Қамауда отырған Евгений Жовтиспен кездесіп қайтқан ЕҚЫҰ-ның өкілдері Қазақстан билігін адам құқығын қорғаушының ісі бойынша сот әділдігінің стандарттарын сақтауға шақырды. Жовтистің өзі апелляциялық сотқа қатысуға рұқсат сұрап, сотқа өтініш түсірді.
ЕҚЫҰ ӨКІЛДЕРІ ЖОВТИСТІҢ ІСІНЕ ҚАТЫСТЫ ТҮСІНІКТЕМЕ БЕРМЕДІ
19 қыркүйекте ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы (ДИАҚБ) директорының орынбасары Дуглас Уэйк және ЕҚЫҰ-ның Астана қаласындағы орталығы басшысының орынбасары Жаннет Клётцер Талдықорған қаласына барып, тергеу абақтысында жатқан адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтиспен кездесті.
– Біз Талдықорған қаласындағы тергеу абақтысында жатқан халыққа танымал адам құқықтарын қорғаушы Жовтис мырзаға барып қайттық. Жовтистің ісі бойынша үкім тура біз Қазақстанға сапарға аттанбақшы болып жатқан кезде шықты. Сосын, ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы осыған байланысты Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне Евгений Жовтиспен кездесуге септесуін өтініп, сұрау салды. СІМ кездесудің жүзеге асуына жәрдемдесті, – деп мәлімдеді журналистерге Дуглас Уэйк.
Жуырда ғана ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросының Евгений Жовтистің ісі қалай қаралды деп алаңдаушылық білдірген болатын. Дуглас Уэйктің айтуынша, бұл ұйымда Жовтистің әділ сот төрелігіне деген құқығының бұзылғандығын дәлелдейтін бірқатар сенімді мәліметтер бар.
ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы директорының орынбасары Дуглас Уэйк брифингте. 19 қыркүйек 2009 жыл.
– Мен бір нәрсені айта кетуім керек, Жовтис мырза біздің ескі досымыз болғаны үшін, ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының досы болғаны үшін, онымен біздің ынтымақтастығымыз тығыз болғаны үшін оған ерекше қарым-қатынас жасалу керек деп отырған жоқпыз. Біз әділ сот процесінің және апеляциялық сот процесінің стандарттары сақталу керек дейміз, яғни, Қазақстан өзінің ұлттық заңнамасын сақтап, ЕҚЫҰ алдындағы міндеттемелерін орындауы керек, – деп мәлімдеді Дуглас Уэйк. Сонымен қатар, ол ЕҚЫҰ-ның өкілдері қамауда отырған адам құқықтарын қорғаушының жағдайы қанағаттанарлық екеніне көз жеткізді дегенді қосты.
– Жовтис мырза адамдық өлшемдермен саралағанда өзінің анағұрлым жайлы орында екенін айтады. Оның өз отбасына және адвокатқа жолығу мүмкіндігі бар. Апелляциялық шағымды жіберіп қойды және мүмкіндігінше апелляциялық процеске жеке өзінің қатысқысы келеді. Рухы сынбаған, ол мықты адам және көңіл-күйі түзу. Мен Жовтистің атынан сөйлемей-ақ, оның өз сөзін ауызба-ауыз жеткізсем деймін – ол болашақта тек бір Қазақстанда ғана емес, бүкіл ЕҚЫҰ аумағында адам құқықтарының дамуына күш жұмсауды жоспарлап отыр, – деді Дуглас Уэйк.
ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы өкілдерінің Қазақстанға келудегі басты мақсаты – ЕҚЫҰ ДИАҚБ мен ел үкіметінің адам құқықтары саласындағы ынтымақтастығы туралы ақпарат алмасу екені белгілі.
– Біз Астанада тек министрліктің және үкіметтің өкілдерімен ғана кездестік. Айтқым келетіні – біз сол кезеңде ресми өкілдермен де, сондай-ақ бейресми орталардың өкілдерімен де жұмыс істегіміз келді, – деді Дуглас Уэйк.
