Жеңіс мерекесі қарсаңында Шымкентте жол бойында ілінген жарнамада соғыс ардагерлері тізерлеген күйінде бейнеленген. Журналистер назар аударғаннан кейін жоғалған бұл суреттен әкімшілік те, жарнама агенттігі де бойларын аулақ салуға тырысады.
ТІЗЕРЛЕГЕН ЖЕҢІМПАЗДАР
Шымкент – Ленгір тасжолында біраз уақыт бойы ілініп тұрған әлеуметтік билбордта соғыс ардагерлерінің тізерлеп тұрған қалпында бейнеленгені туралы Азаттық тілшісіне сол суретті көрген адамдар хабарлады.
Олар фотосуретке тартып алған әлеуметтік жарнамадан Астананың орталығындағы алаңда кеуделері орден-медальға толы бір топ соғыс ардагерінің суретке түскен сәтін көруге болады.
Бұл суретті Азаттық тілшісіне әкеп бергендер өз аты-жөндерін атағысы келмеді, бірақ олар соғыстан жауды жеңіп оралған ақсақалдардың кейбірін тізерлетіп, енді бірін еңкейтіп қоюдың сырын ұқпай, бұл суретті көріп екіұдай сезімде болғандарын айтады.
Жұрттың назарын аударған жарнамадағы әдеттегіден өзгешелеу суреттің сырын тиісті мекемелерден білмек болдық.
– Қалайша? Ардагерлер тізерлеп тұр ма? Мүмкін емес! Қазір анықтайын, – сауалмен барған Азаттық тілшісіне қарсы сұрақ жаудырған Шымкент қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік және автомобиль жолдары бөлімі бастығының орынбасары Құрманбек Жарқынбек Шымкент – Ленгір тасжолында тұрған суреттің шығу тарихын түгендеуге кірісті.
АГЕНТТІК БАСШЫСЫНЫҢ ЕКІ СӨЗІ
Одан анықтағанымыз, қаладағы барлық әлеуметтік билбордтарды шығарумен осы саладағы тендерді ұтып алған «Эльдорадо» жарнама агенттігі айналысады екен.
Шымкент бойынша ілінген 28 билбордтың барлығы осы мекемеде жасалыпты. Биылғы жылдың бюджетінен әлеуметтік жарнамалар үшін 15 миллион теңге бөлінген екен. Қаражаттың басым бөлігін совет-герман соғысындағы жеңістің 65 жылдығына арналған билбордтарға жұмсау жоспарға енгізіліпті.
Агенттік басшысы Нұрғазы Тілеубердиев алғашында бұл билбордтың өздеріне еш қатысы жоқ екендігін, әлгіндей сурет туралы өзінің бірінші рет естіп тұрғанын айтып бақты.
«Мүмкін бұл жеке агенттіктердің жұмысы шығар» деген болжам айтты ол. Негізінде, Шымкентте жарнама жасаумен айналысатын 12 мекеме бар екен.
Нұрғазы Тілеубердиев бізді өз кеңсесіне алып барып, жеңіс күні қарсаңында жарық көрген әлеуметтік жарнамалардың барлығымен жете таныстыруды жөн көрді.
Әйткенмен, «Эльдорадо» жарнама агенттігінің директоры өз құжаттарының ішінен таба алмаған әлгі билбордтағы сурет оның көмекшісінің компьютерінен шыға келді.
Сол-ақ екен, соғыс ардагерлерінің Астанада түскен суреті бейнеленген билборд жасағаны Нұрғазы Тілеубердиевтің есіне түсе қалды.
Бірақ ол әлгі суретті түсіруге өзі басқарып отырған мекеменің қатысы жоқ екенін айтумен болды.
– Біз тек дайындап бердік бұл билбордты. Суретті Төле би ауданы әкімшілігінің қызметкерлері әкеп берді. Ардагерлердің көбі мүгедек қой. Мүмкін өздері арбамен түскілері келмеген шығар, – дейді жарнама агенттігінің басшысы.
«БИЛБОРД ІЛІНГЕН ЖОҚ»
Бір қызығы, жұрт көлік жолы бойынан байқаған әлгі жарнама тұрған орнында ұшты-күйлі жоқ болып шықты.
Ал Төле би ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бастығы Назира Тезекова әлгіндей суреті бар жарнама ілінген жоқ дегенді айтады.
– Бұл сурет ардагерлердің өз қалауы бойынша түсірілген. 28 адам Астанаға барып демалып келді. Сонда түскен суреті бұл. Ол билбордты біз Жеңіс күніне орай дайындадық. Бірақ ілген жоқпыз. Бұл сурет ілінген жоқ, – деп жауап берді Назира Тезекова Азаттық тілшісіне.
Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданы бойынша жеңістің 65 жылдығына орайластырып аудан ішінде бас-аяғы 20 әлеуметтік жарнама орналастыру жоспарланған. Олардың 11-і ілінген, ал 9-ы әлі дайындалып жатыр дейді шенеунік.