Ақмола облысында лаңкестік айыбы бойынша орыс мұсылманы сотқа тартылуда

Мұсылман Валерий Твердохлеб өзіне қарсы қозғалған қылмыстық іс бойынша сот отырысында. Жақсы ауылы, Ақмола облысы. 5 наурыз 2010 жыл.

Ақмола облысының Жақсы аудандық сотында орыс мұсылманы Валерий Твердохлебтің ісі бойынша сот отырысы өтіп жатыр. Оған терроризмді насихаттаған деген айып тағылған.

МҰСЫЛМАН ОРЫС

Ақмола облысы Жақсы ауданының орталығы Жақсы ауылында сот процесі басталды. Онда ісі қаралып жатқан мұсылман дінін ұстанатын жергілікті тұрғын Валерий Твердохлебке ұлттық қауіпсіздік комитеті «ұлтаралық, дінаралық араздықты қоздырған және лаңкестік идеяларын насихаттаған» деген айып тағып отыр. Азаттық радиосының тілшісіне 4 наурызда өткен сот отырыстарының біріне қатысуға мүмкіндік туды.

Жақсы ауданында орын алған бұл оқиғаның ерекшелігі сонда, сотталушы орындығында аудандық баспахананың бұрынғы директоры, ауылдастары осы күнге дейін жылылықпен еске алатын марқұм Николай Твердохлебтің ұлы Валерий Твердохлеб атты орыс жігіт отыр.

33 жасар Валерий Твердохлебке ҰҚК Ақмола облысы бойынша департаментінің тағып отырған айыптары мұндай процестер үшін үйреншікті нәрсе. Жоғарыда айтылғандардан бөлек, оған бір құдайшылық жайындағы діни әдебиеттерді (имам Ан-Навивидің, Ибн Теймийяның және басқалардың) таратқаны, сонымен бірге Кавказдағы жиһадтың идеологы Саид Бурятскийдің дәрістерін шығарып алғаны үшін айып тағылған.

Бір ерекшелігі, айыптау жағынан Жақсы ауданының тұрғындары, бұрындары исламды қабылдаған Алексей Карасев пен Дмитрий Костомахалар куәлік беруде. Тергеу материалдарынан белгілі болғандай, Алексей Карасев Шешенстан мен Әзірбайжанда болған-мыс. Ол жақтан оны арнаулы қызметтер шығарып, қазақстандық әріптестеріне тапсырған.

Сот процесінің осы маңызды бөлігі, арнаулы қызметтердің бұл жайттарға қатысты құпиялықты сақтауына байланысты, аудандық сотта жабық есік жағдайында өтуде.

ҚҰДАЙҒА ДЕГЕН СЕНІМ КӨМЕКТЕСТІ

Азаттық радиосына берген сұхбатында айыпталушының анасы, православтық христиан әйел Раиса Твердохлебтің айтуынша, оның ұлы Валерий 2005 жылы ислам дінін қабылдаған соң 2006 жылдан бастап оны үнемі қуғындай бастаған.

– Кейінірек, үйленген соң, ол күнін көру үшін әйелімен екеуі Астанаға барып жалданып, елдің пәтерін жөндеумен айналысуға мәжбүр
Раиса Твердохлеб, терроризмді насихаттаған деп айыпталып отырған мұсылман Валерий Твердохлебтің анасы. Жақсы ауылы, Ақмола облысы. 5 наурыз 2010 жыл.
болды. Соңғы рет, 2009 жылдың қаңтар-сәуір айларында, Атырауға барып, құрылыста жұмыс істемек болды. Алайда, қысқартуға түскен соң ол үш айдан кейін Жақсыға қайтып келді. Өткен жылдың жаз айында ол құрылысшылар бригадасын жасақтап, күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан жергілікті мектепке жылу, су жүйесін тартумен айналысты, – дейді Раиса Твердохлеб.

Оның айтуынша, жергілікті органдардың қызметкерлері осы нысанда жұмыс істеген 200 жұмысшыдан «Валерий Твердохлеб лаңкестік туралы насихат жүргізді ме?» деп сұрау салғанда олардың «ешқайсысы бұл фактіні растамаған».

