Шымкенттік қарттар зираттың үстінен үй салуды тоқтатуды сұрайды, билік ол жайттан бейхабар

«Сыпырхан ата» зираттар қорымы. Шымкент, 3 ақпан 2010 жыл.

Шымкентте базардың маңындағы зираттардың қорымы күл-қоқыс ошағына айналып, моланың үстіне әлдекімдердің үй тұрғызып жатқанына наразы бір топ қария қоғамдық ұйымға қайрылды. Ал жергілікті билік бұл оқиғадан хабарсыз.

ЗИРАТ ҚОРЫМЫНДАҒЫ ҚЫЗУ ҚҰРЫЛЫС

«Сыпырхан ата» зираттар қорымында 30 жылдан бері шырақшы болып істейтін Ирисмат Саитхаджаев ақсақал соңғы жылдары зират үстіне баспана тұрғызуға бел буған тұрғындардың көбейіп, олармен әрқайсымен күресіп шаршағанын айтады.

Бір топ ақсақал Шымкент қаласындағы Тельман ауылдық округінің әкімінен осы жағдайға араласуын өтініп, әкім табалдырығын тоздырыпты.

– Ауылға жаңадан келген әкімге зираттардың үй салып жатыр деп айтып шаршадық. Соңғы рет барғанымда ол қашып кетті. Бейттің
«Сыпырхан ата» зираттар қорымының шырақшысы Ирисмат Саитхаджаев. Шымкент, 3 ақпан 2010 жыл.
үстіне үй тұрғызу деген масқара ғой. Бұл шариғатта жоқ нәрсе. Мұсылманшылыққа жат қылық. Оны билік неге түсінбейді? Бәріміздің де барар жеріміз ғой! Мына жерге базарды көшіріп әкелді. Арада енді жол да, жер де жоқ. Зиратқа жерлеуге мәйітті бүкіл базардың алдымен жүріп өтіп әкеледі. Зираттар қоқысқа толды. Дәретхана салып қойды. Айтудан шаршадық, – дейді «Сыпырхан ата» зиратының шырақшысы Ирисмат Саитхаджаев.

Ақсақалдар жалпы көлемі 15 гектар аумақты алып жатқан ескі зираттың талан-таражға түсіп жатқанына алаңдаулы. Олар зираттан жер бөлу доғарылмаса, алдағы уақытта қайтыс болғандарды жерлейтін жер болмай қалады, деп дабыл қағуда.

Қазір зират аумағында үй де тұрғызылып қойған. Наразы қариялар бұған билікті кінәлайды.

– Жерді кім береді? Әкімшілік. Зираттың жерінен әлдекімдерге жер телімдерін берерден бұрын сол әкімдер неге ойланбайтынын түсінбейміз. Мына жерде үй салып қойды. Оның иесін көргеніміз жоқ. Соғып жатқан жігіттер, үйді базардағы саудагерлерге жалға береді
«Сыпырхан ата» зираттар қорымы. Шымкент, 3 ақпан 2010 жыл.
дейді. Заңды құжаттары бар дейді қолдарында. Зираттың шетіндегі 6-7 жас бала көмілген тұстан жер телімін алыпты біреулер. Менің бұл жерге қалайша үй саласың деп таңданғаныма, ешкім құлақ асқан жоқ, – дейді Ирисмат Саитхаджаев.

Зираттың қарауылы әрі көр қазушы Әбдірахым Юлдашевтің айтуынша, зират аумағындағы жерге қожалық етушілер, әсіресе соңғы кездері көбейіп кеткен. Жердің егесіміз деген азаматтар зираттың үстіне тас та төккен екен.

