Жемқорлық шырмауындағы қазақ түрмелерінде бәрі саудаға салынады

Солтүстік Қазақстан облысындағы қамау мекемесінің қоршауы.

Қазақстандағы билік бәрінен бұрын нағыз билік керек жерде күшін жоғалтып отыр. Бұндай жайт ең әуелі түрмелерге тән. Бірақ, сөйте тұра, Қазақстан түрмелері бірыңғай жемқорлық жүйенің құрамдас бөлшегіне айналған.

ГУЛАГТАН ҚАЛҒАН МИРАС

«Халықаралық дағдарыс тобы» тәуелсіз ұйымы желтоқсанда Орталық Азия елдеріндегі пенитенциарлық жүйе туралы есебін жариялады. Осы халықаралық ұйымның сарапшылары 2008-2009 жылдары қазақстандық түрме директорлары мен тергеушілерінен сұхбат жинаған.

Қазақстандағы пенитенциарлық жүйе құрылымының басым бөлігінде совет заманынан бері еш нәрсе өзгермеген. Мемлекеттік иерархияда бұл құрылымды ҚАЖК – қылмыстық-атқару жүйесінің комитеті басқарады.

Қылмыс жасады деп сезікті ретінде ұсталған адамдар сот болғанға дейін уақытша ұстау абақтсында қамауда отырады. Тәртіп бойынша, ондай абақтылар полицейлік учаскелер мен бөлімдерде болады.

Айып тағылып, тергеу басталғанда сезікті тергеу абақтысына, халықтың тілімен айтқанда СИЗО-ға ауыстырылады. Осы жерде сезікті адамды сот үкімі шыққанға дейін қамауда ұстайды.

Келесі саты – сот атынан ендігі сотталушы болып танылған адамның не түрмеге, не түзеу колониясына ауыстырылуы. Ондай колониялар – қырықтан жүз орынға дейін сотталған адамдарға есептелген, негізінен барақтарға орналастырылатын советтік сипаттағы түрме-лагерлер.

«Халықаралық дағдарыс тобының» зерттеуіне сәйкес Қазақстанда 20 СИЗО мен 73 түзеу колониясы бар.

Жақсы күзетілетін түрмелердің жетіспеуіне байланысты СИЗО-да қамауда отырған ұзақ мерзімге немесе өмір бойына сотталғандардың жеке бір санаты бар. Бұл жазалылар, алынған ақпараттар мен көзбен көргендердің куәгерліктеріне қарағанда, айрықша қатал жағдайда жазаларын өтеуде.

2009 жылы Қазақстандағы тұтқындардың жалпы саны 59141 адамды құрады. Міне, осылайша Қазақстанда жалпы халыққа шаққанда әрбір 100 мың адамның 382-сі абақтыда отырған болып шығады.

Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан Орталық Азияда алдыңғы орында тұр. Салыстырар болсақ, Түркіменстанда бұл есеп 224 адам болып шығады. Қырғызстанда бұл көрсеткіш Қазақстанға қарағанда үш есеге дерлік кем – әрбір 100 адамға 133 тұтқыннан келеді. Ары қарай тізімді Өзбекстан жалғастырады – 122 адам. Ал, бәрінен азы Тәжікстанда – 109.

МҰНДА БӘРІ САТЫЛАДЫ ЖӘНЕ САТЫП АЛЫНАДЫ

Қазақстанның қамау орындарындағы өмір барынша бір сарында. Совет заманынан қалған әдет бойынша түрмеде бәрі сатылады және сатып алынады. Мұны бұрынғы түрме және лагерь қызметкерлерінің өздері растайды. Елеулі пара беріп, тұтқынды түрме немесе лагерь ауруханасының анағұрлым жайлы орынына ауыстыруға болады.

Басқа түрмеге немесе лагерге ауыстыру да парасыз шешілмейді. Оқта-текте қомақты ақы төлеп, тұтқындар мерзімінен бұрын босап шығып та жатады.

Жалпы, аз-мұз ақша болса түрмеге нашадан бастап, тыйым салынған саяси әдебиеттерге дейін алғанда контрабандалық заттарды алдыру аса қиын шаруа емес. Негізінен жаңадан келгендерден тұратын түрме қызметшілері тұтқындардың ұсақ-түйек тапсырысын ыждахатпен орындайды, өйткені олар мемлекеттен төленетін болмашы еңбекақыларына қарап отырмай, қосымша табыс табады. Бұрын түрме бастығы болған бір адам, шынтуайтына келгенде жас қадағалаушылардың сотталушыларға барып кел, шауып кел болып қызмет ететін сарапшыларға айтқан.

Қазақстанда түрменің ішкі жағында билік басшылықтың қолында емес (ондаған жылдар бойы жағдай осы). Негізгі бастық бұрыннан бері келе жатқан, баршаға белгілі «общак» екендігін барша жұрт біледі, оны түрме бауырластығы құрады және қылмыс әлеміне аты шыққан кәнігі қылмыскерлер басқарады.

