Accessibility links

Жаһандық дағдарыс жалғасқан сайын Қытай тегеуріні күшейіп барады


«Қытай ғажайыбы» экономиканың майын ішіп, жілігін шағып жүрген сарапшылардың мазасын алып жатыр. Негізінен қытайлықтардың өздері игеретін қытай инвестициясы Орталық Азия елдерін одан әрі қарызға батырып, Қытайдың осы өңірдегі экономикалық ықпалын арттырады.

ҚЫТАЙ «АЙДАҺАРЫ»

Дүниежүзілік дағдарыстың беті қайтпағанына қарамастан Қытай экономикасы қарыштап дамып келеді. Биылғы алғашқы алты айда Қытайдың жалпы ішкі өнімінің өсімі 11,1 пайызды құраса, инфляция небәрі 2,6 пайыз ғана болды, ал бөлшек сауда көлемі өткен жылмен салыстырғанда 18,2 пайызға ұлғайды. 2010 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімі жөнінен қытай экономикасы жапон экономикасын артқа тастап, 1,34 триллион доллар көрсеткішпен әлемде екінші орынға шықты.

Соңғы он жыл ішінде Қытай экономикасы Ұлыбритания, Германия және Франция экономикасын басып озды. 2030 жылы қытай экономикасы әлемде бірінші орынға шығуы мүмкін. Алтын валюта қоры бойы бойынша Қытай дүниежүзінде бірінші орында. Орталық барлау басқармасының мәліметтеріне қарағанда 2009 жылы Қытайдың мемлекеттік қарызы жалпы ішкі өнімінің 16,9 пайызын құраған.

Тікелей инвестиция көлемі жөнінен Қытай өткен жылы әлемде бесінші орынға шықты (56,5 миллиард доллар). Бұл тұрғыда 2008 жылы он екінші орында тұрғанын айтсақ та жеткілікті. Соңғы жылдары қытайлықтар Африка елдеріне, сондай-ақ Нигерия, ОАР, Ангола, Мозамбик, Судан, Аргентина, Боливия, Венесуэла, Перу, Колумбия секілді пайдалы қазбалардың үстінде отырған мемлекеттерге қатысты аса белсенді инвестициялық саясат жүргізді. Әрине бұрынғы Совет елдері де Қытай назарынан қаға берісте қалмады.

Қытайдың коммерция министрі Чэнь Дэмин «әлі де біраз уақытқа дейін әлемдік валюталар арасында доллар үстемдік етеді, алайда біртіндеп юань да оған балама валютаға айнала бастайды» деген пікірде.

Әзірге АҚШ пен Қытай арасында юань курсының қолдан төмендетілуіне (әлсіз юань) байланысты біршама кереғарлықтар бар. Әлсіз юань – Қытайдың өз экономикасын ынталандыру жолында берік ұстап отырған шараларының бірі. Таяу күндері Шанхай биржасында ресейлік рубль мен қытай юаньының айырбас операциясы басталуы ықтимал. Қытай шетелдердегі жобаларды юань арқылы қыржыландыру тәсілін белсенді пайдалануға көшті.

Қытайдың жоғары экономикалық өсімінің басты қуаты - арзан жұмыс күші екені даусыз. Тәуелсіз зерттеуші Лю Чжижунның пікіріне қарағанда Қытайдағы ең төменгі табыс орташа әлемдік деңгейдің 15 пайызына да жетпейді. Және бұл жағдаят әлі де жиырма, отыз жылға дейін сақталатын болады.

Қытайдың әртүрлі провинцияларындағы заңмен бекітілген ең төменгі жалақы 50 доллар мен 150 доллардың арасында. Дәл осының есебінен қытай тауарлары кез-келген бәсекеге төтеп беріп отыр. Өз тауарларының рыногынан айырылып қалмас үшін Қытай жалақыны күрт аспандатып жібермей, біртіндеп көтеруге тырысады. Соған орай тауарларды ішкі сұранысқа қарай бейімдеу жөнінде шаралар жүзеге асырылып жатыр.

