Ташкентті тәліптермен тату болуға итермелеген не?

Өзбекстан мен Ауғанстанды байланыстыратын Достық көпірі Әмудария өзені үстінен 1982 жылы салынған. Осы көпірмен теміржол да өтеді. 9 ақпан 2019 жылы түсірілген сурет.

Ауғанстанда "Талибан" қозғалысы билікке келгеніне айдан асты. Кей мемлекеттің тәліптермен қандай саясат ұстанатыны әлі айқын емес. Ал Ауғанстанмен 160 километр ортақ шекарасы бар Өзбекстан тәліптермен келіссөз жүргізуге және қарым-қатынас жасауға кетәрі емесін білдірді.

БЕЙМАЗА КӨРШІ

Кей мемлекет Өзбекстан мұндай қадамға ең алдымен өз мүддесін ойлағандықтан барып отыр деп біледі. Өйткені түптеп келгенде, Ташкент қауіпсіздік мәселесін де ескеруі керек.

Ауғанстанда түрлі экстремистік топ қатарында жүрген Өзбекстан азаматтары бар. Олардың кейбірі тәліптермен бірге, қалғаны өз бетінше әрекет етеді. Өзбекстан үкіметі олардың елге оралғанын қаламайды.

"Талибан" радикал қозғалысы (Қазақстан және тағы бірқатар елде тыйым салынған – ред.) көрші елдерге шабуыл жасамауға уәде берген және Ауғанстан аумағындағы бір де бір әскери топтың ондай әрекетке баруына жол бермейтінін мәлімдеген.

Дәл осы қауіпсіздік мәселесі Ауғанстанмен шекаралас тағы бір ортаазиялық мемлекет Тәжікстанды да алаңдатуы тиіс еді. Бірақ ресми Душанбе тәліптермен келіссөз жүргізуден бойын аулақ салып отыр.

Өзбекстанға келсек, бұл елге Ауғанстанмен қарым-қатынасын үзу қиынға соғады. Ал шын мәнінде, осыдан жиырма жыл бұрынғымен салыстырғанда қос елдің арасында бұрынғыдан берік байланыс орнаған деуге болады. Және бұл байланыс Өзбекстан мен Ауғанстанға ғана емес, өзге мемлекеттерге де тиімді.

Өзбекстан президентінің арнайы өкілі Исматулла Иргашев.

20 қыркүйекте Өзбекстан президентінің арнайы өкілі Исматулла Иргашев "өзбек үкіметі Ауғанстанмен арадағы автокөлік және темір жол бағытын іске қосып, азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізу операциясын қайта жандандырғысы келеді" деп мәлімдеді.

Иргашев Өзбекстан үкіметі Ауғанстанға жіберіп, ол жақтан алдырғысы келетін басқа да тауарларды атаса болар еді. 2001 жылдың аяғында тәліптер билігі құлағаннан кейін Өзбекстан мен Ауғанстан арасындағы автокөлік және темір жол қатынасы жандана түскен.

Азия даму банкінің Ортаазиялық өңірлік экономикалық әріптестігі немесе Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" бастамасы сияқты жобалар Өзбекстан-Ауғанстан байланысын біршама нығайтты. Осы жобалар аясында Қытай мен Еуропаға жаңа транзит бағыттары ашылды.

АУҒАНСТАНДЫ СЫРТПЕН БАЙЛАНЫСТЫРАТЫН ЖОЛДАР

Ауғанстанға Өзбекстан арқылы баратын бағыт НАТО-ның солтүстік желісінің бір бөлігі ретінде қолданылды. НАТО осы бағытпен Еуропадан Ауғанстанға жүк тасып, құрал-жабдық алдырып келген еді.

Өзбекстан мен Ауғанстанды байланыстыратын құрлық жолы – Әмудария үстіндегі Достық көпірі 1982 жылы салынған. Ол совет әскерінің Ауғанстанға кіріп-шығатын "қақпасы" болған. Қазір оны Ауғанстанмен сауда-саттық жүргізетін Еуропа мен Азия елдері пайдаланып отыр.

Достық көпірі арқылы теміржол өтеді. Он жыл бұрын темір жол құрылысы Ауғанстандағы Хайратонға жетіп, тоқтап қалған.

2010 жылы темір жолды Ауғанстанның солтүстігіндегі елдің шығысы, батысы мен оңтүстігіне апаратын жолдар торабында орналасқан ірі қала – Мазари-Шарифке дейін тағы 75 километрге созу жұмысы басталған еді.

