"Жібек жолы" автораллиі Қазақстан арқылы өтеді

"Жібек жолы" раллиі Қазан қаласында старт алуға даярланып тұр.

Сенбі, 5 қыркүйек күні Қазанда «Париж – Дакар» класындағы аутомобильдер сайысы "Жібек жолы" деген атпен бастау алғалы тұр. Темір тұлпарлар сайысы қыркүйек айында ТМД елдері аумағынан өтеді. Бұл туралы «Мотор спорт» сайты хабарлады.
«ФОЛЬКСВАГЕН» ҚАЗАҚСТАН ЖЕРІМЕН ӨТЕТІН САЙЫСТА ЖЕҢУ ҮШІН TOUAREG ДЖИПТЕРІН ДАЯРЛАП ЖАТЫР

«Дакар» раллиінің жеңімпазы атағына ұмтылушылар енді күншығысқа сапар шекпек. «Фольксваген» компаниясы бұл мақсатқа «Париж – Дакар» сыныпты автомобильдер сайысына қатысу арқылы қол жеткізбек, ал ондай жарыс осы жылдың қыркүйек айында ТМД жерінде, соның ішінде Қазақстан аумағында және келер жылғы қаңтар айының басында Оңтүстік Америка аумағында өткізілмекші.

«Фольксваген» «Жібек жолы раллиі» атты аутошабандоздар жарысында жеңімпаз атану жолында бақ сынап көрмек, бұл сайыс биылғы жылдың қыркүйек айының 5-13-ші жұлдызы аралығында Татарстан, Қазақстан және Түркіменстан жерінде ұйымдастырылмақшы.

Басшылығының кеңсесі Вольфсбург (Германия) қаласында қоныс тепкен аутокомпания темір тұлпарлар күш сынасуына 4 Touareg жарыс машинасын қатыстырғалы отыр, ол машиналарға «TDI» маркалы дизельді моторлар қондырылған. Аутокомпания басшылығы алдағы жарысты 2010 жылғы «Париж – Дакар» раллиіне қатысу үшін жасалатын әзірлік деп бағалап отыр.

«Фольксваген» командасының құрамында бәсекеге спортшылардың келесідей жұптары қатысады: Карлос Сайнс/Лукаса Круз, Дирк фон Цитцевитц/Жинель де Виллерс, Марк Миллер/Ральф Питчфорд және Нассер Әл - Аттиах/Тимо Готтшальк.

Адамдар үшін де, машиналар үшін де Ресейдегі Қазан қаласында басталып, Түркіменстан астанасы Ашхабадта мәресіне жететін «Жібек жолы» аутожарысы «Париж – Дакар» раллиі қарсаңында өткізілгелі отырған тамаша бір жаттығу болатын түрі бар. Себебі, «Жібек жолы» раллиі өтетін даңғыл бойында алуан түрлі ландшафтқа толы жер жатыр, әсіресе мұнда құмтөбе мен дюналар көптеп кездеседі деп жазады сайт.

– «Фольксваген» үшін де, бәйгеге қатысар барлық шабандоздар үшін де «Жібек жолы» раллиі шындығында да жаңа, беймәлім аумақ болып табылады, - дейді аутомашина жасау фирмасының «Фольксваген Мотор спорт» деп аталатын бөлімінің директоры Крис Ниссен.

«Бұл жер біз үшін бейтаныс болғандықтан, «Париж – Дакар» раллиіндегі тәрізді біздің ұранымыз ол «Күтпегенді күту» деп аталатын болады. Бір жағынан, біз бұл жолда иен де шөлейт даламен алға жылжып, көптеген құм кешуді бастан өткермекпіз, екінші жағынан, біз тас жолдардың бойымен жүргізілген әрі сан салаға бөлініп кететін бөліктер арқылы машина айдайтын боламыз. «Дакар» сайысын өткізуші саналатын A.S.O. ұйымы ұйымдастырып отырған бұл жаңа сайыс алдағы жылдың қаңтарында «Париж – Дакар» турнирінде өзіміздің чемпион атағымызды қорғап қалу бәйгісіне түсу жолындағы дайындығымыздың маңызды бір элементі болып саналып отыр».

