Контадормен көшбасшылыққа бәсекелес Армстронг «Астананың» сапынан кетті

Лэнс Армстронг «Астана» командасының сапында «Тур де Франс - 2009» турниріне қатысты. 14 шілде 2009 жыл.

«Тур де Франс - 2009» турнирінің жеңімпазы Альберто Контадордың 2010 жылы да «Астана» велотобы құрамында қала беретіні жайлы әлемдік баспасөз жазып жатыр. Американдық Лэнс Армстронг команданың құрамынан кетті.
«АСТАНА» АРМСТРОНГТАН АЙРЫЛСА ДА, АЛЬБЕРТО КОНТАДОР БАР

«Тур де Франс - 2009» турнирінің жеңімпазы Альберто Контадор «Астана» велотобы үшін 2010 жылы да жарыстарға қатысады. Бұл туралы Қазақстан үкіметі қаржылай қолдап отырған аталған команданың басшылығы 16 тамызда ресми мәлімдеме жасады деп жазады «Таймс оф Мальта».

«Бұқаралық ақпарат құралдарында таратылып келе жатқан кей түсініспеушіліктің басын ашып, мән – жайды анық ету үшін, «Астана» велотобы менеджменті 2009 жылғы «Тур де Франс» турнирінің жеңімпазы Альберто Контадордың 2010 жылы да осы велотоп атынан жарыстарға қатысатынын тағы да растайды» деп атап көрсетеді басылым.

Өткен айда туысы әрі ресми өкілі Фран спортшы Контадордың «Астанамен» арада қол қойылған келісімшарттың мерзімін ұзарту туралы ұсыныстан бас тартқанын және команда сапынан кетпек ойы барын айтқан болатын. Контадор мен «Астана» арасындағы келісімшарттың заңды күші келесі жылдың соңына таман бітпек.

«Тур де Франс» жарысын 2007 жылы да ұтып кеткен 26 жасар спортшы биылғы жылғы осы турнир барысында өзінің командаласы, американ спортшысы Лэнс Армстронгпен керісіп қалған еді. Армстронг өзінің «Астана» сапынан кетіп, келер жылы американ командасын құрмақ ниеті барын жариялап та жіберді. Ал «Астана» велотобы басшылығы болса, Альберто Контадордың команданың 2010 жылға арналған жоспарында маңызды орынға ие екендігін әрі спортшының «Астана» сапынан кетпейтінін айтып жар салуда.

«Демеушілеріміз біздің командамен бірге жұмыс істей беруге қатты құштарлық танытып отыр және олар 2013 жыл соңына дейін осы біріккен жұмысты жалғастырмақ ниетте» деп сендіреді командаға ресми көмек беріп отырған Қазақстан үкіметінің арнайы өкілі Ринус Вагтманс.

«Альберто Контадордың келесі маусым бойы біздің абсолюттік лидеріміз болатындығы өз-өзінен түсінікті. Біздің «Тур де Франсты» ұтқан жеңімпаз желаяғымызды көптеген басқа командалар жалдап алмақ ниетте екенін баспасөзден оқып, таң қалдық. Оның бізбен қол қойған келісім – шарты әлі күшінде емес пе!» - деп өз таңданысын білдіреді ол.

«Спортшының ауысуы деген талқылауға жатпайтын мәселе. Біз онымен келісім – шарт қалай жасалса, соның бәрін аяғына дейін орындауға тырысамыз», деген Қазақстан билігінің ресми өкілі Ринус Вагтманстың сөзін келтіреді өз мақаласында «Таймс оф Мальта».

ЛЭНС АРМСТРОНГ КОНТАДОРҒА ЕСЕСІН ЖІБЕРМЕУ ҮШІН АМЕРИКАДА ӨЗ ВЕЛОТОБЫН ҚҰРЫП ЖАТЫР

«Моо зэн д’гэймс» басылымы «Тур де Франс» жарысына қатысу үшін өткен айда «Астана» сапында қол ұстасып бірге аттанған Контадор мен Лэнс Армстронгтың бұл сапардан бір - біріне бітіспес дұшпан боп қайта оралғанын жазады. Олар жарыс кезінде ерегісіп қалып, содан бүкіл турнир бойы бір – бірімен үсті – үстіне байланыса берген. Сонымен бұл егес Альпі тауынан асу барысында испандық спортшының жарысты жеңіп кетуімен нәтижеленген.