Достық көпірін Ауғанстанмен сауда-саттық жүргізетін Еуропа мен Азия елдері пайдаланып отыр.

Жаңа темір жол 2011 жылы пайдалануға берілді. Жобаға жұмсалған 170 млн доллардың 165 млн-ын Азия даму банкі берген.

Құрылыс аяқталғанға дейін темір жолмен тасымалданатын жүк көлемі 4 мың тоннадан 25-40 мың тоннаға дейін өседі деп күтілген. Бірақ бұл мақсат іске асқан жоқ.

Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" бастамасы да осы темір жолды пайдаланады. Бұл –Қытай мен Ауғанстанды тікелей байланыстыратын жалғыз бағыт.

Ауғанстанға Қытай тауары тиелген алғашқы пойыз 2016 жылы қыркүйекте барған. Қытай Ауғанстанға гуманитарлық көмек береміз деп уәде еткен. Бұл жүктің біразы Өзбекстаннан темір жолмен жіберілуі керек.

Қазақстан да Өзбекстан арқылы Ауғанстанға бидай экспорттайды. 2020 жылы Қазақстаннан шетелге экспортталған ұнның үштен екі бөлігі Ауғанстанға жіберілген.

Ауғанстандағы жедел өзгерістер мен ауған Орталық банкі резервінің бүғатталуына байланысты қазақстандық астық өндірушілер аз уақыт ішінде үш млн тонна бидайын өткізетін жаңа нарық іздеуге мәжбүр болды.

Шетелге жөнелту үшін жүк көлігіне тиеп жатқан Қазақстан бидайы. Көрнекі сурет.

21 қыркүйекте Қазақстан ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев "Қазақстан Ауғанстанға бидай мен ұн жөнелтуді жалғастырады" деп мәлімдеді.

Өзбекстан Қазақстан, Қытай мен басқа да мемлекеттерден келген жүкті өз аумағы арқылы Ауғанстанға өткізгені үшін транзит төлемін алады. Қазір Өзбекстан осындай байланыстары бар жалғыз мемлекет болып отыр.

Түркіменстанда елді Ауғанстан шекарасына жақын қалалармен байланыстыратын екі темір жол бар. Екеуі де Түркиядан Кавказ арқылы Ауғанстанға жеткізетін көлік дәлізімен жалғасады.

Бұл жаңа бағыт 2018 жылы ашылған. Жолдың Түркіменстандағы бөлігі нашар дамыған, бұл бағыттың қолға алына қоюы да екіталай.

Тәжікстан мен Ауғанстан арасындағы жалғыз құрлық жолы тау арқылы өтеді.

Сондықтан Ауғанстанмен сауда жасауға Өзбекстанның автокөлік және темір жолдары әлдеқайда ыңғайлы. Алдағы уақытта Өзбекстан арқылы өтетін жүк тасымалы қайта жандануы мүмкін.

Хайратан темір жол станциясындағы жүк пойызы. Ауғанстан, 2 қаңтар 2021 жыл.

2021 жылы ақпанда Өзбекстан Пәкістанмен Мазари-Шарифтен Кабулға, ары қарай Пешаварға дейін 573 километр темір жол салу туралы келісімге отырған.

Бұл жол Өзбекстанды Қытай немесе Араб теңізіндегі порттармен ғана емес, Орталық Азияның қалған бөлігімен де байланыстырады.

Пәкістан премьер-министрі Имран Хан шілдеде Ташкентте өткен Орталық Азия мен Оңтүстік Азия арасындағы байланысқа арналған форумға қатысты. Ташкентке ертерек барған Имран Хан Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевпен кездесіп, Ауғанстан аумағы арқылы қос мемлекетті жалғайтын темір жол құрылысын талқылады.

Пәкістан премьер-министрі 17 қыркүйекте Душанбеде өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитінде темір жол салу мәселесін тағы да көтерді.

Пәкістанның тәліптермен және Өзбекстаннан шыққан содырлармен жақын қарым-қатынасын ескерсек, Имран Ханның шілдеде Ташкентке барған кезімен салыстырғанда Мазари-Шариф – Пешавар темір жол құрылысын салу ықтималдығы қазір әлдеқайда жоғары.

Өзбекстан 2016 жылы Ауғанстан шекарасына орналасқан Термезде жүк орталығын ашқан.

2016 жылы Өзбекстан Ауғанстан шекарасынан екі километр жердегі Термезден жүк орталығын ашқан. 40 шаршы гектар жерді алып жатқан бұл кешен Ауғанстанмен сауда транзиті артады деген үмітпен, қызмет көрсету мақсатында салынған.

