Қазақстаннан тоғыз айлық сәбиді асырап алмақ болған америкалық колледж профессоры Ребекка Комптон мен оның күйеуі адвокат Джереми Мейерға түрлі қиындықтардан өтуге тура келді.
Тараз, Қазақстан. Өңі жүдеу тартқан тоғыз айлық сәбидің қолдарына тигеніне бір жылдай уақыт болып еді. Филадельфиядан шалғайда жатқан Орталық Азиядағы жетімханаға келген олар сәбиді бір көргеннен ұнатып қалады.
НҰХ ЕСІМДІ СӘБИ
Баланы асырауға алуға дейінгі процестің машақаты мол болады деп ойламаған колледж профессоры Ребекка Комптон мен оның күйеуі, кәсіподақтар адвокаты Джереми Мейерға Нұхтың бейкүнә көрінгені рас деп жазады «Интернешнл Гералд Трибюн» басылымында жарық көрген мақала авторы Дж. Леви Клиффорд.
Дегенмен, бұл күндері Қазақстан, Ресей мен бұрынғы советтік мемлекеттердің біразында бала асырап алу стандарттары дұрыс сақтала бермейді, әсіресе асырандының жай-күйі көпшілікке беймәлім күйінде қалып қояды. Мәселен, сәуір айында ресейлік жеті жасар баланы АҚШ-тан асырап алған ата-анасы Мәскеуге әкеп тастауы адам қынжылтарлық жай болды.
Р.Комптон мен Дж.Мейердің өз елдеріне Нұхпен бірге баратын болдық деп ойлаған. Алайда, алдарынан кедергілер шыға бастады. Қазақстан билігі баланы асырауға беруден бас тартты.
Алайда, ерлі-зайыпты екеу алған беттерінен қайтпады.
Бірнеше ай Қазақстандағы бала асырап алу бюрократиясымен бас ауыртып жүргенде жұмыстарын тастауға мәжбүр болған олар бір үміт, бір күдікпен баланы асырап алуға шындап бел буады.
«Жаныма жақын нәрседе көмексіз қалғаныма қатты қынжылғаным бірінші рет болып тұрған шығар», - дейді Комптон ханым.
БАЛА АСЫРАП АЛУДЫҢ ҚИЫНДЫҒЫ
Америкалық отбасы тап болып отырған кедергілер постсоветтік мемлекеттерде бала асырап алудың өте қиындап бара жатқанын көрсетеді.
Бұл жиырма жыл бұрын Совет Одағы құлағаннан бері қарайғы болашақ ата-аналардың пешенесіне жазылған ахуал болып келеді. Постсоветтік елдердің жағдайы бір қалыпқа түсіп келе жатқандықтан, оларда өз балаларын шет елдіктердің асырауына беруді тоқтату мәселесі жиі қаралып жүр.
Дегенмен, аталған мемлекеттерде жетім балалар үйінің саны артып келеді, әзірше, тек балалардың болашағы төңірегіндегі талқылаулар күн тәртібінен ұдайы түспей келеді. Билік жетім балаларды жергілікті ата-аналардың өздерінің бағып қағуын жөн көргенімен, ондай мейірімді жандар Қазақстан мен Ресейдегідей көп емес.
Гәп жетім балалар үйлеріндегі жай-күйдің нашарлығында емес, басқада. Мәселен, Тараз қаласындағы жетімдер үйінің бірі өте таза, барлық жағдай жасалған, балалар да бақытты көрінеді. Бірақ сарапшылар жетімдер үйі бәрібір отбасындағыдай болмайды деген пікірде.
Р.Комптон өткен жылы көп уақытын ежелгі Жібек Жолы бойындағы Тараз қаласында өткізген. Айлар бойы осында болған ол жетімханаға Нұхты көру үшін күнбе күн барып жүрді.
Мерзімінен ерте дүние есігін ашқан Нұх туа бітті дұрыс дамымай қалған болатын. Алайда, америкалық ата-анасының ұдайы бағып-қағуы мен назар салып отыруының арқасында ол қимылға келе бастайды. Р.Комптон жетімдер үйіне кейінгі рет барып, Нұхқа кітап оқып кергенінде, ол күліп, еңбектей бастайды, құдды бір анасы мен баласындай дерсің.
«Мен жетімдер үйінде болып, Нұхқа бауыр басқан сайын, оның заңдық тұрғыдағы машақатын, немесе қанша уақыттан бері Таразда жүргенімді есіме алып жатпаймын. Тек сәбиді асырауға алсам деймін».
Алайда, оның жетімдер үйіндегі қуанышты кездері ұзамай кілт үзіліп, оған баруды тоқтатуына тура келді.