Валерийдің ағасы Сергей Твердохлеб жас кезінде інісінің басында біраз қиындықтардың болғанын айтады.

– 30 жасына дейін ол мейрамханада бармен болып, содан соң құрылыста жұмыс істеді. Әлдеқандай қиындықтарға байланысты ол арақ ішіп, темекі тартуды бастады, – дейді інісінің өткен өміріне байланысты Сергей Твердохлеб.

Бұл жайында ол егжей-тегжейіне тоқталмастан бұлыңғырлау айтты.

Сергей Твердохлеб, сотта ісі қаралып жатқан мұсылман Валерий Твердохлебтің ағасы, Жақсы ауылы, Ақмола облысы. 5 наурыз 2010 жыл.
Оның айтуынша, Валерийге 2000 жылдардың басында Құранды оқытып, жергілікті мұсылман-достары көмектескен. 2005 жылы Валерий Твердохлеб Көкшетау мешітінде исламды қабылдаған, ал сүндетке Астанада отырған. Туыстарының айтуларынша, ол шынында да күрт өзгерген: анасына көмектесе бастаған, үйін тәртіпке келтіріп, үйленген және шағын дүкен ашуды армандап жүрген.

«Православ туыстары Валерийдің бұл шешіміне қалай қарады?» деген Азаттық радиосының сауалына оның ағасы, бұрынғы комсомол қызметкері Сергей Твердохлеб: «Біздің ешқайсымыз Валераны кінәлаған жоқпыз, өйткені оның қалай өзгеріске түскенін өз көзімізбен көрдік», – дейді.

Алайда, Валерий Твердохлеб 2006 жылдың қазан айында Нина деген орыс қызына үйленіп, ауылдастарын тағы да таң қалдырды. Өйткені, Жақсы ауылында көгілдір көзді мұсылман әйелі пайда болды. Оңтүстік Қазақстан облысы Тасай ауылының тумасы Нина мектепті алтын медальмен, содан соң Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін қызыл дипломмен бітірген болатын.

Қазақ, араб, түрік тілдерінде еркін сөйлейтін Нина Твердохлебтің айтуынша, ол исламды күйеуінен бұрын қабылдаған екен. Оған 1997 жылы мұсылмандықты қабылдаған әпкесі Ольга үлгі болған.

НЕГІЗГІ КУӘГЕР КАРАСЕВ

Нина Твердохлебтің айтуынша, айыптаудың басты куәгері Алексей Карасев бірінші сот отырысында-ақ 2009 жылдың қыркүйек айында Көкшетау қаласындағы құпия пәтерде оны жылу құбырына кісенмен таңып қойып, соққыға жыққан соң ол ҰҚК департаменті қызметкерлерінің айтқанының барлығын істеп, тиісті куәліктерін жазып бергенін сотқа мәлімдеген.

Куәгер Алексей Карасев өзін айыпталушы Валерий Твердохлебтің дінсіздермен соғыс жүргізу үшін Грозныйға жібергенін, бірақ таудан жиһадшыларды таба алмағандықтан Әзірбайжанға өтіп кеткенін, сол жақтан Қазақстанға шығарылғанын айтқан.

Алайда оның сөзін айыпталушының туыстары үзілді-кесілді жоққа шығарып отыр. Раиса Твердохлебтің айтуынша, оның ұлы Валерий Алексей Карасевке көмектескен, екеуін де өзінің бригадасына алып, үйіне тұрғызған.

– Біз оларды тегін тамақтандырдық, алайда, тамыз айындағы алғашқы 40 мың теңге жалақысын алысымен ол, неге екені белгісіз, көбірек ақша табу үшін Сочидегі олимпиада нысандарының құрылысын салуға кетті, – дейді Раиса Твердохлеб.

Оның айтуынша, ұлы Алексей Карасевті ол ойынан қайтаруға көп үгіттеген, бірақ ақырында оның айтқанымен келіскен. Раиса Твердохлебтің айтуынша, біршама уақыт өткен соң Алексей кеткен жағында ақшасы таусылып қалғанын, сол үшін қайтар жолға ақша жіберуін сұрап діндес досы Валерийге хабар жіберген.

