Түрмеде отырған қазақ журналистерін қолдап флэш-моб өткізгені үшін Алматының әкімшілік соты Розлана Таукинаны айыппұлмен жазалады. Оған дейін осы іс бойынша жауапқа тартылған тағы бір адам - Раушан Есіргепова өзінің сырттай сотталғандығын естіген.
АЙЫП ПЕН ЖАЗА
Алматының Арбатында 6-қаңтарда өткен флеш-мобқа қатысқаны үшін полиция үстілерінен әкімшілік құқық бұзу туралы іс қозғаған үшеудің соңғысы – «Журналистер қауіп-қатерде» қорының жетекшісі Розлана Таукинаның ісін қараған Алматының ауданаралық әкімшілік соты қаңтардың 27-күні шешім шығарды.
Судья Жанна Нұрғалиева Розлана Таукинаны Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіндегі 373-баптың 3-тармағында қарастырылған «заңсыз митинг ұйымдастырды» деген айып бойынша кінәлі деп тауып, оған 50 есе ең төменгі айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салды. Бүгінде бұл сома 70650 теңгені құрайды ($1=148 теңге).
Мемлекеттік айыптаушы болса сот төрешісінен жауапкер Розлана Таукинаны 5 күн абақтыға қамап жазалауды сұраған болатын.
Розлана Таукинаның қоғамдық қорғаушысы болған Қазақстанның адам құқы жөніндегі бюросының заңгері Светлана Орыспаева сот отырысында куәгерлерге сөз берілмегендігіне және бейнедеректердің көрсетілмегендігіне наразылық танытты. Алайда судья Жанна Нұрғалиева қорғаушының ол өтінішін қабылдамай, өзіне сот шешімін шығару үшін айыпталушымен сөйлескені мен іс құжаттары жеткілікті болғандығын айтты.
– Менің пайымымша, сот мәжілісінде айыпталушының барлық дәлелдемелері тыңдалып, тексерілу керек еді. Сондай-ақ, сот істе куәгер ретінде жазылған адамдарды шақыртып, бейнежазбаларды қарауға тиіс болатын. Алайда оның ешқайсысы жасалмады. Сондықтан сот қандай шешім қабылдайтындығын алдын ала белгілеп қойған сияқты.
Мені таңқалдырған тағы бір жайт – қолданылған жаза түрінің тым ауыр екендігі. Розлана Таукина бұның алдында да әкімшілік сотқа тартылып, ескерту алған болатын. Ал ендігі сот оған үлкен мөлшерде айып салып отыр. Жай ғана шар ұшырғаны үшін, – деді Светлана Орыспаева сот мәжілісі аяқталған соң журналистерге.
СЫРТТАЙ СОТТАУ ДӘСТҮРІ
Розлана Таукинаға дейін Алматы ауданаралық әкімшілік соты дәл сол флеш-мобқа қатысқан тағы екі адамның ісін қараған болатын.
Олардың арасынан бірінші болып жауапқа тартылған, Қазақстанда ресми тіркеуден өте алмай жүрген оппозициялық «Алға» партиясын ұйымдастыру комитетінің жетекшісі Владимир Козловқа сот қаңтардың 12-күні бес есе ең төменгі айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни шамамен жеті мың теңге (50 доллардай) айыппұл салу туралы шешім шығарғанын Азаттық радиосы бұған дейін хабарлаған болатын.
Ал шараға қатысқандардың тағы бірі, Раушан Есіргепова – қазірде түрмеде сот үкімі бойынша алған жазасын өтеп жатқан «Алма-Ата
«Журналистер қауіп-қатерде» қорының президенті Розлана Таукина (оң жақта) және түрмеде отырған журналист Рамазан Есіргеповтың зайыбы Раушан Есіргепова (сол жақта) сот залында. Алматы, 27 қаңтар 2010 жыл.
инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргеповтың зайыбы. Қаңтардың 6-күні Алматының Арбатында әуеге ұшырылған шарлардың бірінде Рамазанның да аты-жөні жазылған болатын.Раушан Есіргепова өзіне қатысты сот шешімі сырттай шығарылғандығын кейіннен білгенін айтады.
– Негізі, менің ісім бойынша сот қаңтардың 21-күні сағат 16.00-де болады деп жоспарланған. Бірақ сол күні таңертең маған Алмалы ауданының учаскелік полицейі капитан Дәурен Елубаев телефон шалып, сот отырысының ертеңге сол уақытқа қалдырылғандығын айтты. Ал 22-қаңтарда күндізгі сағат үш жарым кезінде сотқа келгенімде, ондағылар маған сот шешімі сырттай шығарылып қойғандығын айтып, шешімді қолыма ұстатты, – деді Раушан Есіргепова Азаттық тілшісіне.
