Бірінші мұсылман босқын-қазақ қолына кісен салынып Чехиядан Алматыға әкелінді

Марғұлан Мұхамбетов Чехиядағы босқындарға арналған «Бела Йезова» лагерінде. Қазан, 2009 жыл.

Марғұлан Мұхамбетов Чехиядан Қазақстанға күштеп әкелінді. Ол Чехиядан босқын мәртебесін алу үшін үш жылдай әрекеттенді. Сол елдегі Қазақстанның 200-ден аса азаматтарына бір жылдан астам уақыттан бері күштеп депортациялану қаупі төніп тұр. Құқыққорғаушылар оларды Отанында абақты күтіп тұр дейді.
Чехия билігі 26 жасар Марғұлан Мұхамбетовты қазанның 11-іне қараған түні, екінші әрекеттен соң, Чехиядан Қазақстанға депортациялады. Бірінші жолы ол әуежай мен ұшақта шу көтерген. Ол жолы Марғұлан чех полицейлері жұрттың көзінше оны ұрды деп мәлімдегендіктен, 2009 жылдың 1 қазанында жолаушылар ұшағының капитаны айқай-шуға бейім, мазасыз жолаушыны алып кеткісі келмеді.

Бірақ, екінші жолы әуежайда да, ұшақта да барлығы тыныш жағдайда өтті. Азаттық радиосының тілшісі алғашқы мәжбүрлеп депортациялау оқиғасынан кейін Марғұланмен чех босқындар лагерінде кездесіп, репортаж даярлап жатқан; құқыққорғаушылар өз арналары бойынша қарсылық хаттарын жіберіп қойған; жедел арада Марғұланды қорғайтын чех адвокаты пайда болды. Алайда, 2009 жылдың 10 қазаны, сенбі күні болған оқиға Марғұланның өзі үшін де, құқыққорғаушылар үшін де аяқастынан күтпеген бағытта өрбіді. Қазанның алғашқы он күндігінде болған оқиғалардың қысқаша реті мынадай.

ЧЕХИЯ БАСПАНА БЕРУДЕН БАС ТАРТТЫ

Марғұлан Мұхамбетов – Атырау облысы Исатай ауданы Аққыстау ауылының тумасы. Оның әкесі – мұнайшы да, анасы – балабақшада тәрбиеші. Көп балалы Мұхамбетовтер отбасынан шыққан Марғұлан исламның «Таза дін» ағымымен көптен бері айналысып, тіпті осыған
Прага әуежайындағы тыйым салынатыны жөнінде жазуы бар белгі. 10 қазан 2009 жыл.
бола отбасында реніш туған. Исламның бұл бағытын ұстанушыларды кейбір сарапшылар салафиттер дейді. Қазақстан билігі оларды бұдан бөлек уаххабшылар деп атап, қатаң қудалайды. Тек соңғы жылдың өзінде Қазақстанда бірнеше «уаххабшы» түрлі мерзімге түрмеге кесілді. Құқыққорғаушылардың пікірінше, олардың істері қолдан ұйымдастырылған, ал олардың бар кінәсі – ресми мешіттерге барғысы келмеуінде. Өйткені, олар ресми мешіттерді күнәһарлық пен жемқорлық жаулап алған деп есептейді.

Марғұлан Мұхамбетов Қазақстаннан арнаулы қызметтер соңына түсе бастаған 2006 жылдың сәуір айында қашып кеткен. Өзінің айтуынша, Марғұлан әкімшілік жазаға тартылып, жергілікті баспасөзде қараланған. 2006 жылдың сәуір айында ол ислам қауымдастығындағы ондаған жолдастарымен бірге ұзақ сапарға шығып, Чехияға келген және тура Прага әуежайында баспана сұраған.

