Accessibility links

«Хьюман Райтс Уотч»: Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалығы және өзекті он сауал


 ЕҚЫҰ-ның бас хатшысы Марк Перрэн де Бришамбо Астанадағы сапарында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге. 12 қараша, 2009 жыл.
ЕҚЫҰ-ның бас хатшысы Марк Перрэн де Бришамбо Астанадағы сапарында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге. 12 қараша, 2009 жыл.

Желтоқсанның басында Афиныда Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық мәселесі талқыланады. Осы орайда халықаралық «Хьюман Райтс Уотч» ұйымы Қазақстандағы адам құқықтары жағдайын саралай келіп, өзі қойған сауалдарға өзі жауап береді.


ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТӨРАҒАЛЫҚҚА ТАҢДАЛУЫ ДҰРЫС БОЛДЫ МА?

АҚШ-тағы «Хьюман Райтс Уотч» ұйымының мәлімдеуінше, адам құқықтары көрсеткіштері бойынша нашар деп танылған Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына 2010 жылы төраға болып таңдалуының өзі даулы мәселе болған.

2007 жылы сол кездегі Қазақстанның сыртқы істер министрі Марат Тәжин үкімет төрағалықты бастамастан бұрын бірқатар реформалық қадамдарға барады деп уәде еткен еді. Атап айтқанда Тәжин бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңға толықтырулар енгізіліп, сайлау туралы заң реформаланады және 2008 жылдың аяғына дейін саяси партияларды тіркеу талаптары жеңілдетіледі деп мәлімдеген болатын.
ЕҚЫҰ-ның 2008 жылғы төрағасы Александр Стабб пен Қазақстанның сол кездегі сыртқы істер министрі Марат Тәжин. Хельсинки, 4 желтоқсан, 2008 жыл.


Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуіне бір ай уақыт қалғанда, бұл елдегі адам құқықтары жағдайы әлі де алаңдаушылық туғызып отыр дейді «Хьюман Райтс Уотч».

2010 жылдың 1 қаңтарында Қазақстан Грециядан төрағалықты алған кезде халықаралық қауымдастық Қазақстанға қарап, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының құндылықтарын елестететін болады. Қазақстан үкіметі адам құқықтарына қиын жағдай туғызып отыр, бұл ЕҚЫҰ стандарттарына сай келмейді және адам құқықтары принциптеріне негізделген бұл ұйымның басшылығына қайшы келеді дейді «Хьюман Райтс Уотч».

АДАМ ҚҰҚТАРЫ: ЕКІ ҚАДАМ АРТҚА, БІР ҚАДАМ АЛҒА

«Хьюман Райтс Уотч» айтуынша, соңғы бірнеше жылда Қазақстан үкіметі бірқатар маңызды әрі оң қадамдар жасаған, атап айтқанда, Қазақстан азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық келісім мен қинап-азаптауға қарсы конвенцияның құжатын бекітіп, елдің сот жүйесіне қатысты біршама ғана реформаларды жүзеге асырған, бірақ олар елдегі адам құқықтары проблемаларын шешуге бағытталған нақты реформалар емес.

Алайда іс жүзінде үкімет негізгі өзгерістерді жасайтындай нышан байқатпай отыр дейді «Хьюман Райтс Уотч». Аталған ұйым Қазақстанда адам құқықтары жағдайының нашарлап бара жатқандығының дәлелі ретінде нақты мысалдар келтіреді.

Қазақстан үкіметі халықаралық келісімдер мен ел Конституциясында көрсетілген адам құқықтары мен бостандықтарды кеңейтуді талап еткен құқыққорғаушы топтар мен саяси оппозицияның талап-тілектеріне назар аудармауда.
Мәселен, адам құқықтары бойынша бірқатар қазақстандық топтар ұсынған адамдардың еркін жиналу құқығы туралы заң жобасын үкіметте қаралмады.
Юрий Хореев әділ сот талап етіп телемұнараның басына шығып алды. Қарағанды, 18 қараша 2009 жыл.


Билік сондай-ақ сот жүйесіне қатысты реформаларды талқылайтын азаматтық қоғам топтарының сыни пікірлері мен ұсыныстарын ескермеді. Қазақстан үкіметі тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары мен интернетті бақылауын одан сайын күшейтіп, саяси оппозицияны қудалауын жалғастыруда, сондай-ақ саяси себептер негізінде өз сыншыларын сотқа тартуда дейді «Хьюман Райтс Уотч».

АДАМ ҚҰҚТАРЫ ОРТА АЗИЯНЫҢ БАСҚА ЕЛДЕРІМЕН САЛЫСТЫРҒАНДА ЖАҚСЫ МА?