Орталық барлау басқармасының мәліметтеріне қарағанда, 2009 жылы Қытайдағы жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) жан басына шаққанда 6,6 мың долларды құрап, дүниежүзінде 128 орынға тұрақтады. Салыстыру үшін Еуроодақ елдерінің жалпы ішкі өнімі жан басына шаққанда 32500 доллардан келетінін айта кетуге болады. Сондай-ақ дүниежүзілік қаржылық дағдарыс ішкі қоры таусылуға жақындаған әлемдегі жетекші экономикалардың осал тұстарынан әлі де осылай ойсырата ұра беретінін, ал Қытай экономикасына әрі қарай өсуге қажетті аса зор ішкі қорының әлі де болса мұрты бұзылмағандығын ескеріп қойған жөн.

ЖІӨ бойынша Еуропадағы орташа деңгейге жету үшін Қытайға жалпы ішкі өнімін әлі де бес есе ұлғайту керек. Егер жылына дәл қазіргідей 10 пайыздық өсіммен дамитын болса, ол көрсеткішке жету үшін Қытай экономикасына шамамен жиырма жылдай уақыт керек.

ҚЫТАЙ ОРТАЛЫҚ АЗИЯДА

Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы халықаралық энергетикалық агенттіктің есебінше энергия тұтыну жөнінен Қытай АҚШ-ты басып озып, әлемдегі ең ірі мемлекетке айналды деп хабарлайды Би-Би-Си агенттігі.

Өз экономикасын одан әрі дамыту үшін Қытайға мұнан әрі де мол қуат көзі мен шикізат ауадай қажет болады. Сондықтан Қытай инвестициясының алдында тұрған бір ғана идеологиялық міндет бар, ол - өз экономикасын дамыту. Сол себепті Орталық Азия елдеріндегі минералдық қорларды іздестіру мен игеру ісіне белсене қатысып келеді.
Қазақстан, Түркіменстан, Өзбекстан және Қытай
президенттері "Түркіменстан-Қытай" газ құбырының
ашылу салтанатында. Түркіменстан, 15 желтоқсан 2009
жыл.

Мұнай, газ, көмір, темір, қорғасын, мырыш, титан, алтын, күміс секілді пайдалы қазбаларды қойнауына басып жатқан Қазақстан – Қытай инвестициялық саясаты үшін іздегенге сұрағандай болып отыр.

Қазақстанның мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаевтың бір топ депутаттардың сауалына қайтарған жауабына қарағанда, Қазақстанда қытай капиталының 50-100 пайыз арасындағы үлесі бар 15 мұнай-газ компаниясы жұмыс істейді (одан да аз үлестері бар компаниялар жеткілікті). Бұл компаниялар өндіретін мұнайдың жалпы жиыны биыл 25 миллион тоннаға жетпек. Ал Қазақстанда өндірілетін мұнайдың жалпы көлемі бас-аяғы 80 миллион тонна екенін ескерсек, онда қытайдың үслесі 31 пайызға жетіп қалғанын қарапайым арифметикамен есептей салу қиын емес. Яғни аз ба, көп пе – үштен бірі деген сөз.

Қазақстандағы қытай инвестициясы тек жылу-энергетикалық саламен ғана шектеліп отырған жоқ. Сондай-ақ тау-кен өнеркәсібі, сауда және қаржы секторында да қытай инвестициясының салмағы ауырлап келе жатқаны байқалады. Ал Қазақстандағы қытай инвестициясы біртіндеп батыс инвестициясын ығыстырып бара жатқаны мәлім. Бұл ретте инвестициялар дегеніміз сыйға берілген ақша емес, кейін еселеп қайтаруды талап ететін кредит түрінде келіп жатқанын ұмытпау керек.

Қытайдың Түрікменстандағы ең басты міндеті – жергілікті газдың бірден-бір тұтынушысына айналу. Түрікменстан-Өзбекстан-Қазақстан-Қытай газ құбыры іске қосылғаннан кейін Қытайдың Түрікменстандағы экспансиясы басталды деуге болады. Қытай бұл құбырға тағы бір тармақ қосып, жалпы қуатын 60 миллиард текше метрге дейін жеткізуді көздеп отыр. Оның 50 миллиарды түрікмен газына тиесілі болмақ. Бұл ретте де ұзақ мерзімді кредиттер біршама рөл атқарғаны анық.

Оңтүстік Йолотан кенішін жабдықтау үшін Қытай Түрікменстанға жеті жылға есептелген төрт миллиард долларды жеңілдетілген кредит ретінде бөліп тастады. «Түрікменгаз» қытайлық CNPC компаниясымен осы газ кенішін жабдықтау үшін төрт сервистік келісімшартқа қол қойды.