Соңғы айларда түні бойы көз ілмейтін Р.Комптон қайғыдан не күлерін, не жыларын білмей дал болуда. Бірде түсінде Нұхты құшақтап жатқанын көрген ол, кенет одан көз жазып қалады, сосын сәбиді қайтадан өзінің қасынан тауып алады. Мөлдір қара көздерімен оған емірене қарап тұрған Нұхты анасы атын атап шақырады, бірақ ол қайтадан ғайып болып кетеді.
Шет елдіктердің Қазақстаннан бала асырап алуы негізі өте қиын емес. Бірақ Р.Комптон мен Дж.Мейер сондай бір қиын кезеңге тап болған.
БАЛАЛАР ӨЛІМІ
Ерлі-зайыпты екеуі бала асырап алу қамымен жүргенде, қаңтар айында Нью-Йорктік ұшақтардың иегері Вооди Джонсонның қызы Кейзи Джонсон қайтыс болады. 2007 жылы Тараз қаласынан бала асырап алған В.Джонсонның өмірі шым-шытырық болған.
Ал, асырап алған қызының өлімі Қазақстанда бала асырап алуға рұқсат етілуі керек пе деген үлкен сұрақ тудырды. Билік бұған аса сақтықпен қарап, баланы шет елдіктердің асырауына беруді біршама азайтты.
Кейін, сәуірде жеті жасар ресейлік асыранды баланы Америкадан бағып алған анасы Мәскеуге қайтарып берді. Кремль ендігі жерде Вашингтоннан асыранды балаларға қатысты жаңа қауіпсіздік шарттарын талап ете бастады. Бұл бұрынғы советтік елдерге де өз әсерін тигізбей қоймады.
ҚАЗАҚ ЗАҢНАМАСЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ
Мамыр айында сот Р.Комптон мен Дж.Мейердың Нұхты асырап алуға берген өтінішттерін қанағаттандырмады. Сот жетімдер үйі Нұхты қандай да бір қазақстандықтың асырап алуы мүмкін екендігін әлі анықтамады деген уәж айтқан. Пенсильваниядағы Хаверфорд колледжінің психология факультетінің басшысы 40 жастағы Р.Комптон мен Дж.Мейер Қазақстанның заңнамалық жүйесімен толық жұмыс істей алмаған.
Мұндағы қазақ немесе орыс тілін білмейтін олар аудармашыларға, кеңесшілер мен адвокаттарға тәуелді болған. Өткен айда Пенсильванияға жұмысына қайтуға мәжбүр болған Дж.Мейер: «Біз мұнда не болып жатқанына толық көзімізі жетіп отырған жоқ» дейді.
Ал Қазақстандағы үкіметтік балалар омбудсмені Раиса Шер Тараз қалалық сотының уәжі заңдық тұрғыда дұрыс деп санайды. Ол Қазақстан өз балаларын елде қалдыруға бар күшін салып жатқанын, балалардың шет елдіктердің асырауына тек қазақстандық ата-аналардан еш қайран болмағанда ғана берілетінін айтып өтті.
«Мемлекеттің өз балаларын бауырына ала алмағандығынан асқан бақытсыздық болмайды. Дегенмен, біз шет елдіктердің бала асырап алуға жол беруді уақытша нәрсе деп санаймыз» - дейді ол.
СОТ ШЕШІМІ
Қазақ билігі Р.Комптон мен Дж.Мейерға тіпті Нұхтан басқа баланы асырап алу жөнінде ұсыныс берген. Өз ата-анасы өзекке тепкен баланы бөтен біреу бағып жарытпайды деген сыңайдағы сөзді естіген олар кәдімгідей реніште.
Дегенмен, қыркүйекке қарай жақсы хабардың шеті көріне бастағандай болды. АҚШ үкіметі мен Р.Комптон мен Дж.Мейерді қолдаушылардың күш салуымен жергілікті сот ел азаматтары бала асырап алуға ниет білдірмеген жағдайда ерлі-зайыптылардың Нұхты асырап алу жөніндегі өтінішін қайта қарайтындығын мәлімдейді.
Тараздан жақсы жаңалық күткен ерлі-зайыптылар арада талай түнді ұйқысыз өткізеді. Осы қыркүйек айында сот баланы асырауға беру жөнінде алдын-ала шешім қабылдайды.
Ал өткен аптада ақтық соттың ақтық шешімі олардың пайдасына шешіліп, ерлі-зайыптылар жетімханадан өз отбасыларының жаңа мүшесі, ендігі бір жарым жастан асқан Нұхты алып кетеді. Олар Қазақстаннан бала асырап алудың қиындығын тартып жүрген басқа шет елдіктерге де осындай жеңілдік болады деген сенімде.
Р.Комптон мен Дж.Мейердің біраз уақыт Қазақстанда қалуларына тура келгенімен, олар отбасыларының қуанышын басқа жақта тойлайтындықтарын айтты.
Олардың отбасылық қуанышы қазақ тілінде «Алданыш» мағынасын білдіретін Нұх есімімен есте қалады дейді ерлі-зайыптылар.