«Ит таластыру – исламға қайшы» дейді ауғандық құқық қорғаушылар

Ит таласын тамашалап отырған жұрт. Кабул, 12 наурыз 2010 жыл.

Ауғанстанда ит таластыру – заңсыз, бірақ пайда түсіретін әрі кең тараған әуестік. Бұл іске қарсы топтар ел билігін жануарлар құқын қорғайтын заң қабылдауға шақырып отыр.
Ауғанстанда екі ит тістесіп, қанға боялып жатқанда адамдар «Қайсысы жеңер екен?» деп, шаң көтерілген маңайда топтасып тұрады. Ит таластырғанда бәске көп ақша тігеді, сондықтан иелері иттерін спорт жарысына дайындағандай әбден баптайды.

Ауғанстанда ит таластыру – ерлердің үйреншікті ермегі. Апта сайын Кабул сыртындағы сайға жүздеген адам жиналып, бейресми жарыста иттерін таластырып жатады.

Бұл елде әтеш соғыстыру, қошқар сүзістіру, жыртқыш аңдарды таластыру жануарлардың иелеріне қосымша табыс түсіреді, ал көрермендер көңіл көтереді.

Ауғанстанда мұндай қатыгез жарыстар өткізуге заң бойынша тыйым салынған.

Қошқар сүзістіріп жатқан ауғандықтар. Кабул, 27 тамыз 2012 жыл.

Бірақ сыйлығы қымбат болғандықтан, әрі ықпалды адамдар қатысатын мұндай әуестік халық арасына кең тарап кеткен.

«Жергілікті билік те ондай заңсыз шараларды тоқтатуға күш салмай отыр» дейді ит таласына қарсы адамдар. Құқық қорғаушылар мен діни жетекшілер билікті жануарлар төбелесіне ресми тыйым салуға шақырған науқандар жүргізіп жатыр.

«ИСЛАМ ҚАНДЫ СПОРТҚА ҚАРСЫ»

Ауғанстанның ислам істері және қажылық жөніндегі вице-министрі Дихал Хақ Хабид бұл мәселені ішкі істер министрлігінің назарына ұсынбақ.

– Ит, жыртқыш аң немесе әтеш соғыстыру мәселесі исламда жоқ. Біз осы аптада ішкі істер министрлігімен кездеспекпіз. Ішкі істер министрлігі арқылы біз мұндай

Бөдене соғыстырушы ауғандықтар. Кабул, 16 шілде 2010 жыл.

әрекеттерге тыйым салмақ үмітіміз бар, – деді ислам істері жөніндегі вице-министр Азаттыққа берген сұқбатында.

Хабидтің айтуынша, «ит таласы заңсыз әрекет мен қылмысқа ұрындыратын ойынқұмарлық пен дәрменсіздікті күшейтіп отыр». Ол бұл қанды әуестікті исламға қарсы деп санайды.

Адам құқын қорғау комиссиясының Кабулдағы өкілі Шамсулла Ахмадзай «ит таластыру – ескіден қалған дәстүр» дейді. Ол бірқатар ауғандық депутатпен бірігіп, ит таластыруға қарсы топтың басын қоспақ.

– Адамдар жануарлардың қиналғанын көріп рахаттанбауы керек. Талас кезінде әйтеуір бір жануар жараланады. Оның ауыр жарақаты адамға қуаныш болмауы тиіс. Үкімет қажетті шараларды қолға алуы қажет, – дейді құқық қорғаушы.

Ахмадзайдың айтуынша, «жануарларға жақсы жағдай жасау – Ауғанстан үшін таңсық ұғым: бұл жақта хайуандарды таза емес деп, үйлерінде ұстамайды».

– Міне, осы мәселе ит таласы сияқты ойындардың кең тарауына себеп болып отыр, – дейді ол.

«ИТ БАПТАУҒА КӨП АҚША КЕТЕДІ»

Ит баптаушылар осы жарысқа қатысқанда қанға боялған жануарларына жандары ауыра қоймайды. «Бұл жануарлар отбасы мүшелерінен де жақсы күтім көреді.

Итін таластыруға әкелген ауғандық. Кабул, 18 ақпан 2011 жыл.

​Басқа елдердегідей емес мұнда адамшылық көбірек, себебі иттер өлгенше таласпайды» дейді олардың көбі.

– Күштірек ит қарсыласын тықсырып тастағанда екінші ит шетке шығып, жеңілгенін танытады, – дейді Кабул тұрғыны, 26 жылдан ит баптаушы Нур Мохаммад.

Нур Мохаммад жеңген иттің иелері жүлдеге алған ақшаны сол хайуанды күтіп, баптауға жұмсайтынын, «ай сайын итке жұмсалатын қаражат көптеген ауғандық отбасының жалақысынан асып түсетінін» айтады.

– Біз итке бұзаудың етін береміз. Етті сүйегімен бірге әбден балбырағанша пісіреміз де, оны итке жарыс басталатын күні таңертең береміз. Ит күтуге көп ақша кетеді, отбасын асыраудан да көбірек кетеді. Бұл – хобби ғой. Бәріміздің ырыздығымыз – Алладан, – дейді ол.

ҚҰНЫ ЖАҢА КӨЛІККЕ ТЕҢ ИТ

Мохаммадтың айтуынша, мықты итті жаңа көлікке айырбастауға болады. Жеңімпаз ит иесіне біраз табыс әкеледі. Ит баптаушының сөзіне қарағанда, жүлдесі көп

Ит таласын бақылап тұрған ауғандықтар. Кабул, 2 наурыз 2012 жыл.

жарыстар жекелеген аймақтарда өтіп, оған өте бай кәсіпкерлер мен үкімет өкілдері мыңдаған доллар ақша салады.

– Министрлер, тайпа жетекшілері, әскери қолбасшылар мен басқа да сыйлы адамдар таластыратын ит ұстайды. Олар жарысқа оққағарлармен бірге, иттерін көлікке салып әкеледі. Олардың ит таласына қалай бәс тігіп, 21 мың доллар салғанын көргенмін, – дейді Нур Мохаммад.

Ит таластыру Кабул мен оның маңына кең тараған. Бірақ Ауғанстанның талибтер шабуылы тоқтамай отырған аймақтарында ит төбелесінің соңы адам өліміне ұласып жүрді.

«Талибан» билігі кезінде тыйым салынған бұл жарысқа қарсы шабуылдар болған. 2010 жылы ақпан айында Хелманд провинциясындағы Лашкаргах қаласындағы ит таласы кезінде кемінде үш адам қаза тауып, отыздай кісі жараланған. Одан бұрын Қандағарда ит таластыруға қарсы екі шабуыл болып, жиыны 90 кісі қаза болды, 90 адам жараланды.