– Бір кісі келіп тас төгіп жатты. Айқай-шумен зорға тоқтаттық. Мұнда адам жатыр ғой, десем, мен үй салып, ағаш, гүл отырғызып қоямын дейді. Естімеген елде көп, деген осы екен. Кейін ол жоқ боп кетті. Бірақ, басқа жерден қолына құжат ұстап тағы біреу келді. Оған да түсіндірдік. Адамның сүйегі жатқан жерде қалай тұрасыз, десем, мен жерді сатып алғам,
«Сыпырхан ата» зиратының қарауылы әрі көр қазушы Әбдірахым Юлдашев. Шымкент, 3 ақпан 2010 жыл.
енді оның ақшасын қалай шығарам, деп қарап тұр, – дейді зираттың қарауылы әрі көр қазушы Әбдірахым Юлдашев.

Қала сыртындағы зират жанына көшірілген жаңа базар мен зираттардың арасында жер жоқ. Оның үстіне, айнала тола қаптаған тойханалар, дейді ақсақалдар.

«Нұр-Мұра» қоғамдық бірлестігіне жүгінген 20 зейнеткер қол қойған арыз-шағымда қариялардың талап-тілектері жазылған. Олар, ең бастысы, әкімшіліктің зираттан жер бөлуін доғартуды сұраған.

– Зираттан жер бөліп, үй салу – ешқандай ақылға сыймайтын тірлік. Нағыз бассыздық. Оны
«Нұр-Мұра» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абдұлла Бақадыр. Шымкент, 3 ақпан 2010 жыл.
қадағалайтын билік. Бұл жасалып жатқан тірлік әруақты қорлау ғой. Өлікті сыйламағаннан кейін, малдан қай жеріміз артық болды біздің? Бұл барып тұрған рухани құлдырау, рухани азғындық. Біздің ұйымға шағымданып келген ақсақалдардың арызын «Нұр Отан» партиясына жолдаймыз. Біз бұл сұмдықты аяқсыз қалдырмаймыз, – дейді «Нұр-Мұра» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абдұлла Бақадыр.

ЖЕРГІЛІКТІ БИЛІК БЕЙХАБАР

Шымкент қалалық жер бөлімінің бастығының айтуынша, қала басшылығы тарапынан зират қорымның аумағында баспана салуға бірде-бір құжат берілмеген. Осыдан 5 жыл бұрын зираттың аумағы ресми құжттандырылып, қала иелігіне берілген екен. Бірақ ол жерден үй салуға рұқсат жоқ, дейді билік өкілі.

– Мен бұл туралы алғаш рет естіп тұрмын. Бұл Құдайдан безгендердің тірлігі. Міне, қаланың картасы. Мен ресми түрде зираттан ешқандай жер берілмегенін, ол туралы қала әкімінің ешқандай шешімі шықпағанын мәлім етемін. Мүмкін, олар жерді заңдастыру науқаны кезінде заңдастырып алған шығар. Бірақ бұл жерді заңсыз басып алушылық. Оны тексереміз, – деді Шымкент қалалық жер бөлімінің бастығы Серғали Жансейітов.

Ресми мәлімет бойынша, Шымкент қаласының аумағында үлкенді-кішілі 15 зират бар екен. Алайда, олардың бесеуі ғана рәсімделіп, мемлекеттік акт берілген.

Биліктегі басшылардың айтуынша, осы жайт та кейбір тұрғындардың қорым жерін заңсыз басып алуына себеп болуда.

Шымкент қаласы әкімінің шешімімен, өткен жылы қаладағы қорымдар мен ондағы жер көлемін анықтап, заңсыздық әрекеттерді әшкерелейтін арнайы жұмысшы топ құрылған.

– Өткен жылдары да Қайтпас-2 ауданындағы зиратта оншақты адам заңсыз баспана салмақ болған. Содан кейін комиссия құрылды. Негізі, мұндай жайтқа жол берілмейді. Жұмыс комиссиясының қортындысы бойынша, барлық заңсыздықтар бойынша нақты шешім қабылдануы тиіс, – дейді Шымкент қалалық жер бөлімінің бастығы Серғали Жансейітов.

Ал өткен жылы құрылған арнайы комиссияның жұмыс жоспарына «Сыпырхат ата» зират қорымындағы дау-дамайдың кірер-кірмесі әзірге белгісіз. Алайда билік, бұл мәселені қараусыз қалдырмауға уәде беріп отыр.