Әблязов Құлыбаевқа қарсы ауқымды шабуылын жалғастыра бермек

Қуғындағы бизнесмен Мұхтар Әблязов.

Қуғындағы бизнесмен Мұхтар Әблязов, Азаттық радиосына берген сұқбатында, Қазақстан президентінің күйеу баласы Тимур Құлыбаевтың оны сотқа беруінде пайдалы тұстарының бар екендігін де айтып кетті. Әблязов шабуылын күшейте түспек.

БҰДАН БҰРЫНҒЫ БӨЛІМДЕРДІҢ ҚЫСҚАША МАЗМҰНЫ

Топ-менеджер және Қазақстан президентінің күйеу баласы Тимур Құлыбаев қуғындағы бизнесмен Мұхтар Әблязовқа қарсы Алматының сотына талап-арыз беріп, әзірге компромат жайында хабарлаған бірқатар БАҚ өнімдеріне тыйым салуға қол жеткізді. Бұған жауап ретінде Әблязов Тимур Құлыбаевқа қарсы ауқымды ақпараттық шабуыл даярлауда.

Бұл жаңа ақпараттық соғыста алғашқы қадам Мұхтар Әблязовтың тарапынан жасалды. Ол президент Нұрсұлтан Назарбаевтың екінші күйеу баласы Тимур Құлыбаевты ұйымдасқан қылмыстық топ құрғандығы және Қазақстанның мұнай активтерін көрші Қытайға сатып жібергендігі үшін айыптады. Президенттің күйеу баласына қарсы арызын Әблязов бас прокурордың, ҰҚК төрағасының, ішкі істер министрінің және қаржы полициясы төрағасының атына жіберді.

Оның үстіне, Мұхтар Әблязов, Тимур Құлыбаевқа қытай компаниялары топ-менеджерлерінің «пара беру фактісін» тексерулері жөнінде Қытай басшылығына өтініш жасады.

Тимур Құлыбаевтың тарапынан жауап көп күттірген жоқ. Осы аптаның басында, 1 ақпанда, Алматы қаласының Медеу аудандық соты Тимур Құлыбаевтың талап-арызы бойынша істі қарап, Мұхтар Әблязовтың Тимур Құлыбаевты айыптауы бойынша «Республика», «Голос Республики», «Взгляд» және «Курсив» газеттерінде жарияланған материалдарды шындыққа сай келмейді деп таныды.

Сот Тимур Құлыбаевтың ар-намысы мен абыройына нұқсан келтіретін деректері бар БАҚ өнімдері мен қағазда және электронды тәсілмен ақпаратты тасушы болып табылатын өзге де өнімдерге тыйым салу, сонымен бірге, жоғарыда көрсетілген ақпараттар бар, басылған, бірақ сатылмаған өнімдерді тоқтата тұру жөнінде шешім шығарған. Осыған байланысты Азаттық радиосы Мұхтар Әблязовқа түсініктеме беруін сұрап қайрылған еді. (Бұрынғысынша, біз сұқбат мәтінінен Мұхтар Әблязовтың, қандай да бір соттың шешіміне сілтеме жасамай отырып, нақты сыбайлас жемқорлық әрекеттер жасаған деп Тимур Құлыбаевты айыптаған тұстарын алып тастадық).

БІЛЕ ТҰРА БАСТАЛҒАН ТӨБЕЛЕС

– Мұхтар мырза, Тимур Құлыбаевтың тікелей сізге және бірқатар басылымдарға қарсы талап-арызы бойынша Алматыдағы Медеу аудандық сотының шешімімен таныс боларсыз деген үміттемін. Осыған қатысты сіз не айтасыз?

– Сөз жоқ, мен бұл жайдан хабардармын. Мен не айтайын? Тимур Құлыбаевтың арызды Медеу аудандық сотына бергеніне қуанып отырмын. Және мен Жәкішев мырзаның жағдайындағыдай бұл істі «жасай салмайтындығына» үміттімін.

