Чехияда тұратын қазақ теннисінің жас жауһары Зарина Дияс жеңіске бөленуде

Зарина Дияс Рrague Оpen 2009 турнирінде. Прага, 17 шілде, 2009 жыл.

Әйгілі Мартина Хингис қазақ қызының үлкен тенниске деген құштарлығын оятыпты. Заринаның спорттағы табынары – Жюстин Энен, ал теннис алаңында Серена Уилямспен кездесуді армандайды. Бапкерлер болса, ойын мәнеріне қарап, оны Мария Шараповаға ұқсатады.
ПРАГА БІРІНШІЛІГІНДЕГІ ЖЕТІСТІК

15 жасар қазақ қызы Зарина Дияс, сыйлық қоры 220 мың долларлық Рrague Оpen 2009 турнирінің ширек финалына дейін жетіп, көпшіліктің назарын өзіне аударды. Оның отбасы біраз уақыттан бері Прагада тұрады, бірақ Зарина жарыстарға Қазақстан атынан қатысады.

Чехия астанасындағы ірі турнирдің алғашқы кездесуінде француз Кристина Младеновичті екі сетте оңай жеңген Зарина келесі кезеңде жергілікті теннисші әрі турнирдің сегізінші ойыншысы Петра Квитованы да жарыс жолынан шығарды.

Жартылай финалдың жолдамасын қазақ қызы тағы бір чехиялық спортшы Ивета Бенешовамен сарапқа салып, бір сағаттан астам уақытқа созылған кездесуде қарсыласына 6:4, 6:1 есебімен жол берді. Алайда, жас қыздың ірі турнирде көрсеткен ойынына мамандар жоғары баға бергеніне қарамастан, Зарина Дияс рейтингте 250 орын жоғары орналасқан тәжірибелі теннисшіге жеңілгеніне өкінетіндігін Азаттық радиосына берген сұхбатында жасырып қалмады:
Зарина Дияс Рrague Оpen 2009 турнирінде. Прага, 17 шілде, 2009 жыл.


Бүгін мен нашар ойнадым: қатты қобалжығанның кесірінен қателесе бердім. Жеңісті қолдан беріп қойдым. Ширек финал. Бастамасы жаман емес. Бірақ менің жеңіске жетуге күшім жеткілікті еді.

- Көпшіліктің ерекше назары ойын барысына кері әсер еткен жоқ па? Бұлай дейтінім, сенің жетістігің туралы көптеген газеттер жазды ғой.

- Жоқ. Жұртшылықтың назарының менің жеңіліп қалуыма ешқандай қатысы жоқ. Газеттердің өзім туралы баяндауы және достарымның көптеген құттықтаулары мені қуантады, әрине.

- Қарсыласыңның ойыны туралы не айтар едің?

- Менің ойымша, Бенешова да жақсы ойнай алған жоқ: әрекетінен абыржулық байқадым. Бірақ мен одан бетер көп қателестім, жеңісті қолдан бердім. Бұған дейін, Петра Квитоваға қарсы ойында, бәрі жақсы болған еді: допты дұрыс бердім және сәтті қабылдадым.

- Зарина, бұл сенің спорт жолындағы ең үлкен турнирің болар?

- Иә. Әзірге үлкендер арасындағы ірі жарысым осы болып тұр. Мен мұнда ширек финалға дейін жеттім. Енді ойын тәсілін жетілдіре бермекпін. Менің бапкерім Ярослав Яндус маған көмектеседі.

- Ендеше жетістіктерге қуану керек қой. Өйткені сен, ақшалай сыйлықпен қатар, рейтингілік ұпайларға ие болдың ғой?

- Дәл солай. Бірақ менің одан да сәтті өнер көрсететін мүмкіндігім болды. Соған байланысты да мен кішкене ренжіп отырмын. Қалай дегенмен, енді рейтингім көтеріледі.

Мысалы, Прагаға дейін мен Штутгарттағы сыйлық қоры 25 мың долларлық турнирде жеңіске жетіп, рейтингте жүзге жуық теннисшіні артқа тастау арқылы бірден 295-ші орынға көтерілдім. Прагадағы турнирден соң екінші жүздікке жақындап қалармын. Ал мен жылдың аяғына дейін алғашқы жүздіктен көрінгім келеді.

«СЕРЕНАМЕН ОЙНАҒЫМ КЕЛЕДІ»

- Зарина, осы маусымдағы жоспарларыңмен бөлісе отырсаң?

- Прагадағы турнирден соң Қазақстанға барамын, елде 50 мың доллардың жарысы болғалы жатыр.

