Accessibility links

Ақтөбе соты террорлық айып бойынша түрмеге кескен үш жігіттің туыстары олардың тағдырына алаңдайды


Ақтөбе қалалық сотының ғимараты, мамыр, 2009 жыл.
Ақтөбе қалалық сотының ғимараты, мамыр, 2009 жыл.

Ақтөбе қалалық сотының үкімімен терроризм айыбы бойынша 6-7 жылға сотталған үш жігіттің туыстары жазықсыз жандарға күш көрсетіп, істемеген қылмысты мойындауға мәжбүр етті деп ұлттық қауіпсіздік комитетін айыптап отыр. ҰҚК-нің өкілдері бұл айтылғанды жоққа шығарады.


АҚТӨБЕ СОТЫ ҮШ ЖІГІТТІ «ТЕРРОРШЫ» ДЕП ТАНЫДЫ

Ақтөбе қалалық сотында терроризм қылмысы бойынша айып тағылған үш азаматтың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша ақпанның 8-күні сот үкімі шықты.

Ақтөбенің №2 қалалық сотының судьясы Рауилия Құстанова Асхат Түркімбаевты 7 жылға, ал Серік Ізтаев және Дәулет Есенбаевтың әрқайсысын 6 жылға бас бостандықтарынан айыру жазасына кесті.

Сотталушылар «Астраханға жеке шаруамызбен, ол жақтағы тауар бағасын қарап келуге бара жаттық» деп айтса да, сот пен прокурор
Әсел Ізтаева, терроризм айыбы бойынша алты жылға сотталған Серік Ізтаевтың апайы. Ақтөбе, желтоқсан, 2009 жыл.
оларды «террорлық жасау мақсатымен бара жатқан» деп тауып, айыпты деп таныды.

24 пен 25 жас аралығындағы ақтөбелік үш жігітті 2009 жылдың 24 шілдесінде Дағыстанға бара жатқан жерінен, Ресейдің «Қараөзек» бақылау-өткізу бекетінде Ресейдің федералды қауіпсіздік қызметі ұстаған.

Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің қызметкерлері бұл үшеуін Ақтөбеге әкеліп, бірнеше күн бойы қауіпсіздік қызметінің жалдамалы пәтерлеріне қамап ұстайды. Олардың үстінен Қазақстан қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлімі және 233-2 бабының 2-бөлімі бойынша іс қозғалған.

Судья Рауилия Құстанова сот процесі кезінде журналистерге аудиожазба жүргізуге де, суретке түсіруге де рұқсат етпеді. «Жазғандарыңызды артынан бізге көрсетіңіз» деді ол журналистерге.

ДАҒЫСТАНҒА САПАР

ҰҚК департаменті айыптау қорытындысында Асхат Түркімбаевтың 2008 жылдың күзінен 2009 жылдың шілдесіне дейін Солтүстік Кавказға баратын жол іздеп, Азамат Ильясовтан көмек сұрағаны жөнінде жазылған.

Азаматтың әкесі Хусейн Дағыстанның Хасавюрт ауданы Мацалаул елдімекенінде тұрады. Шілденің 20-21 күндері Азамат әкесіне ақтөбелік үш жігіттің сол жаққа қонаққа бара жатқанын хабарлап, ұялы телефон нөмірлерін берген. Істің бар мән-жайы осы.

Сот процесінде куәгер Азамат Ильясов өзінің Дағыстанда тұратын әкесіне әлгі жігіттердің қонаққа бара жатқанын айтып берді.

Жас жігіттердің туыстары мен қорғаушысы олардың іс-әрекетінде ешқандай да қылмыстық құрам жоқ деп есептейді. Ресей шекарасында ұсталғанда үшеуінің қалтасында жиыны 50 мың теңге шамасында ақшалары мен ұялы телефондары ғана болған.

Олардың Ақтөбедегі пәтерлерін қауіпсіздіқ қызметкерлері келіп тінткенде, тек Құран кітабынан басқа ештеңе таппаған.