Алайда, Чехия билігі Марғұлан мен оның жолдастарына баспана беруден бас тартқан. Өйткені, олардың өз Отандарында қудаланғаны туралы дәлелдер жоқ деген себеп айтқан. Ол үшін көптеген факторларды көлденең тартқан. Соның бірі – «Таза дін» қауымдастығы Қазақстанның өкілетті органдарында тіркеуден өткісі келмеген», «Қазақстан жақында ЕҚЫҰ-ның төрағасы болмақ және бұл елде діни нанымына байланысты қудалау жоқ» деген пікірлер. Еуропалық құқыққорғаушылар бұл үшін Чехияны талай мәрте сынға алды. Және оларды түрме мен азаптаулар күтіп тұрғандықтан, босқындарды Қазақстанға қайтармау туралы алдын ала ескертулер де жасады.

Чехиядан халықаралық қорғау (саяси босқын мәртебесі) алудан үмітін үзген Марғұлан Мұхамбетов 2009 жылдың ақпан айында Аустрияға қашады. Бұл – Еуропа заңнамасын бұзу еді. Аустрия билігі де Марғұланға баспана беруден бас тартып, ол 2009 жылдың сәуір айында Чехияға қайтарылды. Ол босқындарға арналған «Пошторна» лагерінде бес айдай болды. Бұл мекеме Чехиядағы босқындарға арналған лагерлердің ішіндегі ең қатаңы болып табылады.

Марғұлан Азаттық радиосының тілшісіне берген сұхбатында Аустриядан қайтқан соң осы лагерде оны чех полицейлерінің қатыгездікпен соққыға жыққанын айтып берді. Ол, сонымен бірге, «Пошторна» лагерінде әкімшілік тарапынан жүйелі түрде кемсітушілік көргеніне шағымданды. Атап айтқанда, оған ислам шарттарын орындауға мүмкіндік бермеген. Ол, өзінің пікірінше, өте қорлық жағдайда ораза ұстап, намаз оқыған.

АЛҒАШҚЫ ДЕПОРТАЦИЯЛАУ ӘРЕКЕТІ

1 қазан күні кешқұрым Марғұланды Чехиядан күштеп шығармақ болған. Бұл алғашқы әрекет еді. Лагерь полицейлері оны Прагадағы халықаралық әуежайға алып келген. Әуежайдың полиция бөлімінде оның қолына белбеуі бар кісен салынған. Сөйтіп, ол келесі полицейлердің қолына түскен. Олардың кейбіреулері жай киімде болатын және онымен бірге ұшпақ болған.
Марғұлан Мұхамбетовтың Прагадан Алматыға 2009 жылғы қазанның 1-інде ұшақпен жеткізілуі тиіс болғанын оның атына жазылған мына жүк құжаты айғақтайды.


Адамдарға толы әуежайда 22 сағат 20 минутта «Прага - Алматы» бағытында тікелей ұшатын ұшаққа тіркеу жүріп жатқан. Марғұланды тіркеу болып жатқан жерге алып келіп, сөмкесін жүк конвейеріне қоюға бұйрық береді. Марғұлан бірден Қазақстанға қайтқысы келмейтіндігі жайында мәлімдейді. Алайда, оның сөзіне құлақ салғысы келіп жатқан ешкім жоқ еді.

Өзінің айтуынша, Марғұлан тіркеуден өтіп болған соң полицейдің қолынан жұлқынып шығып, қатты айқайлап, көмекке шақыра бастаған, адвокатты талап еткен. Чехша білсе де ол орыс тілінде айқайлаған.

«Бірақ сол кезде полицейлер мені қуып жетіп, жерге жығып салып соққының астына алды. Қызыл киім киген авиация қызметкерлерінің бірі осы оқиғаны ұялы телефонның фотокамерасына түсіріп алды», – деді Марғұлан Мұхамбетов Азаттық радиосының тілшісіне.

Бұдан ары, Марғұланның айтуынша, әлі ұшаққа отырғызу басталмай тұрып оны ұшақтың ішіне сүйреп кіргізген. Марғұланды ең артқы орындыққа, бұрышқа тастай салған. Марғұлан жолаушылар келген соң қайтадан айқайлап, көмекке шақырмақ болған. Бұл әрекет оған көмектесті. Ол барынша қатты айқайлап, елді көмекке шақырды. Марғұланның айтуынша, ол бұрышта тығылып отырып, шамасы келгенше полицейлерден қорғанған. Полицейлер оның қолындағы кісенін барынша қысып тастаған.

