Accessibility links

Кристофер Каванау: Жовтис қамалғанымен, «Бота» қоры жұмысын тоқтатпайды


Кристофер Каванау, «Бота» қайырымдылық қорының атқарушы директоры. Алматы, 19 мамыр, 2009 жыл.
Кристофер Каванау, «Бота» қайырымдылық қорының атқарушы директоры. Алматы, 19 мамыр, 2009 жыл.

Евгений Жовтис сот үкімімен бас бостандығынан айырылған соң бірқатар интернет басылымдарда «Бота» қайырымдылық қорының жұмысы тоқтап қалуы мүмкін деген ақпарат тараған еді. Жовтис «Ботаның» қамқоршылар кеңесінің төрағасы болатын.

«БОТА» - ТӘУЕЛСІЗ ҰЙЫМ

Алайда қордың өкілдері әлгіндей ақпаратты жоққа шығарып отыр. «Бота» қайырымдылық қорының атқарушы директоры Кристофер Каванаудың сөзіне қарағанда, Евгений Жовтистің сотталуы қордың жұмысына еш әсер етпеген.

- Жовтистің соты - ол өзінің жеке басының ісі. Біз, әрине, Евгений Александровичке жақсылық тілейміз. Дегенмен, «Бота» - тәуелсіз ұйым. Сондықтан біз өз жұмысымызды жалғастырып жатырмыз, – деді Азаттық радиосына түсініктеме берген Кристофер Каванау.

Оның сөзіне қарағанда БАҚ-да таратылған ақпарат нақтыланбаған.

Евгений Жовтис (сол жақта) пен Жәмила Нұғманова «Бота» қорының баспасөз-мәслихатында. Алматы, 19 мамыр, 2009 жыл.
- Евгений Александрович Жовтис, төраға болғандығына қарамастан, жобаларға қатысты құжаттарға қол қоя алмайды. Ол төраға ретінде қамқоршылар кеңесін үйлестіреді. Ал жобаларға қатысты дауыс беріп, белгілі бір шешімді қамқоршылар кеңесі қабылдайды. Ол кеңесте Жовтиспен қосқанда 7 адам жұмыс істейді, – дейді «Бота» қорының атқарушы директоры К.Каванау.

Қамқоршылар кеңесіне Қазақстан атынан: Евгений Жовтис, Жамила Нұғманова, Сергей Злотников, Хаким Садуақасов, Ақмира Садықовалар, Швейцария Конфедерациясы үкіметінің өкілі Петро Веглио және Америка Құрама Штаттарының өкілі Джон Морган кіреді.

87 СТУДЕНТ ҚОРДЫҢ ЕСЕБІНЕН БІЛІМ АЛУДА

Үстіміздегі жылдан бастап жұмысына кіріскен «Бота» қорының алғашқы жобасы – білім гранттары. Ол бойынша биылғы жылы Қазақстанның кез-келген аймағынан әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен қазақстандық колледждің немесе жоғары оқу орнының күндізгі бөлімінде оқығысы келетін, бірақ оқу ақысын төлейтін қаржысы жоқ 100 жасқа көмек беруге көзделген.

Биыл осы бағдарламаға республикадан 1700 талапкер өтініш білдірген. Алайда олардың арасынан 250-ге жуығы іріктеліп алынған. «Бота» қорының бұқарамен байланыс маманы Мөлдір Бекжан сөзіне қарағанда биылғы білім гранттарының саны жоспарланған 100-ге жетпеген.

– Біз іріктеліп алынған жастармен сұхбат өткіздік, одан кейін олардың үйлерін аралап, ата-аналарымен де кездестік. Нәтижесінде бірінің - әлеуметтік жағдайы баласының оқуын көтере алатын болып шықты, ендігісінің оқуға деген талабы байқалмады, кейбіреулері өз бетімен бас тартты. Сондай-ақ, сол іріктелген 250-ге жуық баланың 40 шақтысы өз күштерімен мемлекеттік грант арқылы жоғарғы оқу орындарына түскен болатын. Нәтижесінде біздің биылғы білім грантымыз 87 жасқа берілді. Олар қазір өздері қалаған білім ордаларында дәріс алуды бастап кетті, – дейді қор өкілі.

Білім грантына бөлінген алғашқы транш 4,5 млн. АҚШ доллары қазіргі таңда игеріліп жатыр.

– Бұл қаражат студенттің оқу ақысына, жатын орны мен жылына 2 мәрте үйіне барып қайтатын жол ақысына жұмсалады, – дейді Мөлдір Бекжан.

Осындай қаржы Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласынан келген Айнұр Жұмалиева секілді тұл жетім жастардың білім алуына үлкен көмегін тигізбек.

– Мен қазір Әл –Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің экономика және бизнес факультетінде оқимын. Менің мамандығым бойынша білім алу 380 мың теңге тұрады. Әрине, менің ондай қаржы тауып білім алатын мүмкіндігім жоқ еді, – дейді 19 жасар студент.

«ҚАЗАҚГЕЙТТЕН» ҚАЛҒАН ҚАРЖЫ

Қазақстандағы тұрмысы төмен отбасыларындағы жасөспірімдер мен дарынды балаларды қолдауға арналған «Бота» қоры, АҚШ, Швейцария және Қазақстанның үшжақты келісімі нәтижесінде Қазақстанға қайтарылған 84 миллион доллар қаржы есебімен жұмыс атқарады.

Жиналған қаржыны кезінде, «Қазақгейт» ісіне байланысты, АҚШ үкіметінің ұсынысымен Швейцария банктері қамауға алған болатын. 2007 жылы жоғарыда аталған үш мемлекеттің өзара келісімінің нәтижесінде «Бота» қоғамдық қоры құрылып, жемқорлықтан түскен деген күдікпен швейцар банкінде тұтқындалған ақшаны Қазақстанда қайырымдылық мақсатына жұмсау туралы шешім қабылданды.

Бұл жайлы баспасөз беттерінде жазылған мақалаларда кезінде Қазақстан президентінің кеңесшісі қызметін атқарған АҚШ азаматы, кәсіпкер Джеймс Гиффен АҚШ-тың мұнай компанияларының Қазақстандағы мүддесін оңтайлы шешу үшін Қазақстанның жоғары лауазымды адамдарының есеп-шоттарына осы 84 миллион АҚШ долларын аударған деген күдікпен жауапқа тартылып жатқаны жазылды.

Бұл ақшаны «пара» деп мойындамаған Қазақстан жағы АҚШ және Швейцария үкіметтерімен бірге үшжақты келісімге қол қойып, арнайы құрылған «Бота» қоғамдық қоры арқылы әлгі ақшаны қайырымдылық мақсатқа жаратуға келіскен-тұғын. Қор Қазақстанда 2008 жылы ресми тіркелді.

2009 жылдың 30 сәуірінде Қамқоршылар кеңесінің шешімі бойынша, «БОТА» қоғамдық қоры Қазақстандағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен балалардың өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған үш жаңа әлеуметтік бағдарламаларын іске қосты. Оның алғашқысы – білім гранттары бағдарламасы қазір жұмысые бастап кетті.
XS
SM
MD
LG