Жабық сотта айыпкер болып отырған Мұхтар Жәкішевтің ісі ашық өтуін талап етушілер билікке жазылған үндеуге қол жинау науқанын бастады. Адвокат Нұрлан Бейсекеев бұл істен шықпағандығын мәлімдеді. Жәкішевті қамауға алуға негіз болған уран кеніштерін заңсыз саудалау фактісі бойынша тергеудің мән-жайы ашық айтылмай отыр.
БИЛІКТІҢ АТЫНА ҮНДЕУ
Қазақстан азаматтары «Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевті қорғап елдің билік құрылымдарына ашық хат жазды. Президентке, парламентке, бас прокуратураға, ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасына бағытталған үндеу-хатқа қол жинау іс-шарасын «Республика» басылымы бастап отыр. Үндеу «Заңсыздық тоқтасын! Репрессия тоқтасын!» деп аталады.
Аталған басылымның редакциясы осындай бастамаға Жәмила Жәкішеваның газетте жарияланған мәлімдемесіне оқырмандардың бей-жай қарамағандығы түрткі болды деп хабарлады. Редакция өзінің оқырмандары «Мұхтар Жәкішевті қорғағысы келеді, бірақ оны қалай жүзеге асыратындықтарын білмейді» деп жазды. Соған байланысты «Республика» ашық хатқа қол жинау науқанын жариялаған.
Қазақстан азаматтарының атынан жазылған үндеуде «Біз тапсырмамен әрекет ететін соттарға қарсымыз және Жәкішевтің ісінің шынайы және Қазақстан халқының көз алдында өткендігін қалаймыз» делінген. Сонымен бірге, жолдау авторлары «сатқын адвокаттарды қолдану тәжірибесін» тоқтатуды талап еткен.
АЛВОКАТ БЕЙСЕКЕЕВ СОТ ПРОЦЕСІНЕН ШЫҚПАҒАНДЫҒЫН АЙТАДЫ
Бұл уақытта аурухананың күндізгі стационарында ем қабылдап жатқан адвокат Нұрлан Бейсекеев «Қазатомпром» ісінен өзінің шықпағандығын мәлімдеді.
– Тіпті, маған бұл істен әдейі шықтың деп айтып жатыр. Мұның барлығы шындыққа жанаспайды. Мен әлі де осы процеске қатысушы
Мұхтар Жәкішевтің адвокаттары Нұрлан Бейсекеев (сол жақта) және Данияр Қанафин. Алматы, 9 маусым 2009 жыл.
болып саналамын, – деді Бейсекеев бейсенбі күні Азаттық радиосына.Бұған дейін Астана қаласы Сарыарқа аудандық №2 сотының судьясы Нұржан Жолдасбеков адвокат Нұрлан Бейсекеевтің денсаулық жағдайына байланысты сотқа келмей қалуына орай айыпкер Мұхтар Жәкішевтің ісі бойынша процестің сот отырысын екі мәрте кейінге қалдырған еді. Үшінші сот отырысында Нұрлан Бейсекеевтің орнына Жәкішевті қорғауға жаңадан басқа адвокат – Болат Исатаев тағайындалғаны хабарланды. Сол күні-ақ Исатаев сот ғимаратында Жәмила Жәкішевамен төбелесіп қалғандығымен көзге түсіп үлгерді.
– Бұл адвокаттың енгізілуін әсіре асығыстық және заңсыз деп есептеймін. Заңдарда әуелі адвокатты таңдау құқығы берілетіндігі жазылған, – деп мәлімдеді Нұрлан Бейсекеев.
Іске жаңа адвокат кіріскен күні Жәмила Жәкішева қорғаушыны таңдау құқығы аяққа тапталғандығын, ал өздерінің адвокаты Данияр Қанафинді сотқа кіргізбегендігін мәлімдеген-ді.
Естеріңізге сала кетейік, топ-менеджер Мұхтар Жәкішевке ұйымдасқан топ құрып, мемлекетке ірі көлемде материалдық залал келтірді және мердігер кәсіпорын басшыларынан ірі көлемде пара алды деген айыптар тағылып отыр. Топ-менеджер былтырғы мамыр айында тұтқындалып, ҰҚК-нің Астанадағы тергеу абақтысына қамалды.
УРАН КЕНІШТЕРІ
Бұл сот процесінің қанша уақытқа созылатындығын әзірге ешкім дөп басып айта алмайды. Бұл істі қарау аяқтала салысымен Жәкішевке екінші бір айып тағылуы мүмкін.
Бұған дейін бас прокуратура Мұхтар Жәкішевке уран кеніштерін шетел инвесторларына заңсыз сатқан деген айып тағылғандығын, бірақ бұл айып бойынша қосымша тергеу іс-шараларын жүргізу керектігіне байланысты, осы мәселеге қатысты материалдар жеке бір өндіріске алынғандығын хабарлаған еді. Сондай-ақ, прокуратура кеніштердің заңсыз саудасына қатысты алдын ала тергеу жүріп жатыр деп мәлімдеген-ді.
Алайда бұл істің барысы қалай жүріп жатқандығын қазіргі күні анықтап білу мүмкін емес болып отыр. Бас прокуратура өкілі Азаттықтың
Мұхтар Жәкішевке жаңадан тағайындалған адвокат Болат Исатаев (оң жақта) айыпкердің зайыбы Жәмила Жәкішевамен (сол жақта) сот ғимаратында шекісіп қалды. Астана, 19 қаңтар 2010 жыл.
осы мәселеге қатысты сауалдарына тек жазбаша жауап қататындығын айтып, қозғалған мәліметті растаған да, жоққа да шығарған жоқ. «Қазатомпром» компаниясының бұрынғы директоры Мұхтар Жәкішевтің жұбайы Жәмила Жәкішева да бұл істің мән-жайынан хабарсыз екендігін айтып отыр.
- Ол жағын мен білмеймін. Бірақ Мұхтар бұл іске қатысты тергеуге шақырылып жатқан жоқ деп айта аламын, - деді Жәкішева. Адвокат Бейсекеев те мұны растап отыр.
Жәкішев 2009 жылы мамырдың аяғында дәл осы айып бойынша, яғни ірі кеніштерді заңсыз сатқан деген күдікпен ұсталған болатын. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жәкішевті «Қазатомпром» компаниясының президенті болып тұрған кезде ол Қазақстанның ірі уран кеніштерінің үлестерін оффшорлық аймақтарға тіркелген фирмаларға заңсыз сатқан деп айыптады.
ҰҚК таратқан мәліметте 2005 жылы «Кең Дала KZ» жеке компаниясы құрылғаны, кейін соған Қызылорда облысындағы «Мыңқұдық» уран кенішінің «Орталық» участегі тегін берілгені, сонымен бір уақытта «Қазатомпром» тағы бір оффшорлық компания арқылы Қызылорда облысындағы «Қызылқұм» компаниясының 30 пайыз үлесін 15 милллион 600 мың теңгеге сатқаны айтылған болатын.
Сонымен бірге, басқа да кеніштерге жер қойнауын пайдалану құқығын заңсыз беру фактілері анықталды деп хабарлады ҰҚК. Бұл іс бойынша «Қазатомпромның» бұрынғы жеті басшысы тергеуге тартылды. Ал Мұхтар Жәкішев болса бұл айыптарды мойындаған жоқ.
Астананың Сарыарқа аудандық №2 сотындағы бұл сот процесі жұма, қаңтардың 22-күні жалғасады.