«АрселорМиттал» менеджері Қазақстандағы жұмысын тастап, ұстаз болуды таңдады

«Арселор Миттал Теміртау» компаниясының ғимараты.

Металлургия саласында құлдырау байқалады. Соған байланысты «АрселорМиттал» компаниясының кейбір басқарушылары Қазақстаннан кетуді ұйғарды. Әйткенмен, Қазақстан ірі шетелдік инвесторлар үшін тартымды ел болып қалып отыр.

ТУҒАН ЕЛДІҢ ТОПЫРАҒЫ

Осыдан бірнеше ай бұрын Кишор Шармаға таңдау жасауға тура келді. Оған Қазақстандағы «АрселорМиттал» компаниясының құбыр өндіретін бөлімшесінің президенті болып қызмет атқару жөніндегі еңбекке жалдау келісім-шартының күшін екі жылға ұзарту туралы ұсыныс жасалған еді. Ол болашағы бұлыңғыр ұлттық экономика аясында жұмыс істей беруі керек пе, әлде жаңа істі – Үндістанның білім беру саласындағы «оның өзі ұнататын мансапты» таңдағаны дұрыс па, міне осы мәселені шешіп алуы керек еді, деп жазады «Экономик Таймс».

Ол Отанына оралғанды жөн көрді. Қазір Ахмадабад қаласындағы Адани инфрақұрылымдық менеджмент институтында оқытушы болып қызмет істейтін ол осыған дейін Қазақстанда тапқан жалақысынан екі еседей аз мөлшерде еңбекақы алады. Алайда өзі бұған өкінбейді.

«Мен қарапайым нәрсе үшін осындай шешім қабылдадым. Қазақстанмен салыстырғанда Үндістан өзіме және отбасыма әлдеқайда артық өмір сүру сапасын қамтамасыз етіп қана қоймайды, сонымен қатар, мұнда мен өзіме ұнайтын мақсаттарға жету жолында кең мүмкіндіктерге ие болып отырмын», – дейді қазір аталған институтта стратегиялық менеджмент пен басқа да пәндерден дәріс беріп жүрген Шарма.

Шарманың Отанына қайтуына өз отбасымен бірге болсам деген тілегі себеп болған тәрізді. Алайда, АҚШ пен Еуропада мансаптары өсіп, үлкен жетістіктерге жеткен кәсіпқой мамандар мен зерттеушілер арасында да әртүрлі басқа себептерге байланысты елге оралып, Үндістандағы бизнес мектептерінде оқытушы болып қызмет атқарғысы келетіндер аз емес.

Олардың осындай шешімге келуіне ғылыми зерттеу бағытын таңдау еркіндігі, әріптестерінің қолдауы мен Үндістан бизнес мектептеріндегі қолайлы рухани атмосфера әрі дүниежүзілік экономикадағы екпінді даму секілді маңызды нәрселер себеп болып отыр.

Кәсіпқой мамандардың Отанына оралуы Үндістандағы Ахмадабад менеджмент институты тәрізді оқу орындары үшін аса тиімді болды. Аталған института әрбір он оқушыға бір оқытушыдан келеді. Институтқа әлі де болса он бес пайыз мөлшерде оқытушылар қажет.
Дүниежүзілік экономиканың металлургия саласы дағдарыстан әлі шыққан жоқ. Кишор Шарма аталған салада жұмыс істей берсе, өз мүмкіндіктерін шектейтін көптеген бөгетке ұрынуы ықтимал екенін түйсініп, жұмысты ауыстыру туралы ұйғарымға келгенін айтады.

«Оқытушылық, ғылыми зерттеу және зияткерлік жұмыс өзімнің бағымды ашар жол боларын ұқтым. Себебі, бұл өзім үшін ғана қолайлы мүмкіндік емес, бұл маған өзімнің соңғы жиырма бір жылғы жұмысым барысында жинақтаған тәжірибемді студенттермен бөлісуге мүмкіндік береді», – дейді Шарма.

ЕН БАЙЛЫҚТЫҢ ҮСТІНДЕ

Әлемде Қазақстан тәрізді көңілін табу үшін ірі мемлекеттердің басшыларының өзі құрақ ұшатын елдер аз кездеседі, деп атап көрсетеді «Монд». Бұл мұнайлы елдің президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен арадағы өздерінің қарым-қатынасына Николя Саркози мен Барак Обама тәрізді халықаралық саясаттың ірі тұлғалары үлкен мән береді, деп атап көрсетеді басылым.

Бүгінде Астананың іс-әрекеттерінің басты мұраты – диверсификациялау болып отыр. Ұлттық экономика жылына орташа алғанда он пайыздық өсіммен дамыған кезеңнен соң келген 2007-2008 жылдары халықаралық қаржы дағдарысы салдарынан ел қиын жағдайға тап болды.

«Біз өткеннен сабақ алып, көмірсутектерге тәуелді болудан құтылғымыз келеді. Сондықтан, біз өнеркәсіпті үдемелі дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламасын қабылдадық», – деп мәлімдеді Астанадағы Экономикалық зерттеулер институты директорының орынбасары Айгүл Тоқсанова.

Бұл бағдарлама бойынша ел экономикасы алдағы он жыл ішінде әлемдегі ең күшті дамыған қырық экономиканың қатарына қосылуы тиіс.

«Өзі басып отырған қазынаның тым қыруар екендігіне Қазақстан басшылығының барған сайын көз жетіп келеді. Олар аталған ен байлықты шетелдік компаниялар озбыр талан-таражға сала ма деп қауіптенеді және бұл компаниялардан жұмысты өркениетті жолмен атқаруды талап етіп отыр», – деп түсіндіреді Франция елшілігінің Орталық Азия жөніндегі экономикалық қызметінің директоры Жан-Жак Гиллодо.

Бүгінде кадрлар даярлау, көмек көрсету және технологиялармен бөлісу – келісім-шартқа қол қоюдың ажырағысыз шарты болып табылады. Француздың ең ірі фирмалары мұны түсініп, осы шартқа сай әрекет етеді. Мәселен, Total компаниясы Астанада Ұлттық дәнекерлеу институтын ашып жатыр. Құны бір миллиард еуро болатын келісім-шартқа қол қойған Alstom осы елде жүз елу локомотив өндіруге міндеттеме алды.

Алайда, Қазақстанның экономикасын диверсификациялаудағы ұмтылысының ең жарқын көрінісі елдің ғарыштық индустриясына қатысты болып отыр. EADS Astrium компаниясы осы елдің «Қазғарыш» фирмасымен құны 260 миллион еуро болатын келісім-шартқа қол қоюға даярланып жатыр. EADS Жердің жасанды серіктерін Астанадағы іргетасын шілде айының үшінде Францияның сыртқы сауда министрі Анн-Мари Идрак қалаған орталықта құрастыратын болады. Министр соңғы екі жыл ішінде Қазақстанға осымен үшінші рет келген-ді.

Күзде президент Нұрсұлтан Назарбаев Франция еліне ресми сапармен барады. Қытай мен Ресей тәрізді, Еуропа одағы да Қазақстан үшін басты әріптес болып саналады.

«Монд» газеті Қазақстан сыртқы істер министрлігінің шенеунігі Роман Василенконың: «Бұдан былай келіссөздер жүргізу барысында біздің мүддеміз бірінші орынға қойылатын болады. Біз мұны әр кездесуде және ешбір қымсынбай-ақ айтамыз. Халықаралық қарым-қатынастарда Қазақстан бұдан былай пешка емес, белсенді қатысушы ретінде көрінеді», – деген сөзін келтіреді.