«Халықаралық дағдарыс тобы» жүргізген зерттеуде сотталған бір батыстық бизнесменнің көргендері айтылады. Әлгі бизнесменге көрші камерадағылар «общак» арқылы не қаласа, соны, яғни, дұрыс тамақ, дәрі-дәрмек, тіпті әйелге дейін алдыруға болатынын айтқан. Және мұның бәрін несиеге алып, кейіннен ақшасын «общакқа» аударуына оның мүмкіндігі болған.

Бұл ескі жүйе түрме мен лагердегі сотталғандардың өздеріне ғана емес, сонымен қатар ол өз еркімен жалданушы қызметкерлерді түрме ішіндегі лауазымдарға тағайындауға да билігін жүргізеді.

ЕЛДІ КӘНІГІ ҰРЫЛАР БАСҚАРАДЫ

Постсоветтік елдердегі ұйымдасқан қылмыстың нақты және қатаң иерархиясы бар, оның басында «заңды ұрылар» («вор в законе») тұрады. Әдетте «заңды ұры» қылмыс әлемінің ірі қаладағы, аймақтағы, тіпті бүкіл ел ауқымындағы басты өкілі және жетекшісі болып табылады.

«Заңды ұрының» ар-намыс кодексі қандай жолмен болса да, билікпен ынтымақтасудан толық бас тартуға әмір етеді. Тіпті, өзінің қылмыстық қызметін қорғау мақсатында да ынтымақтаса алмайды. Оның заңды отбасы болмайды. Оған, тіпті, соғыс уақытында да әскерде қызмет етуге болмайды. «Заңды ұрының» тәжін кигеннен кейін ол сондай-ақ қылмыс әлеміндегі дау-жанжалды шешетін биге, төрешіге айналады.

Бірақ, «заңды ұрының» ең басты міндеттерінің бірі – абақтыдағылардың өмірін бақылау және ұйымдастыру болып қала бермек. Ол өз адамдарын – «положенецтер» мен «смотрящийлерді» қарайтын өзіндік бақылаушылардың тұтқалы қызметтерін белгілеп, бекітеді.

Олар «общактың» пайдаланылуын қадағалайды. Ал, «общак» деген тек банктың ғана қызметін атқармайды, ол сонымен қатар қылмысты құрылымның ұйымдастырушысы болып табылады, байланыс, бағыныштылық және ықпалдылық жағынан ол түрме басшылығынан асып түседі. «Общак» сотталғандардың түрме басшылығымен байланысу деңгейін белгілейді.

Елдегі түрмелер «общактармен» тығыз қатынаста болса да, Қазақстанда бәріне ортақ бір ғана басты «заңды ұры» жоқ. Бұл өзіндік бір қарым-қатынас симбиозы. Барақты тінту секілді кейбір маңызды мәселелерде әдетте шешуші сөзді «общак» айтады. Қылмыс әлеміне беделі бар кісінің келісімінсіз тінту жасаған түрме директоры «общакпен» екі арадағы өзара қарым-қатынасты үзіп алу мүмкін. Ал, мұндай қарым-қатынас директордың мансабының өсуінде өте маңызды роль ойнайды.

«Халықаралық дағдарыс тобы» жүргізген зерттеуде қазақ түрмесінің бір тергеушісі айтқан бір түрме бастығы туралы естелік айтылады. Мемлекет қаржысына қол салып қойған әлгі бастық жетіспей тұрған ақшаның орнын толтыру үшін «общактан» көмек сұрайды. Бастықтың өтініші бойынша қылмыс әлемінің сардарлары түрмені жөндеуге ақша бөліп, жымқырылған қаржының орнын толтырған.

Түрме директоры «общакты» бақылаушы қылмыскерге: «Ақша тауып, жөндеу жұмыстарын жасаңдар, сонда төрт ай бойы түрмеде қалағандарыңды істейсіңдер» деген.

«Халықаралық дағдарыс тобының» зерттеуіне сәйкес, түрмедегі басшы қызметкерлер сотталғандардың 60 пайызына дейін наша тұтынатынына сенімді. Жаза өтеу орындарындағы есірткі айналымы тұтқындардың өздері үшін де басты табыс көзіне айналған.

Зерттеу нәтижелерін қорыта келгенде, шын мәнінде өз алдына «мемлекет ішіндегі мемлекетке» айналған ортадағы ахуалға бақылау жасау Қазақстандағы пенитенциарлық жүйенің уысынан шығып барады. Діттеген мақсатқа жету үшін күш қолдану әркезде тиімді бола бермейді.

Жаза өтеу орындары инвестицияға, кәсіби сараптамаға, шетелдік мемлекеттердің және үкіметтік емес халықаралық ұйымдардың көңіл бөліп, көмек көрсетуіне мұқтаж.

«Халықаралық дағдарыс тобының» айтқанындай, қазақстандық түрмелер мұның бәрінен мақұрым, ары қарай да құрдымға құлдырауда. Қазақстанның түрмелік-лагерлік шаруашылығы әлі де елдегі жалпы саяси жүйенің жемқорлықпен шырмалған құрамдас бөлігі күйінде қалып отыр.