Ұзындығы 2850 километр болатын сайыс жолы қуаты 280 ат күшіне тең келетін мотормен жарақтандырылған Touareg жарыс джиптерін сынап көру үшін тамаша емтихан болып табылатын түрі бар деп атап көрсетеді «Мотор спорт».

ҚАРАҚҰМДАҒЫ САХАРА

Басылымның айтуынша, табиғаттың небір қатал да қытымыр аймақтарын басып өтуге тура келетін «Жібек жолы» раллиі «серіктес жүргізушілердің» төрт пары үшін ауыр сынақ болуы тиіс. Ұзындығы 2850 километр болатын бұл сайыс жолының өн бойында 62 аутомашина мен 21 жүк көлігі үстірттер мен қуаң дала шөлдерін көктей өтіп, ай сәулесі астында шаң бората отырып, түн ішінде де шабандоздық сайысын тоқтатпай, үзеңгі қағыстыратын болады.

Аутомашинаның жылдам жүйіткуіне мүмкіндік мол жолдың әуелгі бөліктерін де, бөгет пен құмға толы кейінгі бөліктерін де Touareg жарыс тұлпарлары мыңқ етпей шауып өтпек, себебі оларға орнатылған «TDI» дизель моторының тәжірибелік үлгісінің жоғары қуаты биік әрі жұмсақ құм дөңдерінен тез асып өтуде таяныш болмақшы. Балқанабад пен Дарбаза, осы сияқты раллидің соңғы сатысы саналатын Дарбаза мен Ашхабад арасындағы жол бөліктеріндегі жер құмы тіпті терең құмдауыт шөл болып келеді.

"Жібек жолы» раллиінің барлық 9 күні біз үшін нағыз сынақ болатын болды",- деп атап көрсеткен болатын өзінің журналистерге бұдан бұрынырақ берген сұхбатында «Фольксваген» компаниясының сынаушы – жүргізушісі болып қызмет атқаратын Карлос Сайнс.

– Әсіресе бұл жолдың құмдауыт соңғы бөліктері Дакар жарысы алдындағы даярлығымыздың жақсы индикаторы болып, біз үшін оңтайлы жаттығу болады деп үміттенеміз. Бұл Қарақұмды еңсерген адамның Чилидегі Атакама шөлін де жеңіл еңсереріне күмән жоқ. Біз «Жібек жолы» раллиіндегі шабыстан бұрын Мароккода әбден тер төгіп, мықтап дайындалып алайық деп отырмыз,- дейді Карлос Сайнс.

ТӘЖІРИБЕЛІ ЖҮРГІЗУШІЛЕРСІЗ МЕДИЕН ДАЛАДА АДАСЫП КЕТУГЕ БОЛАДЫ

Мароккодағы сынақ жарысында арнайы үлгімен жасалған ұзындығы 7 мың километр болатын жол бөліктерін «Фольксваген» тобы сәтті жүріп өтті. Вольфсбург қаласы аутокомпаниясының көліктері Сахарадағы бұл сынақ барысында «Париж – Дакар» раллиінің жолынан бір жарым есе ұзын қашықтықты ешбір қиындықсыз еңсерді, бұл бастан-аяқ құмдауыт шөл арқылы созылған тар жол, тайғақ соқпақ болды.

– Бұл емтихан «Жібек жолы» раллиіне де, «Дакар» раллиіне де қатысу үшін жақсы бір дайындық болып, бізді бір сергітіп тастады, - дейді Touareg темір тұлпарлары жарыстырылатын сайыстарға екінші мәрте қатысайын деп отырған «Фольксвагеннің» сынаушы-жүргізушісі Нассер Әл-Аттиах.