Айтпақшы, Ресей жағынан Түрікменстанның Қытаймен арадағы газ жөніндегі ынтымақтастығына қарсылық жоқ. Биыл Түрікменстан Ресейге газдың текше метрін 190 доллардан, Иранға 170 доллардан, Қытайға 120 доллардан сатады. Яғни ең төмен бағамен сатып алушы да – Қытай.

2010 жылдың маусымында ҚХР төрағасы Ху Цзиньтао Қытайдың Өзбекстанға екі миллиард доллар инвестиция салатыны туралы келісімге қол қойды. Сондай-ақ CNPC компаниясы жылына 10 миллиард текше метр табиғи газ сатып алатыны туралы «Өзбекмұнайгазбен» екеуара келісімге отырды.

Тәжікстанға кредит есебінен қытайлықтар энергетикалық секторға, тау-кен өнеркәсібі мен жол саласына дендей енуде. Қытайдың Тәжістанға құйған қаржысының көлемі бір миллиард долларға жетті. Экономикасы әлжуаз ел үшін бұл аз қаржы емес екені түсінікті.

Кредит түрінде берілетін және оны басқаға игертпей, тек өздері ғана игеретін қытай инвестициясы Орталық Азия елдерін қарызға батырып, осы өңірдегі Қытай экономикасының тегеурінін нығайта түсуде.

БАТЫСТАҒЫ ҚЫТАЙ ЭКСПАНСИЯСЫ

Еуропа елдерінің қазіргі экономикалық жағдайы Қытайдың Еуропаға жасағалы отырған экономикалық экспансиясына аса қолайлы шарттар туғызып берді. Соңғы жылдар ішінде Қытай Батыс экономикасына бірнеше ондаған миллиард доллар ақша салды. Еуропадағы Қытай инвестициясы салыстырмалы түрде алғанда онша жоғары болмаса да, оның ұдайы өсу үстінде екенін байқауға болады.

«Еуропадағы дағдарысқа қарамастан Қытай Еуропа рыногына салатын инвестиция қарқынын төмендетпек емес. Ал еуро осыған дейін қытай инвестициялық мүддесінің аса маңызды нысаны болып келді және мұнан кейін де солай қала береді» – деп мәлімдеді ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Вэнь Цзябао биылғы шілдеде Германия канцлері Ангела Меркельен Пекиндегі кездесуінде.

Қытай Еуроодақ экономикасының әлсіз тұстарын іздестіріп, қолайлы тұсынан кіруге тырысуда. Мысалға Грекия, Португалия, Италия секілді өзге де еуропалық елдердегі құнды қағаздарды жаппай сатып алып жатқанын айтуға болады.

Грекияда қытайлық China Ocean Shipping Company (Cosco) мемлекеттік компаниясы Пирей контейнер порттарындағы пирстердің бірін 34 жылға жалға алғаны үшін 3,4 миллиард еуро төледі. Тамыз айының бас кезінде қытайлық Geely компаниясының шведтік Volvo концернінің акциялар пакетін сатып алу рәсімі аяқталды. Егер Қытай Оңтүстік Америка, Африка және Орталық Азияны шикізат отарына айналдыруды көздесе, Еуропада (Ұлыбритания, Германия, т.б. елдерде) қытай бизнесі қайткенде де ең соңғы жаңа технологияларды сатып алуға жанталаса ұмтылуда және еуропалық ғылыми-техникалық орталықтарда қандай да бір тапсырыстар орындауға тырысуда.
Қытайдың экспортық мүмкіндіктері жалпы жұртқа мәлім. Ал Қытай импорттайтын заттардың тізімінде дамушы өнеркәсіпке қажетті машиналар, станоктар мен өзге де технологиялық құрал-жабдықтар ғана бар. «Қытайға жасалған тікелей шетелдік инвестициялар биыл алғаш рет жүз миллиард доллардан асқалы тұр...» деп хабарлайды ресми бұқаралық ақпарат құралдары.

Қытай шикізатқа бай елдерде қатысты жаңа отаршылдық саясатын күшейтіп қана қоймай, сонымен бірге батыстық инвестиция мен технология есебінен өз өнеркәсібін тез арада техникалық тұрғыдан қайта жабдықтау мен күшейту арқылы да өзге елдерді экономикалық тұрғыдан экспансиялауға мықтап кірісті.
XS
SM
MD
LG