Сегізінші сыныпта оқып жүрген жылы бір қызға өлердей ғашық болдым. Ол қызды құлай сүйгенім соншама, жатсам да, тұрсам тек соны ойлайтын дертке шалдықтым. Ол қаланың қызы еді. Үйімізге жақын орналасқан орыс мектебінде оқитын.
БӘРІ ДЕ МАХАББАТТАН БАСТАЛДЫ
Ұзын бұрымы бар, қасы-көзі қиылған, көздері ылғи да күлімдеп тұратын ол қыздың аты - Махаббат болатын. Әсіресе жымиған кезде, беті бал-бұл жайнап ерекше құлпырып кететін. Құрбыларының ешқайсысына да ұқсамайтын мұндай айрықша сұлу болып жаратылған қызға ғашық болмау мүмкін емес еді.
Құрбылары деймін-ау, Махабаттай сұлу қыз мына әлемде бар ма өзі, сірә? Әй жоқ шығар. Ғашықтық дертіне шалдығудан артық азаптың болмайтынын, мен сол жылы бар жан-тәніммен сезіндім. Күндіз күлкіден айырылдым. Бұрынғыдай балалармен далада ойнауға зауқым соқпайды. Түнде жатқанда қайта-қайта Махаббатты ойлап, көзім әрең ілінеді.
Ғашықтық мені қас-қағым сәтте есейтіп жіберді. Бұрынғыдай қалай-болса солай алқам-салқам жүргенімді доғардым. Ересек адамдардай киім киісіме ерекше мән бере бастадым. Шашымды әдемілеп тарап, үсті-басыма әкемнің иіс суын сеуіп алып, ең жақсы киімдерімді киіп, Махаббаттың мектептке баратын жолында, жүзін бір көргім келіп, аңсап, өтірік біреуді күткендей болып тұратынмын.
Оны алыстан көзім шалғанда денем тоқ соғып кеткендей дірілдеп, есеңгіреп қалатынмын. О, ол қызға ұнау үшін мен не істемедім. Ересек жігіттердей темекені де бұрқыратып шектім. Көрсін менің жігіт болғанымды!
Бірақ Махаббат түк көрмегендей маңғазданып, жанымнан өте шығады. Ғашығымның осы бір мінезі менің діңкемді құртып, шаршатып, жүдеп кеттім. Ішкен тамағым бойыма сіңбейді.
Оның үстіне соңғы кездері менің ғашық қызымды үйіне шығарып салатын бозбалалар да табылып, ішімде алай-дүлей боран соққандай болып, жаным күйзелді. Не істерімді білмей, күндіз-түні неше түрлі ойдың қамсауында қалып, қиялға батамын. Амалы таусылған адамға қиял да бір серік екен-ау!
Шіркін-ай! Қиял әлемінің теңізінде тербеліп, өмір сүрген қандай ғажап еді десеңізші! Әне мен Махаббатпен бірге қол ұстасып, саябақта қыдырып келемін. Сосын екеуміз театрға бардық. Театрдан шыққаннан кейін мен оған бір құшақ әдемі раушан гүлін сыйладым. Ол мәз болып балаша қуанды. О шіркін-ай! Махаббаттың риза болып шаттанғанын көргеннен артық қандай бақыт болуы мүмкін мына мендей бейбақта.
Сосын, сосын бір кезде мен оны оңаша жерге апарып, ғашық екенімді айтып, құшырланып балдай тәтті ернінен сүйдім. Ол қарсыласқан жоқ. Тал шыбықтай белінен құшақтап, төсін аймаладым. Махаббат та менің құшағымда балқып, жаңбырдан пана іздеген торғайдай қойныма тығыла түседі. Әрі қарай... әрі қарай қиялымда болатын оқиғаны жасап қойған қылмысымдай ойлағым келмейді.
