Қазақстанға деген сенімсіздікке қарамастан Канада оған жаңа ядролық технология сатпақшы

Атом электр станцияларына арналған қатты отын. Үлбі металлургиялық зауыты. Өскемен, 10 мамыр 2004 жыл.

Канада Қазақстанға ядролық реакторлық технологияны сату жөніндегі сауда келісіміне қол қойды. Республиканы шырмап алған жемқорлық пен адам құқықтарын бұзу мысалдарын алға тартқан жекелеген сарапшылар бұл жобаның бейбіт мақсатта пайдаланылатындығына күмән білдіріп жатыр.
РЕАКТОРДЫҢ БАҒАСЫ ТӨРТ МИЛЛИАРД ДОЛЛАРДАН АСАДЫ

Ядролық энергетика саласындағы Қазақстан мен Канада арасындағы сауда келісімі жөнінде «Global Finace» сайты жазады. Келісім – шарт Cameco (CCJ) тәрізді Канада корпорацияларына Қазақстанның ядролық нарығының қақпасын ашып беріп отыр. Аталған компания өкілі кәсіпорынның Қазақстанда уран өндірісін ұлғайту жайлы жоспары бар екенін мәлімдеді. Сонымен қатар ол компания Қазақстанда алғаш рет салынғалы отырған уранды дайын ядролық отын түрінде өңдейтін өндірістік кешен салу жобасын да қолға алмақ екендігін тілге тиек еткен.

Сайт Қазақстанның былтыр өзінің жылдық уран өндірісінің көлемін 30 пайыздайға – яғни 8,5 мың тонна мөлшеріне дейін - арттырып, әлемде осынау кенді өндіру жөнінен екінші орынға көтерілгенін жазады. Ал қазір әлемде уран өндіру жөнінен бірінші орынды Канада иемденіп отыр. 2008 жылы Канада 9 мың тонна көлемінде уран кенін өндірген.

Басылымның айтуынша, атом энергетикасы мен ядролық машина жасау саласында жұмыс істейтін Канада компаниялары да аталған келісім – шарт нәтижесінде табыстарға кенелмекші. Бұл компаниялар тізіміне ядролық құрал-жабдық өндіріп, сатумен айналысатын Канаданың мемлекеттік атом компаниясы Atomic Energy of Canada Ltd. да енеді.

Компания өзінің электр энергиясын өндіру үшін қолданылатын «Candu» атты ядролық реакторларын бірқатар елге, соның ішінде Аргентина, Оңтүстік Корея, Қытай мен Румынияға сатқан. Жоғарыда аталған келісімнен кейін Қазақстанға да осы аталған компанияның тағы бір клиентіне айналудың сәті түсіп отырған сыңайлы. Atomic Energy of Canada өкілі Дейл Коффиннің айтуынша, әрбір реактордың құны 4 миллиард доллардан асып түседі екен.

«World Nuclear News» басылымының жазуына қарағанда, Канаданың халықаралық сауда министрі Стоквэлл Дэй жоғарыда аталған келісім – шарт Қазақстанға сатылған кез келген ядролық материал, құрал-жабдық немесе технологияның тек бейбіт мақсатта пайдаланыларына кепілдік беретінін мәлімдеген.

2008 жылдың маусымында, деп атап көрсетеді сайт, «Қазатомөнеркәсіп» пен Cameco компаниялары «Үлбі Конверсия» атты кәсіпорын құру туралы келісімге келген болатын. Аталған кәсіпорын Өскеменде жылына 12 мың тонна уран гексафторидін өңдеумен айналысатын болады деп келісілген еді. Cameco кәсіпорынның акция пакетінің 49 пайызын иеленеді деп шешілген болатын. Сонымен қатар, канадалық компания кәсіпорынды жаңа технологиямен жабдықтайды деп жоспарланған еді.

Басылым Канада мен Қазақстанның бүгінде дүниежүзілік нарықтағы ең ірі уран өндіруші елдер болып табылатынын жазады. Қазақстан биыл Канаданы артқа тастап әлемдегі ең алдыңғы орынға шығуы тиіс. Қазақстан түйіршіктелген уран отынын өндіретін ірі зауытты салып та алған әрі 2015 жылға қарай халықаралық отындық уран нарығындағы сұраныстың отыз пайызын қанағаттандыру мұратын өзіне мақсат етіп қойып отыр. Сонымен қатар, Қазақстан өзінің уран экспортын үсті – үстіне арттыра бермек, деп жазады сайт.

Халықаралық сауда министрі Стоквэлл Дэй Канаданың Қазақстанда уран өндіру саласында ғана емес, мұнай мен газ өндіру саласында да іс-әрекетін жандандырмақ ниеті бар екендігін айтып отыр, деп хабарлайды «Reuters».

Мұнымен бірге, Стоквэлл Дэйдің айтуынша, Канаданың Қазақстандағы магистралдық құбырлар жүйесіне қызмет көрсету саласында да өзінің белсенділігін өрістетпек боп отырғандығын мәлімдеген. Канада дүниежүзілік ядролық реакторлар нарығындағы сұраныстың 10 пайызын қанағаттандырып келеді. Жыл сайын елдің ядролық өнеркәсібі көлемі 1,2 миллиард канада долларын құрайтын өнім мен қызметті экспортқа шығарып отыр, деп жазады агенттік.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ АХУАЛЫНЫҢ СЕБЕБІНЕН КАНАДАДА ЖОБАҒА ҚАТЫСТЫ АЛАҢДАУШЫЛЫҚ БІЛДІРУДЕ

«Canada.com» сайты Қазақстан тәрізді елдерге ядролық технологияны сату жөніндегі сауда келісімінің соңы жақсылыққа апармауы мүмкін деген жекелеген сарапшылар пікірін келтіреді. Британ Колумбиясы университетіндегі халықаралық құқық пен саясат саласының мәселелерін зерттеу тобының төрағасы Майкл Байерс ядролық технологияны Қазақстанға сату ядролық қаруды таратпауды қамтамасыз ету ісіне бөгет болатын үлкен қауіп деп мәлімдеп отыр.

Келісім – шартқа қарсылық танытқан кей сынаушылар радиоактивті материалдың Қазақстаннан контрабандалық жолмен шетке шығарылуының мүмкін екенін айтуда. Олардың сөзіне қарағанда, технология Қазақстаннан әкетіліп Ауғаныстан арқылы өтетін заңсыз тасымал жолымен дүниежүзілік қару-жарақ «көлеңкелі базарында» саудаға түсіп кетуі ықтимал. Олар Нұрсұлтан Назарбаев билеген уақыт ішінде Қазақстанда адам құқығын бұзу мен жемқорлыққа қатысты көптеген оқиғалардың орын алғандығын тілге тиек етіп жатыр, деп атап көрсетеді «Канада.ком».

Дегенмен де министр Дэй ядролық технологияны экспорттауда Канадамен бәсекеге түсіп отырған басқа дамыған елдердің, соның ішінде АҚШ пен Францияның, Қазақстанмен осындай келісім – шартты бұрынырақта жасасып қойғандығын көлденең тартып, уәж айтқан.

«Егер біз бұл келісім – шартты жасаспағанда, Atomic Energy of Canada Ltd. компаниясы ол Қазақстанның нарығына жіберілмес еді», - депті министр Стоквэлл Дэй.