Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуді бастаған Қазақстан осы ұйымның толыққанды мүшесі ретінде өз міндеттері мен уәделерін орындап келді ме? Азаттықтың дөңгелек үстелінде айтылған пікірлерді тыңдаңыздар.
2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сынды беделді халықаралық ұйымға 1 жыл бойы төрағалық етуге кірісті. Бұл, бір жағынан, жас мемлекетке деген зор сенім, екінші жағынан - асқан жауапкершілік.
Халықаралық қарым-қатынастардың сахнасына дербес, тәуелсіз мемлекет ретінде осыдан 18 жыл бұрын ғана шыққан қазақ елі үшін, кешегі Советтер елінің құрамында болған 15 одақтас республиканың, соның ішінде Орта Азия аймағы елдерінің арасынан – абыройы зор халықаралық ұйымға тұңғыш рет төраға болу – жас Қазақстан үшін шынында да зор жетістік болып табылады. Бұл – қазақ елі сынды жас мемлекетті халықаралық қарым-қатынастың терезесі тең, дербес субъектісі деп мойындау.
Алайда, сонымен бірге: Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болу құқы Қазақстанға тым қымбатқа түскен жоқ па? Аталған халықаралық ұйымға төраға болуға Қазақстан адам құқын, баспасөз бостандығын, діни сенім-наным еркіндігін, сайлау, бейбіт ереуіл-шеру-жиын өткізу құқықтарын қамтамасыз ету сынды осы ұйымның толыққанды мүшесі ретінде халықаралық қауымдастық алдында өзіне алған міндеттері мен уәделерін толық әрі мүлтіксіз орындап келді ме? Төрағалыққа Ақорда қандай мақсат-міндеттермен кірісіп отыр?
Осы сауалдар төңірегінде Азаттық радиосы өткізген дөңгелек үстелге Қазақстанның «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының бас хатшысы Әміржан Қосанов, Қазақстанның тарихи-құқықтық халықаралық «Демократия және құқық» орталығының төрайымы Барета Ерғалиева, «Ақ жол» демократиялық партиясы төрағасының орынбасары, cаясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов, сондай-ақ Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Әбдірахманов қатысты.
Жаңа, 2010 жылдың қарсаңында өткізілген дөңгелек үстелді «Азат Еуропа»/«Азаттық» радиосының қызметкерлері Сұлтан Хан Аққұлұлы мен Сағат Батырхан жүргізді.
Дөңгелек үстелдің аудиожазбасын мына жерден тыңдаңыздар:
1-ші бөлім
2-ші бөлім