Бүкіләлемдік ұйғыр конгресінің басшысы Рәбия Қадыр Азаттық радиосына сұхбат берді. Рәбия Қадырдың ойынша, Орталық Азияның түркі халықтары тарихи дәстүрлеріне сай тәуелсіз болуға тиіс. Рәбия Қадыр оларды бірлікке шақырады.
ЕҢБЕГІМЕН ЕҢ БАЙ АДАМДАРДЫҢ БЕСТІГІНЕ ЕНГЕН ӘЙЕЛ
Рәбия Қадыр қарама-қайшы тұлға болып саналады. Қазір жасы 62-де. Қытайдағы биліктің оны қаһарман тұтқан кездері де болған. 2000 жылы халық жауы саналып, Қытайдың ұлттық қауіпсіздігін бұзды деген айыппен түрмеге қамалған.
2005 жылы Америкаға қуылған. Осы жылдың қыркүйегінде Рәбия Қадыр Прагаға келіп, «Азиядағы бейбітшілік, демократия және адам құқықтары» тақырыбындағы халықаралық конференцияға қатысты. Азаттық радиосы Қырғыз және Татар редакцияларының тілшілері оны сұхбатқа тартты.
Бір кездері Қытайдағы билік ұлтаралық үйлесімділікке қызмет еткен Рәбия Қадырды белсенділіктің нағыз үлгісі ретінде насихаттаған.
Суретте солдан оңға қарай: Чехияның бұрынғы президенті Вацлав Гавел, Тибеттің рухани көсемі Далай Лама және Бүкіләлемдік ұйғыр конгресінің басшысы Рәбия Қадыр «Азиядағы бейбітшілік, демократия және адам құқықтары» тақырыбында өткен халықаралық конференция кезінде. Прага, 11 қыркүйек 2009 жыл.
Әйел, ұйғыр нәсілді мұсылман – бүгіндері Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы болып аталатын аумақты ғасырлар бойы мекендеп келе жатқан халықтың перзенті.1976 жылы көп балалы ана – ол уақытта оның он бір баласы болған – Рәбия Қадыр кір жуатын орын ашты. Кәсібі нәсіпке кенелтіп, кір жуатын орыны алдымен әмбебап дүкенге, кейіннен үлкен сауда орталығына айналды. 1990 жылдардың ортасына қарай Рәбия Қадыр Қытайдағы ең бай бес адамның бірі болды.
Ол кеңінен қайырымдылық шараларымен айналысып, көптеген ұйғыр әйелдеріне бизнес ашуға көмектесті. Рәбия Қадыр Қытайдағы ұйғырлар мен өзге де этникалық азшылықтардың теңқұқықтылығын қорғауда белсенділік таныта бастады.
ТҰТҚЫНДАЛУ ЖӘНЕ ҚОНЫС АУДАРУ
1997 жылы Құлжадағы ұйғырлардың наразылығын басып-жаншыған Қытай билігін Рәбия Қадыр өткір де ашық сынады. Оны қуғындау да осыдан басталды. Ол өзінің Қытай парламентіндегі депутаттық мандатынан айырылды. Сосын оның шетелге шығуына тыйым салынды.
1999 жылы Рәбия Қадыр өз мақалаларын Құрама Штаттарда өмір сүретін және ұйғыр халқының құқықтарын қорғаумен айналысатын қуғындағы күйеуіне жібермекші болды. Сол жылдың тамызында Қытайдағы ұйғыр мәселесіне алаңдаушылық білдірген америкалық Конгрестің мүшелерімен кездеспекші болған Рәбия Қадыр тұтқынға алынды. Оған мемлекеттік құпияны жария етті және ұлттық қауіпсіздікті бұзды деген айып тағылды.
Рәбия Қадыр екі жыл бір адамдық абақтыда отырды, ол түрмеден тек денсаулығының нашарлауына байланысты 2005 жылы шығарылды. Басы азат болып, АҚШ-тан бір-ақ шыққан Рәбия Қадыр алдымен Ұйғыр америкалық ассоциациясының президенті, ал, бірнеше айдан кейін, 2006 жылдың қарашасында, Бүкіләлемдік ұйғыр конгресінің президенті болып сайланды.
Осыдан кейін, көп ұзамай Қытайда оның екі ұлын түрмеге отырғызды. Үшінші ұлына салықтық тәртіпті бұзды деген айып тағылып, ірі мөлшерде айыппұл салынды.
РӘБИЯ ҚАДЫРДЫҢ МАҚСАТЫ
Осы жылдың шілде айында Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы ұйғырлар мен хансулардың арасында жаппай қақтығыстар болған кезде қытайлық билік Рәбия Қадырды осы жанжалдың шығуына себепші ретінде айыптады. Бейжің дәл солай ұйғыр белсенділеріне лаңкестікті теліді.