Дәл осы тұс та ҰҚК-нің айыптау қорытындысында негізгі түйін болып табылады.

Раиса Твердохлебтің айтуынша, екінші куәгер Дмитрий Костомаха бір жарым сағат бойы біріне бірі қайшы келетін шатысқан куәлік берген соң, соттың өзі шыдай алмай: «сіздің немесе біздің деген сөзді қалай айтуды білмейсің бе?» – деп сұраған.

КУӘГЕР ЯНТУРАЕВ ҚАЛАЙ САБЫНҒА БАРЫП КЕЛДІ

Бір аяғы кемтар мүгедек куәгер Дамир Янтураевтың берген куәліктері де ерекше болды. Азаттық радиосының тілшісі оның куәлігін сот залында отырып тыңдады. Атбасардың бұл тұрғыны қылмыстық істе Валерий Твердохлебтің идеологиялық насихатының бір құрбаны ретінде аталады.

Дамир Янтураевтың айтуынша, ол өзінің туған жері Башқұртстанда 2008 жылы пойыздың астына түсіп, ақырында оның аяғының бір бөлігін кесіп тастаған. Кесілген аяқты сегіз ай бойы емдеу мүмкін болмаған соң, 2009 жылдың наурыз айында Жақсы аудандық ауруханасында оның аяғын тағы да тізеден кесіп тастаған.

Оның айтуынша, операциядан кейін бірнеше күннен соң (ол нақты күнін есте сақтамаған) жақын маңдағы дүкеннен «сабын алып келу үшін» сұранған. Алайда, түсініксіз себептермен, ол ауылдың басқа жағынан шығып, сол жерде көшеде айыпталушымен танысқан. Дамир Янтураевтың айтуынша, Валерий Твердохлеб оның діни нанымына бірден қызығушылық танытып, қысқаша әңгімеден соң балдақты мүгедекке үйінен компьютерден басып шығарылған әлдебір мақалаларды әкеліп берген.

Кейінірек Дамир Янтураев оны үйдегі фотостудиясында Валерий Твердохлебтің суретке түсіріп алғанын айтты. Бұған дәлел ретінде 2009 жылдың маусым айында алынған Қазақстан азаматының жеке куәлігін көрсетті. Алайда, дәл осы сотта айыпталушының ағасы Сергей Твердохлеб Янтураевты жалған куәлік бергені үшін айыптады. Өйткені, ауылдағы бірден бір фотограф оның өзі, ал інісі Валерий тек құрылысшы ғана екенін алға тартты.

Дамир Янтураев екі балдақпен жүріп аурухана маңындағы орталық дүкендерге қарамай, маңайында дүкендері жоқ ауылдың басқа шетіндегі Твердохлебтің үйінің маңына қалай барып қалғанын есіне түсіре алмады.

Судья Зәуре Жоламанованың: «Сіздің екі қолыңызда да балдақ болса, онда қайтар жолда ауруханаға кітаптармен қалай бардыңыз?» – деген сауалына да Дамир Янтураев түсінікті жауап бере алмады. Бірақ, оның айтуынша, 2009 жылдың жаз айында Жақсы ауылында «заңсыз қауым адамдарды алдап қолға түсіріп жатыр» деген әңгімені естіп, ол қолында арандату мазмұнындағы мақалалар барын айтып, аудандық полицияға өз еркімен барған.

Полицейлер оның айтқан сөзіне назар аудармаған. Өзінің айтуынша, полицейлер Дамир Янтураевқа ҰҚК-нің жергілікті департаменті қызметкерінің автомашинасының нөмірін хабарлаған соң ол сондай нөмірі бар көлікті өзі көшеден тауып, соған жолыққан. Ол өзіне берілген мақаланың мағынасын да, тақырыбын да есіне түсіре алмады. Бірақ оны оқыған кезде «өте жаман әсер алғанын» біледі.

Өзінің қай дінге жататындығына байланысты қойылған сұраққа Дамир Янтураев «мұсылманмын» деп жауап берді, бірақ бірнеше скунд ойланып тұрып «мүмкіндігіме қарай» дегенді қосып қойды.