Мен бұның азаматтық талап-арыз екендігін түсінемін және мұндай сотты жабық өткізу мүмкін емес дейді маған. Бірақ, олардың бұл істі ашық сияқты өткізгенімен, шын мәнінде оны жабық қылып өткізе алатындарын жақсы түсінемін.

Егер сот шынында да ашық өтетін болса, онда мен мұндай мүмкіндіктің берілуіне, яғни, өзімдегі барлық материалдарды ұсынып, шындығында не болғандығы жайында айтып беру мүмкіндігі болатындығына қуаныштымын. Ал енді БАҚ-тар жариялаған деректерге келсек, бұлар менің оларға қазір бергенім.

– Мұхтар мырза, сот шешіміне қарағанда, Құлыбаевтың талап-арызы тікелей сізге және сіздің хатыңыз туралы БАҚ-тағы жарияланған материалдарға қатысты екен. Сіз Қазақстан басшылығы мен құқық органдары тарапынан сіздің хатыңызға байланысты сәйкес реакцияны күтесіз бе әлде сіздің үндеу-хатыңыз президент Назарбаевқа жеткен жоқ деп есептейсіз бе? Жалпы алғанда, сіздің үндеуіңізге байланысты Ақорда тарапынан қандай да бір ресми реакция болды ма?

– Менің барлық мәлімдемелерімнің Назарбаевқа жеткеніне және бұларды оның оқығанына сенімдімін. Үкіметте, үкіметке жақын құрылымдарда барынша ұзақ уақыт жұмыс істегенімді ескерсек, бұған күмәнданбаймын. Мен ұлттық мемлекеттік жүйе жайында айтып отырмын. Сондықтан да қандай да бір ақпараттың президентке қалай берілетіндігін, жеткізілетіндігін анық және жақсы елестете аламын. Сондықтан, Назарбаев мырзаның қолында барлық ақпараттың бар екендігіне күмәнданбаймын.

Сәйкес реакциялар жайына келсек... мен оны былай болады деп күтіп отырмын. Онда азаматтар да оны сәйкес реакциялар деп қабылдайтындығына сенімдімін.

Естеріңізде болса, өткен жылы Квятковская ханым бірқатар мәлімдемелер жасады. Ол баспасөз-мәслихатын өткізіп, менің досым Мұхтар Жәкішевке тақпаған айыбы қалмаған кезде оның қолында ешқандай құжаттар болған жоқ, бұл жай ғана жалаң мәлімдемелер мен пікір ғана болатын.

Нәтижесінде, қысқа мерзімнің ішінде бас прокуратура, ҰҚК, салық инспекциясы, яғни, есеп комитетін қоса алағанда барлық тексеруші құрылымдар тарапынан бас тексеру тағайындалды.

Содан соң Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысы болды. Және «Қазатомпром» мәселесі қаралған отырысты президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі жүргізді. Иә, сөз жоқ, онда, ең болмағанда оның жария бөлімінде қандай да бір ұйымдастыру қорытындылары жасалған жоқ. Бірақ осыған қарамастан қауіпсіздік кеңесінің осындай отырысы болды. Ал содан соң Жәкішевті тұтқындады.

Естеріңізде болса, уран кен орындарын жаппай сатып жібергендігі жайында ашына айыптаулар болған және айыптаудың негізі де осында болатын. Ол тұтқындалды. Бірақ әлгі айыптаулардың барлығы бір жаққа жоғалып кетті.

Ақырында ол кеңсені ұйымдастырды деген айыптау қалды. Яғни, ол 100 миллион теңге шамасындағы қаржыны Венадағы өкілдікті ұстап тұруға және тағы өзгелерге жұмсаған... Оған ұсақ айыптар тағылды. Бірақ бұл айыптаулардың мағынасы не екенін ешкім де түсінбейді. Сол себепті күтпеген жерден сотты жабық қыла салды. Уран мәселесі бұл сотта мүлдем қаралмаса да.

