Ауған суретшісі елдің артта қалуына наразылық ретінде көрме өткізді

Масуд Хасан Заданың қоқыстан жасалған бір туындысы.

Ауғанстанда рок-әндерімен, саяси және мәдени тақырыптағы поэзиясымен жұртқа танылған Масуд Хасан Зада тұрмыс қалдықтарынан жасалған туындылар көрмесін ұсынды. Ол Ауғанстанда әлеуметтік, мәдени дамудың жоқтығын осы әрекетімен білдірмек.

Сынған қуыршақтар, әжетхана қағазының рулондары, ескі ойыншық тапаншалар – көпшілік үшін жай ғана қоқыс. Бірақ кабулдық суретші әрі рок-әнші Масуд Хасан Зада оларды ауған халқының ауыр тұрмысының белгілері деп есептеп, бұл дүниелерді өнер туындысына айналдырған.

Әлемнің ең бір консервативті, дінді қатты ұстанатын еліндегі өзгеше туындылардың ең алғашқы көрмесін жұрт «қоқыс өнері» деп атап үлгерген. Көрмені сынға алушылар да, құптаушылар да бар.

ИДЕЯНЫ ЖЕТКІЗУ ЖОЛЫ

Масуд Хасан Заданың эстрадалық ән ай айтудан өзге, суретшілік, ісмерлік өнері де бар. «Естеліктер қобдишасы» - Масуд Хасан Заданың арт-сахнадағы алғашқы талпынысы. Оның туындыларын наурыз айында Кабулдегі француз мәдени орталығынан тамашалауға болады.

Масуд Хасан Заданың газет қалдықтары мен ескі қуыршақтардан, басқа да қоқыс заттарынан жасалған туындылары көрмеде тұр.

Ал осы жолғы көрменің идеялық мазмұны туралы Азаттықтың ауған қызметінің тілшісі Фруд Бежан «Масуд Хасан Зада – Ауғанстан халқына рок-музыкант ретінде танылған әнші. Ол осы көрме арқылы елдегі өнердің беделі төмен екенін көрсеткісі келді. Оның туындылары «Талибан» экстремистік режимі құлағаннан соң да Ауғанстанның дамымай жатқанын сынайды» дейді.

Масуд Хасан Заданың пікірінше, «Талибан» қозғалысы билік жүргізген кезде Ауғанстан қоғамында үстемдік еткен зорлық, өзгенің пікірімен санаспаушылық бұл елде қазір де бар. Соның айғағы ретінде ол ауған қоғамындағы пәренжі киген әйелдердің көптігін, қару-жараққа әуес адамдардың азаймағанын, надандық пен «өзімбілермендікті» мысалға келтіріп отыр.

- Қазіргі жағдайға сын көзбен қараймын. Менің ойымша, барлық ілгерілеуге және азды-кем өзгерістерге қарамастан, көптеген проблемалар «Талибан» кезеңінен бізге мұра боп қалып отыр. Ауғанстандағы қазіргі саяси ахуал қорқынышты, - дейді Масуд Хасан Зада.

Ол өзінің туындыларын жасаған кезде жұрт қоқысқа лақтырып тастаған сынық қуыршақ, ескі газет пен ойыншық тапаншаларды пайдаланыпты. Идеяны ​

Ауғандық суретші әрі рок-әнші Масуд Хасан Зада.

жеткізудің негізгі «кілті» де - осылар.

Масуд Хасан Заданың айтуынша, бұл бұйымдар - қарапайым адамдарға, қоғамдағы барлық тап өкілдеріне жақсы таныс заттар. Өнердің өзге түрлеріне жетіспей жататыны да осы – көпшілікке түсінікті болу.

- Менің жұмыстарымда ерекше орын алатын 2 нәрсе бар. Ол - насихатқа толы газеттер мен қару-жарақ. Өкінішке қарай, бұл екеуі - ауғандық өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Мен шығармашылықтың көмегімен жұрт лақтырып тастаған, қоқысқа айналған заттарға мән-мағына беруге болатынын дәлелдегім келді. Осылайша өнердің өзге түрлері жеткізе алмайтын жайттарды көрсеттім деп ойлаймын, - дейді ауғандық шебер.

Масуд Хасан Зада - әуесқой суретші. Оның сөзіне қарағанда, жұрттың көрмеге қатысты пікірі әртүрлі. Біреулер үрке қараған, енді біреулер оның жаңашылдығына риза. «Ең бастысы - ауғандықтар өнер туралы айта бастады» дейді ол.

- Көрмеге қатысты пікірлердің бірқатары маған сауал түрінде түсті. Мысалы, адамдарды менің неге қоқысты пайдаланғаным қызықтырады. Енді біреулер Ауғанстандағы қазіргі саяси ахуалға орай өнердің қандай да бір маңызы я әсері болатынына күдігі бар. Ал өзім қуанып отырмын. Өйткені пайдасыз мақтаулардан гөрі сауалды көп айтылып жатыр - дейді Масуд Хасан Зада.

ТАҒДЫР ТӘЛКЕГІ

Масуд Хасан Зада - «Мурча» рок-тобының вокалисі. Заданың айтуынша, «өнерге қызығуы тағдырдың тәлкегімен жасөспірім шағында оянған». Бұл - сурет, музыка сияқты өнердің барлық түрлеріне тыйым салынған, «Талибан» үстемдік құрып тұрған кезең болатын.

Ол адам бостандықтары қатаң түрде шектелген діни қоғамда өнер арқылы ғана азат болуға мүмкіндік алғанын айтады.

Масуд Хасан Заданың айтуынша, ол бала кезінен жасырын түрде ән жазып, гитара тартқан. Ауғанстанның Иранмен шектесетін тұсында өскен ол көрші елдегі көркемсурет және музыка кластарына барып тұрған.

2001 жылы елге АҚШ әскері кірген соң университетке түсіп, музыка мен әдебиетті оқи бастайды. Осы кезде Зада Кабулдағы санаулы көркемсурет мектептерінің бірінде де білім алады.

«Естеліктер қобдишасы» көрмесіне келушілер «қобдишаларға» қарап тұр. Ауғанстан, Кабул, наурыз 2012 жыл.


Былтыр Кабулдегі француз мәдени орталығы оның еңбектеріне назар аударып, көрме ұйымдастыру туралы ұсыныс жасаған. Зада бұл жағдайды мақтаныш тұтады. Бірақ ауғандық суретшілердің көптеген әлеуметтік, саяси проблемалары бар екеніне налиды.

Оның пікірінше, мемлекет тарапынан ешқандай қолдаудың болмауы Ауғанстандағы бейнелеу өнерін дамытпай отыр:

- Проблема өте көп. Мәдениет пен өнерде жүрген адам ретінде айтарым - соңғы 10 жылда үкімет бұл салаға назар аударған емес. Ауған өнеріндегі кез келген жетістік - жекелеген азаматтардың еңбегі.

Масуд Хасан Зада елдің өзге де қалаларында көрме өткізсем деп үміттенеді. Ол өнер мен музыка арқылы, өзінің туындылары арқылы Ауғанстан қоғамына ағартушы ретінде қызмет етпек.