Медеу аудандық соты тәуелсіз газетті шығаруға тыйым салған сот орындаушысының әрекетін заңсыз деп тапты. Шенеунік оппозициялық газеттің редакциясынан БТА Банкке моралдық шығын өндіріп берумен айналысқан.
ТӘУЕЛСІЗ ГАЗЕТТІҢ СОТТАҒЫ ЖЕҢІСІ
Ақпанның 16-ы күні Алматы қаласы Медеу аудандық соты «Республика – деловое обозрение. Дубль 2» газеті меншік иесінің арыз-шағымын қарады. Редакцияның мүддесін қорғаушы Сергей Уткиннің айтуынша, сотқа шағымдануға қатардағы сот орындаушысы Садықовтың БТА банкке моралдық шығын төлеуі тиіс газетті шығаруға тыйым салу туралы қаулысы түрткі болған.
Заңгердің мәліметі бойынша, Алматы қаласының сот орындаушысы Махмұд Садықовтың бұл қаулысы 8-ақпанда шыққан. Соған байланысты өткен жұма күні «Республика – деловое обозрение» газеті жарыққа шыққан жоқ, бірақ «Голос Республики» басылымы таратылған.
Заңгер сот орындаушысының бұл іс-әрекеті заңсыз деп есептейді. Өйткені, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңның 13-бабында БАҚ таралымын тоқтатуға сот немесе меншік иесі ғана құқылы екендігі көрсетілген.
– Ойламаған жерден газеттің таралуына тыйым салды. Біз бұл жағдайға өте қатты ызалы болдық. Сөйтіп, сотқа арызданып, сот орындаушысының бұл қаулысының орындалмауын талап еттік, – деді Сергей Уткин.
Оның айтуынша, сейсенбі күні осы шағымды қараған аудандық сот істі «Республика» газетінің пайдасына шешіп берді, яғни шешімде сот орындаушысының газет таралымына тыйым сала алмайтындығы атап көрсетілген.
– Абырой болғанда, Медеу аудандық соты осы шешімімен Қазақстанда әзірге заң бар екендігін растады. Судья сот орындаушысының мұндай талпынысына тосқауыл қойды, – деді заңгер.
Оның пікірінше, бұл сот шешімінің басқа да бұқаралық ақпарат құралдары үшін маңызы бар.
– Өткен жылы интернет туралы заң жобасы парламентке ұсынылғанда, жоба авторлары бас прокурорға БАҚ қызметін тоқтату құқығын беруді ұсынған еді. Бірақ сол кезде журналистік қауымдастық, сондай-ақ депутаттар мұндай ереженің қабылдануына қарсы шыққан болатын. Бас прокурорда жоқ мұндай құқық қатардағы сот орындаушысында қайдан болсын?!
Азаттық радиосы осы мәселеге байланысты Махмұд Садықовқа хабарласқан еді, бірақ сот орындаушысы бұл тақырып туралы түсінік беруден бас тартты.
РЕДАКЦИЯҒА САЛЫНҒАН ОНДАҒАН МИЛЛИОН ТЕҢГЕ АЙЫППҰЛ
2010 жылы 9 қыркүйекте Медеу аудандық соты «Республика – деловое обозрение. Дубль 2» газетінің меншік иесі – «DPA» компаниясын, сондай-ақ баспагер және бас редактор Гүзел Байдалинованы БТА банкі төңірегіндегі жағдайға қатысты «Хрен редьки не слаще»
«Республика» газетінің журналистері өткізген наразылық шарасындағы БТА банк басшысының картоннан жасалған макетінде: «6 наурыздан «ішіп-жемеген» банкирлерге жәрдемдесіңіздер» деп жазылған. Алматы, 8 қыркүйек 2009 жыл.
мақаласындағы мәліметтерді шындыққа сай емес деп танып, 60 миллион теңге көлемінде банкке моралдық шығын өтеуге міндеттеді.Байдалинова бұл қарызды банк есебіндегі 40 миллион теңгенің облигацияларымен өтеуді ұсынды. Бірақ БТА банк, қайта құрылымдау процесі жүріп жатқандығына байланысты, құнды қағаздарды моралдық шығын есебіне жатқыза алмайтындығын хабарлады. Осыған қатысты редакцияның арыз-шағымын сот қараудан бас тартты.
Содан кейін «Республика» өз оқырмандарынан ақша жинау науқанын бастады. Соның аясында редакция банк туралы әзіл-сықақ өлеңдер жазылған CD-дисктерді саудаға шығарған еді.
Сергей Уткиннің айтуынша, қазіргі күні газеттің меншік иесі, оқырмандардың, сондай-ақ газеттен түскен табыстың есебінен, БТА банкке 8 миллион теңге моралдық шығын төлеген.