Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметі, яғни ФСБ-нің қызметкерлері жаңа құқықтар мен қосымша өкілеттілікке ие болмақшы. Алайда, түрлі қоғам өкілдері мұндай қадам ФСБ қызметкерлерінің тарапынан құқық бұзу әрекетінің одан сайын күшеюіне себеп болып, елдің демократиялық дамуына тұсау болады деген қауіп білдіріп жатыр.
КГБ ЗАМАНЫН АҢСАЙТЫНДАР
Биылғы шілденің 16-ы Ресей Мемлекеттік думасы өзінің жазғы демалысына кетерінің дәл алдында, Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметі немесе ФСБ-ге жаңа өкілеттілік беретін заң жобасын қабылдады. Аталған құжат бойынша ФСБ іс-әрекеті «қылмыс жасауға қолайлы жағдай тудыруы мүмкін» адамдарға ескерту жасауға құқық алып отыр, деп жазады «The Moscow Times» басылымы.
Аталған заң жобасы бойынша ФСБ тыңшысының «жұмысына кедергі келтірген» азаматтар он бес тәулікке абақтыға қамалуы немесе 500-ден 1000 ресей рубліне дейінгі көлемде айыппұл төлеуі мүмкін.
Заң жобасының баптары ескерту жасау үшін ФСБ агенттері қандай шара қолдануы мүмкін екендігі жайлы анықтап ештеңе айтпайды. Дегенмен, соңғы уақыт ішінде ФСБ қызметінде көрініс тапқан сорақы заң бұзушылықтар, аталған жаңа ресми құжат қабылданғаннан кейін Ресейдің нендей күйге душар болатынын бірден көз алдына келтіреді.
Маусымның оныншы жұлдызында Мәскеу метросының вагоны ішінде араққа тойып алған ФСБ агенті қатты дауыстап өлең айтып, улап-шулап елдің мазасын алған. Ол онымен қоймай, тапаншасын суырып шығарып, оңды-солды ата бастапты.
Қаруынан оқ жаудырар алдында агент: «Әй, бұралқы иттер, пәленшемді жемеңдер!» деп елді боқтаған тәрізді. «Қасында тұрған жолаушылар оған қарсылық көрсетті», деп жазады газет.
ФСБ қызметкерлерін оқытатын ресми ережелерге сай, аталған агенттіктің сөзіне мойынсұнбайтын азаматтар қатаң түрде жауапқа тартылуы тиіс.
ФСБ АГЕНТТЕРІНІҢ ӨЗДЕРІ ЖИІ ЗАҢ БҰЗАДЫ
2009 жылдың тамыз айының жиырма төртінші жұлдызында Мәскеу облысы аумағында ФСБ агенті автоматты қару қолданып, автотұрақтағы өз автокөлігінің орнына машинасын қойғаны үшін бір миллионерге оқ атқан.
Жаңа заңнамаға сай, аталған оқиғаның құрбаны ол оқиға үшін керісінше кінәлі болып табылады.
Маусым айының он бесінші жұлдызында ФСБ- нің Мәскеу облысы бойынша жұмыс істейтін бір офицері нигериялық Мбамар Этелберт жүргізіп келе жатқан таксиді тоқтатқан. Такси ішінде кірген соң, агент жүргізушінің тамағына қанжар тіреп тұрып, өзін Мәскеудің оңтүстік бөлігіндегі Жулебиноға жеткізіп салуды талап еткен.
Кейінірек, агент өзін оқиға кезінде мас едім деп ақтамақ болады. Жаңа заңнамаға сай, аталған оқиға үшін Этелберт жауап беруі тиіс, себебі ФСБ шенеунігі бәрібір Жулебиноға жете алмай, жолда қалған екен.
Маусым айының бірінші жұлдызында тағы бір ФСБ агенті мемлекеттік автоинспекция офицерін ұрып, мұрнын бұзыпты. Ал МАИ офицері агентті арақ ішіп алған күйі автокөлік айдап келе жатқан жерінен тоқтатқан болатын.
Жаңа заңнамаға сай, МАИ қызметкері ең аз дегенде он бес тәулікке абақтыға қамалуы тиіс, себебі ол өзіне: «Андағы таяғыңды артыңа тығып қой!» деп ақырған ФСБ қызметкерінің әмірін орындамаған.
САМУРАЙДЫҢ СҰМЫРАЙ ТҮРІ
2009 жылдың сәуір айында Мәскеу супермаркетінде елге оқ атқан полиция офицері Денис Евсюковпен салыстырғанда, жұртқа бассыздықпен бейберекет оқ жаудырған ФСБ агенттерінің есімдері қалың жұртшылыққа мүлде белгісіз болып қала береді.
Әйтсе де, тамыз айының он төртінші жұлдызында бұл ережені белінен аттап өткен бір оқиға болды. Арақ ішіп алған бір топ адам маңайдағы өтіп бара жатқан жүргіншілерге пневматикалық тапаншадан оқ жаудырған. Отыздан астам оқ атылып үлгерген осы атыс барысында, алты адам жарақат алған, оның екеуі әйел адам көрінеді.
Аталған оқиға құрбанының біреуіне қатарынан сегіз оқ тиіпті. Ал азаматтарды жаралаған агенттерді қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін шара қолданудан билік орындары мүлде бас тартып отыр.
Адамдарға оқ атқан ФСБ агенттерінің бірі апыр-топыр төбелес кезінде өзінің қызмет куәлігін жерге түсіріп алыпты. Онда құжат иесі ФСБ агенті Сергей Прозоров деп жазылған, - дейді басылым.
Ресейде тамыры тереңге бойлап кеткен дәстүрге сай, ФСБ шенеуніктеріне еш айып тағылмайды. Жаңа заңнама бойынша, атыс барысында жаралы болған алты адамның алтауы да дереу тұтқынға алынуы тиіс еді. Себебі олар ФСБ офицерінің әміріне мойынсұнудан бас тартқан болып есептеледі.
Мұндай заңсыздықтың тарихта болған талай прецеденті белгілі. Бұған моңғол ханзадаларынан бастап, жапонның мәртебесі ерекше самурай-жауынгерлеріне дейінгі аралықты қамтитын көптеген мысалдар көрнекті үлгі бола алады.
Моңғол ханзадаларының жай адам жасаса өлім жазасына кесілетін қылмыстарды жасай алу хақы бар болған. Ал жапон самурайы өзінің қылышының өткірлігін сынау үшін ғана қарапайым жандарды өлтіре салу құқығына ие болыпты.
Алайда, бүгінгі заман мемлекеттерінің заңнамасында адамдардың ерекше бір тобына қарапайым халыққа қатысты ойына не келсе соны істеуге құқық беретін заңдық прецедент табу мүмкін емес, деп атап көрсетеді газет. Бірақ, Ресей Думасы мен ФСБ осы үрдісті жиырма бірінші ғасырда қайта жандандырмақ ойда сияқты.