БТА Банкті Сбербанкке сату жөніндегі келісім жасалмай қалуы ықтимал

  • Есен СМАҒҰЛОВ

БТА Банктің Алматыдағы бөлімшелерінің бірі, ақпан, 2009 ж.

БТА Банктің Сбербанкке сатылу мүмкіндігі азайып барады. Австриялық Raiffeisen банкі Қазақстан базарына келу жоспарынан бас тартты. Әйткенмен, дағдарыс Оңтүстік Корея мен Үндістанның компанияларына бөгет бола алмады. Үнділіктердің таңдауы Мәскеуге емес, Алматыға түсті.
БТА Банктің ресейлік Сбербанкке сатылмау қаупі бар. Австрияның Raiffeisen банкі Қазақстан базарына шығудан бас тартты. Ал дағдарыс Оңтүстік Кореялық және үнділік компаниялардың жоспарларына кедергі келтірген жоқ.

Экономикалық жаңалықтардан дағдарыстың иісі аңқып тұрады. Әсіресе, біраздан бері жағымды жаңалықтарымен бөліспеген қаржы секторындағы жағдай алаңдатарлық.

БТА Банктің жағдайы ол туралы Business New Europe сайтында шыққан мақаланың тақырыбынан-ақ белгілі болып қалады: «БТА Банктің жағдайы қыл үстінде, Сбербанкпен сауда болмайтын болды, басшылыққа қарсы қылмыстық тергеулер басталды».

Мақалада банктің бұрынғы басшылары Мұхтар Әблязов, Жақсылық Жәрімбетов және Роман Солодченкоға Бас прокуратураның таққан айыптары туралы сөз болады. Алматы банкирлері БТА Банкті мемлекет иелігіне алудың саяси астары және оның басшыларының қудалануы туралы айтып жатқанымен, жағдай әзірге түсініксіз.

Басылымның жазғанындай, «банктің қаржылық жағдайы өте төмен». БТА Банктің қазіргі басшысы Арман Дунаев, егер кредиторлар несиелерін мерзімнен бұрын бұрын қайтаруды сұраса, мемлекет тарапынан көмек болуы мүмкіндігін айтып, қаржы мекемесінің тұрақты екендігін барынша дәлелдегісі келеді.

«Егер кредиторлардың біреуі несиелерін мерзімнен бұрын қайтаруды сұраса, «Самұрық - Қазына» БТА тобын қолдау туралы өз ұстанымын қарастыруы мүмкін», – дейді Дунаев.

Үкімет БТА Банкті қолдау үшін осыған дейін 2 миллиард доллардай қаржы салды және шамамен 12 миллиард доллардай болатын банктың сыртқы қарызын реструктуризациялау мүмкіндігін қарастыруға уәде берді.

Алайда, мақалада айтылғандай, «егер үкімет жәрдем беруін доғарса, онда БТА Банк күйрейді де, сөйтіп ешкім ақшасын қайтарып ала алмайды».

БТА Банктің болашағы бұлыңғыр, ал 24 наурызда Fitch Ratings рейтинг агенттігі, қарыз алу жөнінде дефолт болуы мүмкіндігін ескерте отырып банк рейтингін жеті пунктке, «B +»-тен апаттық «CC»-ке дейін төмендетті.

Бұл БТА Банк акцияларының бақылау пакетін ресейлік Сбербанктің сатып алуы жөніндегі келісімге теріс әсер етуі мүмкін. Business New Europe деректеріне қарағанда Алматыдағы да, Мәскеудегі де келіссөздер тоқтап қалған, екі жақ оның жалғасатындығы жайында жай көңіл үшін айтады.

Сбербанк БТА Банкті сатып алуға кәдімгідей қызыққан. Өйткені, оның Қазақстан мен Украинадағы активтері ресейліктерге ТМД елдеріндегі банк активтерінің 80 пайызы шоғырланған базарларға кеңінен жол ашар еді. Алайда, келіссөздер барысында жаңа проблемалар бірінен соң бірі қылтиып шығуда.

Атап айтқанда, Сбербанк өкілдері БТА Банктің меншігі, шетелдік активтерді қоса алғанда, тым шырматылған құрылым екенін алға тартып отыр.