«Хьюман Райтс Уотч» ұйымымен арадағы талқылауларда кейбір саясаткерлер Қазақстандағы адам құқықтары жағдайын Орталық Азияның басқа да елдеріндегі ахуалмен жиі салыстырады. Осыған байланысты «Хьюман Райтс Уотч» Қазақстандағы «баяу әрі көзге шалынбайтын репрессиялар» көршілес елдердегі адам құқықтарының тапталуымен салыстырғанда онша назарға ілікпеуі мүмкін, алайда Қазақстандағы жағдай неге өзінен нашарлау мемлекеттермен салыстырылуы керек, неге оны адам құқықтары жағдайы тәуір елдермен салыстырмасқа деп жауап береді мәлімдемесінде.

БАСПАСӨЗ БОСТАНДЫҒЫ ҚҰРМЕТТЕЛЕ МЕ?

Қазақстандағы баспасөз еркіндігі жағдайына тоқталған «Хьюман Райтс Уотч» ел үкіметі баспасөзге қатысты бірнеше ұстамды реформаны жүзеге асырды бірақ кейінірек артқа қарай баспасөз еркіндігін әлсірететін бірнеше қадам жасады дейді.

«Хьюман Райтс Уотч» бұқаралық ақпарат құралдары мен интернетке қатысты заңдарға енгізілген шілде айындағы толықтыруларды сынап отыр. Аталмыш ұйымның айтуынша, Қазақстанда тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистер жиі сотқа тартылып, оларға жала жапты деген айыптармен ірі көлемдегі айыппұл салынады.
Журналистер мен басқа да азаматтар БАҚ заңына енгізіліп жатқан өзгерістерге наразылық акциясында. Алматы. 24 маусым, 2009 жыл.


«Хьюман Райтс Уотч» қарашаның 25-і күнгі мәлімдемесінде Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құпиясын заңсыз жолмен алып, жариялады деген айыптармен түрмеге жабылған «Алма-Ата инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргепов пен депутаттың талап-арызы бойынша сот шешімі шыққан соң өзін банкрот деп жариялауға мәжбүр болған «Тасжарған» газетінің және БТА банкі сотқа берген «Республика» басылымының істерін атап өткен.

ДІН ЕРКІНДІГІ ЖАҒДАЙЫ БАЯНДАМАЛАРДАҒЫДАЙ ТАМАША МА?

«Хьюман Райтс Уотч» ұйымы сондай-ақ діни бостандық мәселесіне жеке тоқталған. Ақпанның 11-де Конституциялық кеңес ұсынылған дін туралы заң Конституцияға қайшы келеді деген шешім шығарды. Мұны адам құқықтары бойынша «Хьюман Райтс Уотч» ұйымы оң қадам деп бағалап отыр.

Алайда Қазақстандағы діни бостандық мәселесінен халықаралық қауымдастықтың назары бұрыла бастаған кезде ел үкіметі діни еркіндіктерге шектеу қоюға әрекеттенуі мүмкін деген алаңдаушылықтар да жоқ емес дейді «Хьюман Райтс Уотч».

ҚАЗАҚСТАНДА ӘДІЛ ӘРІ ЕРКІН САЙЛАУЛАР ӨТТІ МЕ?

Сонымен қатар бұл ұйымның айтуынша, тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанда ешқашан ашық әрі әділ ұлттық сайлаулар болмаған, елдегі сайлаулар Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының стандарттарына сай келмеген.
Әлеуметтік жағдайдың нашарлауына байланысты үкіметтің саясатына наразылық білдіру жиыны. Астана, 18 қазан 2009 жыл.


Қазақстандағы адам құқықтары жағдайын көтерген мәлімдемесінде «Хьюман Райтс Уотч» ұйымы сондай-ақ адам өліміне әкелген жол апаты бойынша айыпты деп табылып, түрмеге жабылған танымал құқыққорғаушы Евгений Жовтис пен журналист Тохнияз Күшіковтың мәселесін көтерген. Жовтис пен Күшіков таяуда түрмеде өздеріне қысым жасалып жатқанын айтып, мәлімдеме жасаған болатын.

Адам құқықтары бойынша «Хьюман Райтс Уотч» ұйымы Жовтисті қолдап шеру өткізген азаматтардың тұтқындалып, оларға айыппұл салынғанын айыптады. Бұл ұйым қоғамдық жиындар Қазақстанда қатты бақыланады деп, Қазақстан үкіметін адамдардың еркін жиындар өткізу құқығына қатысты жағдайды жақсартуға шақырып отыр.

1-2 желтоқсанда Афиныда Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының министрлер кеңесінің жиыны өтеді. Бұл халықаралық қауымдастықтың Қазақстандағы адам құқықтары жағдайына байланысты алаңдаушылықтарын көтеруі үшін зор мүмкіндік дейді «Хьюман Райтс Уотч».
XS
SM
MD
LG