Ауғанстанда тәліптер билікті басып алғалы бұл орталықтың жұмысы күрт бәсеңдеген.

Өзбекстан үкіметі жүк орталығын Ауғанстанға гуманитарлық көмек жібергісі келетін мемлекеттер мен ұйымдардың пайдалануына рұқсат берді.

Бұл шекара саудасын қайта жандандыруға ықпал етуі керек. БҰҰ-ның әлемдік азық-түлік бағдарламасы Термезде логистика орталығын құрып жатыр.

АУҒАНСТАН ТҰТЫНАТЫН ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫ

2001 жылы тәліптер режимі құлағаннан бері Ауғанстан электр жарығын Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан сияқты көрші елдерден сатып алып келген.

Азия даму банкі есебіне сәйкес, Ауғанстан электр энергиясының 73 пайызын сырттан алады. Оның көп бөлігі Өзбекстаннан экспортталады. Атап айтқанда, 57 пайызы – Өзбекстаннан, 22 пайызы – Ираннан, 17 пайызы – Түркіменстаннан және 4 пайызы Тәжікстаннан келеді.

Жоғары кернеулі электр желісі мұнарасына шығып, жұмыс істеп жүрген адамдар. Ауғанстан, 6 шілде 2021 ж.

2009 жылы Өзбекстаннан Кабулға қуаты 500 квт электр желісі тартылған. Азия даму банкі бұл оқиғаны "Ауғанстан астанасына бірінші рет тұрақты электр энергиясы тартылып жатыр" деп сипаттаған.

Өзбекстан мен Ауғанстан арасындағы Гузор-Сурхон электр желісін салу 93 млн долларға түскен. Бұл шығынның бір бөлігін Ислам даму банкі өтеген. Қазір Ауғанстан үшін Өзбекстаннан келетін электр энергиясы өте маңызды.

2018 жылы Өзбекстандағы Сурхоннан Кабулдың солтүстігіндегі Пули-Хумриге дейін қуаты 500 квт, ұзындығы 260 километр болатын электр желісі тартыла бастады.

Жобаның жалпы құны – 150 млн доллар. Оның 32 млн – Өзбекстан, 110 млн долларын Азия даму банкінен алған несие есебінен Ауғанстан төлеген.

Сурхоннан Пули-Хумриге дейін тартылған электр желісі құрылысы аяқталғаннан кейін Өзбекстаннан тасымалданатын электр энергиясының көлемі 70 пайызға артады. Құрылыс қашан аяқталары әзірге белгісіз.

Ауғанстан электр энергиясын сатып алуға қанша қаржы жұмсайтыны туралы әртүрлі дерек бар. Бірақ осы мақсатқа жылына шамамен 300 млн доллар кетеді. Бұл қаржының жартысы Өзбекстан бюджетіне түседі.

Былтыр тамызда Өзбекстан мен Ауғанстан электр энергиясын жеткізу туралы 10 жылдық жаңа келісімге қол қойған. Бірақ енді тәліптер басқарған ауған үкіметінің электр энергиясына төлейтін ақшаны қайдан табатыны түсініксіз.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев (сол жақта) пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммиті кезінде. Душанбе, 17 қыркүйек 2021 ж.

Әйткенмен Душанбеде өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитінде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің Ауғанстан Орталық банкінің шетелдік банктердегі активтеріне салынған бұғатты алып тастауға үндеуі тегін болмаса керек.

Егер Өзбекстанның тәліптермен қарым-қатынасы нашарлап, Ауғанстанмен сауда байланысы бәсеңдеп не мүлде тоқтап қалса, кейінгі 20 жылда Ташкент пен Кабулдың арасын жақсартуға ғана емес, бүкіл Азия елдерінің сауда желісін құруға жұмсалған уақыт пен ақша желге ұшар еді.

Өзбекстан Ауғанстанға электр энергиясын беруді тоқтатса, онда өзі де табыстан қағылады, сол сияқты Өзбекстан арқылы Ауғанстанмен сауда жүргізу мүмкіндігінен айырылған басқа мемлекеттер де шығынға ұшырайды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Мазасыз көрші. Орталық Азия елдері тәліптер билігін мойындай ма? Ауғанстандағы жағдай аймаққа қалай әсер етеді?"Талибанға" Тәжікстан ғана ашық қарсы шықты. Рахмонға бұл не үшін қажет?Тәліптер үкімет құрамын жариялады. Онда кім бар?