Тоғызыншы сыныпқа көшетін жылы мен оған «екеуміз дос болайық» деген мағынадағы хат жаздым. Бір апта емес, бір ай өтсе де Махаббаттан жауап келмеді. Менің сабақтан кейінгі шаруаларымның бірі мектептен үйіне қайтатын кезде, сол қызды торыулдау болды.
Оны үйіне шығарып салып жүрген бозбала біткеннің бәрімен төбелесіп, талай рет үйге көзім көгеріп келді. Өзіне ынтық болып жүргенімді білген соң Махаббат онан сайын мені елемейтіндей болып бара ма, қалай?
Бұрын ең құрығында анда-санда болса да маған көз қиығын салып, жымиып қоятын. Ал, енді мүлде ешкімді көрмегендей дәл алдымнан маңғазданып өте шығады. Әлде маған солай көрініп жүр ме? Түсінбеймін.
МАНДЕЛЬШТАМНЫҢ ӨЛЕҢІ
Алла сізді біреуге құлай ғашық болудан сақтасын. Шын ғашықтар ақыл-есінен айырылып, есірткіге құмартқан нашақордай, дүниедегі басқа қызықтың бәрін ұмытып сүйген жанын аңсаумен болады екен. Ғашығыңды бір күн көре алмаудың тозақтың отына күйгеннен де ауыр азапқа тән қасіретке айналатынын енді түсінгендеймін.
Бірақ адам біреуге ғашық болам деп ғашық бола ма? Ғашықтық Құдайдың ісі емес пе? Ал, өміріңнен де артық сүйетін адамың сені мүлде елемей қойса не істемек керек? Оны өзіңе қаратудың қандай жолдары бар? Осындай сауалдар менің басымды қатырып, мезі қылып жіберді.
Бір күні мен ауламызда тұратын Махабаттың жақын құрбысынан оның поэзия кітаптарын ерекше сүйіп оқитынын естіп-білдім. Мен бұлжаңалыққа жердің тартылыс заңын ашқан Ньютоннан да бетер қуанған шығармын. Махаббаттың жүрегін жаулап алуға болатын бір-ақ жол бар. Ол – поэзия.
Поэзияны сүйетін қыздардың ақынға ғашық болмауы мүмкін емес. Мен тез арада ақын болуым керек. Осылайша мен Махаббатты сүйетінімді өлең арқылы білдіріп, хат жазуды ұйғардым. Махаббат қазақшаны білмейтін қаланың қызы болғандықтан, міндетті түрде өлең-хатты оған орысша жазуым керек еді.
Орысшаны бір адамдай жетік білсем де, қанша тырыссам да өзге бір елдің тілінде өлең жазу машақат жұмыс болып шықты. Дүниеде өлең жазудан асқан машақат жұмыс жоқ па деп қалдым. Көңіліңде сайраған ойларыңның бәрі қағаз бетіне түскенде мән-мағынасы жоқ былжыраған бір тақпаққа айналады.
Махаббат секілді өлеңнің қадыр-қасиетін білетін қыз менің ондай өлеңіме күліп, тіпті мазақ қылса ше? Мұндайды көрмек түгіл, ойыма алудың өзі маған ауыр. Шіркін-ай, махаббат туралы төгілтіп жыр жазған Пушкин қандай бақытты жан еді. «Я вас любил» секілді өлеңді қыздардың патшасына оқысаң да талып түсетін шығар. Әлде Пушкин, Лермонтов немесе Есениннің өлеңдерінің бірін өзім жазғандай етіп жіберейін бе? Жоқ, олай істеуге де болмайды. Біліп қойса, ұрлығымның үстінен түсіп масқарам шығады.
Сол жылдары менің кітапханамда қаланың сыртындағы бір базардан, еврей кемпірінен сатып алған, мәшинкамен басылып, кітапша сияқты етіп шығарылған, совет үкіметіне қарсы болғаны үшін сотталып, лагерде қаза тапқан орыс ақыны Осип Мандельштамның өлеңдер жинағы бар еді.
