Ташкент метросының станциясы енді генерал Сабыр Рахимовтың есімімен аталмайды

Генерал Сабыр Рахимов (сол жақ шетте) Солобты нацистерден азат ету операциясы алдында офицерлерге тапсырма беріп тұр. Польша, 1 қараша 1944 жыл.

Ташкентте Совет Одағының батыры генерал Сабыр Рахимов атындағы метро станциясының атауы өзгертілді. Өзбекстан билігі совет заманынан қалған мұралардан арылып жатыр.

Совет Одағының батыры генерал Сабыр Рахимовтың есімімен аталып келген Өзбекстан астанасындағы метрополитен станциясының атауы биыл қарашаның 5-і күні «Олмазор» (өзбек тілінде – «Алма бағы») болып өзгертілді. Бұл туралы хабар өзбектің «Узметроном» веб-сайтында жарияланды.

Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан совет генералы Сабыр Рахимовтың есімі советтік Өзбекстанда даңқты болатын. Майданда қол басқарған генерал Ленин, Қызыл Ту, ІІ дәрежелі Суворов, ІІ дәрежелі Кутузов, Қызыл Жұлдыз ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған.

Өзбекстан совет заманында өзбектен шыққан батыр генерал деп келген Сабыр Рахимовты Қазақстанда этникалық қазақ деп біледі.


АТАУЛАРДАН АРЫЛУ

Қарашаның 8-і күні REGNUM ақпарат агенттігіне сілтеме жасаған «Вести» деп аталатын өзбектің тағы бір сайты Өзбекстан парламентінде «Ташкент қаласындағы Сабыр Рахимов ауданының атауын өзгерту туралы» заң жобасы қаралғалы жатқандығын
Совет Одағының батыры генерал Сабыр Рахимов атында болып келген Ташкенттегі метро станциясы.
хабарлады.

Биылғы наурыз айында осы веб-сайт екінші дүниежүзілік соғыста көрсеткен ерлігі үшін 22 жасында Совет Одағының батыры атағына ие болған Ташкент қаласының тумасы Георгий Ивлевтің атындағы көше атауының өзгертілгендігін хабарлаған болатын. Сол жолы қалалық топонимикалық комиссия мүшелерінің бірі «Вести» сайтына сұрапыл соғыста ерлік көрсеткен қаһармандардың бар «кінәсі» – олар атақ-даңқ пен наградаларға совет заманында ие болған деп мәлімдеген еді.

«Вести» веб-сайты соңғы екі айда осымен екінші рет елдегі маңызды атаулардың өзгертіліп жатқандығын атап өткен. Бұған дейін осы веб-сайт Өзбекстан парламенті сенатының депутаттары тамыздың 29-ы күні жалпы отырыста Ферғана облысындағы Ахунбабаев ауданының атауын Күштепе ауданы етіп өзгерту туралы қаулы қабылдағанын хабарлаған еді.

Юлдаш Ахунбабаев – совет заманында Өзбекстанды басқарған адам. Өзбек үкіметінің саясатын дәріптейтін интернет-парақшалардың бірі «Пресс-Уз.Инфо» сайтында осыған дейін жарияланған бір мақалада кезінде біраз жерді Қырғызстанға беріп жібергені үшін Ахунбабаевтың есімі сынға ұшыраған еді.


ӘРТҮРЛІ САРБАЗДАР

Өзбектің тәуелсіз веб-сайттарының көпшілігі Өзбекстандағы болып жатқан атауларды өзгертудегі түпкі мақсат –совет кезіндегі көрнекті қоғамдық-саяси және әскери қайраткерлердің есімдерін жұрт жадынан біржолата өшіруді көздейді деп отыр.

Қаңтардың 14-і күні атап өтілетін Өзбекстанның Отан қорғаушылар күні қарсаңында Ташкентте, орнынан алынып тасталған совет жауынгерінің ескерткіші тұрған жерге, өзбек сарбазының ескерткіші қойылғаны туралы бұған дейін Азаттық радиосы хабарлаған
Ташкенттегі совет жауынгерінің ескерткіші 2009 жылы 22 қарашада орнынан алынып тасталды.
болатын. Ал совет жауынгері мен совет заманындағы көсемдер ескерткіштері қоймаға жіберілді.

Өзбекстан қорғаныс министрлігінің өкілдері журналистерге берген түсініктемесінде, совет жауынгерінің ескерткіші ескі заманның идеологиясын дәріптейді, ал ұлттық нақыштағы жаңа ескерткіш өзбекстандықтардың жүрегінде Отанға деген сүйіспеншілік пен адалдық сезімін оятады деген уәжді алға тартқан еді.

Кейбір бақылаушылар совет кезіндегі ескерткіштер мен сол заманғы қаһармандардың «идеологиялық қуғын-сүргінге» ұшырауын Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың жүргізіп отырған антисоветтік саясатымен байланыстырады.

Орталық Азия елдерінде совет кезеңіндегі тарихқа деген көзқарас әртүрлі. Мысалы, Қазақстанда екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақстандықтарды құрметпен еске алу шаралары жыл сайын өткізіледі. Сонымен бірге Қазақстанда совет кезіндегі көптеген ескерткіштер әлі тұр, Совет Одағы батырлары есімдерімен аталатын көшелер де бар.