Мұхтар Жәкішев ұсталды. Астана мұны жоққа шығарса, жақтастары оның тұтқындалғанын айтады

Мұхтар Жәкішев ұсталып, ҰҚК-нің Астанадағы тергеу абақтысында отырғаны жайында инсайдерлік ақпарат кезіп жүр. Прокуратура оны жоққа шығарды. Бірақ Жәкішевтің өзі әлі үнсіз.
МҰХТАР ЖӘКІШЕВ КЕПІЛДЕ МЕ?

Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегілер бұл ақпаратты жоққа шығарып, Бас прокуратураға сілтеуде. Бірақ, прокуратурадағылар оны ұстау туралы құжат бермегендігін, қылмыстық іс қозғамағандарын және Мұхтар Жәкішевті қызметтен босатуға өздерінің қатысы жоқтығын айтуда.

Бас прокуратураның баспасөз-қызметінің жетекшісі Сәулебек Жәмкенұлы былай деп түсініктеме берді:

«Ол тұтқындалған жоқ, тіпті ұсталған да жоқ. Тексеру жүрген, бірақ менің білуімше іс қозғалған жоқ. «Самұрық-Қазынаның» баспасөз қызметі Жәкішевтің қызметтен кетуі туралы ақпаратты Бас прокуратураға сілтеме жасап жариялады. Біз мұндай дерек берген жоқпыз».

Мұхтар Жәкішевтің жоғалып кетуі мен оның ұсталуы туралы сыбыстар қоғамда түрлі жорамалдардың тууына негіз болды. Астананың құпияларынан хабары барлар жақында ғана Жәкішев Еуропада Мұхтар Әблязовпен кездесіп, оған президенттің алдына келіп кешірім сұрап, соңғы бизнес-активтерін беру туралы айтып көрген деседі.

Оппозициядағы саясаткерлер бір Мұхтарды екіншісі үшін кепілдікке ұстап отырғанына сенімді. Жәкішевтің тұтқындалуы оның аттас әріптесіне арналуы мүмкін дейді «Азат» партиясы төрағасының орынбасары Петр Своик. Осы арқылы оның БТА банкке қатысты талап арызын тоқтатпақ. Өйткені, сонау 2001 жылы Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысы қуғынға ұшырап, ұйым жетекшілерінің бірі Мұхтар Әблязов түрмеге отырғызылғанда оған Мұхтар Жәкішев кепіл болған еді.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі пікір білдірер емес. Әдетте, саяси сипаты бар мұндай тұтқындаулар жұма күні жүреді. Осы арқылы өзінің оппоненттеріне демалыс күндері ойлануға мүмкіндік беретіндей.

Мұхтар Жәкішевтің тұтқындалуы енді уақыттың еншісінде. Биліктегілер Ақорда мен БТА банк акционері арасындағы текетіресте Мұхтар Жәкішев белгілі бір рөл ойнауы мүмкін деп күтіп отырған сыңайлы. Бірақ, заңға сәйкес, үш күннің ішінде Мұхтар Жәкішевке айып тағылуы керек. Сондықтан, ресми ақпарат жақын арада шығып қалатын болар.

ҰҚСАС ЖАҒДАЙЛАР

Бірақ, билік үнемі заңды жолмен жүре бермейді. Саяси тұспалы бар кезекті ұсталу жақында ғана «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Серік Бүркітбаевтың басынан өткен оқиғаны еске түсіреді.

Серік Бүркітбаев ұлттық мұнай компаниясының басшылығынан босатылған мезетте (2008 жылғы жаздың аяғында) Экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық агенттіктің қызметкерлері (қаржы полициясы) оған қарсы ақшаны жымқырды деген күдікпен қылмыстық іс қозғады.

Тұтқындау құпия түрде жүргізіліп, туыстары біраз уақытқа дейін Серік Бүркітбаевтың қайда екенін білген жоқ. Содан соң Ақмола гарнизонының әскери соты оны алты жылға бас бостандығынан айырып, жазасын жалпы режимдегі колонияда өтеуге үкім шығарды.

Сот отырысы мен үкім шығару жабық есік жағдайында өтті. Бұл заңға қайшы еді. Адам құқы жөніндегі қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтис БТА банк ісін Серік Бүркітбаевтың ісімен салыстыра келіп, Қазақстандағы шулы қылмыстық істер туралы ақпараттар іріктеліп жарияланатындығын айта кетті.

Мұхтар Әблязовқа қатысты компромат баспасөзде тұрақты жарияланады. Ал, VIP тұлғаларға қатысты кейбір соттар жайында қоғамдастық ешнәрсе білмейді.

Егений Жовтис былай дейді: «Бірінші оқиғада әңгіме жұрттың барлығына түсінікті саяси себеп туралы болып отыр. Бұл жерде билік барынша көп мәлімдеме жасап, мәселенің саясатқа қатысты еместігі туралы сендіргісі келеді. Ал, асау мінез танытпайтындарға келгенде, керісінше, неге бұл (Бүркітбаев) ұсталып отыр деген сауал туындамас үшін барлығын жасыруға тырысады».

Элитаның өзара ішкі тайталастары мафиялық үрдіс бойынша жүзеге асады дейді Евгений Жовтис. Жазаланғандар қоғамдастыққа жар салып жатпайды, одан бәрібір еш пайда жоқ. Одан да жазасын өтеп, «таза» арымен мемлекеттік іске қайта кіріскен абзал. Билікті сынаушыларға, саяси оппоненттерге әділдікті жариялылық, арбитраждық соттар арқылы іздеуге немесе ... темір тордың арғы жағында отыруға тура келеді.