Мұхтар Әблязов батыс бизнесмендерін Лондонда өтетін қазақстандық форумға қатыспауға шақырды

Шетелде қуғында жүрген бизнесмен Мұхтар Әблязов.

Бірқатар халықаралық баспасөз құралдары Қазақстандағы кейбір іскер адамдардың тұтқындалуы болмаса шетелге қашуы осы елдің инвестициялық тартымдылығына кері әсер ететінін жазады.
МҰХТАР ӘБЛЯЗОВ: «ЕЛДЕ МҮЛІК ИЕЛЕНУ ҚҰҚЫ МҮЛДЕ ҚҰРМЕТТЕЛМЕЙДІ»

Шетелде қашып жүрген ірі бизнесмен, БТА банктың бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязов маусымның 14-і күні Англияда жарық көретін «Таймс» басылымына сұхбат берген. Онда Мұхтар Әблязов батыс бизнесмендерін алдағы сәрсенбі, 17-ші маусымда Лондонда өтетін кәсіпкерлік форумға қатыспауға шақырған. Ол форум Қазақстан мен Британия арасындағы сауданың одан әрмен дамуына серпін беруі тиіс деп жоспарланған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, форумда сөз сөйлейтіндер арасында Қазақстан үкіметінің кейбір министрлері, сонымен қатар Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Григорий Maрченко болмақшы.

Басылымның жазуынша, БТА банктың бұрынғы төрағасы: «сәрсенбіде басталуы тиісті «Қазақстанның дамуы форумы» атты кәсіпкерлік жиынға келетін инвесторлар Қазақстанда мүлік пен мүлік иелену құқығына қысым жасалып отырғанын білуі тиіс» деп мәлімдеген.

«Таймс» жария еткен Мұхтар Әблязовтың мәлімдемесі британ соттарында қаралғалы жатқан бір даулы істің басталуымен дөп кеп тұр. Сотта ол істі БТА банктың бұрынғы акционерлері Қазақстан үкіметіне қарсы, ол үкіметтен «банктың мемлекет иелігіне өткені себепті көрген қаржылық зиянымыздың орнын толтыр» деген талаппен көтеріп жатыр.

Арызданушылардың айтуынша, Қазақстан үкіметінің іс-әрекетінің кесірінен олардың мүддесіне 20 миллиард АҚШ доллары шамасында зиян келген. Басылымның мәліметіне қарағанда, Қазақстан үкіметіне қарсы басталып жатқан бұл дау бірнеше елдің сотында – соның ішінде Голландия соттарында – қаралуда.

Қазақстан үкіметі БТА банкке несие берушілердің оларға келген заттай зиянның орнын толтыру туралы тағы бір талабына сот алдында жауап беруі мүмкін. Ол талап биылғы сәуір айында 550 миллион доллар қарызды қайтаруға қатысты БТА өзін дефолт деп жариялағанда, несие берушілер алдында пайда болған банктың міндеттемелеріне қатысты туып отыр.

Кейбір несие берушілер, банктың 78 пайыздық үлесін үкіметтің өз иелігіне алатыны жөніндегі шешім қабылдауы, заң жүзінде «бақылауды алмастыру» деп аталатын іс-әрекетті жасаумен пара-пар деп отыр. Демек, бұл қадам қарызды қайыру жөніндегі келісім-шарт ережесін бұзу болып табылады әрі банктың жаңа иесін [Қазақстан үкіметін] несие берушілердің қарызының бір бөлігін жедел қайыруға
Мұхтар Әблязов:
- Билік елде мүлікке иелік ету құқығы мен әділетті сот процесі дегенді мүлде құрметтемейтінін тағы да дәлелдеді. Үкіметтің бұл шалағайлығының халықаралық инвесторларды құрбан ғып жіберуі өз алдына, бұл іс тұрғын халықтың банк жүйесі мен экономиканың тұрақтылығына деген сеніміне зиян тигізіп отыр.
міндеттейтін жаңа құқықтық ахуал қалыптастырады деп атап көрсетеді «Таймс».

Мұхтар Әблязов «Таймс» басылымына берген сұхбатында былай деген: «Халықаралық банк дағдарысы туды дегенді желеу етіп, билік БТА-ны күштеп иемденіп кетті. Осы арқылы ол билік елде [Қазақстанда] мүлікке иелік ету құқығы мен әділетті сот процесі дегенді мүлде құрметтемейтінін тағы да дәлелдеді. Үкіметтің бұл шалағайлығының халықаралық инвесторларды құрбан ғып жіберуі өз алдына, бұл іс тұрғын халықтың банк жүйесі мен экономиканың тұрақтылығына деген сеніміне зиян тигізіп отыр. Шетел инвесторлары елден безіп жатыр. Халықаралық базарлар қазақ компаниялары үшін жабылды және әлі кемінде бес жыл бойы жабық болады».

Басылым, Қазақстан үкіметінің кезінде Мұхтар Әблязов пен БТА банктың тағы бірқатар менеджерлеріне бопсалау мен ақша жымқырып, оны жасыруға қатысты қылмыс жасады деп айып таққанын жазады. Биылғы наурыз айында Қазақстанның құқық орындары Мұхтар Әблязовтың мүлкі деп есептелген үш ұшақты, Алматыдағы бірқатар ғимараттарды, 14 аутокөлік пен 10 миллион доллар мөлшеріндегі қолма-қол ақшаны тәркілеген болатын.