Айыпталушы Валерий Твердохлеб «бұл адамды өмірінде екінші рет көріп отырғанын», ол куәгер сөз етіп отырған кезеңде өзі отбасымен бірге Атырауда болғандықтан және ол жақтан туған ауылына тек сәуірдің ортасында келгендіктен бұл адамды көруінің мүмкін еместігін айтты.

КУӘГЕР ДАМИР АУТАЕВ

Айыптаушы тараптың тағы бір куәгері Дамир Аутаев Көкшетау қаласының тұрғыны, ол Жақсы мектебіне күрделі жөндеу жүргізу кезінде учаске бастығы болған. Сот залында ол рамазан айында Валерий Твердохлебпен жан толқытарлық әңгмелескенін жасырған жоқ.

Аутаев өзіне танысу үшін деп Құран кітабын, А4 форматындағы бес парақтағы мақала мен «Пайғамбардың өмірі» деген фильм жазылған дискті Валерийдің бергенін растады.

Дамир Аутаев аталған диск «экстремистік» мазмұнда болды деп сотқа дейінгі тергеу кезінде берген өз сөзінен сотта бас тартты. Өйткені оны көрген жоқ, тек айыпталушыдан «дінге шақыруды ғана» естіген. Ол парақта жазылған сөздерді де есіне түсіре алмады, ал «Құранды оқып бастағанын, бірақ ақырына дейін оқи алмағанын» айтты.

НИНА ТВЕРДОХЛЕБ КҮЙЕУІНІҢ АЗАП КӨРГЕНІН АЙТАДЫ

Айыпталушының әйелі Нина Твердохлеб сотта күйеуі Валерийді ҰҚК Ақмола облысы бойынша департаментіне 2009 жылдың 21 қыркүйегінде алып кетіп, ол содан арада төрт күн өткен соң ғана, өзі секілді соққыға жығылған куәгерлер Дмитрий Костомахамен және Елексей Карасевпен бірге туған ауылына оралғанын айтты.
Айыпталушы Валерий Твердохлебтің туыстары соққыдан көгерген оның аяғын ҰҚК тергеуінен кейін суретке түсіріп алғанын айтады. Сурет айыпкердің туыстарынан алынды. Жақсы ауылы, Ақмола облысы. 30 қазан 2009 жыл.

– Оны противогаздың темірімен әбден ұрған, ауруды басатын «темпалгин» дәрісін қорабымен ішіті, – деді Нина Твердохлеб судья Зәуре Жоламановаға.

Оның айтуынша, күйеуі дәрігерге барудан бас тартқан. Өйткені, оған құпия пәтерде ұсталғаны жайында ешкімге тіс жармауды ескерткен. Тек оның ішкі ағзаларына да зақым келгені түсінікті болған соң ғана ол бірнеше күннен кейін хирургке барған.

Прокурордың: «Неге сіздер бірден дәрігерге бармадыңыздар?» – деген сауалына Нина Твердохлеб: «Біз осымен барлығы біткен шығар деп ойладық, жазыла салып оны мүлдем тұтқындайтындығын біз қайдан білдік?» – деп жауап берді.

Ол өз сөзіне айғақ ретінде, соққыға жығылған күйеуінің Көкшетаудан келген соң бір аптадан соң түсірілген фотосуретін көрсетті.

Прокурор фотосуреттің шынайылығына күмән келтіріп, Валерийді сараптамаға жіберуді талап етті. Бірақ айыпталушының туыстары оның аяғындағы бала кезден қалған тыртықтар бұл айтылғандарға керісінше қортынды жасауға негіз болады деген сенімде. Раиса Твердохлеб керек болып қалар деген оймен, өз үйінде түрлі-түсті жайманы сақтап отыр. Кіші ұлының аяғының фотосуреті соның жанында түсірілген болатын.

ИМАМ ТВЕРДОХЛЕБПЕН ПІКІР ТАЛАСТЫРАДЫ

Жергілікті мешіттің имамы Болат Тұрғанов Валерий Твердохлеб екеуінің арасында фикх мәселесі бойынша теологиялық пікірталастардың болғанын мойындайды. Фикх – мұсылманның күнделікті өмірдегі, діни шарттарды орындаудағы, қоғамдағы қарым-қатынастардағы және т.б. шариғат бойынша белгіленген ережелер. Осы мақаланың ауторы жергілікті имаммен телефон арқылы сөйлескен еді.

