АҚШ-Талибан бейбіт келісімі бекітілуге шақ тұр

Мулла Абдул Ғани Барадар (ортада) бастаған Талибан делегациясы келіссөзден шығып кeледі. Мәскеу, 30 мамыр 2019 жыл.

2001 жылғы қыркүйектің 11-і жасалған терактілерден кейін АҚШ-тың кәріне ұшырап, Ауғанстандағы билігінен айырылса да, Талибан саяси ойыншы күйінде тұр.

2010 жылғы күзде АҚШ өкілдері Германияның Мюнхен қаласында Талибанның жас өкілімен құпия кездесті. Таиб Аға есімді содырлар тобының саяси қанатының мүшесі АҚШ дипломаттарына соғысты аяқтау туралы жол картасын көрсеткен. Бұл АҚШ-тың Талибанмен бірінші мәрте жолығуы емес еді.

АҚШ бастаған Батыстың әскери коалициясы 2001 жылы Талибан режимін құлатқалы бері содырлар Вашингтонмен қарым-қатынас жолын іздей бастаған. Екі жақтың әскери жетекшілері жүздескен. Бірақ 2010 жылы Германия арағайын болған кездесу қақтығыс үшін маңызды сәт еді.

- Бірінші рет Талибан мен АҚШ саяси мәміле қылуға байыппен кірісті, - дейді президент Барак Обама әкімшілігінің Талибанмен келіссөзіне қатысқан бұрынғы дипломат Джаррет Бланк Азаттыққа. - Сол кездің өзінде-ақ жұрт соғыста жеңіп шыға алмасымызды білген.

Бірақ осы аралықта АҚШ-Талибан диалогынан түк шықпаған. Екі тарап бір-біріне сенбеген, мүмкіндікті пайдаланбаған, Ауғанстан үкіметі қарсы шыққан және содырлар ұйымының екі жетекшісі қаза болған.

Сонау алғашқы құпия кездесуден бері он жылға жуық уақыт өтті. АҚШ пен Талибан Американың ең ұзақ соғысын аяқтау бойынша тарихи келісім қылуға шақ тұр.

Талибан содырлары Кандагардағы полиция ғимаратына шабуыл жасаған сәт. 18 шілде 2019 жыл

Бұл келісімге сәйкес Ауғанстаннан шетелдік әскердің бір бөлігі шығарылады, ал Талибан елдің терроршылар мекені болып кетпеуіне кепіл береді. Бітім бойынша содырлар Батыс қолдайтын Ауғанстан үкіметімен саяси татулық пен оқ атуды біржола тоқтату туралы жеке келіссөз жүргізеді.

"​ҚАТЕЛІК"

Жылдар бойы АҚШ Кабулдағы үкімет пен Талибан арасындағы келіссөзге ауған тарабы жетекші һәм мұрындық болсын деген саясат ұстанып келді. Бірақ Талибан мемлекет өкілдерін заңсыз көріп, келіссөзден бас тарта берген соң бітім қылу процесі тоқтап қалған.

- Сол жылдары АҚШ пен Талибан мәселелерін әуелі өзара талқылауы үшін кезең-кезеңімен жүретін процесс туралы келісіп алмау арқылы қателік жасадық, - дейді 2009-2015 жылдардағы АҚШ-тың Ауғанстан мен Пәкістандағы арнайы уәкілі Ричард Холбруктың аға кеңесшісі болған Бланк.

- Түптің түбінде ішкі ауған келісімі жасалуы керек еді. АҚШ пен Талибан арасындағы жанжалды реттеу қажет болды. Ол міндетті Ауғанстан үкіметіне арта сала алмадық. Талибан бәрібір келіспес те еді. Олар Ауғанстан үкіметі біздің әскердің атынан сөйлеу алмайды деп ойлады, - дейді бұрынғы дипломат.

Залмай Халилзад АҚШ-тың бітім қылу бойынша арнайы өкілі болып тағайындалғанда саясат өзгерді. Халилзад ауған үкіметін қатыстырмай Қатарда АҚШ-Талибан тікелей келіссөзін бастады.