Одан соң Америкаға жол тартамыз. Тамыз айының соңында жылдың соңғы «Үлкен дулыға» турнирі - АҚШ ашық біріншілігі басталады. Үлкендер арасында жарысты іріктеу турынан бастауға тура келеді. Оған қоса жастар арасындағы турниріне де қатысам деп отырмын.

- Зарина, саған қандай теннис алаңы ұнайды?

- Мен хард алаңында ойнағанды ұнатамын, топырақ төселгені де жаман емес. Қазір хард маусымы басталды.

- Теннисте табынушыларың бар ма?

- Маған Жюстин Энен ұнайды, бірақ ол кәсіби спорттан біржола қол үзді. Ал тур ойыншылары арасында Серена Уильямстың ойыны тартымды.

- Топ-10 теннисшілері арасында кіммен кездескің келеді?

- Серена Уильямспен.

- Қандай арманың бар?

- Әлемнің бірінші теннисшісі болғым келеді!

«НАҒЫЗ ЖАУҺАРДЫҢ ӨЗІ»
Аида Әуелбекова, жас қазақ теннисшісі Зарина Диястың анасы. Прага, 17 шілде 2009 жыл.


Теннисшінің анасы Аида Әуелбекова қызының арманы орындалатындығына сенімді. Заринаны 6 жасында теннис клубына ертіп апарған да анасының өзі.

- Прагада Зарина аса күрделі ойындар өткізді. Өйткені оның жасындағылар үшін бұл ірі турнир саналады және оған әдетте рейтингі жоғары тәжірибелі ойыншылар қатысады. Менің пікірімше, Зарина турнирде жақсы өнер көрсетті. Ивета Бенешоваға қарсы кездесуде ол кішкене қобалжыды. Өйткені Зарина жеңісті қатты аңсады, мен мұны жақсы білемін. Жалпы, біз жоспарды орындап келеміз. Тіпті артығымен жүзеге асырып жатырмыз дегім келеді.

- Спортың осы түрін Зарина өзі таңдады ма?

- Бірде бәріміз теледидардан Мартина Хингистің Австралия ашық біріншілігі финалындағы ойынын тамашаладық. Мен Заринадан: «Тенниске барғың келе ме?» деп сұрадым. Ол барғысы келетіндігін айтты. Сөйтіп қызымды клубқа ертіп бардым. Әуелі қызығып жүрді, кейін қызығына кіріп кетті. Қазір, міне, әжептәуір нәтижелеріміз бар.

Қазақ теннисінің жас жұлдызының отбасы. Солдан оңға: Аида Әуелбекова, Зарина Дияс және оның сіңілісі Алиса Дияс. Прага, 17 шілде 2009 жыл.
- Егер құпия болмаса, отбасыңыздың қандай себептермен Чехияға қоныс аударғанын айтып бересіз бе?

- Біз Прагаға 10 жыл бұрын келгенбіз. Әуелгі кезде мұнда өзіміздің жеке кәсібіміз болды. Содан кейін теннис басталды. Қазіргі ермегіміз теннис қана. Сөйтіп осында қалып қойдық. Прагада теннис мектебі жақсы дамыған. Зарина баратын мектептің жүз жылдық тарихы бар.

- Зарина сіздердің үміттеріңіз бен тенниске бөлген қаржыларыңызды ақтады ма?

- Иә. Теннис - өте қымбат спорт түрі. Соған байланысты осы жылдардың бәрінде керек қаржыны қалтамыздан төледік. Соңғы бір жылдың шамасында бізге Қазақстанның теннис федерациясы көмектесіп келеді. Осы уақыт аралығында жеткен жетістігіміз аз емес: әйелдер арасында болсын, қыздар арасында болсын, ілгері жылжыдық. Зарина қазір рейтингте екінші жүздікке жақындап қалды. Бұл өте жоғары көрсеткіш. Бар болғаны жеті турнирге қатысқандағы жинағанымыз бұл.

Көптеген мамандар Заринаның ойынын жоғары бағалады. Солардың арасында (Жюстин Эненнің бұрынғы бапкері) Карлос Родригес те бар және ол Заринамен жұмыс істегісі келеді. Ал тағы бір әйгілі голландиялық бапкер Эрик Ван Харпен болса, оның ойынын көріп, нағыз жауһардың өзі деп мақтады. Ол Заринаны, ойын мәнеріне қарай, Мария Шарапова мен Ана Ивановичке ұқсатады.

- Сұхбатыңызға үлкен рахмет.