«Тасжарған» басылымының бас редакторы Бақытгүл Мәкімбайдың жеке дүние-мүлкі қатталып тәркіленуі мүмкін, ал газеттің бұрынғы журналисі Гүлжанат Шонабай айыппұл төлеуден бас тартады.
Газет пен оның тілшілеріне ұлтаралық алауыздық туғызды деген айып тағылуда.
«МЕН ЕСІКТІ АШҚАН ЖОҚПЫН...»
Тәуелсіз журналист, «Тасжарған» басылымының бас редакторы Бақытгүл Мәкімбай дүйсенбі күні өзіне Алматының Әуезов аудандық сот әкімшілігі орындаушыларының келгендігін айтады.
- Маған келген адамдар өздерін сот орындаушылармыз деп таныстырды. Аты-жөндерін білмеймін. Мен есікті ашқан жоқпын. Тек есіктің көзінен көріп, сөйлестім. Олар маған егер әкімшілік жаза ретінде тағайындалған 300 айлық көрсеткіш айыппұлды өтемесем, жеке мүлкімді арестке алу қаупі бар екендігін айтты, – дейді бас редактор.
Осыдан 4 ай бұрын «Тасжарған» басылымы жабылып қалғандығын ескерсек, Бақытгүл Мәкімбай қазір жұмыссыз. Біздің радиомызға сұхбат берген бас редактор аталмыш соманы өз қалтасы көтермейтіндігін айтады.
- Менің қазір 300 айлық есептік көрсеткішті [350400 теңге] төлейтін мүмкіндігім жоқ. Мен жұмыссызбын, оның үстіне соттан көз ашпай келемін. Өзімнің атымдағы бір бөлмелі пәтерімнен басқа менде ешқандай мүлік те жоқ. Сондықтан енді ол мүлкіме қол сұғар болса, жағдайымның қалай болатындығы белгісіз... – дейді Б.Мәкімбай.
Айта кету керек, «Тасжарғанның» бас редакторын әкімшілік жауапқа тартуға журналист Гүлжанат Шонабайдың газет бетінде жарияланған қос мақаласы түрткі болған-ды.
Газеттің былтырғы жылғы шілденің 9-ындағы санында «Бір қазақты екі ұйғыр неге өлтірді?» және 16-шы шілдеде «Малыбайдағы маңқа қазақ бейшаралығына күйінеді» деген екі мақалада Гүлжанат Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданының Малыбай ауылында болған кісі өлтіру оқиғасы жайында жазған еді.
Екі бірдей мақаланы жариялаған басылым редакторына қатысты Алматының Медеу аудандық прокуратурасы сотқа талап-арыз берген болатын. Онда арызданушылар Бақытгүл Мәкімбай ұлттар арасында дүрдараздық туғызатын материалды таратты деп, 300 айлық көрсеткіш көлемінде айыппұл салынуын талап еткен еді.
Алайда бас редактор мұндай айыптаулармен келіспейтіндігін айтады.
- Сол кісі қолынан өлген Айдын Халықұлының туған-туыстары біздің редакциямызға келіп, барлық материалды берді. Бауырларының азаппен өлтірілгендігін дәлелдейтін айғақтармен, фотосуреттермен келді. Осының барлығын көріп отырып, жарияламай қойсам, онда менің тәуелсіз журналист болып қызмет етіп жүргенімнің құны бес тиын емес пе? Ал прокуратурадағылар мені «ұлтараздық тудырды» деп айыптап отыр, - дейді Б.Мәкімбай.
«ЖУРНАЛИСТІҢ ӨЗІ КЕЛГЕНІ ДҰРЫС»
Бақытгүл Мәкімбайдың тұрғылықты жеріне қарасты Әуезов аудандық сот әкімшілігінің №2 территориялық бөлімшесіне хабарласқанымызда, мекеменің маманы Гүлжан Қуанышбаева, өз қызметкерлерінің аталған мекен-жайға бармағандығын айтты.
- Бізде барлық істер, әдетте журналда тіркеуде тұрады, ал аталған азаматшаға қатысты тіркелген ешнәрсе жоқ, - деді Гүлжан Қуанышбаева.
- Алайда, егер ол адамның қандай да бір өтелмеген айыппұлы болса, - деп жалғастырды маман өз әңгімесін, - онда міндетті түрде сот орындаушылары келуі тиіс. Ал егер ол біздің қызметкерлерден қашатын болса, ол азаматшаны қылмыстық жауапқа тартуы мүмкін, - деді Әуезов аудандық сот әкімшілігінің №2 территориялық бөлімшесінің маманы Гүлжан Қуанышбаева.
Алматы қалалық мамандандырылған әкімшілік соты 2008 жылы 26 қараша күні «Тасжарған» газетінің бас редакторы Бақытгүл Мәкімбайды ҚР Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 2-ші бабы бойынша «Қазақстан аумағында ұлтараздықты қоздыратын материал таратты» деп айыптап, журналистке 300 айлық есептік көрсеткіш шамасында айыппұл салған болатын.
«ВИЦЕ-МИНИСТРДІҢ КЕК ҚАЙТАРУ ӘРЕКЕТТЕРІ»
«Тасжарған» газетінің иесі әрі бас редакторына қарсы іс қозғалып, әкімшілік жаза қолданылып жатқан шақта сөз болып отырған қос мақаланы жазған журналист те назардан тыс қалған жоқ.
Негізінен қазақ пен ұйғыр ұлтының өкілдері тұрып жатқан ауылдағы азаматтардың арасында болған жанжалдан қаза тапқан Айдын Халықұлына қатысты жазылған сол екі мақала шыққан соң арада екі ай өткенде құқық қорғау органдары мақала ауторы Гүлжанат Шонабайға ҚР Қылмыстық кодексінің 164-бабының 2-тармағы бойынша «ұлттық және әлеуметтік араздық пен алауыздықты қоздыруға алғышарт болатын, шындыққа жанаспайтын ақпараттар таратты» деген айып тағып, қылмыстық іс қозғаған. Сот журналисті кінәлі деп тауып, оған 30 айлық көрсеткіш, яғни 29200 теңге айыппұл салған болатын. Тағылған айыппен келіспейтін журналист бұл істі биліктің баспасөзден кек алуы деп бағалап отыр.
- Еңбекшіқазақ ауданы прокуратурасына маған қатысты талап-арыз беруді ішкі істер вице-министрі Қалмұхамет Қасымов бұйырған. Бұл істе Еңбекшіқазақ ауданы әкімшілігі жапа шеккен жақ болып есептелді. Алайда арызды әкімшілік жазбаған. Сотта Еңбекшіқазақ ауданы әкімшілігінің өкілі ретінде Шелек селолық округінің әкімі Алтай Досымбетов келді. Маған және басылымға қатысты сот процесі басталмас бұрын біздің редакциямызға бір топ полицейлерден хат келген болатын. Онда Қалмұхамет Қасымовтың коррупциялық істері жайында айтылған болатын. Ол мақала басылым бетіне шыға салысымен біз Алматы облысының ішкі істер департаментімен соттасып, сот процесін жеңіп алдық. Алайда, кейінірек басылымға қатысты екінші сот процесі басталды. Меніңше, бүгінгі «Тасжарғанға» қатысты болып жатқандардың барлығы вице-министр Қалмұхамет Қасымовтың кек қайтаруы деп білемін, - дейді Гүлжанат Шонабай.
Азаттық тілшісі осы мәселеге қатысты ішкі істер министрлігінің аты-жөні аталған шенеунігіне хабарласпақ болғанымен, мекеме өкілдерінің ешқайсысы журналистке түсініктеме беруге ықылас танытпады.