Қытай шенеунігінің жұрт білмейтін сыры ғаламторда жариялануы жемқорлыққа қарсы тергеуге түрткі болды

Қытай Коммунистік партиясын насихаттайтын биллборд. Қашғар, 29 наурыз 2005 жыл.

Жеке күнделігіндегі жазбалары Интернетте жарияланғаннан соң Қытайдың мемлекеттік компаниясының бас менеджерін полиция тергеуге алып, ол жұмысынан айрылды деп жазады британдық «Дейли телеграф».

ПАРТБИЛЕТПЕН КІРУГЕ БОЛАТЫН ЖЕРДЕГІ ЖҰМАҚ

Таяуда интернетте Қытайдың коммунистік партиясына мүше бір шенеуніктің жеке күнделігіндегі жазбаларынан үзінділер жарияланды. Аталған шенеуніктің жеке өмірінде істеп жүрген қылықтарының егжей-тегжейі баяндалған бұл жазбалар елдегі мұқым сайт оқырмандарының назарын өзіне аударды деп жазады «Дейли телеграф» газеті.

Күнделік беттері ашыналық қарым-қатынастар, арақ-шарапты суша сіміру, жүгенсіз ырду-дырдумен көңіл көтеру, параға құнығу және осыларға ұқсас нәрселерге лық толы екені жұртшылыққа мәлім болып отыр.

Оңтүстік Қытайдағы Гуанси-Чжуань автономиялық ауданындағы мемлекеттік темекі монополиясының коммерциялық директоры Хань Феньнің жеке күнделігінде 5 ай бойы істеген қылықтары туралы өзінің шынайы жазбалары келтірілген.

Мемлекеттік коммерсант бұл жазбаларында өзінің қалайша әйелдердің басын айналдырып, арақ-шарап өзен боп аққан банкеттерде қалай көңіл көтергенін, қалайша пара алғанын егжей-тегжейлі баяндаған деп атап көрсетеді басылым. Төменде күнделіктен алынған 2008 жылдың қаңтар айының 15-күнгі оқиғалар жөніндегі естеліктен үзінді келтіріліп отыр:

«Сейсенбі (күн аздаған жауын-шашынды, 6-8 градустай жылы): Донь Вень және Ли Сианьгимен қызыл шарап іштік. Ву Чанжу түскі ас ішіп жатқан кезде, кейінірек келіп бізбен ортақтасты. Онымен қосыла ақ шарап іштік. Тіпті асыра сілтеп жібердік... Наньнинге түстен кейін сағат екілерден соң оралдық. Әнебір нәрсемді алғаннан соң, Лэйбинь қаласына қайтып келдік. ...Түскі ауқатта Маркетинг бөлімінің адамдарымен бірге отырдық. Барып караокемен ән шырқадым. Тым көп ішіп қойдық қой деймін, ес-түстен айырылып, қайда қалғанымды білмей қалыппын».

Күнделіктегі жазбалардан Хань Феньнің күндері көбінесе ашына әйелдерімен кездесу үшін қонақ үйлерге бару, еш алаңсыз түрде көңіл көтере думандату және қымбат бағалы заттарды сатып алумен өтіп отырғаны байқалады.

Газеттің жазуына қарағанда, оның күнделігінде кей күндері тек келесідей мазмұнды жазба ғана кездесіп отырады екен: «Күні бойы үйде болдым. Мобильдік телефоныммен ойнаудан қолым босамады».

Кейде тіпті Хань пара да алып отырған. Өзінің күнделігінде ол екі шиша маутяй спирттік ішімдігі мен 50 мың юань (5 мың фунт стерлингтей ақша) параны қолма-қол ақша түрінде алғанын баяндайды.

«30 мың юаньді банкке салып, қалған 20 мың юаньді үйге алып кеттім», – деп жазады ол күнделігінде.

2007 жылдың нәтижелерін қорытындылауынан Хань Феньнің өз өміріне разы болғаны сезіледі:

«Бұл бір керемет жыл болды, менің барлық шаруам бұған дейін ешбір жылда болып көрмегендей бөгетсіз орындалып отырды, – деп өз сырын шертеді ол. – Компания өсіп келеді. Компанияның орта деңгейлі қызметкерлері менің олардан не қалайтынымды қабағымнан-ақ сезіп қағып алуға дағдылануы үшін жан аямай жұмыс істеді. Беделім өсті. ...Ал енді әйелдермен жүру жайына келсек, Сяо Пан ауға түсті, Тан бикеш болса тұрақты клиентіме айналып отыр, ендігі кезекте Mo бикеш тұр».

«Бұл жылы әйелдермен армансыз бір жүріп, есте қаларлық айрықша әсерлер алдым. Алайда, әйелдермен қызыққа көп батамын деп жүріп, денсаулығымнан айрылып қалуым мүмкін екенін де ұмытпағаным жөн», – деп ол тағы бір әңгіменің шетін қылтитады.

БАҚТАЛАСТЫҢ ӘШКЕРЕЛЕУІ

Хань Феньнің жеке күнделігіндегі жазба қалайша интернет пен онлайн-басылымдар бетіне түсіп кетті деген сауалға жауап әлі табылмай отыр.

Қытайда осы тақылеттес жайттарды зерттеумен айналысатын ат төбеліндей ғана газеттер бар, солардың бірі The Southern Metropolis Daily деп аталады. Осы басылымның тілшілеріне мәселеден хабардар адамдар Ханьның жеке күнделігінен үзінділерді интернетте орналастырып қойған адам оның өзімен темекі бюросында бірге істейтін қызметтесі екенін айтқан. Ол адам өз бақталасы Ханьның компьютерін бұзып, ондағы жазбаларды ғаламторға жайып салған дейді аталған мәселенің мәнінен хабардар кісілер.

Темекі бюросында істейтін бір жұмысшы аталған газетке былай депті: «Қазір компанияда түгелдей аяғымыздың ұшынан жүреміз. «Ойпыр-ай, арты не болар екен» деп. Бәрімізден де зәре кетті».

Ал аталған провинциялық темекі бюросы таратқан мәлімдемеде Хань Феньге қатысты «ел заңдары мен коммунистік партияның тәртібін бұзды деген күдік тууы себепті» оның уақытша жұмыстан шеттетілгені айтылған.

Хань Феньнің күнделігіндегі жазба рас әрі олар аутордың жемқор тұлға болғанын дәлелдеді дейді темекі бюросының директоры Ли Хонгсью. Ал қазір аталған іспен Қытай полициясы айналысуда.

Алайда, интернетте кейбір комментаторлар Хань Феньге қолдау көрсетіп жатыр.

Олардың айтуынша, елдегі жемқорлық ауқымын тұтас алып қарағанда, Хань Феньнің істегені түкке тұрмайтын нәрсе болып қалады деп атап көрсетеді басылым.

«Бұл болмашы нәрсе үшін көтеріп жатқандарың не айғай-шу? – деп Наньцзин қаласынан интернетте сауал қояды аты-жөнін жасырған біреу. – Хань қабілетті де пәк шенеунік тәрізді, тіпті біздің елдегі ең таза мемлекеттік қызметкердің біреуі болуы да ғажап емес. Бар болғаны 60-ақ мың юань пара алу дегеніңіз – бұл түкке тұрғысыз нәрсе. Біздің бұрынғы дуанбасы, 6 миллион юаньдай пара алып қойғанына қарамастан, таза адам саналатын. Одан да әлдеқайда жоғарырақ лауазымда отырған әрі парақорлыққа нағыз белшесінен батқандарды қолға алу керек қой», – деген комментатордың сөзін келтіреді газет.

«Дейли телеграф» өзінің тағы бір мақаласында дәл осы аты-жөні аталған Хань Феньнің жеке күнделігінен үзінділер жариялапты. Онда ол өзінің компаниясында істейтін қыздармен қалай сайран салып, жеңіл жүріске түскенін жыр ғып айтқан.

Бұл үзінділер оның Қытай халқының басым көпшілігімен салыстырғанда аста-төк молшылық пен ағыл-тегіл дәулеттің ортасында шалқып өмір сүргенін айғақтап береді. Мысалы, күнделікте оның 25 мың фунт стерлинг көлемінде жалақы алғаны және кезекті мобильдік телефон сатып алуға 400 фунттай қаражат жұмсағаны айтылған.