Accessibility links

Тұтқындарды өлтірудің қажеті жоқ. Одан да қиналсын


Алматыдағы №1 тергеу абақтысы.
Алматыдағы №1 тергеу абақтысы.

Қазақстанның «Түрместанында» тұтқындарды қинап, зәбірлеудің бағдарламасы кәдімгідей жолға қойылған. Тіпті, қуғындағы Рахат Әлиевтің өзі Венадағы баспанасынан Қазақстан түрмешілерін өзінше жуасытып қойғысы келеді.

СОТ ЖАЗАЛАРЫНЫҢ ТОҚТАЙТЫН ТҮРІ БАЙҚАЛМАЙДЫ

Әзірге толық шешіле қоймаған айла-шарғының арқасында банкир Мұхтар Әблязовті әшкерелеушілер БТА банк басшылығын біржолата тазалауды ұйымдастырды. Топты адамға қатысты бұл іс өзгелерге сабақ боларлық көрнекі процеске айналып барады. Бұл аяқ астынан өздігінен бола қалған жайт емес. Белгілі бір ниетке бағынған оқиға. Арғы жағынан оны қолдан басқарғандардың құлағы қылтияды.

Жақында әріптестерімен бірге, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Серік Бүркітбаевтың ісін әскери трибунал жабық сотта қарады. Бәрі сол күткендегідей - алдын ала кесіп-пішіп қойған үкім шығып, сегіз (ресми деректер бойынша) адам қапасқа қамалды.

Серік Бүркітбаев алты жылға кесілді. Өзге деректерге қарағанда сотталғандар саны бұдан екі есе көп деседі. Енді олардың барлығы бастарынан жазаның ерекше түрін өткермек.

Бірнеше ай бұрын тағы бір үлкен басшыны - бұрынғы министр Жақсыбек Күлекеевті үш жылға соттаған.

Қазақстанның «сот өнеркәсібі» жоғарыдан белгіленген режим бойынша жұмыс істеуде. Ал сот жазасының басты ұйымдастырушыларының әзірге «пластинканы ауыстыратын» ойлары жоқ.

Жақында ғана бұрынғы қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақов тұтқындалды. Қазақстан түрмелеріндегі жазаның толық бағдарламасынан оның да қашып құтылуы екіталай.

СОТТАЛҒАНДАРДЫ АЗАПТАУ ЕНДІ БАСТАЛАДЫ

Қазіргі уақытта Қазақстанда басшы болу Нұрсұлтан Назарбаевтың туысқаны болғанмен бірдей қауіпті. Басқа-басқа, ал оның бұрынғы күйеу баласы, үлкен қызының бұрынғы күйеуі, веналық қашқын Рахат Әлиев бұны жақсы сезінеді. Оны аулау маусымы әзірге тоқтаған жоқ. Оның қызметтестерінң көбі түрлі мерзімдерге бас бостандықтарынан айрылғандарымен, бұл жазалаулар мемлекетке әлі аздау сияқты. Қорқытып, үркіту бағдарламасы осымен біте қойған жоқ.

Азаттық радиосына берген сұхбатында Рахат Әлиев президент пен оның айналасындағылардың айла-шарғысы кесірінен түрмеге түскен адамдардың тағдырларына байланысты алаңдаушылық білдіреді. Рахат Әлиевтің айтуынша, сотталғандардың азапталып-қиналуы оларды нағыз "зонаға" тастағанда басталады.

Рахат Әлиев күн сайын, сағат сайын түрме билігі зәбірлеп, қинап жатқан сотталғандарға ешқандай көмек бере алмайтынын мойындайды. Түрме бақылаушылары кімді қинауға болатынын, ал кімді қинау қажет екендігін жақсы біледі.

Оның ісі бойынша өткен адамдарды тұрақты ұрып-соғатынына Рахат Әлиев сенімді. Олар қинаудың небір түрлерін ойлап табады.

Қазақстан сияқты жабық мемлекет ішінде «Түрместан» деген тағы бір жабық мемлекет бар. Онда парламент те, оппозиция да жоқ.

Түрме бақылаушылары - надзирательдер сотталған ірі менеджерлерге не істеу керектігін жақсы біледі. Оларға қатысты қатаң да қатал әрекеттері басшылар тарапынан марапатталатынын да сезеді.

Шулы істерге байланысты сотталғандарға қарсы арнайы тәртіптік шаралардың жалғасып жатқандығы жайында жоғарыдағыларға ақпар береді. Бұл хабарлар ең басты ұйымдастырушылардың құлағына майдай жағады. Ақшадан ақшаның туатындығы секілді, қаталдықтан ары одан да бетер қатыгездік шығады.

ДАРИҒА НАЗАРБАЕВА ЖАЙЫНДАҒЫ СЕНСАЦИЯЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚ

Белгілі адамдарға қатысты кейбір шетін мәселелер болады. Түрме бақылаушылары мұны Джугашвили-Сталиннің дәуіріндегі большевиктік чекистердің жендеттік кезеңдерінен біледі. Кейде әлдебір құпия, түсініксіз себептермен әлдекімді түрме тозағынан суырып алып, үлкен өмірге қайта алып келетін.

Мұндай мүмкіндікті кейде Рахат Әлиевтің өзі де пайдаланады. Ол Азаттық радиосына жақында осындай бір хабарды бұқаралық ақпарат құралдарына жібергенін айтты.