Мәреге үшінші болып жеткен Армстронг болса, сол жерде командадан кетіп, Америкада өз велотобын құратынын хабарлаған. Ол топты, Армстронгтың өз сөзіне қарағанда, АҚШ-тың электроника саласындағы аса ірі компаниясының бірі «Радио Шак» қаржыландырмақ көрінеді. Сонымен қатар, американ спортшысы өзінің бұрынғы менеджері Йохан Брюнелді де өзімен бірге алып кетпек екен.

Допинг қолданғаны себепті спорт жарысына қатысудан екі жыл мерзімге қуылған «Астана» тобының бұрынғы велошабандозы Александр Винокуровтың команда сапына оралуы мүмкін деген жорамал - Контадордың «Астанадан» кетуіне әкелуі ықтимал деген қаңқу сөздің таралуына негіз болып еді. Алайда команда басшылығының мәлімдемесінен кейін бұл мәселеге қатысты жауап айқындалып, Контадордың келер жылы да «Астана» сапында қала беретіні белгілі болды. Бұл мәлімдемеде былай делінген:

«2008 жылдың жарыс маусымы басталғанға дейін, Контадор «Астанамен» үш жыл мерзімге келісімшартқа қол қойған еді. Бұл шартта ол өзінің Қазақстан қаржылай көмек беріп отырған осы велотоп үшін 2008, 2009 және 2010-шы жылдар бойы жарыстарға қатысатынына кепілдік берген болатын».

Биылғы маусымда «Астана» қаржылық қиыншылыққа тап болды. Осының себебінен велоспорттан кәсіби командалар тарабынан өте қатты сұраныс тудырып отырған Контадор «Астанадан» кетіп, басқа велотопқа ауысуы мүмкін деген жорамалдар айтылды. Алайда әлгіректе сөз болған «Астана» менеджментінің мәлімдемесі мұндай күдіктің орынсыз бос сөз болып табылатынын дәлелдеп берді деп жазады сайт.

КОНТАДОР МЕН АРМСТРОНГ КЕЛЕСІ ЖЫЛҒЫ ЖАРЫСТА БАҚТАЛАСТЫРАДЫ

«Би Би Си» биылғы маусымда команданың демеушілері ақша төлемей қойып, осының себебінен «Астана» өте қатты қаржылық қиыншылыққа тап болғанын әрі топ құрамындағы спортшылардың бірнеше ай бойына жалақыларын ала алмағанын тілге тиек етеді. Бұл ахуал «Тур де Франс» жарысын 2007 жылы ұтқан испандық спортшы Альберто Контадордың команда сапынан кетуімен тына жаздаған.

Дегенмен, команданың бұдан былайғы ахуалы (соның ішінде қаржылық ахуалы) күмән туғызбайды деп атап көрсетеді «Би Би Си» велотоптың демеушісі болып табылатын Қазақстан үкіметінің баспасөз – атташесі Ринус Вагтманстың сөзіне сілтеме жасап.

«Біз Альберто 2010 жылы көптеген жеңістерге ие болады деп қатты үміттенеміз» депті Вагтманс. «Би Би Си» Альберто Контадордың 2008 жылғы «Джиро д’Италия» мен дәл сол жылы Испанияда өткен «Вуэльта» турнирлерін қатарынан бірдей ұтып кеткенін өз жаңалығында айта кеткен.

«Тур де Франстың» 7 дүркін жеңімпазы Лэнс Армстронг өзінің «Шак» (аудармасы – «лашық») атты командасын құрмақ екенін жариялап қойды. Оны келер жылдан бастап «Радио Шак» фирмасы демеп, қаржыландыруға ниет білдіріп отыр. Биылғы «Тур де Франс» барысында бұл екі спортшы өзара тіл табыса алмай, қатты ренжістерге барған.

Бұған Кристиан Прьюдом деген «Тур де Франсты» ұйымдастырушы кәсіпкер, 2010 жылғы турнирде бұлардың егесі жарысты көруге келер көрермен қатарын көбейтетін болды деп мәлімдегенін жазады аталмыш сайт.