Оның сөзін Алмалы ауданының учаскелік полицейі капитан Дәурен Елубаев та Азаттық тілшісіне растады.
– Маған судьяның хатшысы айтты. Мен соны Раушан Есіргеповаға жеткіздім. Одан арғысын білмеймін, – деді полиция капитаны.
Раушан Есіргепованың ісі неліктен оның қатысуынсыз сырттай қаралғандығы туралы сауалымызға істі қараған Алматы ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Берік Күзембайдан ешқандай жауап ала алмадық. Хатшы қыз соттың бастапқыда белгіленген күні өткендігін жасырмады.
Ал Раушан Есіргепова өзіне сырттай шешім шығарлығандығының себебін былайша түсіндіреді:
– Сот әу бастан біздің істеріміздің қоғам назарында екендігін білді. Мәжіліс залына журналистерді кіргізбес үшін, әділетсіз шешім қабылдау үшін олар мені әдейі алдады.
Розлана Таукина тәуелсіз Қазақстанда жиі қолданыла бастаған сырттай сот шешімін шығару дәстүрін Сталин кезіндегі репрессиялармен
Суретте оң жақтан бірінші тұрған - "Журналистер қауіп-қатерде" қорының президенті Розлана Таукина және "Әділ сөз" қорының президенті Тамара Калеева (оң жақтан екінші) әріптестерімен бірге баспасөз бостандығын қорғауға арналған наразылық акциясында. Алматы, 24 маусым 2009 жыл.
салыстырады.– Бізде бұл әдепкі жайға айналып бара жатыр. Сыртынан, адамның қатысуынсыз сот мәжілісін өткізеді де кісіні нақақтан нақақ соттап жібереді. Сондықтан мен өзімнің сотымның қашан, қайда, сағат нешеде болатындығын бұл жолы жіті бақыладым. Бірақ мен соттың өзіме шығарған шешімімен келіспеймін. Және құзіреті жоғары мекемелерге шағымданамын, – дейді Розлана Таукина.
Сондай-ақ, «Журналистер қауіп-қатерде» қорының жетекшісі қазірде Қазақстан түрмелерінде отырған журналистер еркіндікке шықпайынша, өздерінің күресе беретіндігін мәлімдеді.
– Біздің, журналистердің сағын ешкім сындыра алмайды. Мейлі, бізге айыппұл салсын, қамаққа алсын, басқа да шаралар қолдансын – біз өздерінің кәсіби қызметтері үшін сотты болған журналист әріптестеріміз үшін күресуді тоқтатпаймыз, – деді Розлана Таукина.
ҚАУІП-ҚАТЕРДЕГІ ҚАЗАҚ ЖУРНАЛИСТЕРІ
Қаңтардың 6-сы күні Алматыдағы Арбат алаңында өткен флеш-моб акциясын өткізгендер қазірде Қазақстан түрмелерінде жазасын өтеп жатқан журналистер – «Алма-Ата инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргеповке, «Время» газетінің тілшісі Тоқнияз Күшіковке, «Закон и правосудие» газетінің бас редакторы Тоқберген Әбиевке және жазушы Алпамыс Бектұрғановқа қолдау білдірген-тұғын. Небәрі бірер минутқа созылған бұл флэш-моб барысында түрмеде отырған журналистердің есімдері жазылған қағаздар байланған ақ және көк түсті шарлары әуеге ұшырылған еді.
Осы шарадан кейін флэш-мобқа қатысқан үш адам: «Алма-Ата инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргеповтың зайыбы Раушан Есіргепова, тіркелмеген «Алға» партиясының ұйымдастыру комитетінің төрағасы Владимир Козлов пен «Журналистер қауіп-қатерде» қорының жетекшісі Розлана Таукинаның үстінен Алмалы аудандық ішкі істер басқармасы әкімшілік іс қозғады.
Қазақстандағы қолданыстағы «Бейбiт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi туралы» заңда флэш-моб жайлы ешқандай анықтама берілмеген. Әйтсе де Алматы соты әлгі үш адамды да айыпты деп таныды.
Штаб-пәтері Нью-Йоркте орналасқан Журналистерді қорғау комитеті Қазақстанда сөз бостандығын қорғағандарды сот арқылы қуғындау ісін айыптады.