Онда оның бұрынғы әйелі Дариға Назарбаева әлдебір құпия комбинациялардың арқасында, әкесінің рұқсатымен бостандыққа шығып, Венада күйеуі Рахат Әлиевке келіп қосылғандығы жайында сенсациялық жаңалық пайда болды. Сенсацияның авторы - Рахат Әлиевтің өзі.

Рахат Әлиевтің пікірінше, мұндай ақпарат түрмешілерге жетсе, онда олар "әлиевтің ісі" бойынша отырғызылған адамдарға қатысты босаңси қоймас.

Жағдайдың 180 градусқа өзгеріп кету мүмкіндігін түрме бақылаушылары сезеді. Содан соң олар өздерінің жауыздығы үшін тікелей жауап береді. Рахат Әлиевтің пікірінше, бұл өз адамдарының тағдырын жеңілдету үшін оның қолынан келетін жалғыз көмек.

Рахат Әлиев Қазақстанның түрме мемлекетінде адамның ойына келмейтін заңсыздықтар болып жатқандығын айтудан жалыққан емес. Жақсыбек Күлекеев, Серік Бүркітбаев сияқты адамдар дәл осы адамгершілік атаулыдан жұрдай әлемге түскен. Бұл жерлердегі қатаң жағдайға кәнігі қылмыскерлер мен баукеспе ұрылар, зорлықшылар мен баскесерлер де шыдай алмай жатады.

ТҰТҚЫНДАРДЫ ЕЛ АЛДЫНДА ҰРУ ӘДЕТТЕГІ ІС


Оқта-текте ана жақтан, Қазақстанның ішіндегі «екінші мемлекеттен», түрмешілердің жауыздығын тоқтатуға бағытталған, тұтқындардың амалсыздан жасаған қанды әрекеттері естіліп қалады.

Мұндай оқиғаның бірін тіпті теледидардан да көрсеткен. Бұл оқиға Алматы маңындағы Заречный елді мекеніндегі ЛА-155/8 колониясында болған. Ол жерде жиырмаға жуық тұтқын әкімшіліктің жауыздығына қарсылық ретінде қарындарын жарып, тамырларын кескен.

Толқуды күшпен баспақ болған түрме басшылығы күзет гарнизонының солдаттарына тұтқындарды ұруға бұйрық берген. Бұл оқиғаға бей-жай қарау мүмкін емес. Тұтқындарды ұрып жатыр, ал олар болса қарынын жарып, тамырын кесуді тоқтатар емес.

Сол кездері Адам құқы жөніндегі қазақстандық бюро директорының орынбасары болып қызмет еткен Жеміс Тұрмағамбетова: «Тұтқындарды шынында да ұрған... бұнда күштілер күшін көрсетті» деп жарияға жар салды. Қазақстанда тұтқындарды қаталдықпен ұрып-соғу тұрақты орын алатындығын парламент депутаттары да аз айтқан жоқ.

Түрмешілердің жазалауларына қарсы көтеріліс Жаңаөзен қаласының тергеу абақтысында да болды. Онда қарсылық ретінде 34 тұтқын өздеріне өздері жарақат салды.

Ақтөбе облысы Жем қаласындағы УКА 168/5 колониясында он тұтқын абақтыдағы ұстау жағдайына қарсылық ретінде өздеріне пышақ жұмсаған.

Шымкенттегі колонияда 25 тұтқын өздерін жарақаттаған. Себеп тағы сол - адам төзгісіз режим, үнемі зәбірлеулер, ұрып-соғу мен басқа да азаптау мен қинаулар.

Осы бір тұтқындардың өз-өзіне қарсы және түрмешілердің тұтқындарға қарсы екіжақты қылмыс әлеміне, бүгінде түрлі себептермен билеуші топқа жақпай қалған менеджерлерді апарып тастайды.

Ол жақта адамдарға не істейтіні туралы ақпарат жоқтың қасы. Тіпті, сотталғандардың отбасы мүшелері де жақындарының онсыз да қиын өмірін одан ары ауырлатпас үшін түрмелер мен лагерьлердің ішкі драмалары мен трагедиялары туралы жақ ашпауға тырысады. Тек жанама деректер арқылы ғана сотталғандардың жағдайы нендей күйде екендігін шамалап пайымдауға болады.

120 САНТИМЕТРЛІК "БҮКİР" КАМЕРАЛЫ АРНАЙЫ ТҮРМЕ

Сапармұрат Ниязовтың кезінде Ашхабадтан 90 шақырым жерде Түркіменбашының жекеменшігіндей саналған арнайы түрме салынды. Сапармұрат Ниязов өзінің бітіспес жауы санаған кейбір адамдар әлі күнге дейін сол түрмеде отыр. Бұл жауларын оның неге өлтірмегенін түсінуге болады.

Халық арасында бұл түрме «Бүкір» деп аталады. Не үшін олай аталғанын қазір түсінесіз. Ондағы камералардың биіктігі 120 сантиметрден биік емес. Күндіз жатуға тиым салынған. Күні бойы үш бүктеліп түрегеп тұруға тура келеді.

Ал «Бүкірдің» карцерлері сол 120 сантиметрлік камера. Тек 40 сантиметрге дейін сумен толтырылған. Тұтқындарды өлтірудің қажеті не? Одан да қинау үшін осылай тірідей қорлаған артық емес пе? Тізесін бүктіріп тұрып.

(Журналист Александр Народецкий бұл мақаласында өзінің көзқарасы мен байламын айтады. Ол Азаттық радиосының позициясымен сәйкес келмеуі мүмкін.)
XS
SM
MD
LG