ІРІ КӘСІПКЕРЛЕРДІ ҚУДАЛАУҒА ҚАТЫСТЫ АЙҚАЙ-ШУ ЕЛДЕГІ КӘСІПКЕРЛІК АХУАЛЫНА КЕРІ ӘСЕР ЕТТІ


«Таймс» басылымындағы Мұхтар Әблязовтың әңгімесі тәрізді, «Еуразиянет» онлайн-басылымы да Қазақстандағы инвестициялық ахуалдың аумалы-төкпелі боп кеткенін сөз етеді. Сайт мақаласында «Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің тұтқындалғанынан кейінгі кәсіпкерлік ортадағы ахуалға тереңірек талдау жасалған.

«Елдегі қадірлі әрі ең табысты кәсіпкерлердің бірінің қамалуы Қазақстанның кәсіпкерлік элитасының өкілдері мен шетелдік салымшыларға ауыр соққы боп тиді» деп жазады веб-басылым. «Салымшылар әзірше әліптің артын бағып, ахуалды бақылап отыр, ал кейбір ірі кәсіпорын басшылары бұл істе үкіметпен өздерінің келіспейтінін білдіруде, ал билік болса, бұл екі ортада мемлекет иелігіндегі барлық компанияларда тексеру жүргізілсін деген қарар қабылдап жатыр».

«Еуразиянет» сайты, Мұхтар Жәкішевтің мамырдың 21-інде жұмыстан босатылып, төрт тәуліктен соң тұтқындалғанын жазады. Сондағы оған тағылған айып – мемлекет мүлкін талан-тараж етті дегенге кеп саяды.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) айтуынша, ол құны ондаған миллиард доллар тұратын елдегі ірі уран кеніштерінің 60 пайызын өзінің иелігіне өткеріп үлгерген. Мұхтар Жәкішев өзі істеген қылмысты өзінің бұрыннан бергі досы әрі қазір шетелде қашып жүрген банкир Мұхтар Әблязовпен сыбайласа іс жүзіне асырған деп санайды ҰҚК.

Веб-басылымның хабарлауынша, елде еркіндікте жүрген билік пен кәсіпкерлік элитадағы тұлғалардың тағы да біразы тұтқындалуы мүмкін: ҰҚК-ің аталған іс бойынша жедел-тергеу тобының жетекшісі Владимир Петровскийдің айтуынша, бұл әрекетті іс жүзіне асыруға «танымал» адамдар атсалысыпты.

Сайт Мұхтар Жәкішевтің абақтыға қамалуына байланысты, елдегі бірқатар ірі кәсіпорын басшыларының оған ара түсіп, жария мәлімдеме таратқанын айтады. Ірі компания жетекшілерінің жария түрде бүйтіп қарсылық танытуы – көңіл аударарлық жайт деп жазады «Еуразиянет» сайты.

Кезінде, 2001 жылы бірқатар танымал кәсіпкерлер мен үкіметтегі үлкен лауазымды қызметтегі тұлғалар тобы «Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты қоғамдық ұйым құрып, елдегі билік жүйесі мен режимін демократияландыруды талап еткен болатын. Бұл билік үшін болған елдегі күресті шиеленістіріп жіберіп, нәтижесінде Мұхтар Әблязов түрмеге қамалды. Сәл кейінірек, ол абақтыдан
Қазатомпром компаниясының ісі бойынша жүргізіліп жатқан тексерулер БТА банк бойынша жүргізіліп жатқан тексерулерге ұқсас.
мерзіміне бұрын босатылған еді. Міне содан бері, елдегі ірі кәсіпкерлер саяси мәселелерге қатысты, көбіне бұқпантай күй кешіп келген болатын деп атап көрсетеді сайт.

Сайт ауторларының пікірінше, «Қазатомпром» компаниясының ісі бойынша жүргізіліп жатқан тексерулер БТА банк бойынша жүргізіліп жатқан тексерулерге ұқсас. Бұл банкке де көптеген жылдар бойы, дейді билік орындары, қылмыстық топ жетекшілік етіп келген. Бұл орайда басылым президенттің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев те билік тарабынан қылмыстық топ ұйымдастырып, мемлекеттік төңкеріс жасамақшы болды деген айыппен сырттай сотталғанын салыстырмалы түрде атап өткен.

Басылымның сөзіне қарағанда, 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төраға болуға даярланып жатқан Қазақстан үшін бұндай оқиғалар абырой әпермес, нашар халықаралық жарнама болып саналады. Біріккен кәсіпорындар құрудағы заң бұзушылықтар және активтерді шетелге аударуға байланысты (кәсіпкерлерге тағылып жатқан) айыптар инвесторларды үркітіп тастады деп жазады «Еуразиянет».

Маусымның 8-і күні, дағдарысты еңсеруге бағытталған бағдарламаның орындалу барысына арналған үкімет отырысында, Нұрсұлтан Назарбаев экономикадағы ахуалға байланысты шешіле сөйлеп, «өсудің қарқынын төмен түсірмеуге» мүмкіндік бар екенін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев қазақ экономикасының ахуалына қатысты шетелдік инвесторларды тыныштандыруға тырысса да, Мұхтар Жәкішевті қамаудан туған аласапыран Қазақстанның инвестициялық ахуалымен байланысты халықаралық абыройына нұқсан келтіруі мүмкін деген қорытынды жасайды «Еуразиянет» сайты.