Ауғанстандағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Қазақстандағыдай қатал емес

Мохаммад Ибрахим Адел, Ауғанстанстанның тау-кен өнеркәсібі министрі. 3 қазан 2009 жыл.

Ауғанстанда жемқорлыққа қарсы күрес департаменті құрылды, 15 министрдің жемқорлық айыбы бойынша тергеліп жатқаны мәлім болды. Қазақстанда жемқорлықпен күрестің жүріп жатқанына біраз болды, ол көбіне саяси мүдделердің есеп айрысуына ұқсап кетеді.

АУҒАНСТАН ЖЕМҚОРЛЫҚ ДЕҢГЕЙІНДЕ СОМАЛИДЕН КЕЙІН ЕКІНШІ БОЛЫП ТҰР

«Вашингтон пост» газеті қарашаның 18-дегі мақаласында АҚШ-тың аты-жөнін атамаған бір ресми өкілінің Ауған үкіметіндегі бір жоғары лауазымды шенеуніктің Қытайға тиімді жобаларды ұсынғаны үшін Бейжіңнен 30 млн. доллар пара алғаны жөнінде айтқанын жариялады. Және ол мақалада қытайлық фирма Ауғанстанға 3 млрд. доллар инвестиция салып, әлемдегі үлкен деген мыс кенінде өндіріс жұмыстарын жүргізу үшін Ауған үкіметіне жылына 400 млн. доллар төлеп тұруы керек. Бұл Ауғанстан тарихындағы бірінші шетелдік ірі инвестиция делінген.

Ауғанстанның тау-кен өнеркәсібі министрі Мохаммад Ибрахим Адел «Азат Еуропа/Азаттық радиосының» ауған қызметі – Азади радиосына берген сұхбатында пара туралы өзіне қатысты айтылған айыптарды қабылдамайтынын мәлімдеді.

Ауғанстандық министр ақпаратты жоққа шығарып, China Metallurgical Group – Қытайдың мемлекеттік металлургиялық тобына 2007 жылы берілген мультимиллиардтық жоба ашық болды және оны бірнеше адам мақұлдады деді.

Оның сөзіне қарағанда, бұл келісімшартты бір немесе екі адам ғана қабылдаған жоқ, оны ішінде екі парламент депутаты бар 20 кісіден құрылған топ мақұлдаған. Сонымен қатар 20 адамнан тұратын Қытай компаниясының тобы мен олардың құжаттарын Ауғанстан президенті Хамид Карзай мақұлдамас бұрын алты адамдық комитет ыждаһатты түрде қарады деп атап өтті министр Адел.

Министр Адел Азади радиосына берген сұхбатында:

«Мен Құрама Штаттар сияқты дамыған қоғамда, біз демократияны, заң мен азаттықты үйреніп жатқан қоғамда осындай қайырымсыз тілшілер болғанына қатты қынжылыс білдіремін. Олар насихатты жариялап отыр. Олар не айтса да, маған келе алады, мен оларға жауап беруге дайынмын», – деді.

Ауғанстан министрі сондай-ақ өзінің бұл процестің ашықтығын дәлелдейтін құжаттарды көрсетуге дайын болғанын айтты. Ол «Вашингтон пост» басылымындағы мақала Карзай үкіметіне қарсы алты бойы жүрген насихат науқанының бір бөлігі деп отыр. Азади радиосына айтқанында, министр Мохаммад Ибрахим Адел өзінің таза екенін, кез келген адам қалаған күні келіп, қолындағы құжаттарын тексере алатынын, одан кейін барып кімнің дұрыс, кімнің бұрыс екенін өздері шешу керектігін алға тартты.

Ауған министрі пара алды деген айыптау «Вашингтон пост» газетінде президент Хамид Карзайдың инаугурациясы қарсаңында жарияланып, Ауғанстандағы сыбайлас жемқорлық мәселесімен күресетін нақты шараларды қолға алуға шақырып отырған президент Обама әкімшілігінің Карзай үкіметіне күмәнін күшейтіп отыр.

Бұл мәселенің көтерілуінің екінші бір жағы Ауғанстан министрлігі тағы бір кен орнына қатысты келісім бойынша ұсыныстарды қарап жатыр. Бұл жолы Кабулдың батысындағы темір кенін өндіру жобасына да Қытайдың металлургия компаниясы қатысуда.

«Біз дәл сондай жағдайда тұрмыз, ол адам бәрін шешіп қойған» дегенді айтқан «Вашингтон пост» басылымына атын атамауды өтінген ресми адам.

«Трансперенси интернэшнл» ұйымының таяуда жарияланған есебінде Ауғанстан жемқорлық деңгейі бойынша Сомалиден кейінгі екінші орынды иеленген.

Ауғанстан президенті Хамд Қарзай жемқорлыққа қарсы арнайы департамент құрғанымен, дау-жанжалды мәселелерге қатысы болған шенеуніктерді орнынан алуға асықпайтын сыңайлы.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС

Дегенмен, «Вашингтон пост» газеті президент Хамид Қарзай министр Мохаммад Ибрахим Аделді қызметтен алып тастайды деп санамайды. Бұл тұрғыдан алғанда, Ауғанстан президенті аймақтағы тағы бір мемлекет – Қазақстандағы әріптесіндей батыл бола алмай отырған тәрізді.

2008 жылдың екінші жартысы мен 2009 жылы Қазақстанда бірқатар танымал басқарушыларға қатысты шулы сот процестері болып өтті.

Былтыр сот үкімімен үш жыл мерзімге бас бостандығынан айырылған бұрынғы министр Жақсыбек Күлекеев қазіргі уақытта мерзімінен бұрын шартты бостандыққа шығып та үлгерді. Әріптестерімен бірге жабық сотта ісі қаралып, алты жыл мерзімге қамау жазасына кесілген «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Серік Бүркітбаев көктемнен бері түрмеде жазасын өтеп жатыр.

Жақында ғана бұрынғы қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақов пен оның орынбасарларына қарсы қозғалған қылмыстық іс бойынша сот аяқталды. Және бір топ-менеджер – «Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевтің үстінен қылмыстық іс қозғалып тергеу абақтысында жатқанына жарты жылдан асты.

Қазақстандағы жемқорлыққа қарсы күрес деп аталатын шараларды сынаушылар болса елде осындай ұранмен жүргізіліп жатқан істердің саяси астары бар деп мәлімдемелер жасаған-ды. Бұл нәрселер әлдемдік қаржы дағдарысы кезінде өздерінше байлықты қайта бөліске салып жатқан элитадағы ықпалды топтардың тірлігі деген әңгімелер айтылып жүр.

Қазақстанда сотталған ірі шенеуніктер мен басқарушылардың көпшілігі арнайы тапсырыс бойынша жұмыстарды атқаратын мердігерлермен жасалған келісімшарттарға қатысты коррупциялық іс-әрекеттерге жол берген деген айыппен жазаланды. Дәл сондай айыпқа осы жолы ауған министрі де қалып отыр.

Астанада қарашаның 24-інде Тәуелсіздік Сарайында аяқталған IV Азаматтық форум барысында сахна сыртында айтылған әңгімелерде де соры қалың тендер мәселесі сөз болды.

Азаттық радиосының тілшісімен әңгімеде Қазақстан мұсылмандары Одағының төрағасы Мұрат Телібеков мемлекеттік бюджеттен тапсырыс бөлу кезінде әртүрлі күмәнді іс-әрекеттердің болуы мүмкін екендігін мойындады.