Алайда Болат Тұрғанов бұл мәселені мұсылмандардың ішкі мәселесі деп қарайды. Оның айтуынша, қазір Қазақстанның әрбір мешітінде
Соттың келесі отырысына дейін үзіліс жарияланып, айыпкер мұсылман Валерий Твердохлебті айдауылдар Астанаға алып кетті. Жақсы ауылы, Ақмола облысы. 5 наурыз 2010 жыл.
дінге сенушілер арасында бұл мәселелерге қатысты пікірталастар бар.

Имам Болат Тұрғанов кезінде Валерийге жұрттың көзінше абай болуын, бұның «жақсылыққа алып келмейтінін» ескерткенін жоққа шығармайды. Болат Тұрғанов Валерий Твердохлебтен алынған кітаптарды Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы 2009 жылы «Ислам және өркениет» газетінде жарияланған экстремистік бағыттағы кітаптар мен брошюралардың тізімімен тікелей салыстырғанын айтады.

– Иә, ол жерде мысалы Ан-Нававидің «40 хадисі» мен Ибн-Теймияның біздің ханафи мазхабына (Қазақстан үшін дәстүрлі шарият құқығының мектебі – Аутор.) жатпайтын еңбектері болды, бірақ оларға тыйым салынбаған. Және оларды экстремистік деп айтуға болмайды. Бұл біздің ішкі пікірталастарымыз, – деп есептейді Жақсы мешітінің имамы Болат Тұрғанов.


АУЫЛ АҚСАҚАЛЫ АЙРАН АСЫР


Аудандық газеттің бұрынғы редакторы, зейнеткер Аманжол Садыбеков өтіп жатқан сот процесіне таңданысын жасыра алмайды. Аманжол ақсақалмен біз сот процесі өтісімен әңгімелестік. Өзінің айтуынша, ол Валерийдің әкесімен дос болған. Бұл зиялы отбасын, оның балаларын кішкентай кезінен біледі. Сондықтан Валерий Твердохлебке қарсы тағылған айыптың шынайы негізі бар екендігіне сенбейді.

– Бұл кітаптар заңды түрде Ресей мен Қазақстанның баспаханаларында басылып шықса, адамдарды «тыйым салынған» әдебиеттерді
Зейнеткер Аманжол Садыбеков. Жақсы ауылы, Ақмола облысы. 5 наурыз 2010 жыл.
таратқаны үшін қалай айыптайды? – дейді Аманжол Садыбеков Азаттық радиосына.

«Менің басымды кесіп алса да, мен оны «лаңкес» дегенге сенбеймін», – дейді бұрынғы редактор Аманжол Садыбеков. Ол «өздерін қойып, енді орыстың мұсылман жігіттеріне ауыз сала бастаған қазақтарға» ашу білдіреді.

Ақмола облысы Жақсы аудандық сотының судьясы Зәуре Жоламанова соттың келесі отырысын «наурыздан кейінгі бірінші жұмыс күніне» ауыстаруға шешім қабылдады. Ол кезде айыпталушыдан алынған әдебиетті діни және саяси сараптамадан өткізу мәселесі қаралып, куәгер Дамир Янтураевқа операция жасаған дәрігерлер, сонымен бірге, айыпталушы Валерий Твердохлебті қараған дәрігерлер сұралады.

ҰҚК Ақмола облысы бойынша департаментінің айыптау қорытындысы бойынша, Валерий Твердохлеб «әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, діни жаулық пен алауыздықты қоздыруға, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен діни сезімдерін қорлауға бағытталған қасақана әрекеті, олардың дінге қарым-қатынасы, таптық, ұлттық, рулық немесе нәсілдік ерекшелігіне орай азаматтардың артықшылығын немесе кемістігін жария түрде насихаттағаны үшін» айыпталған.

Сонымен бірге, Қазақстанның арнаулы қызметтері Валерий Твердохлебке «лаңкестікті насихаттап, лаңкестік актісіне жария түрде шақырғаны, осындай сипаттағы материалдарды таратқаны үшін» айып тағып отыр.