және жазушы ол ащы шындықтың бәрін де ұлтының қамы үшін қабырғасы қайысып отырып, жүрегінің сүзгісінен өткізгенін көреміз.

Мысалы, «Қазақстанның терезесі қараңғы» атты мақаласында Марат Қабанбай былайша жазған еді:

«Бізше, жемқорлық пен сыбайластықтың тас бұлағы біреу-ақ – Қазақстанның терезесі тым қараңғы. Конфуций шал тұп-тура 20 ғасыр бұрын: «Қараңғыда қара мысық ұстатпайды», – деп, төбесінен тоқ еткізген.

Қараңғы Қазақстанның ішінде жөліктер қызымызды зорлап, малымызды ұрлап, жемқорлар қалтасын доллармен тығындап, білгендерін істеп жүр. Қысқасы былық! Және балық басынан шіріп отыр».

Әсіресе, жазушы қазақтың рухының күн өткен сайын жеңіліп бара жатқанына қапаланып, оны тірілткісі келіп өзі басшылық еткен басылымның бетінде сол ақиқатты жаны шыңғырып отырып, қаламмен емес, жүрегінің тазалығымен жазды. Ұлтқа мұрнын шүйіріп қарайтын дандайсыған шенеуніктерді сабасына түсіру үшін пікір еркіндігі мен сөз бостандығының ең алдымен қазаққа ауадай қажет екенін жазушы жақсы түсінді:

«Жалпы дөй шенеуніктер қазақ баспасөзін менсінбейді, оны «Меншікті өз отарымыз, сойып жейміз бе, сатып жібереміз бе, өз еркімізде», – деп ойлайды. Қазақ тіліндегі «DATқа» қарағанда орыс тіліндегі «ХХІ вектің» қорғаны әлдеқайда мықты, «ұлы» тілдің арқасында әлемдік ақпаратқа кіндігінен байланып жатыр.

Амал не, жағдай осылай: өз тіліміз өзіміз үшін қабырғасыз түрмеге айналып отыр. Адам «өлтіретін» 35 миллион теңгеге жығылған «DATқа» ешқандай халықаралық ұйым ара түсіп, мәу демеді, ал «ХХІ векке» бір бөтелке жанармай лақтырылып еді, бәрі бір кісідей өре түрегелді. Шенеуніктер мұны жақсы біледі, сондықтан да «ХХІ вектің» сыртынан жүреді, қорқады, «DAT»-ты сойылдап соғады».

СҰРАУСЫЗ ҚАЗАҚ

Дегенмен Марат Қабанбай саясаткер немесе қайраткер де емес, ең алдымен жазушы еді. Оның шығармаларын оқып отырып өмірдің дәл өзіндей шынайы кейпін танығандай әсер аласың. Ол өзінің он бес жыл бойы дайындалған ең негізгі шығармасы «Кентаврды» жаза алмай, арманда кетті.

Көшеде кездейсоқ кездесіп, шүйіркелесіп, әңгімелесіп қалғанымда, барлығын тастап ұзақ жылдан бері ойында жүрген осы бір романын аяқтауға бел буғанын және осыған байланысты «грант» алғалы жатқанын айтқан еді. Қатты қуанып, жазушыға табыс тілеп, құттықтап, қолын қыстым. Көздері күлімдегенімен, жүдеп-жадап, қатты шаршағанын байқадым.

Себебін, білмеймін, алайда жазушы жұмыстан кеткенімен, осы гранттың ақшасын ала алмады. Жазушы дүние салғаннан соң ол қаражат оның отбасына да бұйырмады. Грантты айтасыз-ау, өмірінің соңында ол ауруға шалдығып, дәрі-дәрмекке де ақша таба алмай, қатты қиналып, жаны күйзелді.

Жазушы дүние салғаннан соң оның жетісінің бір кішігірім кафеде берілгені есімде. Сол кезде оппозициядағы әріптестері жазушыны еске сақтау мақсатында жыл сайын беріліп тұратын «Кентавр» сыйлығының тағайындалғанын жалпақ жұртқа хабарлап, жүрегімізді жылытқандай болып еді.

Содан бері өткен он жылдың ішінде ондай сыйлықтың біреуге берілгенін көрген де, естіген де жоқпын. Жарайды, ол жылдары оппозициядағылардың газеттерін де шығара алмай, қаражат тапшылығынан қиналғанын жақсы білеміз. Ал, бірақ кейіннен осы оппозицияның ахуалы түзеліп, талай нәрселерді ұйымдастыра бастағанда Марат Қабанбайдың есімін есте қалдыру мақсатында неге ең құрығында бір шара өткізуге жарамады? Неге олар Маратты ұмыт қалдырды? Ол ұмытылатын, ұмытылуға тиіс азамат па еді?!

Марат Қабанбай дүние салғаннан кейін сол кезде кәсіпкер, қазіргі билікшіл депутат Нұртай Сабильянов марқұмның басын көтеріп, ескерткіш тақтасын орнатуға көмектесті. Ал, жазушы шындықты айту үшін басын өлімге тігіп, қатарына барған оппозиция не істеді? 2008 жылы Марат Қабанбай 60 жасқа толды. Ең болмағанда осы 60 жылдықтың қарсаңында оппозициядағы жігіттер Марат Қабанбай дүние салғанда берген уәделерін орындап, елдегі бір тәуелсіз журналистке «Кентавр» сыйлығын табыс еткенде, халық та, жазушының аруағы да мұндай игілікті шараға риза болар еді. Мейлі, содан кейін тіпті осы сыйлық ешкімге берілмей-ақ қойылсын.

Жарайды, жазушының артында қалған мол мұрасын жинақтап, көптомдығын шығаруға шығындалмай-ақ қойсын, тым құрығанда оның отбасынан рұқсат алып, билікті сынап, екіжүзділігін әшкерелеп, өмірінің соңында жазған публицистикалық дүниелерін кітап қылып басып шығарып, оны халықтың арасында таратқанда, ол Марат Қабанбайдың аруағына көрсетілген құрмет қана емес, бүгінгі былыққа батқан биліктің бетпердесін сыпырып, шынайы сиқын аймандай етіп көрсетер саяси соққы болар еді ғой. Мұны оппозицияның серкелері қалай түсінбеді? Түсінбеймін.

(Мақалада Азаттық радиосының талдаушысы Амангелді Кеңшілікұлының жеке ой-көзқарасы білдірілген, ол редакцияның ұстанымымен сәйкес келмеуі де мүмкін).