Хандар ескерткішіне жоқ ақша Назарбаевтың ескерткішіне табыла ма немесе жағымпаздардың жомарттығына сын

Ескерткіш жобасының бірінде Нұрсұлтан Назарбаевтың тақта отырғаны бейнеленген. Шымкент, 25 мамыр 2009 ж.

Шымкенттегі «Қазақ хандығы» қоғамдық қоры Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ескерткіш орнату туралы бастама көтерді. Жоба жетекшілері мұны президенттің келер жылы 70 жасқа толуына орай сый ретінде ұсынбақ. Бұл бастамаға сын айтушылар да бар.
ЖОБА АУТОРЛАРЛЫ НАЗАРБАЕВТЫ ТАҚҚА ОТЫРҒЫЗУДЫ ТАЛҚЫЛАУДА

Әзірге ескерткіш жобасының үш нұсқасы қаралып, талқыға түсіп жатыр. Олардың бірінде Нұрсұлтан Назарбаев екі барыстың төбе тұсында орналасқан хан тағына жайғасқан. Екінші мүсінде президент оң қолын жүрек тұсына қойып, түрегеп тұр. Тағы бір жобада мемлекет басшысының Ата заңға алақанын қойып, ант айтып тұрғаны бейнеленген.

«Қазақ хандығы» қоры тек ескерткіш жобасын әзірлеуге рұқсат алыпты. Демек, жоба әлі қағаз бетінде ғана. Биіктігі 17 метр болады деп жоспарланған болашақ ескерткіштің сыртына алтын жалатылуы да мүмкін дейді жоба жетекшілері.

Камалидин Дулатов, «Қазақ хандығы» қоғамдық қорының президенті. Шымкент, 25 мамыр 2009 ж.
Бұрын-соңды болмаған монументальды кешен орнату жайлы ой қор жетекшілеріне бірнеше жылдан бері маза бермей жүрсе керек.

– Мүсін нұсқасын өз ойымнан жасап шығардым. Жас скульпторлармен кеңесіп, олар сурет жасады. Бірге жұмыс істейміз. Макеті әлі дайын емес. Сыйлық президентіміздің мерейтойына арналады. Ендігі жылы Елбасының 70 жылдығы келе жатыр. Басқа елдер алтыннан мүсін қойып жатқанда, біз неге солай жасамасқа деген ой туды. Мен елдегі шенеуніктердің қаншалықты дархандығын да тексермекпін. Әшейінде «Президент үшін өмірімді беремін!» дейтіндер, енді менің кеңсемнің алдында мавзолейге тұрғандай келіп кезекке тұруы керек, – дейді «Қазақ хандығы» қоғамдық қорының президенті Камалидин Дулатов.

«ТҮРКІМЕНБАШЫҒА ТАБЫНҒАНДАР ОНЫҢ БАСЫН ЖАЛМАҒАН»

Көзі тірі адамға мүсін жасату мәселесіне қатысты жоба авторлары алдын-ала Құран Кәрімді оқып шығып, жауап іздегендерін де жасырмайды. Бірақ, қасиетті кітаптан жауап таппапты. Сол себептен оған тиым жоқ, деген тоқтамға келген.

Алайда тірі адамға ескерткіш орнату шариғатқа қайшы іс деп сын айтып жатқандар да бар.

Абдұлла Бақадыр, дінтанушы, «Нұр Мұра» қоғамдық бірлестігінің төрағасы. Шымкент, 25 мамыр 2009 ж.
– Жағымпаздықтың да шегі болатын еді. Бұл мұсылмандыққа тіпті жат тірлік. Пұтқа, тасқа табынушылықтың белгісі. «Түркіменбашыға» еліктеушілік шығар. Олар жетісті ме? Басын жалмады. Ақылынан адасқандарға қолдау көрсеткендер де алысқа барады деп айта алмаймын. Ертең ол тастың басына барып жұрт гүл қояды. Біз өркениетті ел боламыз деп, жабайы боп бара жатқан түріміз бар. Қазақты мазақ қылып отырғандардың масқара ісін президент қолдай қоймас, – дейді Шымкенттегі «Нұр Мұра» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, дінтанушы Абдұлла Бақадыр.

Жоба ауторлары болашақ ескерткішті Шымкенттегі «Ескі қала» аумағындағы Ордабасы алаңына қоюды жоспарлапты. Назарбаевтың мүсінін дәл осы төбеге қойса, жаңа ескерткіш қаланың төрт бұрышынан да көрінеді дейді «Қазақ хандығы» қорының басшылары.

Алайда қазір ол жерде соғыста қаза тапқан ұшқыштардың ерлігіне арнап жасалған 40 жылға жуық тарихы бар ескерткіш орналасқан. Әзірге бұл мәселенің жайы сәулет мекемелерінің басшыларымен толық шешілмепті.

МҮСІНДЕЛГЕН ПРЕЗИДЕНТТІҢ ҚҰНЫ 50 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ

Президентке арналған болашақ ескерткіштің нақты неден жасалатыны әлі толық шешіле қоймаған. Алайда тың идеяның ауторлары мүсін құнын есептеп қойыпты – бас-аяғы 50 миллион теңге шамасында болмақ. Оның қомақтылығы қолдаушылар тартуына да байланысты.

Жоба ауторлары Президент мүсініне жұмсалатын қаражаттың жартысын өз қалталарынан шығаруды жоспарлап отыр екен. Қалғанын демеушілердің толықтыратынына сенімді. Олар мемлекет көмегінен әу бастан-ақ бас тартатындарын айтады.

– Егер мемлекет қазынасынан қоярда қоймай қаражат ұсынып жатса, біз ол ақшаны жетімдер үйіне береміз, қайырымдылыққа жұмсаймыз. Бірақ, бұл жобаға одан бір тиын да қоспаймыз. Жалпы, президент мүсініне қажет қаржы жағы еш қиындық тудырмайтынына, ескерткіштің орнатылатынына нық сенімдімін, – дейді «Қазақ хандығы» қоғамдық қорының президенті Камалидин Дулатов.

Оның айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішін екі жерде орнату көзделіп отыр. Оның бірі – президенттің туған жері Алматы облысының Шамалған ауылында, екіншісі – Шымкент қаласында.

Жоба ауторлары Назарбаевқа ескерткіш орнату идеясы Мәдениет министрлігі мен президент әкімшілігінен қолдау тапқанын айтады. Әзірге бұл бастамаға қатысты президенттің ойы беймәлім.

ҚАЗАҚ ХАНДАРЫНА ЕСКЕРТКІШ ТҰРҒЫЗУҒА АҚША ТАБЫЛМАПТЫ

Айта кететін бір жайт, осыдан бірер жыл бұрын дәл осы қоғамдық қор «Қазақ хандарының мұржайын» салу, хандар пантеонын орнату мәселесін көтерген болатын. Және ол ойды бүкіл елге таратып, тіпті дүркіретіп тұрып таныстырылымын да өткізген еді.

Алайда бұл жоба тек қағаз жүзінде қалып, әлі күнге іске аса қойған жоқ. Ал бүгін идея иелері бұл жобаға Мәдениет министрлігінің ақша бермей қойғанын айтып ақталуда.

Әйткенмен қор басшылары ол жобаны Түркістан қаласында жүзеге асыруға болатынын айтады. Тіпті, хандар ескерткіштері кешендердің кескін-жобасы да дайын тұр дейді.

Тек ол ойды іске асыру үшін жәрдемдесемін деген меценаттар қажет...