Ауған үкіметі бітім процесінен тыс қалғанына қатты ашуланып, қарсылық танытты. Бірақ ең маңызды бір жайт - Халилзад АҚШ пен Талибан келісіп жатса да, ішкі ауған келіссөздері басталмайынша және оқ ату тоқтамайынша келісім жүзеге аспайтынын мәлімдеді.

- Бәрі келісілмейінше, ештеңе шешілмейді, - деді Халилзад.

ОСАЛ ТҰСТАР

АҚШ-Талибан келіссөзінің 8 раунды тамыздың 12-сінде аяқталды. Екі жақ техникалық детальдарды нақтылап, ықтимал келісімді жүзеге асыру механизмін жетілдіріп жатыр.

Келісімнің жалпылама нобайы туралы америкалық баспасөз жан-жақты хабарлап тастады. Құжатта барша шетелдік әскерді екі жыл ішінде шығару, аймақтардан шетел әскері шығып жатқанда атысты бірден тоқтатпағанмен шабуылды азайту, Талибанның Ауғанстанды терроршы топтардың мекендеуіне жол бермеуі туралы баяндалады.

Өткен апта Халилзад барып-қайтқан Норвегия астанасы Ослода ішкі ауған келіссөздерін бастау бойынша қызу дайындық жүріп жатыр.

Пәкістан премьер-министрі Имран Хан мен АҚШ-тың ауған келіссөзі бойынша өкілі Залмай Халилзад (сол жақта). Исламабад, 1 тамыз 2019 жыл

Келісім нұсқасына сәйкес бітім жасалғаннан бастап үш ай ішінде тұтқынға түскен 13 мың Талибан содырының босатылуы тиіс болады. Құжатта "бітімнен соң құрылатын исламдық үкімет" туралы жазылған. Бұл сөз республикалық басқару жүйесін таңдаған қазіргі үкіметті алаң етті. Келісім-шартта қыркүйектің 28-і өтеді деп белгіленген президент сайлауы туралы сөз жоқ. Көптеген ел тұрғыны сайлау я кейінге қалады, я мүлдем өтпейді дегенге бейіл.

Ауғанстанда АҚШ Талибанның ыңғайына тым қатты жығылды деген қорқыныш бар. Тұрғындар елден тез шығу үшін Вашингтон бейбітшілік бойынша бітімді емес, кету туралы келісім-шарт бекітіп жібере ме деп алаңдайды.

- Бейбітшілік әпермейтін бейбіт келісім-шарт жасау қаупі бар. Көп жайт АҚШ-тың қалай қимылдайтынына, әскери ықпалын қалай пайдаланатынына қарап тұр. Ахуал ауғанстандық партиялардың, ішінде ауған үкіметі де бар, ішкі келіссөзді қалай жүргізетініне тәуелді, - дейді Бланк.

Вашингтондағы Atlantic Council ұйымының аға зерттеушісі Джавид Ахмад АҚШ-тың алдағы келісім-шартта бірнеше кінәратты дұрыстауы керектігін айтады.

- Оның ішінд АҚШ-тың ішкі ауған келісімі бекітілген соң барып елден шығуы туралы шарт кіргені ләзім, - дейді ол.

Сарапшы АҚШ әскерінің шағын бір бөлігі ұзақ уақыт Ауғанстанда қала тұрмаса, келісімнің қалай жүзеге асатынына қатысты алаң туатынын айтады.

Ол Вашингтон 13 мың Талибан содырын босатқанда сақтық қылып, бостандыққа шыққандардың қайта экстремистік топтарға қосылып кетпейтініне көзі жетуі керектігін айтады.

- Келісімді жүзеге асыруға емес, қағаз жүзінде бекітуге көп күш салынды. АҚШ қол қоюды, Ауғанстан үкіметі қол қойғаннан соң не боларын ойлап отыр, - дейді сарапшы.