Осы ақынның махаббат туралы жазған бір өлеңі маған қатты ұнайтын. Оның үстіне ол ақынның өлеңдері түгіл өзін де, өнер адамдары ғана болмаса, қарапайым халық білмейді. Ешбір оқулықта оның есімі аталмайды. Ақынның өлеңін әдемілеп көшіріп, ең жақын құрбысы арқылы Махаббатқа беріп жібердім.
Келесі күні ол ең жақын құрбысы арқылы маған хат беріп жіберіпті. Өз хатында мені ерекше адамдардың бірі ретінде санайтынын айтып, дос болуға келісім беріпті.
ЕКІ КҮНДЕ ЖАЗЫЛҒАН ПОВЕСТЬ
Махаббаттың жауап хатын алғаннан соң менің бақыттан басым айналды. Енді оны жиі көріп қана қоймай, бірге қыдыратынымды, сырласатынымды есіме алсам, алып-ұшқан жүрегім қуаныштан жарылып кете жаздайды.
Көп күттірмей мен оны киноға шақырдым. Ол келісті. Сабақтан кейін екеуміз киноға бардық. Кинода отырғанда бір әдемі сезім тұла-бойымды ерітіп Махаббатқа қарап елегзи беремін. Ақырын ғана қолынан ұстап, сүйріктей әдемі саусақтарын қысып қойдым. Ол маған көзінің астымен бір күлімдеп қарады да, киноны қарап отыра берді.
Кинодан шыққаннан кейін балмұздақ алып бердім. Екеуміз «Арман» кинотеатрының артындағы саябақтағы сәкілердің біріне отырып, әңгіме соғуға кірістік. Маған ол жазған өлеңімді қатты ұнатып қалғанын әңгімелеп берді. Тағы не жазып жүргенімді сұрады. Осы сәтте мені бір сайтан азғырып, мақтаншақтығым ұстап:
– Менің жазған повестім де бар, – деп өтірікті соғып жібермеймін бе...
– Маған оқуға берші, – деп, ол жабыса кетті.
Әбден сасып қалған мен не айтарымды білмей абдырап:
– Көрсетпей-ақ қояйыншы, ұяламын – дедім.
– Оқуға берші, әйтпесе ренжимін, – деп, ол онан сайын қиылды. Жағдайым ауырлай бастады. Маңдайымнан ащы терім бұрқ ете қалды.
– Жарайды, көрсетейін, бірақ сен де менің бір өтінішімді орындайсың?
– Ол қандай өтініш?
– Сен де мені жақсы көретініңді айтасың. Сосын бетіңнен бір сүйгізесің.
– Мен сенімен енді....
Махаббат маған ренжіп кетуге ыңғайланды. Ісім насырға шаба бастады. Оның білегінен ұстай алдым да:
– Өкпелемеші, жай әзілдегенім ғой. Дүйсенбі күні мектебіңе әкеліп беремін. Келістік пе? – дедім мен бәрін жуып-шаюға тырысып.
– Келістік.
Әрине, маған өзім жақсы танитын, көп адамға беймәлім жазушылардың шығармаларының бірін көшіріп апаруға болатын еді. Бірақ мен бұл жолы өтірік айтуға ұялдым. Және Махаббатты шын сүйетінімді дәлелдеу үшін повесть жазуға бел будым. Осылайша екі күн бойы ұйықтамай «Когда улетают ласточки» атты орысша повесть жазып шықтым.
Бұл хикаяда соғыста жүріп қаза табатын қазақ солдатының елімен, жерімен қоштасатын сәті оның артында қалған баласының көзімен бейнеленеді. Жазған повестімді тор көз дәптерге маржандай қылып көшіріп, Махаббатқа апарып бердім. Ол оқып болғаннан соң шығармамды тез қайтарды. Үйге келгеннен кейін дәптердің ішінен хат тауып алдым.
– Мен де сені жақсы көремін, – деп жазылған болатын ол хатта.