Сарапшылар Қазақстан элитасындағы шиеленістерден президенттік билікке қауіп барын ескертті

Қазақстандық саясаттанушылар (солдан оңға): Досым Сәтпаев, Нұрлан Ерімбетов және Андрей Чеботарев Алматыда баспасөз мәслихатында. 27 қаңтар 2010 жыл.

Қазақстандық тәуелсіз сарапшылар альянсы өткен жылдың есебімен таныстырды. Баяндамада күштік құрылымдар арасындағы текетірес, саяси элитаның шиеленісі және президент билігіне қауіп туралы айтылған.

ҰЛТТЫҚ БУРЖУАЗИЯНЫҢ ӘЛСІРЕУІ

27 қаңтар, сәрсенбі күні Қазақстанның талдаушы ұйымдарының альянсы қоғам және мемлекеттің 2009 жылғы дамуы туралы есебін жариялады. Баяндаманың негізгі тараулары саяси элитаның дамуындағы негізгі оқиғалар мен тенденцияларға, партиялық жүйе, этникалық қарым-қатынас пен халықтың әлеуметтік жағдайына арналған. Зерттеуде «жас түркілер», «үшінші күш» факторы» және басқа да тың саяси ұғымдарға түсініктеме берілген.

Баяндама авторлары Қазақстанның саяси элитасына «жабық әрі қарапайым халықтан қашық, қатал иерархияның шеңберінде ғана өмір сүретін, басқаруы біртұтас емес» топ деп сипаттама берген. Ал, элита арасындағы күрес – «мемлекет басшысы мен өзге элиталық топтарға ықпал ету мүмкіншілігі турасында ғана жүреді», «саяси элита арасындағы тұрақтылықтың жалғыз кепілі – президент» деген
Саясаттанушы Досым Сәтпаев. Алматы, 27 қаңтар 2010 жыл.
тұжырым жасалынған жылдық есепте.

– 2009 жылы әртүрлі ықпалды топтардың арасында тепе-теңдік бұзылды. Атап айтқанда, осы жылы «жас түркілердің», яғни Қазақстанның ұлттық буржуазия өкілдерінің позициясына айтарлықтай нұқсан келді. Болашақта мұның кері әсері сезілетін болады, – деді баяндаманың саяси элитаға қатысты бөлімін дайындаған сарапшы Досым Сәтпаев.

«Жас түркілер» тобына Қазақстанның саяси сахнасына 1990 жылдары президенттің тікелей қолдауымен шыққан саясаткерлер мен бизнесмендер кіреді. Мұхтар Әблязов, Марғұлан Сейсембаев, Мұхтар Жәкішев және басқа да топ-менеджерлер осы топқа жатқызылған.

САЯСИ ЭЛИТАНЫҢ ОСАЛ ТҰСЫН АНЫҚТАҒАН ЖЫЛ

Баяндама ауторлары элитаның өзге өкілдері де өз позицияларының осалдығын көрсетті деген қорытынды жасайды. «Болат Өтемұратовтың уақытша «көлеңкеге кетуі», Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың қоластындағы шенеуніктер төңірегінде коррупцияға байланысты шу шығуы, Астананың бұрынғы әкімі Асқар Мәминнің қоластындағы бұрынғы шенеуніктердің қамауға алынуы, Даниял Ахметовтың отставкаға кетуі» және басқа да оқиғалар бұған дәлел ретінде келтірілген.

– 2009 жылы біз «коррупцияға қарсы күрес» делінетін іс-әрекеттердің құзар шыңына жеткендігінің куәсі болдық. Мұның өзі әртүрлі ықпалды топтардың күрделі жанжалдарының нәтижесі екендігін көрсетеді. Өкінішке қарай, 2009 жыл күштік құрылымдардың өзара тартысы күшейген жыл ретінде тарихта қалды, – деді Досым Сәтпаев.

Зерттеуде өткен жылы Қазақстанның саяси элитасында шиеленісті жағдай сақталып қалды делінген. Соның ішінде күштік құрылымдардың бір-бірімен текетіресі аса белсенді болғандығы атап көрсетілген. Бұл «Ұлттық қауіпсіздік комитеті, қаржы полициясы, Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі арасындағы текетірестерден айқын аңғарылғандығы» жазылған баяндамада.

– Топтың мүддесі мемлекеттің мүддесінен жоғары болуы – Қазақстанның келешектегі саяси күн тәртібін қалыптастырудың орнына, олардың ең бірінші кезекте мемлекет басшысына ықпал етуге талпынуы – осындай келеңсіз жайттар 2009 жылы көз алдымызда өтті, – деді Досым Сәтпаев.

«ҮШІНШІ ТОП» ФАКТОРЫ ЖӘНЕ ПРЕЗИДЕНТТІК БИЛІККЕ ҚАУІП

Зерттеуде элитаның ішіндегі қарым-қатынасты талдау жасаған уақытта «үшінші күш» деп аталып жүрген факторға да назар аударуға тура келгендігі атап көрсетілген. «Үшінші күш» оппозицияға жатпайды. Бұл «элитаның ішіндегі бірқатар тұлғалардың немесе бірнеше қысым жасаушы ықпалды топты біріктірген одақ» деген сипаттама берілген. Ауторлар оның қатарына бір-біріне қарсы барлық ықпалды топтарды жатқызады.

«Дегенмен, әңгіме нақты бір топ болуы да мүмкін. Мәселен, әңгіме Рахат Әлиев пен оның тобын залалсыздандыруға, «ескі гвардияны» немесе «жас түркілерді» әлсіретуге қол жеткізген топ туралы болуы мүмкін. Саяси түсініксіздік ұлғайған сайын «үшінші күш» факторы еліміздегі қоғамдық-саяси процестерге қатты ықпал ететін болады» деп ескертеді баяндама ауторлары.

Сонымен бірге, баяндамада элиталық топтардың жеке мүдделерін күйттеуінен «президенттік билік үшін бірқатар проблемалар туындайды» деп жазылған.

«Өздерінің топтық мүдделерінің шеңберінен шыға алмайтын ықпалды топтар мемлекеттік институттарға ықпал етуге әрекеттенеді. Нәтижесінде, олар президент әкімшілігі, қауіпсіздік кеңесі секілді мемлекеттік құрылымдар мен Қазақстан халқы ассамблеясы сынды ұйымдардың ықпалын азайтып, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясымен қарым-қатынасты шиеленістіру бағытында мақсатты саясат жүргізеді» деген болжам айтылған жылдық есепте.

Талдаушы ұйымдардың альянсы 2009 жылы қазанда құрылды. Альянсқа Қазақстандағы бірқатар ғылыми-зерттеу және ақпараттық-талдау ұйымдары мүше болып кірді.