Мақалада жазылғандай, БТА-ның бұрынғы басшылығы банк басқармасын Алматыдан Мәскеуге ауыстырмақ болған. Алайда, банкте проблемалар басталған соң бұл процесс жарты жолда тоқтап қалған.

Ал, Сбербанкпен келісімдерге келсек, мұнда «екі жақта да бұл келісімнің мүлде болмайтыны туралы пікірге қарамастан, банктің сатылуы туралы әңгіме президенттер деңгейінде басталғандықтан, екі жақ та әзірге бар күштерін салуда».

Басқа банк құрылымдарының да жағдайлары мәз емес. Азаттық радиосының сайтында жақында шыққан баспасөз шолуында UniCredit италиян-австриялық банк тобының өзінің Қазақстандағы еншілес АТФ Банкінен жүздеген адамдарды қысқарту жоспары бары жайында жазған болатын.

Австриялық тағы бір банк Raiffeisen International Қазақстан базарына келу туралы жоспарынан бас тартатын болды. Reuters агенттігі хабарлағандай, бұл жайында банк жетекшісі Греберт Степич Венада мәлімдеді. Соңғы жылдары Raiffeisen Қазақстанда тұрақтау үшін бірнеше әрекет жасап көрген.

Австриялықтар қымбаттау деп АТФ Банкті сатып алудан бас тартты. Оны кейін UniCredit тобы сатып алды. Сонымен бірге БТА Банктің акциялар пакетін сатып алу туралы да әңгіме болған. Алайда, дамушы базарларда, әсіресе Шығыс Европада қаржы секторының шығынға ұшырауы, қаржы салуға ықыласы бар инвесторларды үркітіп отыр.

Әйткенмен, дағдарысқа қарамастан, өткен аптада Қазақстанда екі инвестициялық жобаның іске қосылғандығы туралы белгілі болды.

France Press ақпарат агенттігі оңтүстіккореялық консорциумның Қазақстандағы ірі электр стансасының құрылысына қатысу туралы жоспарын хабарлады. Әңгіме Балқашта салынатын қуаттылығы 1200-1500 мегаватт көмір электр стансасының құрылысы туралы болып отыр.

Жалпы құны 2,5 миллиард доллар болатын жобаға кәрістер жағынан Korea Electric Power Corp (KEPCO) мемлекеттік энергетикалық компаниясы мен Samsung C&T компаниясы қатысады. Оңтүстіккореялық бизнесмендер Қазақстан жағымен келіссөздерді келесі жылы бітіруді жоспарлап отыр. Ал электр стансасы 2014 жылға дейін салынып бітуі керек.

Үнділік Bharat Heavy Electricals Ltd (BHEL) мемлекеттік компаниясы да Қазақстанда өз бизнесін бастауға шешім қабылдады. Live Mint сайтының хабарлауынша, компания Алматыда өкілдігін ашпақ. Өкілдіктің міндетінде тек қазақстандық әріптестерімен ғана емес, сонымен бірге басқа да ТМД елдерімен – Армениямен, Грузиямен, Қырғызстанмен, Молдовамен, Ресеймен, Тәжікстанмен, Түркменстанмен және Украинамен байланыс орнату көзделген.

«Біз офисті Мәскеуде немесе Алматыда (мақалада бұл қала Қазақстанның астанасы деп көрсетілген) ашу туралы талқыладық. Басқарма Алматыны таңдады, өйткені Мәскеу қымбатқа түсетін болды (жедел басқару жағынан). Оның үстіне, Қазақстанда Ресеймен салыстырғанда, электр генерациялайтын құралдар өндіретін жергілікті кәсіпорындар жоқ, – деп мәлімдеді аты-жөнін атағысы келмеген BHEL басшыларының бірі. – Қазақстанды таңдаған тағы бір себебіміз, мұнда саяси тұрақты жүйенің болуы».

BHEL үндінің аса ірі NTPC Ltd энергетикалық компаниясымен бірге Қазақстанда түрлі жобаларды іске асыруға мүдделі. Үндістан бұл жақтан көмір сатып алады. Сонымен бірге газ алуға да мүдделі.

Алайда, кейбір сарапшылар, қазіргі жағдайда Алматыда офистің ашылуымен BHEL өнімдеріне ТМД елдерінде тапсырыстың өсе қоятындығына күмәнмен қарайды.