Жолаушылардың ешқайсысы болып жатқан оқиғаға араласпаған. Стюардессалар болған оқиға жайында экпаж капитанына қайта-қайта баяндап отырған. Ақырында капитан айқай-шулы бұл депортациялық топты қалдырып кету жайында шешім қабылдаған.

Полицейлер оны қайтадан машинаға салып, түн ортасында Прагадан 60 шақырым жердегі «Бела Йезова» лагеріне алып келген. Бұл «Пошторна» аса қатал режимдегі лагерь емес. Марғұланды карцерге қамайды. Келесі күні, 2 қазанда талтүсте оны жалпы жайға ауыстырады.

СОҚҚЫДАН СОҢ МЕДИЦИНАЛЫҚ ТЕКСЕРУ БОЛДЫ МА?

Алғашқы депортациялау әрекетінен екі күн өткен соң Чехиядағы қазақ мұсылман-босқындар қауымдастығының белсенділері Марғұланды қорғау жөніндегі науқандарын бастайды. Олардың мақсаты Марғұланды елден шығарып жібермес үшін қоғам назарын аудару болды. Олардың пікірінше, чех билігі Марғұланды елден шығарып байқап көрмек болған. Марғұлан – бойдақ, отбасы жоқ. Ол өзі табиғатынан қарапайым жігіт.

«Қазақ босқындары» қоғамының жетекшісі Қайрат Досметов Азаттық радиосына берген сұхбатында олар ендігі жерде Чехия өкіметі сөзден іске көше ме деп қорқатындығын айтты. Енді Чехия өкіметі босқын мәртебесін алмаған өзге де адамдарды елден шығаруы мүмкін. Чехияда заңды түрде қалуға мүмкіндігі жоқ мұсылман қазақ босқындарының саны 200-ден асады.

"Бела Йезова" босқындар лагері. Чехия, Бела-под-Бездезем кенті, шілде, 2009 жыл.
4 қазанда Азаттықтың тілшісі босқындардың «Бела Йезова» лагерінде болып, Марғұлан Мұхамбетовпен кездесуге мүмкіндік алды. Әкімшілік кездесуге ешқандай кедергі жасаған жоқ. Полицейдің бақылауымен жарты сағаттай сөйлестік. Марғұлан Мұхамбетов оны жолаушылар ұшағымен күштеп Алматыға жібермек болғанын, полицейлер оны әуежайда, ОК 252668 бағытымен ұшып кеткен ұшақтың ішінде соққыға жыққанын айтып берді.

Осы кезде Марғұлан Мұхамбетов Азаттық радиосының тілшісіне мойнындағы, білегіндегі көгерген, жырылған жерлерін көрсетті. Оның қолдары ісіп, астыңғы еріні жарылып кетіпті. Марғұлан бұның барлығы 1 қазан күнгі полицейлердің соққысының салдары екенін айтты.

Медициналық тексеру болды ма деген журналистің сұрағына Марғұлан жоқ деп жауап берді. Әдетте лагерге жаңадан түскен босқынды қарап шығуы керек болғанымен, ол өзін медициналық тексеруден өткізбегенін жеткізді. Марғұланның айтуынша, лагерь басшылығы оған медициналық көмек көрсетуден де бас тартқан. Ол өте депрессиялық жағдайда болды. Түнде тысыр еткеннен оянып кетіп, оны қайтадан Алматыға баратын ұшаққа алып кететіндей қорқатынын айтты.

Марғұланның айтуынша, лагерь әкімшілігі осы он күннің ішінде ақыры оны медициналық тексеруден өткізбеген. Марғұланға 7 қазан күні барған «Қазақ босқындары» қоғамының жетекшісі Қайрат Досметов Азаттық радиосына өзінің де оның көгерген жерлері мен соққының іздерін көргенін айтты. Білектегі тырналған жерлер әдетте кісенді қысып тастаудан болады. Осы лагерьде отырған тағы бір қазақ босқыны Бауыржан Иманғалиев Марғұлан Мұхамбетовтың денесіндегі көгерген жерлері мен жарақаттарын көрген. Алайда, ол көгерген, жырылған жерлердің біртіндеп жазылып келе жатқандығын айтты.

