Алматыда бір топ кәсіпкер Қазақстан президентінің інісі Болат Назарбаевқа үндеу жариялады. Олар «Үшқоңыр» автобекетіне деп салған ондаған мың доллар ақшаны қайтарып беруді талап етіп отыр. Алайда әкімшілік басқадай уәж айтады.
«БІЗДІҢ АҚШАМЫЗДЫ ҚАЙТАРЫҢЫЗ!»
Алматының іргесіндегі салынып бітпеген «Үшқоңыр» автобекетінен сауда орындарын сатып алған төрт кәсіпкер маусымның 10-ы күні Алматыда шағын наразылық акциясын өткізді.
– Біз 2007 жылы әлі салынбаған «Үшқоңыр» автобекетінен сауда орындарын сатып алу үшін ақша төледік. Ол бекет әлі күнге жұмыс істемейді. Дегенмен өткен жылы «Үшқоңырдың» автобекет емес, сауда орталығы болып қайта тіркеуден өткендігін білдік. Енді біз шығынға батқалы отырмыз. Себебі, біз ақшамызды сауда орталығынан емес, автобекеттен орын алу үшін төлегенбіз. Ондағы ойымыз: халықаралық автобекетте келімді-кетімді кісі көп болып, тауарларымыз жақсы өтер деп үміттенген едік. Бірақ енді қаладан 30 шақырым жерде орналасқан сауда орталығына ешкім бармайтыны анық болып отыр, – дейді кәсіпкерлердің бірі Дмитрий Ли.
Кәсіпкерлер Алматының маңында жаңадан ашылады делінген автобекеттен сауда орындарын сатып алу үшін банктен несие алып, әрқайсысы 25000-35000 доллар төлегендерін айтады. Ал содан бері үш жыл өтіп, жаңадан құрылысы бой көтерген «Үшқоңыр» ғимараты әу баста айтылғандай халықаралық автобекет мәртебесіне ие бола алмады.
Қазір не жұмысы жоқ, не ақшасы жоқ сергелдеңге түскен кәсіпкерлер «енді бізге ақшадан басқа еш нәрсе керек емес» деп отыр.
Қолдарына «Болат Назарбаев! Біздің ақшамызды қайтарыңыз, әйтпесе біз аштық жариялаймыз!» деп жазылған плакат ұстаған олар, маусымның 10-ы күні Алматыда өткізген шағын наразылық акциясында 10 минуттай тұрып, Қазақстан президентінің інісі Болат Назарбаевтың атына жазылған үндеуді журналистерге үлестірген соң тарап кетті.
«АҚША БЕРГЕНДЕРІН ДӘЛЕЛДЕСІН»
Осыған дейін 13 кәсіпкер Алматы облысы Қарасай аудандық сотына шағымданып, өздерінің автобекет иелеріне төлеген ақшаларын қайтарып беруді сұраған. Алайда аудандық сот та, кейін оның шешімін қайта қараған облыстық сот та кәсіпкерлердің шағымын қанағаттандырған жоқ. Ақшаларын даулаған арыз иелері болса, бұның себебін «Үшқоңырдың» құрылтайшысы – Қазақстан президентінің інісі Болат Назарбаевтың ықпалымен түсіндіреді.
Ал соттың шешімін алға тартқан автобекеттің директоры Серікқали Қалиасқаров кәсіпкерлерден ешқандай ақша алмағандығын айтып отыр.
– Ондай ақша болған жоқ, өтірік нәрсе ғой. Ақша берсе, тиісті қағазын көрсетсін де, ақшасын қайтарып алсын. Бірақ ақша бергендерін дәлелдей алмай жүр ғой. 10 мың берді ме, 100 мың берді ме, тіпті ақша берді ме? Белгісіз, – дейді Серікқали Қалиасқаров.
Кәсіпкерлердің адвокаты Рита Үсенова өз қорғауындағылардың ғимарат қожайынына ақша бергендігін растайтын құжаттың жоқтығын жасырмайды. Кәсіпкерлерге тек сауда орындарына иелікті дәлелдейтін паспорт қана берілген. Осы құжаттың негізінде сот кәсіпкерлердің сауда орындарының иесі екендігін мойындағанымен, қаржы беру фактісіне күмәнмен қарайды.
Яғни, ол сауда орындардың құнын, кімге қанша ақша бергендігін растайтын құжат жоқ.
ЖАҢА АВТОБЕКЕТТІҢ ЖЫРЫ
Алматы облысының Қарасай ауданы аумағында, мегаполистен 30 шақырым жерде орналасқан «Үшқоңыр» автобекеті Алматыдағы автокөлік ағынын жеңілдету мақсатында салынған еді. Осылайша қала ішінде орналасқан «Сайран» және «Саяхат» автобекеттерінің қызметін жаңадан салынатын автобекет мойнына алуы тиіс еді.
«Әлемнің ірі шаһарларының тәжірибесіне жүгіне отырып, 2007 жылдың 1-шілдесінен бастап автобекетті қала шетіне көшіру туралы шешім қабылданды», – деген еді тұрғындармен кездесу барысында сол кездегі Алматының әкімі Иманғали Тасмағамбетов.
Сондай-ақ, Тасмағамбетовтың орнына қала әкімі болып келген Ахметжан Есімов те қала шетінде халықаралық автобекет салу туралы бастаманы қостаған-ды.
2008 жылдың 13 қазанында, Алматы қаласына облысаралық және қалааралық жолаушылар мен жүк тасымалы, сондай-ақ халықаралық транзиттік тасымалды «Үш қоңыр» автобекетінде қабылдау жөнінде қаулы шықты. Бұл шектеу Алматыға солтүстік, батыс және солтүстік-шығыс аймақтардан келетін автокөліктерге қатысты енгізілді.
2007 жылы бас-аяғы 67 кәсіпкер құрылысы бітпеген автобекеттен сауда орындарын сатып алған болатын. 2008 жылы полиция мен өзге де билік өкілдері Алматыға келе жатқан жолаушы тасымалдайтын автобустарды Алматыға кіргізбей, жаңа автобекетке тоқтауға мәжбүрлеп көрді. Бірақ, «Үш қоңырды» халықаралық автобекетке айналдыру әрекеттері нәтижесіз аяқталған-ды.