– Бұл жолы сайыс Татарстан, Қазақстан және Түркіменстан жерінде болмақ. Әрі бұл маған менің жүргізуші серіктесім Тимо Готтшалькпен іс - әрекетімізді үйлестіруге тағы бір мүмкіндік берді. Енді «Жібек жолы» раллиінде командадағы жолдастарымызбен салыстырғанда қандай қайратқа иеміз, міне осыны анықтаудың сәті түспек. Мароккода құм төбелермен жүйтки өте алдық, - дейді Берлинде тұратын аутоштурман Тимо Готтшальк.

«Нассердің құм төбелер арқылы машинаны тез айдайтын бір ерекше стилі бар, әрі бұл әдістің тиімділігі тіпті керемет. Егер өзіңіз бұны көрсеңіз, мынау өзін құм шөлде тіпті туған үйінің төріндегідей сезінеді ғой дер едіңіз. Мен енді бұл әдістің «Жібек жолы» раллиінің соңғы сатысында өзін ақтай ма, егер ақтаса ол қалай ақтайды, соны тезірек білуге ынтызармын».

«Жібек жолы» раллиінің жолсыз шөлейттерінде фольксвагендердің ауыспалы жүргізушілерін әлдеқайда ұзақ қашықтықты басып өту күтіп тұр деп атап көрсетеді сайт. Ирелең жолдар мен тау сүрлеулерінен тұратын жолдың әуелгі бөліктерінен кейін, «Жібек жолының» екінші бөлігінде сайыс топтары раллиді ұйымдастырушылар белгілеген ұлан-байтақ шөлдің төсінен керек маршрутты дұрыс тауып, еш айналма жолсыз әдейі көрсетілген жол пункттеріне дәл жету міндеттерін орындауы керек.

«Жолдың екінші жартысына қарама – қайшы, раллидің бірінші жартысындағы жолдар сан тарапқа бытырап кетіп отыратын тармаққа толы болмақ», - деп жорамал жасайды спортшы Жинель де Виллерспен бірге «Дакар» жарысында жеңімпаз атанған тәжірибелі серіктес жүргізуші Дирк фон Цитцевитц.

«Бұл мөлшермен айтқанда «Париж – Дакардағы» тәрізді сынақ болмақ - әр күні бүкіл жарыстың өн бойында өзіміз атқаруға міндетті тапсырманың жекелеген бөліктері алдымыздан кездесіп отыратын болады».

- Біз Бразилияда сайысты ұтқан кезде, командалас әріптестеріміз Нассер Әл – Аттиах пен Карлос Сайнс тегеурінді күресіп, ересен ерлік көрсеткен еді, - дейді серіктес жүргізушісі Ральф Питчфордпен бірге джип айдап, бақ сынасайын деп отырған Марк Миллер.

«Мен көрермендерге «Жібек жолы» раллиін интернет не теледидар арқылы көруге кеңес берем. Себебі, олар өйтпесе, шынында да таңдай қақтырар бар қызықтан құр қалуы мүмкін. Ральф және мен өзіміздің даярлығымыздың командалас достарымыздың даярлығымен бір деңгейде екендігін көрсетпекпіз».

«Фольксвагеннің» командасы бүкіл тобымен тамыздың 29 жұлдызында Tравемюндеге жүріп кеткен, ол жерден команданың қызмет көрсететін жүк машиналары мен басқа да көлік құралдары Хельсинкиге (Финляндия) аттандырылады. Одан кейін «Фольксваген» командасы арнайы қосақталып жүретін топ ішінде жарыстың басталатын жері Татарстанға жетпек.

Шамамен 4 мың километрдей болатын «Жібек жолы» раллиі даңғылдарын жүріп өткеннен соң, команда ралли аяқталатын Түркіменстандағы Ашхабад қаласынан солтүстік бағытты бетке ала жүзетін паромға мініп, Каспий теңізі арқылы құрметті автоқарауыл қоршауында Ресей аумағымен кері қарай жол тартып, Финляндиядағы Хельсинкиге келуі тиіс.

Содан соң, тағы бір рет кемеге отырып, команда ақыр соңында, қыркүйектің 22 жұлдызында өз отанына- Германиядағы Росток кемежайына ат басын тірейді деп әңгмесін аяқтайды «Мотор спорт» сайты.