Бірақ, Евгений Жовтистің ісі бойынша сот процесінің барысында орын алған құқықбұзушылықтар туралы мәліметтер бола тұра, ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы қазақстандық биліктің адам құқықтарын қорғаушының ісіне қатысты ұстанымына түсініктеме беруге құқықты емес деп атап өтті Дуглас Уэйк:
– ЕҚЫҰ-на мүше мемлекеттердің бірқатарында әлдебір саяси мәселелер көтерілуде, бірақ, ол менің соны арқаланып, мына жақта өз бағамды беруге мүмкіндік беретін негіз бола алмайды.
ЖОВТИСТІҢ ЖАРЫ КҮЙЕУІНІҢ ҚАЗАҚСТАНДА ҚАЛҒЫСЫ КЕЛЕТІНДІГІН АЙТАДЫ
Азаттық радиосының тілшісі Евгений Жовтистің жұбайы – Светлана Витковскаямен телефон арқылы тілдескен еді. Ол күйеуінің артынан Талдықорғандағы тергеу абақтысына 16 қыркүйекте барып қайтқан. Оның айтуынша, адам құқықтарын қорғаушының жағдайы қалыпты, ол ендігі заңда тыйым салынбаған апелляциялық сотқа қатысу мүмкіндігін беруді сұрап, сотқа арыз беріп үлгерген.
– Ол басына түскен ауыртпалықты өзінің айтарлықтай беріктікпен өткеріп жатқанына өзі де таңғалатынын айтады. Бұл мұны өзінің жұмысының іс жүзіндегі жалғасы дейді. Ол ұзақ жылдар бойы көп жұмыс істеді, аз қазір ұйқысын қандыруға уақыты бар, кітап оқиды, өзімен өзі шахмат ойнайды, – дейді Светлана Витковская.
Әйелінің айтуынша, екі адамға арналған камерада қазір Жовтис жалғыз отыр. Тәулігіне жарты сағаттық серуенге де оны жалғыз шығарады екен.
– Евгений бостандықты сезінудің, еркін қозғалыстың маңыздылығын алғаш рет ұғынып отырғанын айтады. Қапастағы төрт қабырға еңсені басып тұрады. Камерадан ешқайда шықпайды, тіпті тамақты да оған камераға әкеп береді. Таза ауамен тыныстауға шығатын жердің өзінде аспан тек төбеден көрінеді. Қалғанының бәрі бетонды қоршау, – деді Жовтистің жары.
Ол сондай-ақ қапаста отырған Жовтис қазақ тілін меңгеруді қолға алғанын хабарлады. «Ол менен үйдегі қазақ тілінің оқулықтарын әкеліп беруімді сұрады. Ондай кітаптар үйде бар, ол бір кездері қазақ тілін оқуды бастап еді, бірақ, уақыт жетпегендіктен, кейінге қалдырып жүрген», – деді Светлана Витковская.
Жовтистің әйелі күйеуіне кез-келген ел баспана беруге әзір отырса да, Жовтистің Қазақстаннан кету ойында жоқ екендігін айтады.
– Мен әйелі ретінде оған қисынды сұрақ қойдым: бір жаққа кетіп қалатын уақыт жеткен жоқ па деп. Ол: «Мен ешқайда кетпеймін, мен осы жерге керекпін және мен үшін қазір Қазақстанда болу маңызды» деп жауап қатты. Мені оның табандылығы таңғалдырды, өйткені мұндай соққыдан кейін шетелге кету әбден қисынды секілді көрінді, – деді Азаттық радиосына Светлана Витковская.
Қазақстандық адам құқықтарын қорғаушы Евгений Жовтис автокөлікпен адам қағып өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, қыркүйек айының 3-інде Алматы облысы Балқаш аудандық сотының үкімімен қылмыстық айыппен төрт жылға бас бостандығынан айырылған болатын.
Сот әділетті белден басты деп бағалаған Жовтистің жақтаушылары Қазақстан мен шетелдерде сот үкіміне наразылық шараларын өткізді.