Қазақстандық жас отбасы Голливуд жұлдызы Анжелина Жолидің атына хат жазды. Астанада тұратын Өтебаевтар ипотекалық қарызынан құтылу үшін Жоли ханымның қайырымдылық қорынан несие сұрады.
БЕКМӘМБЕТОВТЕН НАЗАРБАЕВҚА ДЕЙІН
Соңғы уақыттары Анжелина Жоли Қазақстанда танымал тұлғаға айналды. Әуелі голливуд әртісіне қазақ режиссері Тимур Бекмәмбетов назар аударған-ды. Әлемде бағасы жоғары әртістердің бірі Жоли «Аса қауіпті!» фильмінде басты рөлді сомдады. 2008 жылдың күзінде көрермендерге ұсынылған екінші аптада-ақ өз құнын өтеп шыққан бұл фильмнің жалпы табысы 342 миллион долларды құрады.
2009 жылы 13-қарашада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев тікелей эфирде телефорум өткізді. Хабарларға қарағанда, мемлекет басшысына 32 мыңнан астам сұрақ түсіпті. Солардың ішінде «Сізге Анжелина Жоли ұнайды ма? Егер ол мейрамханаға шақырса сіз барар ма едіңіз?» деген сауал телефорумның жоғарғы рейтингіне ие болған.
Президент Назарбаев көпшілік ұнатып дауыс берген бұл сұраққа, өкінішке қарай, жауап берген жоқ. Бірақ, Қазақстанда Жолимен кездесуді армандайтын адамдар жетерлік. Солардың бірі – Өтебаевтар отбасы.
ДАҒДАРЫСПЕН БІРГЕ КЕЛГЕН АУЫРТПАЛЫҚТАР
Қазір Кенжебек Өтебаев және Әлия Бақтыгереева өздерінің тұңғышы – 3 айлық Нағызханмен бірге Астана қаласында ипотекамен алған екі бөлмелі пәтерде өмір сүріп жатыр. Олар 2007 жылы сәуір айында 118 мың доллардың баспанасын 14 пайыздық үстемемен 30 жылға рәсімдеген.
Ерлі-зайыпты Өтебаевтар Голливудтық әйгілі әртістен тура сондай соманы – 118 мың доллар сұрап отыр. Олар бұл ақшаны 15 жылдың ішінде, ай сайын 556 доллар қайтарып тұрамыз деп есебін де шығарып қойыпты. Ал егер отағасы Кенжебектің бизнесі жүріп кетсе, қарыз ақшаны мерзімінен бұрын өтемек ниетте.
Осыдан екі жыл бұрын Қазақстандағы экономикалық жағдай банкпен арадағы келісім шарттарын уақытымен орындап отыруға мүмкіндік беретін, дейді Әлия. Сол кезде Өтебаевтар отбасының айлық табысы да тиісті төлемді ай сайын банкке құйып тұруға толық жеткен екен.
Алайда әлемдік қаржы дағдарысы енді ғана көтерілген жас шаңыраққа қосымша қиындықтар ала келіпті: интернет технологиялары саласында жеке кәсібін ашқан Кенжебектің ісі табыс келтіруін доғарды; тұңғышына аяғы ауыр Әлия болса жүктілікке байланысты демалысқа шығуға мәжбүр болады.
2009 жылы жазда Нағызхан дүниеге келді. Баланың жөргегіне қаржы табылғанымен ай сайынғы ипотекалық несиені өтеу жас шаңыраққа қиынға түсті. Өтебаевтар отбасы дағдарысқа тап болды.
DEAR ANGELINA JOLIE!
Қиыншылықтан шығу жолдарын іздестірген жас отбасы Голливуд әртісі Анжелина Жолиге хат жазуды ұйғарыпты.
– Жұлдыздардың арасында Жолидің шоқтығы биік тұр. Менің пікірімше, ол адал жар, ардақты ана, БҰҰ-ның белсенді қызметкері және адам ретінде де ол терең ойлайды, жүрегі таза жан, – дейді Әлия.
Бұған қоса әлемдік деңгейдегі әртістен көмек сұрауға Жолидің қазақ режиссерінің фильміне түсуге келіскендігі де қосымша түрткі болыпты.
– Біздің қандасымыз Тимур Бекмәмбетовтың «Аса қауіпті!» фильміне Анжелинаның қатысуы да үмітімізді ұштай түскендей қөрінді. Режиссердің бір сұхбатында ол салыстырмалы түрде жұтаң жалақыға Жолидің келісуі екіталай деп ойлағандығын айтады... Шын мәнінде Анжелина сол жобаға қатысуға ниет білдірді, сөйтіп, пайдақұмар кісі емес екендігін тағы бір мәрте дәлелдеді, – дейді Әлия.
Өтебаевтар өздерінің хаты жауапсыз қалмайтындығына және Голливуд әртісінің көмек қолын созатындығына сенімді.
– Біздің үмітіміз зор. Оның үстіне, біз сұрап отырған қаржылай көмекті қайтарып беруге немесе біз секілді тапшылық көріп отырған басқа бір отбасыға аударуға дайынбыз. Қажет болған жағдайда біз қайырымдылық қорымен келісім-шартқа да отырамыз, – дейді Әлия.
Голливуд жұлдызы, әйгілі әртіс Анжелина Жоли 2003 жылы Maddox Jolie-Pitt Foundation атты қайырымдылық қорын құрды. Кейін MJP БҰҰ-ның мыңжылдық даму бағдарламасына қосылған.