Азаттық радиосының тілшілері «Бела Йезова» лагерінің әкімшілігіне және Чехия Ішкі істер министрлігінің босқындар мекемесі жөніндегі басқармасына түсініктеме берулерін сұрап өтініш айтты. Лагерь басшысы Вилиам Андрассы телефон арқылы болған әңгімеде лагерге жаңадан
"Бела Йезова" босқындар лагеріне кіретін есік. Чехия, Бела-под-Бездезем кенті, шілде, 2009 жыл.
түскен әр адамның медициналық тексеруден өтетіндігін, сондықтан Марғұлан «шындықты айтып отырған жоқ» деді. Марғұлан керісінше айтып отыр ғой деген біздің сұрағымызға Вилиам Андрассы сұрақтарымызды электронды поштамен жіберуімізді өтінді. Алайда, бір минуттан соң біз қайта хабарласқанда оның көмекшісі телефон тұтқасын көтермеді, олардың электронды адресін білудің сәті түспеді. «Бела Йезова» лагерінің әкімшілігіне факспен жіберген сауалымыз жауапсыз қалды.

Есесіне біз босқындарға арналған мекемелер басқармасынан ресми жауап алдық. Басқарма бастығы Милослав Коудельный электронды хатында «3 қазан күні 18 сағат 30 минутта пан М.М.-нің өтініші бойынша, оны мекеменің дәрігерлік бөлімінде қабылдаған» деп жазыпты. Бірақ, Марғұланның өзі бұл ресми жауаптарды жоққа шығарды. Ол дәрігердің бөлмесіне екі рет бару мүмкіндігі болғанын айтты. Алайда, Марғұланның айтуынша, бірінші жолы оны мойныңды не үшін тырнап тастағансың деп әзілдегенсіп шығарып салған. Ал, 3 қазан сенбі күні медбике оған демалыс күні болғандықтан дәрігердің жоқ екендігін, дүйсенбі күні келуі керектігін айтып қайтарған.

Марғұлан Азаттық радиосының тілшісіне соңғы рет 10 қазан күні телефон шалғанда да ақыры оған ешкімнің де медициналық тексеру жасамағандығын айтты. Бірақ Марғұланға өзінің көгерген жерлерін ойлауға мұрша да жоқ еді. Лагерь аумағындағы телефон-автоматтан хабарласқан ол өзіне полицейлердің жолға дайындалуды тапсырғанын айтты. Бірақ, бұл жолы Марғұланның өзінің кінәсінен оған адвокаттық жәрдем көрсетуге кеш болып қалған еді.

МАРҒҰЛАННЫҢ ҚҰБЫЛМАЛЫ КӨҢІЛ-КҮЙІ

Марғұланның денесіндегі дәлел боларлық көгерген жерлері мен жарақаттары күн санап біртіндеп жазылып келе жатса, қиын кезеңде адвокаттың көмегін пайдалану мүмкіндігін оның өзі уыстан шығарып алды.

Мәселе мынада. Марғұлан құқыққорғаушы Надежда Атаева мен өзінің жолдастарының алдына қарама-қайшы міндет қойды. Бір жағынан ол «демократиялық Еуропада қаңғырып жүргенде өзін екінші рет айран-асыр қалдырған» ұрып-соғу оқиғасын куәландырғысы келді. Бірақ, солай бола тұра Марғұлан полицейлерді қылмыстық жауапкершілікке тартпауларын сұрады. Өйткені, оның түсінігінде мұсылман адам өзін ренжіткендерге кешіріммен қарауы керек.

Марғұланды құқықтық жағынан қорғауды Надежда Атаева қамтамасыз етті. Ол Францияда орналасқан «Орталық Азиядағы адам құқы» қоғамының төрайымы. Марғұланмен телефон арқылы сөйлескенде ол тәуелсіз медициналық сараптама жасауға көмектесетін адвокат жалдауға ақша беретінін айтқан.

