Офицерлердің әйелдері көмек сұрап, Президентке қайрылды

Баспанасыз офицерлердің әйелдері Президентке жазған хаттарына қол қоюда. Алматы, 28 қазан, 2008 ж.

Алматы гарнизонында еңбек етіп, зейнеткерлікке шығарылған офицерлердің әйелдері баспана дауын қозғап, Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жазуға мәжбүр болды.
Куроптевтер отбасы осыдан 11 жыл бұрын Украинадан Қазақстанға жұмыс бабымен көшіп келіпті. Бұған дейін Чернобылдегі аса жоғары радиологиялық аймақта жұмыс істеген офицер Александр Куроптев әскери қызметін ҚР Әуе қорғанысы күштерінде жалғастырады.
Зейнеткерлікке подполковник шенімен шыққан ол қазіргі таңда отбасымен Алматыда пәтер жалдап тұрып жатыр. Заң ережелері орындалған болса, осы уақытта запастағы офицер Куроптев кем дегенде екі бөлмелі пәтерге қол жеткізуі тиіс көрінеді. Әділеттілік іздеген Александр Иванович заң органдарына шағымданады, «баспана берілсін» деген ҚР Жоғарғы сотының шешімін алады. Содан бері бір жылдың жүзі болғанымен, баспана берілетін түрі жоқ.
Баспанасыз әскерилер әзірлеген фото-коллаж. Алматы, 28 қазан, 2008 ж.
Күйеуінің әскери қызметі аяқталуына байланысты тұрақты бір мекенге тоқтағанда баспанасының жоқтығы Марина Куроптеваның да қабырғасына қатты батады: Кеше ғана офицер күйеуімен бірге аштық жариялауға алаңға шыққан еді, билік органдары күштеп таратқан соң енді ол Президент Н. Назарбаевтың атына шағымданып хат жазып отыр. Баспанасыз офицерлердің әйелдері Президентке жазған хаттарына қол қоюда. Алматы, 28 қазан, 2008 ж.


Біздің өтінішіміздің қаншалықты көмегі болатындығы белгісіз, бірақ әйелдің айтқанын тыңдауы керек қой. «Отан Ана» деген бар емес пе... Отбасының тірегі еркек болғанымен, үй шаруасының барлық ауыртпалығы әйелдің иығына артылады. Біз баспананы біреуден сұрап отырғанымыз жоқ, сот шешімі арқылы өзімізге тиесілі мүлікті даулап отырмыз, - деді Марина Куроптева.
Хатты баспанасыз қалған офицерлердің әйелдері бірігіп дайындапты. «Гарнизондардың бірінен екіншісіне ауысқан сарбаздармен бірге олардың әйелдері мен балалары көшіп жүрді, әскери қалашықтардағы тұрмыс жағдайына бейімделмеген бөлмелерде жылусыз, сусыз, жарықсыз күн кешеді. Қарулы күштердің құрамындағы ауыр қызметті атқарған офицерлер мен олардың отбасылары бүгінгі күні баспанасыз қалып отыр» делінген хатта.
Офицерлер әйлдері журналистермен кездесуде. Алматы, 28 қазан, 2008 ж.

Өтініш иелері өз шағымдарының жауапсыз қалмайтындығына сенімді. Хатқа қол қойғандардың бірі Наталья Братченконың пікірінше, мемлекет басшысы Н. Назарбаев бұл қағазды міндетті түрде оқып шығуы керек.
- Президент – ол президент! Оның жауапсыз болуы мүмкін емес. Әзірге президентке деген сеніміміз өте күшті. Біздің өтінішімізді аяқсыз қалдырады дегенге тіпті сенгім келмейді, - деді Наталья Братченко. Бұған дейін баспанасыз офицерлер Жоғарғы соттың 36 шешімінің орындалмауына наразылық ретінде Алматы орталығында аштық акциясын өткізуге талпынған болатын. Бірақ Ішкі істер органдарының қызметкерлері рұқсат етілмеген акцияға жиналған офицерлердің шатырларын тәркілеп, өздерін күшпен таратты. Содан кейін офицерлер өз шағым хаттарын Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астанадағы өкілдігіне тапсырды. Баспанасыз офицерлердің қоғамдық ұйымының төрағасы Дәулет Жұмабековтың айтуынша, бір жарым ай бұрын жазылған хатқа халықаралық ұйымнан жауап болмаған.

Запастағы офицердің зайыбы Жанар Айтбаева отбасындағы ең өзекті проблема - баспана екенін айтады: