Қытайдың жаңа басшысы: ол кім?

Си Цзиньпин, ҚХР төрағасының орынбасары.

Қытай коммунистік партиясының Орталық әскери кеңесі төрағасының орынбасары болып Си Цзиньпин тағайындалды. Қытайдағы жазылмаған ереже бойынша, бұл қызметке тағайындалған адамның Қытай төрағасы лауазымына үміткер екендігін білдіреді.

РЕФОРМАШЫЛ ӘКЕНІҢ БАЛАСЫ

Бұл «байыпты» реформашы 2013 жылы Қытай президенті тағына отыруы және әрқайсысының мерзімі бес жылға созылатын екі мандатқа ие болуы мүмкін екенін жазады «Фигаро» газеті. Әлемнің әр түкпірінде сайлау науқаны мен қоғамдық пікір қысымынан зәрезап болған саясаткерлер Қытай төрағасын сайлау және ауыстыру сияқты бұл елдегі «сырт көз үшін жасалатын» саяси құрылым ерекшеліктеріне қызғанышпен қарайтын болар.

Қазанның 18-і Қытай коммунистік партиясы (ҚКП) пленумының отырысы барысында 2013 жылы Қытай Халық Республикасы (ҚХР) төрағасы қызметіне келетін адамның аты-жөні жұртқа белгілі болды. Ху Цзиньтаоның мұрагері Си Цзиньпин болады деген сөз ел аузында көптен айтылып жүрген еді. Енді міне, Қытай коммунистік партиясының ықпалы зор Орталық әскери кеңесі төрағасының орынбасары болып тағайындалуы оған, бұл елдегі лауазым сатысымен өрлеу дәстүрінің хатқа жазылмаған ережесі бойынша, Бейжіңдегі жоғары биліктің ұшар басына жол ашып отыр.

Қытай жетекшісінің мұрагері туралы жаңалықты жұрт былтырғы пленум кезінде естиміз деп күткен болатын. Алайда, жұрттың таңданысына орай, ол кезде үміткердің есімі жарияланбаған-тын.

«Сірә, Қытай жетекшілері мәселенің мәнісін анықтап алатын кез жетті деген тоқтамға келген сыңайлы. Демек, 2012 жылдың қазан айында, ҚКП XVIII съезінде Си Цзиньпин партия жетекшісі болып тағайындалуы тиіс және ол Қытай төрағасы қызметіне сайланып, әрқайсысының мерзімі бес жылға созылатын екі мандатқа ие болуы тиіс. Төраға міндетін ол 2013 жылдың көктемінен бастап атқара бастайды» деп түсіндіреді басылым.

ЭСТРАДА ЖҰЛДЫЗЫНЫҢ КҮЙЕУІ

Қытайдың болашақ басшысы текті тұқымнан өрбіген ұрпақ саналады. Си Цзиньпин – революция тұсында коммунистердің партизандық соғысын Қытайдың солтүстік аумағына көшірген Си Чжунсюннің ұлы. Си Цзиньпиннің әкесі 1962 жылы Мао Цзедунның «тазарту» науқанына ілінді. Кейіннен ол реформаларға мұрындық болған Дэн Сяопиннің арқасында ақталды.

Си Чжунсюнь 2002 жылы қайтыс болды. Бүгінде Қытай экономикасының қарыштай алға басуына арқау болған әйгілі «арнайы экономикалық аймақтардың» дамуына ең әуелде дем берген адам – нақ осы Си Чжунсюнь болатын. Ол Дэн Сяопинге Шэньчжэнде кәсіпкерлікке толық еркіндік беру жөнінде қолқа салып, бұл ұсынысқа оны көндірген екен. «Си Цзиньпин әкесінен қалған абырой-атақты мұралап, оны өзінің таққа отыру құқығын заңдастыру үшін қолданудан қазір көп пайда тауып жүр» деп жазады басылым.

Дегенмен, бұл адам туралы жұрттың білетіні шамалы. Бұл елде саясатты «бұқараландыру» дегенге жөнді мән бермейді әрі Қытай басшыларының жеке өмірі мемлекеттік құпия болып саналады. Елу жеті жастағы Си Цзиньпин 1953 жылы Шэньси провинциясында туған. Бейжіңдегі Цинхуа университетінде инженер-химик мамандығы бойынша білім алған. Кейіннен осы беделді университетте «марксизм теориясы» жөнінен ғылым докторы атағын қорғаған.

Оның өмірбаянына қарап отырсаң, Си Цзиньпиннің де Мәдени революция сілкіністерінен қиыншылық көргенін аңғаруға болады. Мәдени революция тұсында ол «тәрбиеленуші студент» ретінде революциялық науқанға атсалысу үшін өзінің туған өлкесіне барып, 1969-1975 жылдар аралығында ауыл шаруашылығы жұмыстарын атқарды.

Си Цзиньпиндің екі рет үйленгені жайлы да дерек бар. Ол қытай эстрадасының танымал жұлдызы Пэн Лиюанға үйленіп, екінші рет некеге отырған кезде бұқаралық ақпарат құралдары жапа-тармағай жазған болатын. Қытай Халықтық-азаттық армиясының генералы деген шені бар Пэн Лиюань 1997 жылы Гонконгтың [Бейжің билігінің қоластына] оралуы тәрізді маңызды ресми оқиға кезінде ән айтып, жұрт көзіне түсті. Бұл екеуінің бір қызы бар, Си Минцзэ есімді ол қыз қазір АҚШ-та оқып жатыр.

«Си Цзиньпин жүріп өткен саяси жол – дәстүрлі жол болып есептеледі. Бұл жолда ешбір асып бара жатқан елден ерек жетістікті де, сонымен қатар, шалыс басып, өкіндірген үлкен қателікті де көре алмайсыз. Бұл адамға данышпан, жаңашыл қайраткер деуден гөрі, көненің жолын бұлжытпай ұстайтын, «тақыс» тұлға деп баға беру орынды болады» деп атап көрсетеді «Фигаро».

ПРАГМАТИК ӘРІ ЫМЫРАҒА БЕЙІМ БАСШЫ

Алайда, сонымен қатар, ол прагматик, қарапайым да «айқын», реформаларды талқылауға келгенде ашық басшы болып саналады. «Ол өзі басшы болған жағалау маңындағы Фуцзянь немесе Чжецзян провинцияларында жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуінің нәтижесінде үлкен беделге ие болды. Осы бір бай өлкелерді басқарған басқа басшылармен салыстырғанда бұл адам өзінің ар-абыройын парақорлықтан таза ұстай білген» деп жазады газет.

Атышулы Чэнь Лянью жемқорлық былығының беті ашылып Шанхай мэрі қызметінен қуылған соң, Си Цзиньпин біраз уақыт Шанхайда партия хатшысы міндетін атқарды. АҚШ-тың бұрынғы қаржы министрі Генри Польсон мұны қатты құрметтеп, «дос тұтады» деп жазады басылым.

2008 жылы наурызда ҚХР төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалған соң ол ең жоғары мемлекеттік деңгейден елді басқару ісіне белсенді түрде кірісті. Оған екі қиын тапсырма берілді – Бейжіңдегі олимпиадалық ойындардың соңғы кезеңіне бақылау жасау және Гонконг істеріне жетекшілік ету.

Биыл Си Цзиньпин партия кадрларының міңгірлеп сөйлейтінін сынап, жұрт назарын өзіне аударды. Ол аталған кадрларға «қарамағындағылармен түсініктірек, адам еститін тілде сөйлесіңдер» деп үндеу тастады. Дегенмен, ел аузында сабырлы адам деген сипатталатын Си Цзиньпин Мексикаға сапармен барғанда Қытайды сынайтындарға қарсы сөз сөйлеп тұрып, дөрекі саяси насихатқа емін-еркін көшіп кетіп жұртты бір таңырқатты деп жазады «Фигаро».

«Қарындары әбден тойған шетелдіктердің бізге сұқ саусақтарын безей берулеріне еш лайықты себеп жоқ, – деп мәлімдеді ол салтанатты қонақасының кезінде. – Біріншіден, Қытай революцияны экспорттап отырған жоқ; екіншіден, ол аштық пен кедейшілікті экспорттап жатқан жоқ, үшіншіден, ол сіздер үшін ешбір бас ауырып, балтыр сыздатар мәселе тудырып отырған жоқ. Олай болса, артық сөздің қажеті қанша?»

Си Цзиньпин елдегі тұрақтылыққа басты қатер тудырып отыр деп саналатын әлеуметтік теңсіздікті азайтсам деген арманы бар екенін тілге тиек етуді ұнатады.

«Қытайдың қазіргі басшысынан гөрі Қытайдың бұрынғы төрағасы Цзян Цзэминмен әлдеқайда тығызырақ қарым-қатынас ұстайтын Си Цзиньпиндің ымыраға баруға бейім, әр түрлі фракцияларды өз орнына қоя білетін тұлға екені сезіледі. Өзінің жаңа қызметінің бастапқы кезеңінде ол жалғыз болмайды. Себебі, Ху Цзиньтао Қытайдың жаңа басшысының қалқасында жүріп әлі де бірнеше жыл мемлекеттік қызмет атқармақ ниетте» деп атап көрсетеді «Фигаро».