Алайда, бұдан соң Марғұлан оның құқын қорғауға қажетті шарттарды күн сайын өзгерте берді. Азаттық радиосының тілшісі онымен кездесіп кеткен күннің ертеңіне ол редакцияға телефон шалып, өзі жайында қандай да болмасын апқаратты жариялауға үзілді-кесілді қарсылық білдірді. Марғұлан аты-жөнін тек басқы әріптермен ғана берейік деген ұсынысымызбен де келіспеді.

Алғашында Марғұлан құқыққорғаушымен және адвокатпен жұмыс істеуге келісімін бергенімен, кейінірек күтпеген жерден олардан бас тартты. 9 қазан күні таңғы сағат тоғызда оған адвокат Люцие Крейчи келуі керек болатын. Алайда, осыдан бір күн бұрын кешке Марғұлан оған телефон-автомат арқылы хабарласып, оның қызметінен бас тартқан.

Босқындар қауымындағы достарына ол бұл өзгерістердің барлығының себебін түсіндірген. Яғни, лагерь қызметкерлерінің бірі оны 13 қазанда бостандыққа жібереді деп айтқан. Біреулер оған чехтардың заңы бойынша оны босқындар лагерінде барлығын қосқанда алты айдан артық ұстамайды, ал 13 қазанда бұл мерзім бітеді деп айтқан-мыс. Теориялық жағынан алғанда ол өз еркімен Чехиядан кетуі үшін оның төлқұжатына депортациялық визаны жапсырып беріп, оны лагерден босатуы керек-міс.

"Бела Йезова" босқындар лагерінің сыртқы қоршауында: «Шетелдіктерді орналастыруға арналған мекеме» деп жазылған.
Марғұланның бөлмелес көршілері, екі украин жігіті оның өтініші бойынша авокатқа берген сенімхатының мағынасын түсіндіріп берген. Оған сәйкес, адвокат Марғұланның атынан кең ауқымды заңдық әрекет жасай алатын болған. Бұдан соң Марғұлан жолдастарының алдында «өзін ұрып-соққан полицейлерді соттатқысы келмейтіндігін, олардың бала-шағасының бар екендігін» айтып, мәселе көтерген.

Оның одақтастарының қолын байлаған тағы бір жағдай, Марғұлан өз басынан өткен оқиғалар жайында ауылдастарының білмеуі керектігін үзілді-кесілді талап еткен. Марғұлан ұшақта айқаламағанын, өзінің босқын екендігін айтқан. Өйткені, мұның барлығы қалай болғанда да қазақ арнаулы қызметтеріне жетіп, олар болса оның туыстарын, інісі мен алты қарындасын мазалай бастайды деп қорыққан.

Марғұлан өзінің құбылмалы мінезі үшін кешірім сұрап, ұлдары түрмеге түскенін білсе, ата-анасы жедел Чехияға келуі мүмкін екендігін айтты. «Олардың жасы 60-қа келді, қартайғанда олардың жанын ауыртқым келмейді. Оның үстіне, қалай болғанда да жақында мені лагерден босатулары керек» деп Марғұлан Азаттықтың тілшісіне екіұшты нәрселер айтты.

Марғұланның жолдастарының өздері де бұған қарағанда жеңілдеу лагерлерде тұрады. Олар Чехия аумағында жүріп-тұруға құқылы. Марғұланға өзінің құқын ашық, белсеніп қорғау қажеттігін түсіндіру үшін Чехияның екінші жағына барып қайту да олардың қалтасына салмақ түсіреді. Өйткені, оларға отбасылық бюджетінің көзі болып отырған әлеуметтік жәрдемақыдан тиетін азын-аулақ тиын-тебенін ауыздан жырмыштауға тура келеді. Апта бойы олар Марғұланға баспасөзде аты-жөні ашық аталмаса болмайтынын, полицейлерді ешкім соттағалы жатпағандығын, адвокаттың өзін сегіз заңгердің ішінен әзер тапқандарын түсіндірумен болған.

