Шешенстан парламентіне қарулы топ шабуыл жасады

Ресейдің қауіпсіздік күштері мен жергілікті жедел жәрдем қызметі Шешен парламенті ғимаратының қасында. Грозный, 19 қазан 2010 жыл

Қазанның 19-ы сейсенбі күні бірнеше жанкешті Ресейдің Шешенстан Республикасының парламентіне басып кірмек болды. Қауіпсіздік күштерімен атыс кезінде қаза тапқандар мен жараланғандардың нақты саны хабарланбай отыр.



Ресейдің ақпарат көздері екі бірдей жанкешті парламент сыртында өздерін жарып жіберді, тағы екі қарулы адам қауіпсіздік күштерімен атыста қаза тапты деп хабарлады.

Қаза тапқандардың ішінде екі полиция офицері мен парламент өкілі бар. Полиция жараланған 17 адамның 11-і бейбіт тұрғын екенін мәлімдеді.

Рамзан Қадыров «Интерфакс» агенттігіне берген сұқбатында, қауіпсіздік күштері 20 минуттың ішінде бүлікшілердің көзін жойғанын, шабуыл кезінде парламентте болған барлық депутаттардың аман-есен қалғанын айтты.

Бұл оқиға Ресейдің ішкі істер министрі Рашид Нургалиевтің Грозныйдағы іс-сапарымен тұспа-тұс келді. Шабуылдан кейін ол Қадыровпен төтенше жиын өткізді. Грозный қаласының орталығы жабылды. Федералды билік осы елдегі ресейлік күштер шұғыл түрде оқиға орнынан табылды деді. Министр Нургалиев жергілікті полицияның шабуылға тез тойтарыс бергенін атап өтті.
Шешенстан президенті Рамзан Қадыров пен Ресейдің ішкі істер министрі Рашид Нургалиев парламент ғимаратында. Грозный, 19 қазан 2010 жыл

Шешенстанда ресми сапарда жүріп, шабуыл кезінде парламентте болған Свердловск аймағы делегациясының мүшесі Игорь Данилов Азаттық тілшісіне былай деп хабарлады:

«Парламентті автоматпен атқылап, ғимаратқа жарылғыш лақтыра бастады. Парламенттің қауіпсіздік күштері оларға жауап қатып, нағыз атыс басталды. Біз бірден терезелерден алшақ тұру үшін кеңселерден шығып, дәлізге жиналдық. Одан кейін бізді ОМОН күштері қауіпсіз жерге шығарды».

Шешенстанның саяси сарапшысы Тимур Музаевтың айтуынша, бұл шабуыл президент Рамзан Қадыровтың Шешенстандағы бүлікшілер басып-жаншылды деген сөзін теріске шығару үшін жасалуы мүмкін:

«Бұл бүлікшілердің күшейе түскенін байқататын, Кавказдағы, оның ішінде, Шешенстандағы ресейшіл билікке күш көрсету операциясы болды».

Сейсенбі күнгі шабуылдың ауыр салдарына қарамастан, саяси сарапшы Музаев қақтығыс бұдан да қиын жағдайға душар етуі мүмкін еді деп отыр.

- Грозныйдан шыққан алғашқы хабарларға қарағанда, шабуылды ұйымдастырушылар депутаттарды кепілге алуды жоспарлаған. Сөйтіп, федералды билік немесе Қадыров үкіметімен саяси келіссөздер жүргізбек болған, - дейді бақылаушы.

Мәскеу 1990 жылдардан бері Шешенстандағы бүлікшілерге қарсы екі бірдей соғыс жүргізген.

Ресей Солтүстік Кавказ аймағындағы бұл өңірде күшейе түскен исламистік жікшілдерімен үздіксіз күресіп келеді.

Бақылаушылар бүлікшілердің көтерілуіне елдегі кедейлік, кландық бәсеке, сыбайлас жемқорлық пен құқық қорғау органдарының қатаң әдіс-тәсілдері түрткі болып отыр деп санайды.
Арнайы қызмет өкілдері Шешенстан парламенті ғимаратының қасында. Грозный, 19 қазан 2010 жыл

Кремль шешен жікшілдеріне қарсы соғыста жеңіске жеттік деп жариялағанына қарамастан, соңғы айларда Шешенстанда атыстар мен жарылыстар толастамай отыр.

Тамыз айында Қадыровтың қауіпсіздік күштері мен бүлікшілер арасындағы қақтығыстан кемінде 12 адам қаза тапты.

Бүлікшілер Шешенстаннан асып, Солтүстік Кавказдың Дағыстан, Ингушетия сияқты аймақтарына да тарады.

Тіпті бұл аймақтан тыс Мәскеудің метросында наурыз айында дағыстандық екі жанкешті жарылыс жасап, 40 кісінің өмірін қиып, жүздеген адам жараланған болатын.