Қазақстан алда келе жатқан ЕҚЫҰ төрағалығына қатысты материал даярлау үшін жалдаған американдық сарапшылар тобы өз жұмысын аяқтады. Баяндамада Қазақстанның даулы беделіне оң баға берілген.
АҚОРДА ТӨЛЕГЕН 290 МЫҢ ДОЛЛАР
Қазақ-американ сарапшылар тобының іс-әрекеті Вашингтондағы консультативтік орталықтар – Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығы мен Жаңа демократиялар институты жетекшілігі арқасында іс жүзіне асырылды, деп жазады журналист-фрилансер Джошуа Кучера «Евразиянет» сайтында. Онлайн-басылым Қазақстан үкіметінің аталған топқа 290 мың доллар көлемінде қаржы төлегенін әрі осы топтың шешімдері мен кеңестерінің әділдігіне қатысты күмән пайда болып отырғандығын хабарлайды.
«Қазақстан және ЕҚЫҰ-ның адами өлшемі» деп аталатын еңбекті құрастырушылар баяндамада басты назарды екі мәселеге аударған. Оның әуелгісі жиі сынға ұшырап жүрген әрі ЕҚЫҰ-ның құрылымындағы айрықша мекеме болып табылатын Демократиялық мекемелер мен адам құқықтары жөніндегі бюроның (ДМАҚБ) болашағымен байланысты. Ал екіншісі Қазақстандағы демократияландыру процесіне қатысты болып отыр.
«Қазақстан ДМАҚБ-ның мақсаты мен мандатын орындауды қамтамасыз етуге уәде берді», – деп атап көрсетіледі құжатта. ДМАҚБ-ның сайлауларды бақылауы соңғы жылдар ішінде Ресей мен бұрынғы ССРО-ның басқа да мемлекеттері тарабынан үсті-үстіне сынға алынып келеді. Аталған сынаушы мемлекеттердің бәрінде – мұның ішінде, әрине, Ресей де бар – әлі күнге дейін авторитарлық режимдер үстемдік құруда.
Құжат ауторлары былай деп жазады: «Қазақстан Республикасы өзінің саяси жүйесін демократияландыру жолымен жүйелік реформалар бағыты бойынша ілгерілеуге қол жеткізем деп міндеттеме алған болатын».
Қазақстанда ЕҚЫҰ-ның іргетасы болып есептелетін екі негіз – демократияландыру мен адам құқықтары саласында әжептәуір күрделі ахуал қалыптасып отыр. Адам құқықтарын қорғаушылардың пікіріне қарағанда, Қазақстан өзі міндеттенген саяси жүйені либералдандыру жөніндегі уәдесін әлі орындамай келеді. Ал дәл осы уәде кезінде бұл елдің ЕҚЫҰ-ның төрағасы болып сайлануына жол ашып берген басты себеп болған еді, деп жазады «Евразиянет» сайтындағы мақала ауторы Джошуа Кучера.
«ЕШҚАНДАЙ МӘН-МАҒЫНАСЫ ЖОҚ БОС СӨЗ»
Қазақстан өзінің ЕҚЫҰ-ға басшы болуға лайық екенін Вашингтондағы сыртқы саяси топтарға дәлелдеу үшін белсенді түрде жұртшылықпен байланыс саласындағы науқанды өрістетуді қолға алды. Бұл істе Қазақстан лоббистерден көмек алып, баяндама жазып бергені үшін арнайы консультативтік орталықтарға екі мәрте ақша төлеген еді, деп жазады Джошуа Кучера.
ABC News американдық жаңалықтар агенттігінің хабарына қарағанда, 2008 жылы Астана 3 баяндаманы жазып, даярлау мақсаты үшін Орталық Азия мен Кавказ институтын жалдапты.
Сарапшылар тобы даярлаған жаңа баяндаманың кеңестер бөлімінде ЕҚЫҰ үшін 4, ал Қазақстан үшін бір ұсыныс бар екен.
Соңғысының мәні мынаған келіп саяды: «Қазақстан қоғамын демократияландыруға бағытталған іс-әрекетке қарқын беру, 2009-2012 жылдарға арналған Адам құқықтары саласындағы шаралардың мемлекеттік жоспары мен Қазақстан Республикасындағы құқықтық саясат тұжырымдамасын іс жүзіне асыру арқылы саяси алуандықты тереңдету әрі адам құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету».
Өз аты-жөнін атамауды өтінген бір сарапшының айтуынша, бұл кеңестің «мағынасы жалпылама сипатта екендігі сонша, ол мәнсіз, бос сөзге айналып кеткен». Оның сөзіне қарағанда, фактографиялық тұрғыдан алғанда, негізінен баяндама ақиқатқа сай болғанымен, онда Қазақстан жетістіктерінің өзге қырын көрсететін кей нәрсе еленбей қалған, деп жазады Джошуа Кучера.