10 қазан, сенбі күні Марғұлан жолдастарына өзінің жағдайын жариялауға келісімін берді. Бірақ, аты-жөнінің тек басқы әріптерін көрсетіп қана ақпарат берілуіне көнді. Ол, сонымен бірге, адвокаттан «полицейлерді отырғызбау жөнінде, өйткені шын мұсылман ретінде ол полицейлерді сол кезде-ақ кешіргенін» айтып, кепілдік талап еткен. Бірақ, барлығы кеш қалды. Түс ауа Марғұланға тезірек жиналуға бұйрық берген. Бірақ оны «Прагаға апарып тастаймыз» деген.

Вездез түбіндегі Бела деревнясы маңындағы «Бела Йезова» лагерінің әкімшілігінен 11 қазан, жексенбі күні қандай да бір түсініктемелер алу мүмкін болмады. Кезекші әйел телефон арқылы лагерь тұрғындары жайында қандай да бір ақпарат беруге құқы жоқтығын, журналистердің басшыларға дүйсенбі күні хабарласулары керектігін айтты.

ТЫНЫШ ҚАНА ДЕПОРТАЦИЯЛАУ

Марғұлан Азаттық радиосына және босқындар қауымындағы жолдастарына телефон шалып үлгерген. Марғұлан «қызықты оқиғалар болып жатқандығын, оған күлімсіреп 17 сағат 40 миутта босатып, Прагаға апарып тастайтындықтарын айтқандығын» хабарлады.
Праганың халықаралық әуежайы. 10 қазан 2009 жыл.
Марғұланды көп ұзамай босататындықтары жайында осының алдында айтқан. Құқыққорғаушылар шу көтермес үшін оны босататындығына Марғұлан ақырына дейін шынымен сенген. Ол сондықтан Прагаға дейін жетіп алуға ақша сұрап, Прагада жатақхана алуына көмектесу үшін чех қайырымдылық қоғамының өкілімен кездестіруді сұраған.

Дәл осы лагерде отырған өзінің жерлесі Бауыржан Иманғалиевке Марғұлан Прагада алдымен журналистермен және құқыққорғаушылармен хабарласатынын айтқан. Азаттық радиосының тілшісі 10 қазан күні кешкі сағат 7-лерде хабарласқанда Марғұланды қазір ғана Прагаға алып кеткенін білді.

Әуежайдың ішіндегі чех полицейлері. Прага, 10 қазан 2009 жыл.
Қауымдастықтағы Марғұланның жасы үлкен жолдастарының бірі Хамид Нұрғалиев уақыт ұттырмастан Прага әуежайына тартты. Алматы бағытына тіркеу басталған уақытта ол жерге Азаттықтың тілшісі де келді. Алайда депортация жайында ешнәрсе байқалмады. Бірақ, кешкі сағат сегізге қарай тіркеу орнына полицей келіп «эскорт» деген сөзді айтты. Содан соң оның қолындағы билетке форма киген қыз құлықсыз кейіппен белгі соғып, жүкке жапсыратын қағазды берді.

Полицей қызметтік дәлізбен кетіп қалып, содан соң серігімен бірге ұшу залында ары-бері айналып жүрді. Кесте бойынша 22 сағат 20 минутта «Чехия әуе жолдарының» ұшағы аспанға көтеріліп, Алматыға бет алды. Бұл кезде қолына кісен салынып, жанына жай киімдегі үш адам ілескен Марғұлан Мұхамбетов сол ұшақта отырған.

КІСЕНДІ ШЕКАРАШЫ ҚАЗАҚ ӘЙЕЛІ ШЕШКЕН

Азаттық радиосының тілшісіне «Прага - Алматы» бағытындағы жолаушылардың біреуі хабарлағанындай, ұшақта шынымен дөңгелек жүзді, селдір сақалды жас жігіт болған. Ол бүкіл жол бойына «тып-тыныш отырған». Ол қолына кісен салынған жалғыз жолаушы болатын. «Түрлері әскерилерге келетін» чехтар оны Алматы әуежайының дәлізінде қазақ шекарашысының қолына берген. Бұл қазақ әйел болатын. Ол жолаушының қолындағы кісенін шешіп, тұтқынды өзімен бірге алып кеткен.