РЕСЕЙ ФСБ-СЫНЫҢ ТҰТҚЫНЫНДА

23 шілде күні таңғы сағат 5-те Асхат Түркімбаев, Серік Ізтаев пен Дәулет Есенбаев жолаушылар таситын жеңіл көлікке мініп, Атыраудағы таныстары Саламат есімді жігіттің үйіне қонып, таң атпастан Астраханьға қатынайтын таксиді 20 мың теңгеге жалдаған. Ал Ресей шекарасында бұларды федералды қауіпсіздік қызметі күтіп тұрған.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақтөбе облыстық департаментінің айыптау қортындысында, ақтөбелік үш жұмыссыз жігіт Ресей әскеріне
Қалыбай Түркімбаев, терроризм айыбымен сотталған Асхат Түркімбаевтың әкесі. Ақтөбе, желтоқсан, 2009 жыл.
қарсы шыққан содырларға қосылуға бара жатты, делінген.

Сондай-ақ онда Асхат Түркімбаев Ақтөбе мен Атырауға келіп жүрген Абдужаббар Халил және 2008 жылдың ақпанында келген Саид Бурятскийдің дәрістерін тыңдағаны жөнінде жазылған.

Ал, Асхаттың әкесі Қалыбай Түркімбаев қауіпсіздік қызметінің таққан айыптарын жоққа шығарып, баласының ешқашан да интернет-кафеден терроршылардың сайтына хат жазбағанын айтады. Ол мұның барлығы алдын ала ұйымдастырылған әрекет деп біледі.

«Баламыз ұсталғанда ата-анасына да хабарламады. Оларды Ақтөбеге әкеліп, арнайы пәтерлерде қамап ұстаған, аяусыз сабап мойындатқан. Әуелі Астраханның федералды қызметі, сосын Атыраудың қауіпсіздік қызметкерлері тепкілеп, ауыздарына арақ құйған. Сөйтіп, Дағыстандағы таудағы терроршыларға қосылуға бара жаттық деп мойындатқан. Қатты соққыдан ішкі құрылыстарына зақым келіп тұра алмай жатқанда, дұрыс дәрігерлік жәрдем де көрсетілмепті. Балаларымызды соншама неге жәбірлейді? Мұнда ешқандай да қылмыс құрамы жоқ қой!» - деді Қалыбай Түркімбаев Азаттық радиосына.

АЙЫПКЕРЛЕР ӨЗДЕРІНЕ ҚАРСЫ КҮШ ҚОЛДАНҒАНЫН АЙТТЫ

Сот кезінде айыпталған үш жігіт тергеу кезінде өздерін қорқытып-үркіту арқылы тергеу құжаттарына қол қоюға мәжбүрлегенін айтып берді. Олар өздеріне әуелі Астраханда ресейлік қауіпсіздік қызметкерлері, одан кейін Атырауда Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері күш қолданғанын, электрошокермен ұрып, қинағанын баяндап берді.

Ақтөбеге жеткенше аузымызға күштеп арақ құйып, тепкіледі, деді айыпкерлер.

Сот процесін жүргізген судья Рауилия Құстанова куә ретінде шақырылған ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақтөбедегі департаментінің тергеушісіне «адвокаттар алдын ала тергеу кезінде айыпталушыларға қысым көрсетілді деді. Бұл рас па?» деген сауал қойды. Бұл сұраққа тергеуші: «қысым көрсетілген жоқ» деп жауап берді.

Сөйтіп, судья ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің айыптау қорытындысына ғана сүйенді.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақтөбе облыстық департаментінің өкілі Виталий Беспалько, Азаттық радиосына берген түсініктемесінде, комитет өз іс әрекетін тек заң аясында ғана жүргізетіндігін алға тартты.

«Біздің әр қадамызды прокуратура қадағалайды. Егер қандай да бір заң бұзушылық болса прокуратура ондай істі кері қайтарады. Ал егер барлығы заң шеңберінде болса, онда іс сотқа жіберіледі. Сіз айтып отырған істің сотқа жеткендігіне қарағанда, прокуратура ол тергеу ісінен заңға қайшы ештеңе байқамаған болуы керек», - деді Виталий Беспалько.

Ал балаларының еш жазықсыз сотталғандығын айтқан олардың ата-аналары бұл істі аяқсыз қалдырмай, жазықсыз жандарды жаладан арашалау үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға бел буып отыр.

Ақтөбе облысында ислам дінін ұстанушы кейбір азаматтарға қатысты соңғы кездері орын алып жатқан бірқатар жайттардан кейін, терроршы айыбы бойынша сотталған жас жігіттердің туған-туыстарын түрмедегі балаларының ертеңгі тағдыры алаңдатып отыр.
XS
SM
MD
LG