Мәселен, саяси партиялар жөніндегі заңнама реформасын сөз ете келе, баяндама ауторлары бұдан былай партия құру үшін оның 50 мың емес, бар болғаны 40 мың мүшесі болғаны жеткілікті деп атап көрсетеді. «Алайда онда 2002 жылға дейін бұл үшін бар болғаны бір жарым-ақ мың адамның қол қоюының ғана қажет болып табылғаны айтылмаған», – дейді сарапшы.
МАРГАРИТА АССЕНОВА ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ДАҒДАРЫС ТУРАЛЫ
Баяндама желтоқсан айының 3-күні Вашингтондағы Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының кеңсесіндегі жиылыста жұртшылықтың назарына ұсынылды. «Қазір Интернет пен бұқаралық ақпарат құралдары бостандығы жөніндегі заңның атына бағытталған көптеген сыни пікір айтылып жатыр. Біз бұдан құлағдармыз әрі бұл жайлы отырыстарымызда пікір алысамыз, себебі бұл өте маңызды тақырып», – деп мәлімдейді Жаңа демократиялар институтының жетекшісі Маргарита Ассенова.
Сайлау, саяси партиялар мен бұқаралық ақпарат құралдары жөніндегі заңдарды либерализациялауды қоса алғанда, Қазақстанның өз мойнына алған міндеттемелері тек «ішінара ғана орындалса да», тұтастай алғанда ел «дұрыс бағытта жылжып келеді», деген пікір білдіреді Маргарита Ассенова.
Осы орайда ол өз пікірін білдіре отырып, Қазақстан билігі өз мойнына алған міндеттерінің кейбірін неге орындамай кеткенінің себебін айтқан, деп жазады Джошуа Кучера.
«Менің пікірімше, ішінара мұның себебі дәл осы тұста сап ете қалған экономикалық дағдарыс болып табылады. Қазақстан қоғамдағы тұрақтылық және елді әлеуметтік экономикалық өзгерістердің тұрақсыздандыра алуы мәселесіне қатысты айрықша сезімталдық танытып отыр.
Бұл ақталу емес, бұл түсіндіру. Мен осы аймақтың дипломаттарынан да нақ осы аталған жағдайдың Мадридте мойнына алған міндеттемесінің баршасын орындауды республиканың баяулатуының себебі болғанын естідім. Мен сонымен қатар, осы мәселеге қайтып оралып, бұл міндеттеменің барлығын толық орындау жөніндегі жоспардың бар екені жайлы да естіген едім», – дейді Маргарита Ассенова.
АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ ҚЫМБАТ ПА, ӘЛДЕ ҚАУІПСІЗДІК АРТЫҚ ПА?
Тұрақсыздық етек алып кетеді деген қорқыныш реформаны кейінге қалдыруға себеп бола алмайды, деп санайды Джордж Мейсон университетінің Орталық Азия жөніндегі сарапшысы Эрик МакГлинчи. «Егер дәл солай бола қалған күннің өзінде, егер олар «тұрақсыздық» мәселесінен үрейі ұшып отырса да, оның өзі үкіметтің биліктен айырылу мүмкіндігін білдірмей ме? Ал бұл демократиялық елдердегі кәдімгі, жиі болып тұратын нәрсе емес пе!» – дейді ол.
Сарапшылар тобының тағы бір өкілі, Джеймстаун қорының сарапшысы Владимир Сокордың айтуынша, алда тұрған ЕҚЫҰ төрағасы
Джеймстаун қорының сарапшысы Владимир Сокор Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалығына арналған жиынға қатысып отыр. Астана, 28 қазан 2009 жыл.
болу кезеңінде Қазақстан аталған ұйымның қауіпсіздік саласындағы жұмысын жетілдіру мүмкіндігіне де ие болмақшы.Соның ішінде, деп атап көрсетеді ол, Ресейдің Днестр бойындағы, Абхазия, Оңтүстік Осетия мен Таулы Қарабақтағы қырқысып жатқан топтар арасындағы үшінші тарап боп отырғаны аталған қақтығыстарды реттеудегі ЕҚЫҰ рөлін арттыруға бөгет боп келеді. ЕҚЫҰ мүшесі болып табылатын барлық елдер тәрізді Ресей де аталған ұйымның іс-әрекетіне тыйым салу құқына ие.
Дегенмен, Қазақстан бұл жайтты өзгерте алмаса да, ол өзінің ЕҚЫҰ төрағалығын кей маңызды мәселеге назар аудару үшін қолдана алады. Бұл мәселелердің ішіне аталған қақтығыс нәтижесінде туған этникалық тазарту, аумақтық бүтіндік және Ресейдің бұл қақтығыстардағы бітімгершілік белсенділікке қатысты орнатқан монополиясын жоюдың қажеттігі де еніп отыр.
Сарапшының пікіріне салсақ, Қазақстан ЕҚЫҰ-ның Украинаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде де белсендірек рөл атқаруға қол жеткізуіне мұрындық бола алады. Бұған, басқа шарамен қатар, Украина мен Ресей арасындағы қарым-қатынастардың шиеленісіп кетуінің басты көзінің біріне айналған Қырымдағы ахуалды бақылап отыратын миссияны құру арқылы қол жеткізіле алмақшы.