Әңгіменің ауанына қарағанда, жолы болмаған бұл жолаушы – Марғұлан Мұхамбетов секілді. Азаттық радиосының тілшілеріне қазақ шекарашыларынан тұтқынның келуін растайтын хабар алу өте қиынға түсті. Әуежай шекара қызметінің кезекшісі Елена Ларченко телефон арқылы қандай да бір ақпарат беруден бас тартты. Бұдан соң радионың тілшілеріне, қажет болар деген оймен қолына «жазбаша сұрақтарды» алып, әуежайға тартуға тура келді.

Алматы халықаралық әуежайы. 11 қазан 2009 жыл.
Әуежай шекара қызметінің басшылығы Азаттық радиосының жазбаша сұрағына қандай да бір түсініктеме беруден бас тартты. Тілшілерге өзге бір офицер көмекке келді. Журналистерден өзінің аты-жөнін атамау туралы уәде алған соң ол адам Марғұлан Мұхамбетовтың 11 қазан күні «Прага - Алматы» бағытындағы ұшақпен келгендігі туралы ақпаратты растады.

– Марғұлан Мұхамбетов деген жас жігіт шынымен де бүгін таңертең ұшып келді. Ол отыз сегізінші болып тіркеуден өтіп, жұрттың ең соңында шықты. Өйткені, біздің қызметкерлер оның төлқұжатындағы деректерді ұзақ тексерді. Шығар есікте оны оны әлдебір жігіттер қарсы алды, бауырлары немесе жолдастары болуы мүмкін. Оны ешкім ұстаған жоқ, құжаттарын тексерген соң бірден жібере салды, – деді Қазақстан шекара қызметінің қызметкері.

Шындығында, Алматы әуежайында жолы болмаған мұсылман босқын-қазақты кімдердің қарсы алғандығы әзірге белгісіз. Үш жарым жылдан бері созылып келе жатқан бұл оқиғаның қалай аяқталарын болжау да қиын. Босқындар қауымдастығы басшыларының бірі Хамид Нұрғалиев «Марғұланды әуежайда бауырлары мен достарының қарсы алғандығына» сенбейді. Алматыда оның достары жоқ, ал алыстағы Атыраудағы туыстары оның қайтып оралатындығын білмеуі мүмкін» дейді Хамид Нұрғалиев:

– Прага уақыты бойынша кешкі сағат төрт жарымда Марғұлан өзін қайда апара жатқандығын білмеген. Ол полицейлерден оны қайтадан әуежайға жібере ме деп сұраған. Олар болса әзілдеп, бар болғаны Прагаға апарып, босатып жібереміз деген.

Құқыққорғаушы Надежда Атаева Марғұланды депортациялау оқиғасы туралы хабардан қатты шошынғанын айтты. Ол бірінші кезекте Марғұланның нақты тұрған жерін анықтап, денсаулығын білу керек дейді. Надежда Атаеваның ойынша, чех лагерінде Марғұланның басын айналдырған:

– Соңғы кездері Марғұланның көңіл-күйі құбылмалы болды. Бұған дейін оны ұзақ уақыт оқшау ұстады. Мұндай жағдайда есте сақтау қабілетіңді жоғалтып аласың. Әртүрлі көздерден алған ақпаратым бойынша, Марғұланның басын айналдырып, зомбилеген. Лагерь басшылары оны алдайтыны туралы сигналдар берген. Бірақ Марғұлан олардың қолында болатын. Сондықтан, қаласа да, қаламаса да солардың жетегінде жүрді.

Надежда Атаева «Орталық Азиядағы адам құқы» ұйымы Марғұлан Мұхамбетовтың оқиғасына байланысты өз зерттеулерін жүргізетінін айтады. Бақылаушылар алғашқы мұсылман-босқынды депортациялаудың салдары Чехия мен Қазақстан биліктерінің босқын-мұсылмандарға қатысты бұдан былай да қалай әрекет ететіндігін көрсетеді дейді.

Чехияда 200-ден аса «Таза дін» қауымының өкілдері кішкентай балаларымен бірге күштеп шығарылу жағдайында тұр.