Бүгін Алматыдағы Медеу аудандық сотында аса қауіпті қылмыскерді жасырды деп айыпталған қазақстандық оппозиция қайраткерлеріне қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдауы басталды. Оппозиция өкілдері мен адам құқығын қорғаушылар бұл істі қозғауға заңды негіз жоғын алға тартып отыр.
Бүгін таңертең сағат 10-да Медеу аудандық сотында басталған алдын ала сот тыңдауына қылмыстық іс бойынша айыпталғандардан Болат Әбілев пен Асылбек Қожахметов келді, ал қазірде Моңғолияда ем алып жатқан Төлен Тоқтасыновтың адвокаты болды. Сот алдына жиналған жұртшылық өкілдері мен журналистер тыңдауға қатыстырылмады.
Қылмыстық іс бойынша «Азат» партиясының төрағасы Болат Әбілев, «Шаңырақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылбек Қожахметов және Қазақстан Компартиясының хатшысы Төлен Тоқтасыновқа аса қауіпті қылмыскерді жасырды деген айып тағылған. Аталған саясаткерлер 2005 жылы Қазақстанның бір топ азаматына саяси баспана беруді сұрап, Украинаның Көші-қон қызметіне жолданған өтініш хатқа қол қойғаны үшін жауапқа тартылып жатыр. Саяси қашқындардың арасында 2001 жылы Павлодарда бір кәсіпкерді тапсырыспен өлтірткен адамдар бар делінген айыптау қортындысында.
Бір сағаттай созылған тыңдаудан соң сыртқа шыққан айыпталушылар онда не айтылғаны туралы журналистерге баяндап берді.
- Біздің қорғаушыларымыз бұл сот ісін Алматының Алмалы аудандық сотының қарауына беру туралы өтініш тапсырды. Себебі, тергеу ісі бойынша өтініш хатқа қойылған жер ретінде «Алға» партиясының кеңсесі көрсетілген, яғни Алмалы ауданының аумағында болған. Сол секілді, бұл іс бойынша тергеу шараларын да Алмалы аудандық полиция басқармасының тергеушілері жүргізген болатын. Ендеше, біздің талабымыз заңды деп санаймыз, - деді Асылбек Қожахметов.
Саясаткер Болат Әбілевтің айтуынша, айыпталушылардың барлығы даулы хатқа дәл қай жерде қол қойғандарын естерінде сақтамағандарын айтқан. Заң бойынша, ондай жағдайда сот ісі алдын ала тергеу жүрген Алмалы ауданында қаралуы тиіс дейді айып тағылған оппозиция жетекшісі.
Тыңдауға қатысқан айыптаушы тарап бұл іске байланысты Азаттыққа түсінік бермеді. Осы сот тыңдауына Асылбек Қожахметовтың қорғаушысы ретінде қатысқан қазақстандық адам құқығын қорғаушы Евгений Жовтис болса, мұндай сот ісі мүлдем қаралмауы керек деген уәж айтады.
- Өйткені, тергеу қорытындысы бойынша, олар жасырған делініп отырған адамдарды әлі ешкім қылмыскер деп таныған жоқ, оларға сот болмаған. Ендеше, бұл үшеуіне әлгіндей айып тағуға заңды негіз болуы үшін ең алдымен кісі өлтіруге тапсырыс берген деп күдіктелген адамдардың қылмыс жасағаны сотта дәлелденуі керек. Жалпы саяси баспана сұрағандарға болысқандарды сот арқылы қудалау біздің елімізде ғана кездесіп отырған өте сирек құбылыс. Әлемдік тәжірибеде ондай істердің болғанын мен естіген емеспін, - деді Е.Жовтис.
«Азат» партиясының бас хатшысы Төлеген Жүкеев бұны қолдан жасалынған айыптарға сүйенген саяси іс деп санайды:
- Бұл істі қозғағандар қазақстандық оппозиция өкілдерін кісі өлтірушілерді жасырып-қорғайтындар ретінде көрсету арқылы көздеп отырған түпкі мақсаты – оларды қайткенде үлкен саясаттан кетіру. Бұл жерде осы іске тікелей тартылып отырғандар ғана емес, сонымен бірге билік нысанаға Ғалымжан Жақияновты да алып отырғаны ешкімге құпия емес. Айыптаулардың соншалықты негізсіз, тіпті заңға көпе-көрнеу қайшы екендігіне қарамастан, ішкі істер министрінің өзі бұл істі аяғына жеткізуге бар күшін салып отырғаны байқалады.
Алдын ала сот тыңдауында судья Мәди Көшікбаев айыпталушы тараптың берген өтініштерін қарап, ол бойынша өз шешімін шығару үшін қаңтардың 22-і күнгі сағат 17-ге дейін үзіліс жариялады. Ал сол күні кешке сот алдын ала тыңдау дүйсенбіде - қаңтардың 26-сында жалғасатынын хабарлады.
Қазақстанның Ішкі істер министрлігі 2008 жылғы қыркүйек айының 24-і күні елдегі оппозиция қайраткерлері Болат Әбілев, Әміржан Қосанов, Төлен Тоқтасынов, Владимир Козлов және Асылбек Қожахметовтерге қарсы тергеу басталғандығын жариялаған болатын.
Олар 2001 жылы 18 маусымда Павлодар қаласында «Химпродукт» компаниясының директоры Борис Костановты өлтіруге тапсырыс берген деп күдіктелген Есентай Байсақов пен оның інісі Жұмабайға шетелден саяси баспана беруді сұрап, 2005 жылы жазылған өтініш хатқа қол қойғаны үшін қылмыстық жауапқа тартылғаны айтылды.
Кейінірек Әміржан Қосанов пен Владимир Козловты тергеушілер айыпталушыдан куәгерлер қатарына ауыстырды.
Қазақстанның заң орындары ағайынды Байсақовтарды ұстап, елге қайтару туралы Украинаның ресми орындарына сұрау салды. Алайда, ағайынды Байсақовтарға саяси пана берген Украинаның ұлттар мен дін істері бойынша мемлекеттік комитеті аталған іспен мұқият танысқан соң, Байсақовтарға қарсы істің саяси астары бар деген қорытындыға келді.
Сөйтіп, Украина тарабы бір жағынан ұлттық заңнамалардың, екінші жағынан – халықаралық конвенциялардың нормаларын басшылыққа ала отырып, ағайынды Есентай және Жұмабай Байсақовтарға саяси босқын мәртебесін беру және олардың құқын қорғау туралы шешім қабылдады.