Сондықтан, Жәкішевтің процесімен салыстыра отырып, билік тарапынан мынадай сәйкес реакция болуы керек деп есептеймін. Ел президентінің реакциясы болуы керек. Сонымен бірге Қауіпсіздік кеңесінің отырысы болуы керек. Және құқық органдарының өкілдері баяғыдан-ақ «ҚазМұнайГаз» компаниясында отырып, оларға түскен барлық қағаздарды тексерулері керек: барлығы осылай болған ба, жоқ па деп.

Және осындай сәйкес реакция әзірге бола қойған жоқ. Оның үстіне сотқа Тимур Құлыбаевтың арызы түсті. Сол арызға сәйкес шыққан сот шешімінде мен таратқан ақпаратқа тыйым салынып және ақпараттық басылымдарға осыған байланысты әлденені жазуға тыйым салынды.

Құлыбаев мырза ақпаратты таратуға тыйым салатын шешімге ие болды, бірақ бұл Конституцияға қайшы келеді.

Егер Конституцияны мұқият қарайтын болсаңыз, онда көптеген баптарда ақпарат алу азаматтардың ажырағысыз құқығы деп жазылғанын көресіз. Яғни, олар бұған кедергі жасамауы, тосқауыл қоймаулары керек. Мен сот органдары мен өзге де мемлекеттік органдар жайында айтып отырмын.

Соттың әлгі шешімі арқылы Конституцияның осы бір нормалары дөрекі түрде бұзылуда. Осыдан-ақ реакцияның сәйкес еместігі байқалып тұр. Қазір Қазақстан президенті күрделі жағдайда тұр деп ойлаймын. Өйткені ол оның балалары да Қазақстанның өзге азаматтары сияқты деп үнемі айтатын.

Егер оның балалары да Қазақстанның өзге азаматтары сияқты болатын болса, онда ол үшін осыны дәлелдейтін сәт келіп тұр деп ойлаймын.

Сот әрекетсіз отырмас үшін мен оған тағы бірқатар материалдарды беремін. Сөз жоқ, алдымен мен оларды жарыққа шығарамын. Содан соң менің заңгерлерім оларды жазбаша түрде, конвертке салып, сотқа жібереді.

Міне, мен нені күтіп отырмын. Және бұл соттың қалай өтетіндігі маған да қызықты. Егер оны тағы да жабық қылып өткізсе, егер барлығын жасырып тастаса, егер біздегі сот жүйесі тәуелсіз, әділетті деп қазіргі уақытта Қазақстанның жар салып жүрген стандарттарына сай келмейтін әлдебір шешім шықса, онда біздегі құқық органдары, сот жүйесінің және т.б. шындығында қандай екендігі жайында азаматтардың өздері қорытынды жасайды ғой деп ойлаймын. Бұл бірінші.

Екіншісі. Мен «Нұр Отан» партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы комитетке өтінішпен қайрылдым. «Нұр Отан» сыбайлас жемқорлықпен күресіп жатырмыз деп үнемі қайталайды. Құлыбаев мырзаның «Нұр Отан» партиясына мүше екендігін де біз білеміз.

Және, менің түсінуімше, ол партияның жеке демеушісі емес. Менің білуімше, ол өзінің жеке қаржысын бұл партияға салмайды. Бірақ
Егер бұған президенттің өзі де селт етпесе, онда оның балалары да Қазақстанның өзге азаматтары сияқты деген оның сөздері, Назарбаевтың пікірінше, президент сайлауында оны қолдайтын электоратқа арналған жай ғана бос сөз екендігі көрініп қалады.
қалай болғанда да, ол бақылап отырған мемлекеттік компаниялардан «Нұр Отан» партиясына үнемі қаржылық қолдау жасалып отырады. Яғни, оны партияның белсенді демеушісі деп айтуға болады.

Және мен «Нұр Отан» партиясының реакциясын көргім келеді. Мінеки, олар сыбайлас жемқорлықпен күрес жөнінде арнайы орган құрды. Осы мысалдың негізінде дәл сол сыбайлас жемқорлыққа қарсы комитеттің қалай жұмыс істейтіндігін байқап көрген өте қызықты болар еді. Егер ол жұмыс істемесе, егер ешқандай реакция болмаса, онда тағы да ел азаматтары бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы комитеттің «Нұр Отан» партиясын насихаттау үшін құрылған насихат-құрылымы ғана екендігін түсінулері керек деп ойлаймын.

Егер күштік органдар – бас прокуратура, қаржы полициясы, ұлттық қауіпсіздік комитеті – ешқандай жауап қатпаса, онда ел азаматтары бұл құрылымдардың да кім үшін және не үшін құрылғанын: олардың ел азаматтарының мүддесін қорғау үшін емес, билеуші топтың мүддесін қорғау үшін құрылғанын түсінуі керек деп ойлаймын.

Егер бұған президенттің өзі де селт етпесе, онда оның балалары да Қазақстанның өзге азаматтары сияқты деген оның сөздері, Назарбаевтың пікірінше, президент сайлауында оны қолдайтын электоратқа арналған жай ғана бос сөз екендігі көрініп қалады.

Сәйкес пе, жоқ па, бұған қарамастан биліктің кез-келген реакциясы қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Сондықтан, Тимур Құлыбаевтың Медеу аудандық сотына маған қарсы арыз беруін жақсы факт деп есептеймін.

Бұл процесті халықаралық қоғамдастық, партиялар, ел азаматтары бақылап отырады. Осы мысал арқылы біздің қандай мемлекетте өмір сүріп отырғанымызды көрейік!

– Мұхтар мырза, сіздің үндеуіңізге байланысты Қытай басшылығы тарапынан қандай да бір реакция болды ма?

– Қытай билігіне үндеуімді осы аптада жібердім. Сондықтан жауап өте жылдам бола қояды деп ойламаймын.

Бұл үндеу қытай тіліне аударылды. Сондықтан олар бұл үндеуді келесі аптада алады деп ойлаймын. Және қытай билігі тарапынан қандай да бір реакцияның сөзсіз болатындығына үміттімін.

– Мұхтар мырза, бұдан ары қарай не істемек ойыңыз бар?

– Құлыбаев мырза жайындағы ақпараттарды жіберіп тұру үшін мен өзімнің пошта жәшігімнің мекен-жайын жариялағым келеді.

Мәселе мынада, Құлыбаев мырза өзін үнемі «ҚазМұнайГаз» компаниясының, «Самұрық-Қазына» қорының қызметкері ретінде көрсетеді. Бірақ, мен жариялаған материалдардан оның өте көп түрлі активтерді бақылайтындығы байқалады. Атап айтқанда, ол мұнай трэйдингін бақылайды.

Маған бір топ бизнесмендер шығып, өзімде бар материалдарды оларға беруімді өтінді. Олар Қазақстаннан тысқары жерлерде халықаралық талап-арыз даярлауда. Талап-арыздар Құлыбаевқа қарсы жазылмақшы. Сондықтан мен оларға көмектескім келеді. Бұл біріншісі.

Екіншіден мен бұл мекен-жайды әдейі жариялағым келіп отыр. Қазақстандық кәсіпкерлер Тимур Құлыбаевтың қызметі жайындағы барлық ақпаратты осы жәшікке жіберсін. Аты-жөнін көрсетпесе де болады.

Менің заңгерлерім бұл материалдарды тексереді, шынайылығына көз жеткізеді. Содан соң біз Тимур Құлыбаевқа қарсы халықаралық талап-арызды ұйымдастыруға көмектесеміз. Меніңше, Қазақстан бизнесінің Назарбаевтың екінші күйеу баласынан тазаратын кезі келген сияқты.

– Мұхтар мырза, сұқбатыңыз үшін рақмет.