Азаттық радиосының тілшілерімен болған әңгімеде Рәбия Қадыр сол айыптауларға түсініктеме берді:
– «Бүкіләлемдік лаңкестік» термині пайда болып еді, қытайлық билік осы терминді бізге қарсы қолданып келеді, өйткені біз – мұсылмандармыз, өйткені біз түркі халқымыз. Олар «Шығыс Түркістанды азат ету майданы» лаңкестік әрекеттерді іске асыруды жоспарлап жатыр дейді. Олар «лаңкес» сөзін ұйғыр халқын жаныштау құралы ретінде пайдаланып келеді. Ал, «Шығыс Түркістанды азат ету майданы» деген ұйым бар ма, жоқ па, оны қазір, тіпті, батыс әлемі зерттеуде. Америка және әлемнің көптеген елдері ол ақпаратты тексеруде.
Рәбия Қадыр Бүкіләлемдік ұйғыр конгресінің ұйғыр халқының бостандығы үшін, демократия үшін, Қытайдағы аз ғана түркі халықтарының құқықтары үшін күресетінін айтты. Ол үнемі Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданын бұрынғы тарихи атауымен Шығыс Түркістан деп атайды.
Ұйғырлардың ұйымы «Шығыс Түркістанды азат ету майданын» Қытайдағы билік «Әл-Қаида» секілді лаңкестік ұйымдармен қатар қояды. «Шығыс Түркістанды азат ету майданы» деген ұйымның Бүкіләлемдік ұйғыр конгресіне қатысы жоқ. Бірақ, Қытайдағы билік Бүкіләлемдік ұйғыр конгресінің де «Әл-Қаидаға» қатысы бар деген емеурін танытады.
Қытайдың ресми үгіт-насихатында да ұйғырлар қарсыластарына залалды сұйықтық толтырылған шприцтермен шабуылдаған деп айыптады. Бірақ, Қытайдың медицина мекемелері өкілдерінің өздері қыркүйектің ортасында өз пациенттерінің арасында ондай залалға ұшыраған адамның болмағанын мәлімдеді. Рәбия Қадыр бұларды жалған айыптаулар дейді:
– Менің естуімше, шприц қадалған адам Қытай үкіметінен 200 мың юань (30 мың доллар) ала алады екен. Міне, себеп қайда? Кейбір қытайлықтар шприцтік шабуылға ұшырадық деп өтірік айтып барған. Ал, қазір, тіпті, қытайлық үкіметтің өзі солай деп барған адамға сенбейді, толық тексеріп алады. Ал, біздің, қалай болғанда да ондай шприцтік шабуылға ешқандай қатысымыз жоқ.
Жаңағыдай айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарған Рәбия Қадыр мақсатының тек біреу екенін тағы да бір рет қадап айтты: мақсат – түркі халықтарына тиесілі ішкі Азиядағы дәстүрлі жерлердің қайтадан түркі халықтарының бақылауына көшуі.
– Бұл жер осында өмір сүретін барлық түркі халықтарына тиесілі. Бір кездері Батыс Түркістан өмір сүрген. Шығыс Түркістан да болған. Бір Түркістан да болды. Шығыс Түркістан сол жерде тұратын бәріміз үшін ортақ ел болып табылады. Бұл жер тек ұйғырға тиесілі деп жүрген жоқпыз. Сондықтан да бұл жерді Шығыс Түркістан деп атаймыз. Әйтпесе біз ол жерді Ұйғырстан демес пе едік? Біз өзіміздің тарихи туыстарымызбен бірге өмір сүрудеміз, – деді Рәбия Қадыр.
ТҮРКІЛЕРДІҢ ТІЛЕКТЕСТІГІ ЖӘНЕ ҚЫТАЙ
Рәбия Қадыр Орталық Азиядағы көршілес елдер үкіметтерінің Қытайдағы ұйғырларды қолдамағанын неден көретінін түсіндірді. Тіпті, ұйғыр босқындарын Қытайдағы билікке апарып тапсырған кездері де болды дейді Рәбия Қадыр.
Осыған байланысты Рәбия Қадыр былай деді:
«Мен мұны дұрыс шешім болды деп санамаймын. Дей тұрғанмен, ол үкіметтерді кінәламаймын да, өйткені олардың үстінен саясаткерлер солай бұйырды. Қарапайым халық бізге қарсы ондай іске бармайды. Халықтар, біздің бауырлар, олар олай істемейді».
Рәбия Қадыр ұйғырдың көргені Қырғызстанның да, Қазақстан, Өзбекстан және Татарстанның да басына келуі мүмкін дейді.
– Қытай бүгін бізді ығыстырып жатыр, ертең олардың да кезегі келуі мүмкін. Бауырларымыз сол қауіпті түсінуге тиіс, – деп ескертеді ол.
Рәбия Қадыр бүкіл түркі әлемінің ұйғырды қолдап манифестациялар өткізгенін айтты. Қырымда татарлар демонстрацияға шықты. Қазақстанда және Қырғызстанда ұйғырға тілектестік білдірген демонстрациялар мен үнсіз пикеттер болып өтті дейді.
Сөз соңында: «Мен өзімді жалғыз сезінбеймін. Біздің бауырларымыз бар, олар бізге көмектеседі. Сол себепті де мен ұйғырдың тарих бетінен өшіп кететініне сенбеймін», – деді Рәбия Қадыр.